Шойын жолда шыңдалған

Қызылордалық Айма­ха­нов­тар әулетін теміржолшылар династиясы деуге әбден болады. Себебі бұл отбасы мүшелерінің тіршілігі шойынжолмен біте қайнасып жатыр. 

Нұрмахан Аймаханов 1915 жылы Қазалы станциясында дүниеге келген. Осындағы фабрикалық зауыт училищесінің алғашқы түлектерінің бірі. Оқуды ойдағыдай тәмамдаған ол еңбек жолын паровоз жөндеу цехында қара жұмысшы болып бастады. Бертін келе, алғырлығы мен ізденгіштігінің арқасында басшылардың ықпалымен Мәскеудегі машинистер даярлайтын екіжылдық курсқа түсті. Н.Аймаханов білімі жағынан қатарластарынан оқ бойы озық болды.

Мәскеуде оқыған кезеңі туралы естелігінде: «Бітіретін жылы бізден емтиханды сол кездегі жол қатынас­тары халық комиссары Л.М.Каганович қабылдады. Курсанттардың бірі мүдіріп қалғанда ол ашумен оған орындық лақтырып: «Араларыңда бір ғана азиат барлығыңнан артық жауап берді» деді қатқыл үнмен. Бірақ наркомның мен туралы айтып тұрғанын білгенім жоқ. Мақтау естіген жақсы, бірақ бұл туралы көпке дейін ешкімге тіс жармадым. Арада талай уақыт өтті. Бір күні, 1949 жылы жол басқармасынан тексерушілер келіп, жас мамандардан емтихан алды. Комиссия мүшелері олардың біліміне көңілі толмай, ашуға булығып отыр екен. Депо басшылығы не істерін білмей дал. Сынақ өтіп жатқан кабинетке кірсем, төрде таныс адам отыр. Сөйтсем, Мәскеуде Кагановичтен таяқ жеген курстасым Шаянский Виктор Николаевич екен. Арқа-жарқа болып, өткен-кеткенді қозғадық. «Сені наркомның мақтағанын қалай ғана ұмытайын?!» деп, ол менен емтихан қабылдаудан бас тартты. Ашуы тарқап, әріптестерімді де қинаған жоқ», – дейді өзі.

Курсты аяқтаған соң туған жерге келіп, локомотив депосына жолаушы тасымалымен айналысатын паровоз машинисі болып жұмысқа орналасты. Өзіне артылған кез келген тапсырманы жауапкершілікпен сезініп, мүлтіксіз атқара білді. Ауыр салмақты пойыздарды жоғары жылдамдықпен жүргізіп, отын үнемдеу, уақытты ұту жөнінен абырой биігінде болды. Н.Аймаханов әркез жұмыстың жаңа түрін ұйымдастырып, оны жетілдіріп отырды. Паровозды күтіп ұстауға баса мән берді.

Екінші дүниежүзілік соғыс басталған жылы деподағы ер азаматтар майдан даласына аттанды. Ал білікті машинист тапшы маман ретінде орнында қалды. Ресейдің Барнаул, Новосибирск қалаларына әскери жүкті жеткізу кезінде көптеген қиыншылыққа кездесті. Новосибирскідегі қыстың қаттылығына қарамастан, эшелонды қалың қардың астында қалдырмай, діттеген жерге жеткізуі жанқиярлық емей немене?! Осы еңбегі еленіп, оған «Үздік машинист» атағы мен «Еңбектегі ерлігі үшін» медалі табысталды.

Сонымен қатар, әр жылдардағы табысты еңбегі үшін түрлі дәрежедегі марапаттарды иеленді. Оның ішінде «Ұлы Жеңістің 40, 50, 60 жылдығы», «Коммунистік жарыс­тың екпіндісі» белгілері кеудесінде жарқырап жүрді. Н.Аймаханов 1968-1972 жылдары «Байқоңыр» ғарыш айлағына қызмет көрсететін Қазалы локомотив депосының машинистер колоннасында қызмет жасады. 1972 жылы еңбек демалысына шығып, бейнетті еңбегінің берекесін көрді. 81 жасында дүниеден озды.

«Әке көрген оқ жонар» демекші, бұл отбасында балалардың барлығы әке ізін жалғастырды. Тұңғышы Оңалбек ұзақ жыл «Байқоңыр» ғарыш айлағында машинист болып, екінші ұлы Сүйіндік локомотив депосының құрылыс цехында жұмыс істеді. Қыздары Мейрамгүл Қазалы локомотив депосында, Маржангүл Қазалы вагон депосында қызмет атқарды. Күйеу балалары да осы саланың қазанында қайнап, теміржолдың бойында табанды еңбек етті.

«Әкеміздің атына сөз, абыройы­на кір келтірмеу үшін қай-қайсымыз да жұмысты тия­нақты атқаруға, қатарымыз­дан қалмауға, өзгелерге үлгі болуға тырыстық. Теміржолшы еңбегі айрықша жауапкершілікті қажет етеді. Өйткені сен қаншама адамның өмірі мен қауіпсіздігіне жауаптысың. Осы орайда асқар тауымыз, арқа сүйеріміз – әкемізден алған тәлім-тәрбие бізге мәңгілік азық болғаны рас», – дейді Оңалбек аға.

Н.ҚАЗЫБАЙҚЫЗЫ.

ТАҒЫЛЫМ 06 тамыз 2019 г. 806 0