Жиырмадан асқан шағында Қызылорда теміржол стансасына жұмысқа қабылданған Райхан күре жолдың бойындағы қайнап жатқан тірлікке көп ұзамай-ақ көндігіп кетті. Өйткені бұл саланың жұмысы оған аса таңсық емес еді. Неге десеңіз, олар талай елдің тіршілік тамырын тоғыстырып жатқан теміржолдың бойында дүниеге келді. Жүйткіп бара жатқан пойызға қарап, арманшыл қыздың қиялы да алысқа қанат қағатын. Көз алдындағы толассыз тірліктің кейбір жалт еткен сәттерін көңіліне түйіп ала қоятын. Сондықтан балалықтың бал шағын өткерген Белкөл стансасы бұлар үшін әлі күнге ыстық көрінеді. Атасы Тоқсанбай, әкесі Есіркеп – ұзақ жыл теміржол саласында еңбек етіп, абыройға бөленген жандар. Бауырлары да осы салада еңбек етіп келеді.
Ашық жарқын, жайдары мінезді қыз бұйығы тыныштықтан гөрі тынымсыз ізденіс пен толассыз тіршілікті ұнататын. Сондықтан жұмысқа бар ынтасымен кірісіп кетті. Оның міндеті – күнделікті келген-кеткен жүктерді тапсырып, қабылдау болатын. Осы жұмысты бес жылдай атқарған соң, теміржолдың техника кеңсесінде жұмыс істеді. Қыстың қақаған суығында, жаздың ми қайнатар ыстығында жолдың ортасында жүреді. Түнгі кезекшілік уақытында жүк вагондарының қозғалысын кірпік қақпай бақылап отырады. Сонда да шаршадым деп қабақ шытпайтын. Қиындығына төселіп, тәжірибесін толықтыра түсті. Содан 2002 жылдары техника кеңсесінде ақпарат беруші (информатор) жұмысына ауысты. Мұнда ел аумағынан, сондай-ақ сырттан тасымалданатын тауарлардың қай уақытта қай жерде келе жатқанын, қашан жететінін әлсін-әлсін анықтап, жауапты адамдарға ақпар беріп отырады. Вагондар келгесін, оларды ағытып, әр пойызға қанша вагон тіркелетінін есептеп, маневр диспетчеріне хабарлайды. Соған сәйкес олар жүк вагондарының қозғалысын реттейді. Ал, 2014 жылдан бастап орталықтандырылған қосынның операторы қызметін атқарып келеді. Мұнда да әр күн сайын маневр жасап, бұрма жолдарды бұрып, вагондарды рет-ретімен әр жолға орналастырып, жүк пойызын жолға дайындайды. Сол сияқты, келген пойыздардан вагондарды ажыратып, тепловоздарға тіркеп, жүк қоймаларына жеткізеді. Осы жұмыстарды үйлестіру маневр диспетчерінің міндеті болса, жұмысты атқаруда жұмысшы-мамандардың еңбегі зор. Солардың бірі – орталықтандырылған қосынның операторы Райхан Есіркепқызы. Бұл жұмыс қатаң жауапкершілікті талап етеді. Сәл қателессең, пойыздың бағыттан ауытқып кетуі, тіпті вагонды аударып алуы мүмкін. Сондықтан ол өз жұмысына қырағы.
Кейіпкеріміздің жасында арманшыл қыз болғанын айтып едік. Алайда тағдыры теміржолмен тоғысты. Темірдей тәртіпке бейімделді. Сонда да кейде булығып, буырқанған ішкі сезімін әлеуметтік желі бетінде әсерлі етіп әңгімелейді. Әйел затына тән әдемілік пен ізеттілікті насихаттайды. Аналық жүрегімен жастарға ақыл-кеңесін айтып, халқымыздың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы жайында өз ойын бөлісіп отырады. Оқырмандары да аз емес. Жалпы, жан дүниесі шығармашылыққа жақын.
Теміржол саласының белді маманы Райхан Тоқсанбаева қазір қала тұрғыны. Сонау 1984 жылы жолдасы Сайлаумен қосылып, шаңырақ көтерген. Сайлау ағамыз – құрылыс саласының маманы. Сондай-ақ, есік алдына бау-бақша егіп, жылда жемісін алып отыр. Отбасында үш қыз тәрбиелеп өсіріп, олардың жоғары білім алуына жағдай жасады. Қазір жиен-немерелерін сүйіп отырған бақытты ата-әже.
Тәжірибелі маман Райхан Тоқсанбаеваның теміржол бойында тұрақты еңбек етіп келе жатқанына алдағы жылы 30 жыл болады екен. "Тіршіліктің кем-кетігі таусылған ба? Алайда темірдей тәртіп төзімділікке үйретеді" дейді ол. Олай болса, біз де теміржолшы апамызға бейнетінің зейнетін көруді бұйыртсын деген тілегімізді қосамыз.
Ғазиза ӘБІЛДА.