Халық қазынасының хатшысы

Өзінен кейінгі ұрпағына өмірдің қырық қатпарын ақтарып өсиет еткен қазақтай ұлт бар ма екен. Шешендік сөздер, даңғайыр дастандар, маржан мақалдар, суырыпсалма айтыстар – бәрі алдыңда жатыр, ал да, қажетіңе жарата бер. Осы қымбат қазынаны қолға жинап, қоржынымызға салған атақты ғалымдар, фольклоршылар, филологтар ғана емес, асыл мұраларды жинаушы адамдар ел ішінде де көп болған. Сөйтіп, олар қазақтың рухани мұра байлығын еселеген. Бірақ олардың еңбегі ескерілмеген, аты шықпаған.

Жақында мен Шиеліде осындай бір ерекше адам болғанын естідім. Ол Нұрмахан Қасымұлы деген әкеміз екен. Бірақ әкеміз осыдан он үш жыл бұрын дүниеден өтіпті. Жеке қорында әдеби айналымға енбеген мол қазына бар дейді. Ол дүниелер артында қалған төрт ұл, бір қыздың біреуінің қолында көрінеді. Аңсарым ауды. Мені сол кісілерге бәйгеқұмдық Сұл­тан ағам ертіп апарды. Ұлдар қызға сілтеді. Нұрмахан әкенің қолжазбаларын жазу машинасымен теретін осы кісі екен. Сонымен Рахия Нұрмаханқызының үйіне келдік. Біздің не мақ­сатпен жүргенімізді білген Рахия бірден жібімеді. Тіпті өкпе айтты:

– Әкемнің жинағандарын сұраушылар көп. Осыдан бірнеше жыл бұрын бұл үйге жазушылар да келді. Біраз нәрсе алды, жарыққа шығарды. Бірақ кімнен алғаны, кімнің жинағаны жөнінде тіс жармапты. Өздері тапқандай болыпты. Осы әділдік пе? – деді.

Үнсіз қалдық. «Жоқ, біз олар сияқты емеспіз» – дегеніміз өкпенің орнын толтырмас еді.

Маңдай тіреп барғанымыз Бала би жөніндегі тың деректер болатын.

– Әкем Бала би туралы ештеңе жазбаған, жиған-тергенін қаттап отырған мен білемін ғой, – деп шорт кесті. – Бірақ, табылып жатса, көрерміз, –деді сосын.

Бірнеше күннен соң Рахия апай маған телефон соқты. «Келіп кетесің бе?» – деді. Мен Қызылордадан, Сұлтан ағай Бәйгеқұмнан, екеуміз салып ұрып жеттік. Рахия апай көңілді қарсы алды. Өткен жолы байқамаған екенбіз, көкірегінен сәуле төгіліп тұрған қабағы ашық жан екен.Алдыма бірнеше дәптер мен көлемі үлкен, қолдап түптелген кітапты қойды.

Ал, біз әуелі оқырман үшін Нұрмахан Қасымұлының кім екенін айтып алайық, кітап пен дәптерлердің сөзіне сосын үңілейік.

Нұрмахан әкей 1919 жылы Шиелі топырағында дүниеге келген. Отан соғысына қатыс­қан. Соғыс жылдары КСРО Қарулы күштері Бас штабының Бас барлау басқармасына қарасты «Смерш» әскери барлау қызметінде болған. Сталинград майданына, Чехославакияны азат етуге қатысқан.

Соғыстан соң партия оны Жалағаш ауданына қызмет етуге жіберген. Аудандық астық дайындау мекемесінде еңбек еткен, онан соң Қармақшы ауданындағы Ақжар МТС-інде директор болған. Нұрмахан әкей осы кездерден бастап-ақ ел аузындағы әңгімелерді жинауға әуес­тенген секілді. Себебі оның қолжазбаларында Дүр Оңғар­дың, Базар жыраудың сирек ұшырасатын жыр мұра­лары бар. Мұнан кейін ол Бәйгеқұм ауылшаруашылық техникумының ашылуына тікелей бас болып, оны өзі басқарған. Тереңөзек ау­данындағы «40 жылдық Қазақстан» колхозының төр­ағасы, Шиелі ауданық атқару комитетінде бөлім басшысы, өндіріс комбинатының директоры болып қызмет атқарған.

1980 жылы зейнетке шыққан соң бірыңғай ел мұрасын жинауға кіріскен.

Көкірегі сөз қазынасының сөресіндей болған Нұрмахан әкей ешкімнен ештеңе дәметпей-ақ, ғылыми атаққа ұмтылмай-ақ бұйырған ғұ­мырының ақырына дейін халықтың сөз қазынасын жиып қаттаған. Тапқанын баспаға ала жүгірмей-ақ өз қолымен түптеп, қолжазбаларын кітап­қа айналдырған. Оның осындай жанкешті жұмысы жайында ұлы Бөкейхан мынадай бір қызық дерек айтты.

– Бір жылы әкеме «Коммунизм» колхозында тұратын қарт кісі арап әрпімен жазылған екі дәптер берді. «Осындай іспен айналысып жүрсің, елдің пайдасына жаратарсың» деп аманат қылды. Әкем орысша қазақшаға бірдей, бірақ арапша оқу білмейтін. Сол дәптерді оқу үшін арапша үйрене бастады. Алдына бірнеше сөздіктерді жайып қойып, күн-түні отырды. Мен әкемнің алғырлығы мен еңбеккештігіне таңғалдым. Алты айда арапша судыратып оқитын хәлге жетті. Сөйтіп сол екі дәптерді қазақшалап қайта жазды. Бұл қазақ-қалмақ соғысы жөнінде баяндалған «Жапал батыр мен Таңшебер қыз» деп аталатын дастан екен. Онан соң әкем Ибрагим пайғамбардың аңыз әңгімелерін шерткен Қапбар молданың дастанын да арапшадан аударды, – деді ол.

«Жапал батыр мен Таңшебер қызды» Шәкір деген кісі жазыпты. Одан Әбілдә Тұтқышұлының, одан Әлімхан Одаманұлының, одан Жамалдин Дулатұлының қолына өткен. Аудару ісін Нұрмахан әкей орындаған.

Мен осы отырғанда арып-ашып адасып келе жатып мол қазынаға жолыққан ертегі кейіпкері сияқтымын. Мына дәптерлердің іші ғақлия-ғибратқа тұнып тұр. Әрісі – Лұқпан хакімнің өсиеттері, Шәді төренің мұрасы, берісі –Бұдабай, Нартай, Балаби, Досбол дүниелері. «Е, мұның бәрі бізге белгілі қазыналар ғой» дерсіз. Алайда, сіз Нұрмахан әкейдің дәптеріне көз салсаңыз, тың дүниелерге жолыққаныңызды сезесіз.

«Сиырды көп сауғанмен бие болмас,

Есекке жүк артқанмен түйе болмас.

Жаманға жақынмын деп сырыңды айтпа,

Аузына өнебойы ие болмас»

(Бұдабай).

«Шірімес алтын жерде жатқанменен,

Оқ жетпес ажалсызға атқанменен.

Жалқауға сөз, жаманға таяқ өтпес,

Жалған сөз ашылады жапқанменен»

(Нартай).

Адамдық қадірін мысалдап жеткізудің тамаша өрнегі емес пе?

Мұндай жауһар сөздер жерде жатпайды. Қасиетті сүйген қайнардан шығады. Сондай бір қайнардың көзіне кезігіп сусындап отырғанымыздың қуа­нышы бұл.

Қарапайым ғана тірлік кешкен Нұрмахан әкейдің еңбегі еленіп, көптеген марапат иесі атаныпты. Елбасы қабылдауында да болыпты. Бірақ, ұлт жә­дігерін жинаушы есебіндегі ерен еңбегі ескерілмепті.

Біз мысқалдай болса да сол олқылықтың орны толса екен дедік.


Дүйсенбек АЯШҰЛЫ.

ТАҒЫЛЫМ 08 тамыз 2019 г. 500 0