« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Журналист, ақын Дүйсенбі Смайылов туралы толғаныс
Бұл сонау елуінші жылдар еді. Шиелінің даңқы «дала академигі» Ыбырай Жақаевтың есімімен дүркіреп тұрған кез. «Авангардта» Тян Гын Чер, «Гигантта» Хан Леонтий, «Коммунизмде» Шырынкүл, «Қызылтуда» Қойшыбай, Заһира, «Телікөлде» Жадыра баспасөз бетінен түспейді. Сонау Мойынқұмнан атақты шопан Жазылбек Қуанышбаевтың Ыбырай ауылына арнайы келуі, ақын Әбділданың құрыштан құйылған диқанға «Ағатай» деп өлең жазғанын оқыған адам тебіренбей тұра алмаушы еді-ау... Талантты жазушы Оразбек Бодықовтың «Менің бақытым» атты даңқты күрішші жайында жазған шағын повесі қолымыздан түспей, құмарта оқыған ұрпақпыз. Диқанның құдіретті сөзін қамшының өріміндей кестелеген Оразбек қаламының шеберлігіне тәнті болғанымыз жасырын емес. Кітап нағыз дастан болды құнарлы сөздің бұлағы байқалды. Оразбекпен аудандық газетте қызметтес болдық, екі тілде бірдей жазатын талантына бас иіп, төбеге көтердік. «Лалақ туралы дастан» деген повесін газеттің бірнеше нөміріне беріп, оқырманнан хат ағылғанын көрдік. Қайран Оразбек қазір ескерусіз, елеусіз, ұмыт қалды.
Алғашқы еңбек жолым, Шиелінің «Өскен өңір» (ол кезде «Коммунизм жолы» болатын) газетінен басталды. Айта беретін корректорлық жұмыс Қызылордадан табылмай, Шиеліден дәм-тұз бұйырған еді. Кейін Шиеліден партияға өтіп, әдеби қызметкерге көтерілгенім есімнен кетпейді.
Аудандық газетте Сейтқасым, Жүніс ағалар көптен істейді екен. Екеуі күн құрғатпай материал жазады. Сейтқасым оқта-текте фельетон, сықақтармен кемшілікті түйреп тастайды. Жұрт Сейтқасымның қаламына ілікпесек болар еді деп жиі айтатын. Ортамызға бір күні Ә.Боранов, Ф.Жүсіпова қосылды. Кейін Алматыдан ауа райы жақпай, «Мың бір түнді» мөлдіретіп аударған Қалмахан келді. Газеттің күнделікті қым-қуыт дүрбелеңіне жоғарыдағы кісілер қиналатын сыңай байқатты, ілесе алмай отырды. Жас болғасын ба, біз Шәден Бектасов, Оразбек үшеумізге жүк көбірек түсті. Жауапты хатшы – Дүйсенбі Смайылов. Дүйсекең макетті шебер жасайды, қаламы ұшқыр, өлең жазады. Редакторымыз – обкомнан келген, мамандығы мұғалім Қалқабай Әбенов. Ол кісі басмақала жазудан қолы босамайды. Бар жүк редактордың орынбасары Ә.Сатыбалдиев пен жауапты хатшы Дүйсенбіге түсумен болды. Сыр алдырмайды, аудандық газет облыста көш басында тұрды. Көркемдігі, мәселе көтеруі жайында жылы пікір молайды.
Аудандық газеттегі бар материал қолмен теріледі. Гранкаға іріктеліп, содан соң оқылады, аптасына екі рет шығатын газетті таң ата баспадан шығарамыз. Баспахананың май иісі мұрын жарады. Қазіргідей компьютер түсімізге кірмеген кез. Қиналған сәттер көп болды. Қазір газетті басып шығару жеңілдеді. Түрлі-түсті бояумен шығады. Біз о кезде газетті қызыл түспен ғана мерекеде шығарғанбыз. Бәрін уақыт өзгертетінін кім білген, оқырман?!
Баспаханада Сақып, Жаңыл деген апайлар қолы қолына жұқпайтын әріптергіштер. Мәлике, Хадиша, Шәрбан, Болған, Лизалар кейін бұл іске машықтанды. Бірі әріп тереді, бірі бет жасайды. Корректорлар Құлахмет Ақпанбетов, Құрманбек Рысбековтер көз майын тауысып, әріпті санап оқиды. Ол кезде газетте қате кетсе, үлкен дүрбелең. Жауапты хатшы Дүйсекеңнің талабы қатты.
Жастық шақ аудандық газеттің қиын сәттерін бастан өткізетін, шыңдалу мектебі болды. Бәрімізді журналистік биікке тәрбиелеген Дүйсекеңнің еңбегіне тағзым етпесек, есімін еске алмасақ, аруағы алдында күнәһар болармыз.
Журналист Дүйсекең жазылған әрбір дүниені түрлендіріп, тақырып тауып қоятын нағыз шебер еді. Шаршамайтын, жалықпайтын. Жастарды өзіне тартуда құшағы ашық болатын. Әдебиетке жақын жастардың басын қосып, әдеби бірлестік ұйымдастырды. Ол кезде мектепте оқитын Оразбек Сәрсенбаев, Сәрсенбек Жұмабековтерді бауырына тартып, жазған дүниелерін үзбей жариялап отырды. Ұлты шешен, қазақшаға судай Абдулхамид Исаев деген азамат болды, мөлдіретіп қазақша әңгіме жазады, талантты еді. Осы азаматты Оразбек Бодықов қамқор құшағын ашып, әңгімелерінің республикалық газет-журналдарға шығаруына себепші болып, шеберлігін шыңдауға көмек көрсеткеніне біз куәгерміз.
Дүйсенбінің журналистік мектебінен С.Мұсайымов, А.Достияров, Н.Аюпов, А.Айтуаров, тағы басқа ондаған ауыл-село тілшілері тәрбиеленіп, газет мәртебесін көтерді.
Дүйсенбі Смайловтың абырой-беделін өзі еңбек еткен «Өскен өңір» басылымы көтерді. Газет редакторы, аудандық партия комитетінің хатшысы, обкомда нұсқаушы, облыстық газет редакторының орынбасары дәрежесіне дейін жоғарылады. Ол қай қызметте жүрсе де, қаламын қару етіп, жұрт көкейіндегі өткір проблемаларды көтерді, соңынан ерген ақын-жазушы талапкерлерге сәт сапар тілеп, шынайы лебізін жолдауды ұмытпады.
Дүйсекеңнің балалық шағы кіндік қаны тамған «Ортақшыл» ауылында басталды, алдымен педучилищені, одан соң КазГУ-дің журналистика бөлімін бітірді. Мектепте ұстаз болды, кейін журналистік қызметке бар ғұмырын арнады.
Сыр перзенті ақын еді. Республика жұртшылығына кең тараған «Жас дәурен» ансамблінің репертуарына арнап, сазгер Әсет Бейсеуов екеуі бірігіп, «Сыр маржаны» атты ән жазды. Ән әлі күнге ел аузында.
Ақын азаматтың өлең жырларын, дастандарын, арнау өлеңдерін, сықақтарын зайыбы Кеңескүл Байжанова, Мұрат Күлімбет жинастырып, «Сыр маржаны» атты жинақ шығарды. Жинақта азаматтың үні мен орамды ойы, жүрек лүпілі, туған жерге деген ыстық ықыласы, Отанға деген сүйіспеншілігі, Шиеліге деген шексіз махаббаты оқырманды еріксіз баурайды.
«Сыр маржаны» атты жинақ «Жастық шақтың жылнамасы», «Туған жерге тағзым», «Тың толғауы», «Кавказ әуендері», «Сықақ пен мысқыл» атты төрт бөлімнен тұрады.
Ақын «Жаса елім» атты өлеңінде:
Жасара түс, жаса елім.
Жаздың ерке гүліндей,
Әлі біздің алдымыздан,
Күн шығады күлімдей.
Керіліп жатыр кең дала,
Көркемдік мұнан өтер ме.
Көрсем әсем сан қала,
Шиелім саған жетер ме?!,
десе, «Күйлер», «Еңбек», «Ақындыққа не керек?», «Өмір сәулесі», «Отан қорғау», «Мұғалім», «Ұлы Отанға ұл болам», «Мол өнімшілірге» атты өлеңдерінде патриоттық сезімі кең пафоста жырланады. Ал, «Сыр бойы көріністері» атты тараудан не байқалады? Табиғат, еңбек адамының келбеті нанымды баяндалды. «Тың толғауы» атты топтама негізінен достыққа, бірлікке арналады.
Дүйсекең газет жұмысының иығына түскен қым-қуыт сәттерін былайша суреттеді:
Өлеңді жазушы едім, дүркін-дүркін,
Сүйсініп оқушы еді туған жұртым.
Соңғы кез қалам суып кетті біраз,
Иыққа мінгеннен соң газет шіркін!
Жинақтың өнбойын ажарландыра түскен «Кавказ әуендері», «Кисловодск вокзалы», «Олховка» атты өлеңдерінде табиғат көркемдігін одан әрі айшықты өрнектейді. Бұл туындыларды оқып отырғанда Кавказдың биік шыңдары, сұлу табиғатқа тамсанғандай, серуендегендей боласыз.
Дүйсенбі қаламынан туған «Сықақ пен мысқыл» атты тарау өзіндік болмысымен бөлектеніп тұр. Ақынның «Жүзім мен терек», «Дандайсыған Дастан», «Шалберген сот алдында», «Бағбан мен бақа» атты шымшымалары босбелбеу, еріншектік, тағы да басқа жат әдеттерді ащы мысқылмен шындық бетін нанымды ашқандай болады.
Ақынжанды азамат, қаламы ұшқыр журналист Дүйсенбі Смайловтың «Сыр маржаны» атты жинағы оқырманды сан алуан ой-толғауларымен өзіне баурай түскендей әсер қалдырады.
Бүгін қимас әріптесіміз Дүйсенбі мектебінен тәлім алған, көзкөрген ретінде журналистік кәсіптің ыстық-суығына тер төккен ақынжанды азаматты тағы бір еске алуды парыз санадық. Қамқор аға нағыз кемел шағында жұмбақ жағдайда пәни дүниеге аттанып кеткеніне біраз жылдың жүзі болды. Мезгілсіз ажалға қалай тап болды? Жүрек сыздайды, қатыгез ажалға қимайтын жанның жұлдызы қалайша ағып түсті? Әлі аң-таң күйдеміз. Әртүрлі болжам айтылды. Шындық ашылмай қалды.
Енді алдағы бірер жылда ақын-журналисттің туғанына 90 жыл толғалы тұр. Көзкөргендер, өрісін жайған үрім-бұтақтары, сүйікті жары Кеңескүл тұрғанда Дүйсекең бейнесі ұмытылуға тиісті емес. Ол биіктей түсеріне кәміл сенеміз. Өйткені, Дүйсекеңнің артында біздей көзкөргендер бар, ер жеткен ұлдары жер-жерде қызметте еңбек етіп жүр. Шүкір дейікші.
Қайырбек МЫРЗАХМЕТҰЛЫ,
ардагер-журналист.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |