« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Кешегі кеңестер кезеңінде «кадрлар бәрін шешеді» деген қағида мемлекеттік кадр саясатының негізгі ұстанымы болды. Мықты кадрлар корпусы жасақталып қана қоймай, ізбасарларды тәрбиелеуге де жұмыс істеді. Қайбір саланы алсақ та мамандар шоғыры қалыптасты. Оның дәлелін алысқа ұзамай-ақ өзіміздің туып өскен Қызылорда облысынан да көруге болады.
Аға ұрпақ өкілдері, сондай-ақ облыстың байырғы тұрғындары сол уақытта білім беру, денсаулық сақтау, қаржы, су шаруашылығы секілді тағы басқа көптеген салаларда өз ісіне жетік мықты мамандар қызмет жасағаны туралы жыр қылып айтады. Солардың арасында әрине, ішкі істер органдарының орны тіптен бөлек. Онда қызмет атқарған капитаннан бастап генералға дейінгі аралықтағы офицерлер құрамы осы саланың бетке ұстар қаймағы болатын. Әсіресе полковниктер шоғырын айтсаңызшы! Қоғам тыныштығын күзету борышым деп бар ғұмырын осы салаға арнаған азаматтардың әрқайсының өмір жолы бір-бір кітапқа арқау болар еді. Олар еңбек жолында небір сынақты бастан өткерген, қызметтің ыстық-суығына шыңдалған, өмірлік тәжірибелері мол жандар болатын. Міне қызылордалық милиция полковниктері осындай азаматтардан құралды. Мысалға деп бірнешеуінің аты-жөнін келтірер болсақ, онда есімі аталмай қалғандардың ренішіне қалуымыз мүмкін. Десе де бүгінгі мақала олардың біреуіне арналады. Ол – осыдан он жыл бұрын пәни дүниеден озған Алдан Балымбетұлы Жәлімбетов.
Алдан Жәлімбетов. Бұл есімді атағанда оның замандастары, достары, әріптес інілері, жалпы оны білетіндер құрметпен еске алатыны сөзсіз. «Жігітте де жігіт бар, азаматы бір бөлек, жылқыда да жылқы бар, қазанаты бір бөлек» дегендей, Алдан ағамызды білетіндер оның бұл өмірден нағыз азамат, текті тұлға болып өткенін айтар еді.
Ол – киелі Қазалы ауданының түлегі. Сырдың төменгі ағысындағы Майлыбас ауылын мекен еткен шаруалар Балымбет пен Тәтеннің отбасында 1939 жылы 18 тамызда дүниеге келіпті. Ес білер балалық шағы Ұлы Отан соғысына тұспа-тұс келіп, қаршадайынан еңбекке араласты. Қатал тағдыр 8 жасында анасынан, 12 жасында әкесінен айырды. Әйтсе де Алдан, соңынан ерген інісі мен қарындасы өгей шешесі Ұлыштың қамқорлығы мен мейірімділігін көріп өсті.
Ағайыны Інияттың қолында болып, 1956 жылы Қазалыдағы №67 мектепті бітірген бозбала Алматыдағы Қазақ политехникалық институтының кен барлау факультетіне оқуға түседі. Екінші курс оқып жүргенде әскер қатарына шақырылады. Отан алдындағы борышын өтеп келгеннен кейін Алматыға оралады. Алайда, бұрынғы оқуын жалғастырғысы келмеген жас жігіт ару қаладағы екі жылдық милиция мектебіне оқуға түседі. Осылайша қиындығы мен ауыртпалығы жетерлік мамандықты таңдап алып еді.
Азамат өміріндегі ең бір елеулі де маңызы зор кезең – еңбек жолы. Өмір соқпағын салып, мамандығына сай жемісті еңбек ету әр азаматқа тағдырдың өзі артқан ұлы міндет. 1963 жылы оқу бітіріп, жолдамамен келген лейтенант А.Жәлімбетов Қызылорда облыстық ІІБ-нің мемлекеттік автокөлік инспекциясына қызметке орналасады. Қызметін инспектор болып бастаған жас офицер төменгі сатыда жүріп-ақ өзінің адалдығымен, іскерлігімен, биік парасатымен, жібек мінезімен, ала жіп аттамайтын әділдігімен көзге түсті.
Бірден жас та зерек қызметкер ретінде таныла бастаған А.Жәлімбетовке ауыр да абыройлы міндеттің барлық қыр-сырын меңгеріп кетуге өз істерінің хас шебері Әли Арысбаев, Қылышбай Жүсіпов, Алтыбай Сағымбаев секілді әріптес ағалары көп еңбек сіңірді. «Бізге сан қырлы өмірде адами құндылықтардан арылмай қызмет етуде алдыңғы толқын ағаларымыздың ақыл-кеңестері, олардың бітім-болмысы, мінездері, жүріс-тұрысы, өздерін ұстауы, сөйлеген сөздері көп әсер етті. Себебі, біз ағаларымыздан үлгі алып өстік» дейтін Алдекең тәлімгерлерін еске ала отырып.
Осылайша басшылықтың оң назарына іліккен жас офицер бөлімнің аға инспекторы, одан кейін басқарманың кадр бөлімінің аға инспекторлығы қызметіне көтерілді. Мұнан соң көлік инспекциясы қозғалысты ұйымдастыру бөлімшесінің аға инспекторы және инженері қызметін атқарып, 1972 жылы жол бақылау дивизионының командирлігіне тағайындалады. Осы кезеңдері қызметтен қол үзбей жүріп, КСРО ІІМ-нің Қарағанды қаласындағы жоғары мектебін сырттай оқып бітірді. Білім деңгейі биіктеп, тәжірибесі молайып, кемеліне келген Алдан ағамыз 1975 жылы ОІІБ-ның мемлекеттік көлік инспекциясы бөлімі бастығының орынбасары қызметіне тағайындалып, бұл міндетті сегіз жыл атқарды. Осы жылдары облыс көлеміндегі жол оқиғаларын болдырмау шараларын дәйекті ұйымдастыра алды. Сонымен бірге жас кадрларды тәрбиелеуді, олардың бойында білгірлік, әділдік, кішіпейілдік қасиеттер болуын қатаң қадағалады. Көлік жүргізуші азаматтардың техникалық біліктілігін арттыруды ұдайы назарда ұстады.
Аталған міндетті талапқа сай атқарған Алдекең өзінің білікті, әдепті, әділетті әрекеттерімен көзге түсіп, сыналған соң 1983 жылы лауазым баспалдағында тағы да өрледі. Бұл жолы оған облыстық ішкі істер басқармасы қоғамдық тәртіпті сақтау бөлімінің бастығы лауазымы жүктелді. Ол басқарма ішіндегі бірнеше қызметтік жүйесі бар, түйіні қиын күрделі құрылым болатын. Полковник Жәлімбетов бұл жолы да сенімді ақтады. Ол қызмет бабында жаңалықтардың жаршысы бола білді. Қоғамдық тәртіп сақтау саласында елдің тыныштығын қорғауға арналған «Сарбаздар» тобын республикада бірінші болып Шиелі ауданында құрып, оның тәжірибесін бүкіл елге таратты. Ағамыз соңғы лауазымдық қызметін биік талап деңгейінде атқарып, 1997 жылы абыроймен отставкаға шыққан еді. Зейнетте жүрсе де ардагерлер ұйымының жұмысына белсене араласып, зейнеткерлердің әлеуметтік жағдайын қорғауға, жас қызметкерлерді патриоттыққа тәрбиелеуге көп жұмыс жасағанын атап өткен жөн.
Алдан Балымбетұлы І,ІІ,ІІІ дәрежелі «Мінсіз қызмет еткені үшін», «Ерен еңбегі үшін», «Кеңес милициясына – 50 жыл», «Қоғамдық тәртіп сақтаудағы үздік қызметі үшін» медальдары және «Үздік қызметі үшін», «ІІМ-нің еңбегі сіңген қызметкері» белгілерімен марапатталған. сондай-ақ министрлік пен басқарманың Құрмет грамоталарын алуы және есімінің ҚР ІІМ-нің арнайы тарихи кітабына енгізілуі құқық қорғау саласында қалай қызмет атқарғанын айғақтап тұр емес пе?
Онымен қызметтес болған замандастары, қарамағында жұмыс атқарған азаматтар Алдекеңнің үлкен адамгершілігі, сабырлылығы, ақылдылығы, әділеттілігін еске алып отырады. Қарауында істейтін қызметкерлерге қамқорлығы мен жұмысқа деген жауапкершілігі өзгелерден гөрі айрықша болғанын үнемі атап өтеді.
Алдан Жәлімбетов қызмет ете жүріп кадр мәселесіне де көп көңіл аударған. оларды қатты бағалап, өзіне жақсы шәкірттер тәрбиелей алған жан. Қарамағында қызмет атқарған азаматтардың барлығы дерлік кейіннен басшылық құрамға көтерілді. «Біз Жәлімбетовтің шинелінен шыққанбыз. Біз Алдекеңе қарап, еліктеп есейдік» деп айтатын А.Ибраймов, Қ.Байкенжиев, Е.Өксікбев, Б.Әбжаппаров секілді басқа да көптеген әріптес інілерінің өздері бүгін құрметті демалыста. Олардың қай-қайсы болса да Алдан ағаларының болмысы бөлек, тәні де, жаны да өте таза, тектілігі алыстан көрініп тұратын адам болғанын айтады. Ол сөздердің растығына Алдан Балымбетұлының науқастанып жүрген шағында онымен аз-кем сұхбаттасқан осы жолдардың авторы да көз жеткізген еді. Ауру меңдеп қажытып жүрсе де, өзінің нағыз офицерлік болмысын жоғалтпағанын байқадым.
Алдан Балымбетұлы туралы айта отырып, оның отбасына тоқталып кетпей болмас. Құдай қосқан қосағы, асыл жары Кәмилаш екеуі ел үлгі тұтқан отау тігіп, бір ұл, екі қыз өсіріп жеткізді. Олардан немере көрді. Кәмилаш Ералықызы жарының қызмет бабында абыройлы болуына, сенімді достар табуына ықпал етті. науқасты болған кезінде дүниесін аямай дәрігерлерге, керек десе шетелдік дәрігерлерге көрсеткеніне, жаны қысылғанда аузына су тамызып, басына жастық болғанына, жылы толғанда жарына арнап естелік кітап шығарғанына барша жұрт куә. «Сағымға айналған сағыныш» атты естелік кітапта Алдан ағамыздың қандай әке, ата болғаны туралы балалары, келіндері, немерелері жүректен шыққан шынайы сөздерімен жеткізе білген.
Адам өмірі ұзақтығымен емес, мазмұндығымен өлшенеді. Алдан Балымбетұлы өмірден өткенде оның мазмұнды да өнегелі өмір сүрген жан екенін барша жұрт білді. Қаралы жиында Сыр елінің абызы болған Сейілбек Шаухаманов ағамыз «Алдан біртуар биязы еді, жай жүріп ақырын басатыны соншалық, адам түгілі, мына қара жерге де салмақ түсірмей кетті жарықтық» деп ағынан жарылған болатын. Ол кісіні еске алуға арналған мақаламызды әріптес інісі Қазыбек Әшірбекұлының:
Ардақты азамат ең Алдан аға,
Алаштың тек алғысын алған аға.
Сақшылар санасында сақталады,
Өзіңнің сара жолың салған аға.
Алдеке, азамат ең әділ тіпті,
Ту еткен адалдық пен әділдікті.
Алалауға бармайтын бабамыздай,
Әйтеке би сияқты әділ мықты, – деген өлең жолдарымен аяқтауды жөн көрдік.
Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |