« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
«Қайтқан құстар қаққан кезде қанатын,
Естелiк боп тiзiледi дәптерге ой.
Күндер емес жадымызда қалатын,
Естен кетпес әдемi бiр сәттер ғой», – дегендей, жаны жайсаң, жүрегi жомарт, пейiлi кең азамат Жақсылық Тәуекеловті мен жетпiсiншi жылдардың басынан бастап бiлемiн.
Ол кезде мен 1971 жылы Қазақ химия-технологиялық институтын инженер-құрылысшы мамандығы бойынша бiтiрiп, осы оқу орнында кiшi, аға ғылыми қызметкер болып екi жыл жұмыс iстедім. Отбасы жағдайына (байланысты шешем ауыр науқасқа шалдықты, қалған балалар жас, мен семьядағы үлкен ұлмын) байланысты өзiм туған Қызылорда облысы Қазалы ауданындағы, Арал, Қазалы аудандарын суландыратын жаңадан пайдалануға берiлген, «Басықара» су торабы мекемесi орналасқан поселкеде жаңадан құрылған №64 жылжымалы мехколоннаға өзiм де, әйелiм Лида Ағжанқызы да жұмысқа орналасып, ата-анамды осында көшiрiп әкелiп, жаңа жұмысқа кiрiскен кезiм болатын.
Бұл Қызылорда облысында күрiш егуге арналған жерлер инженерлiк жүйеге келтiрiлiп, аудандарда жаңадан құрылыс мекемелерi, тiптi Қазалыда су құрылысы тресi (трест «Казалинскводстрой») ашылып, күрiш егетiн массивтер құрылысы кеңiнен жүрiп жатқан кез еді.
Қазалы су торабының құрылысы аяқталып, Қазалы массивi кеңiнен игерiле бастаған. Сырдария өзенiнiң бойындағы соңғы Қазалы су торабы орналасқан Басықара кентiнде облыстық су шаруашылығы басқармасы жанынан құрылған «Қызылордаремводстрой» тресiне қарасты «ПМК-64» мекемесi жұмысын бастап жатқан. Мен сол мекемеге қатардағы инженер, әйелiм экономист болып орналастық.
Жақсылық ағамызбен таныстық сол кезден басталды. Жақаң бiз бағынатын облыстағы трестiң бас механигi екен. Облыстан түрлi ақпарлар сұратып, бас механиктiң қолымен бiздiң мекемеге қағаздар келедi, соған жауап жазамыз. Бiр күнi Басықараға бiздiң мекемеге iссапармен Жақаңның өзi келдi. Таныстық солай басталды. Ол кезде ру сұрасу деген жоқ. Кейiн араласа келе Жақаңның аралдық екенiн бiлдiм. Бiрде Қызылордаға жиналысқа келгенде Жақаң үйiне қонаққа шақырды. Аралдан әкесiн көшiрiп әкелiп, үй сатып алып, соған кiрген екен. Жақсылықтың әкесi Тәуекел мұсылманша сауатты, көрген-бiлгенi, өмiрден түйгенi мол, парасатты, салауатты, салмақты жан болып көрiндi.
Дастархан басында Жақаң жеңгемiз Мәриямен, отбасымен таныстырды. Осылай басталып, кейiн ағалық-iнiлiк, туысқандық, замандастық, адами қатынасқа жалғасты.
Мен кейiн аупарткомға нұсқаушы болып ауысып, одан кейiн Қазалы құрылыс-жөндеу басқармасының бастығы болып жұмыс iстеп жүргенiмде марқұм өндiрiстегi, өмiрдегi ұстазым санайтын трестiң сол кездегi басқарушысы Әскербек Кемелбекұлы Мақұлбеков өзiм жұмыс бастаған «ПМК-64» мекемесiне басшылық қызметке шақырды. Ол 1980 жылдың басы едi.
Бұл кезде Жақаң бiздiң трестке қарайтын автобазаның бастығы екен. Отыз жастағы жас басшы, мен өзiме үйреншiктi мекеме жұмысшы-қызметкерлерiмен қоян-қолтық араласып, бiлектi сыбанып жұмысқа қызу кiрiсiп кеттiм. Канал қазу, шлюз, үй құрылыстарын салу, «Қазалы» су торабына, Қазалы аудандық су бөлiмiне қызмет көрсету, жөндеу, күтiп ұстау, абаттандыру жұмыстарын жүргiземiз.
Басықара кентiнiң әлеуметтiк мәселесiн шешу үшiн трестке ұсыныс жасап, 50 орындық типтiк жобадағы моншаның құрылысын жоспарға енгiздiк. Су құрылысымен айналысатын бiздiң мекемеге бұл объект бiраз қиындық тудырды. Осы объектiге қажеттi құрылыс материалдарын Қызылордадан тасуға Жақаң бар ықыласымен көп көмек жасады.
Мен «ПМК-64» мекемесiн төрт жылға жуық басқарғанда мекеме аудандық, облыстық социалистiк жарыстың жеңiмпазы атанып, бiрнеше дүркiн «Ауыспалы Қызыл туды» жеңiп алды. Осы жетiстiктерде, сөз жоқ, Жақаңның үлесi бар деп есептеймiн. Себебi, автотранспорт пен механизмдердi қосалқы бөлшектермен қамтамасыз етуде трест автобазасының бастығы есебiнде оның көп қамқорлығын сезiнiп жүрдiк.
Осы жылдарда Қызылордада түрлi жиындарға, трестiң, облводхоздың жиналыстарына қатысқанда Жақаңмен жиi кездесiп, талай қызықты, думанды кештердi бiрге өткiздiк. Бiр-бiрiмiзге шынайы көңiлден тiлектес болдық.
Мен кейiн Қазалы ауатком төрағасының орынбасары, аупарткомның ауыл шаруашылығы, ұйымдастыру бөлiмдерiнiң меңгерушiсi, конкурстық балама негiзде аупарткомның екiншi хатшысы, ауаткомның төрағасы қызметтерiн атқарып, он жылдан соң 1991 жылы мамыр айында Қызылорда облыстық халық депутаттары атқару кеңесi төрағасының орынбасары қызметiне сайланып, Қызылордаға көшiп келдiм. Сөйтiп, облыс орталығында Жақаңмен қайта табыстық.
Осы кезеңде партия, кеңес органдарында небiр құрылымдық өзгерiстер болды. Облыстың Кеңес атқару комитетi, облыстың партия комитетi тарап, 1992 жылдың басынан бастап республикада әкiмдiк институттары енгiзiлiп, облыстың партия комитетiнiң бiрiншi хатшысы Сейiлбек Шаухаманов облыстың бiрiншi әкiмi болып тағайындалды да, 1992 жылдың ақпан айында мен облыс әкiмiнiң алғашқы бiрiншi орынбасары болып тағайындалдым. Бұл кезде Қызылорда мұнайын игеру қызу жүрiп, Маңғыстауға бағынатын Құмкөл мұнай өндiру басқармасының базасында дербес «Оңтүстiк мұнайгаз» өндiрiстiк бiрлестiгi құрылды. Жақсылық Тәуекелов ағамыз жаңадан құрылған бiрлестiктiң ұлтжанды, парасатты, кәсiби бiлiктi басшысы, марқұм Мұрат Ғазизұлы Саламатовтың таңдауымен Құмкөл технологиялық транспорт басқармасының бастығы болып бекітілді.
Мен облыс әкiмiнiң бiрiншi орынбасары есебiнде экономика, өнеркәсiп, сауда, тұрмыстық қызмет салаларына басшылық жасағандықтан, Жақаңмен қайтадан жиi кездесетiн болдық. Жақаң жасының үлкендiгiн, облыс орталығына ерте келгендiгiн бiлдiрiп, ақыл-кеңестерiн, ой-пiкiрлерiн, облыстың басшы азаматтары туралы бiлетiндерiн туысқандық, ағалық көңiлмен оңаша кездескенде, өзiне тән сыпайылығымен, байсалдылығымен, адамгершiлiк қасиеттерiмен бiлдiрiп отыратын едi.
Құмкөл мұнайын игеру ол кезде оңай болған жоқ. Жол жоқ, мұнайшылар өндiрiс басына тікұшақпен қатынайды. Өндiрiс орнын автотранспортпен, технологиялық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етудi Жақсылық Тәуекелов басқарған басқарма жұмысшы-қызметкерлерi асқан жауапкершiлiкпен тиянақты, мезгiлiнде орындап отырды. Қазiр облысымызда мұнай өндiру 10 млн тоннаға дейiн артса, сөз жоқ, онда Жақсылық Тәуекелов сияқты атпал азаматтың үлесi бар. Атқарған iстерiнiң iзi кенiште сайрап жатыр деп айтуға болады.
Қызылорданы мұнайлы өлкеге айналдыру да оңай болған жоқ. Мұнай көлемiн ұлғайту үшiн шетелдiк инвесторлар iздеу жұмыстары жүргiзiлдi. Немiстермен алғашқы бiрiккен кәсiпорын құру идеясы жүзеге асып, «Қазгермұнай» бiрiккен кәсiпорны сол кезде құрылды. Алғашқы бақылау кеңесiнiң төрағасы болып, облыс атынан мен бекiтiлдiм. Барлық мәселелерi шешiлгенше Мұрат Саламатовпен тоқсанына бiр рет Германияға барып, бақылау кеңесiнiң отырысын өткiзiп, тиiстi мәселелерді мамандарды қатыстырып, шешiп жүрдiк. Мұнайшылармен кездесулердiң бел ортасында Жақаң жүретiн. Жақаң қай жерде қызмет жасамасын, басшылармен ортақ тiл табысып, мәселенi бiрлесiп тиянақты шешуге, ыждағаттылықпен қарайтын едi. М.Саламатовтың да Жақаңа көзқарасы, сенiмi, сыйластығы, пiкiр ортақтығы осындай кездесулерде сезiлiп тұратын.
Тағдыр жазып, кейiн мен облыс әкiмдерiнiң ауысуына байланысты Қазалы, Жаңақорған, Арал аудандарының әкiмi қызметiн атқарғанда да Жақаңмен қатынасымыз үзiлген жоқ. Балаларымның үйлену тойларының бел ортасында, құдалықтарда Жақаң ағалық, туысқандық танытып бiрге жүретiн. Әсiресе, мен Жақаңның туған ауылы Арал ауданында он жылға жуық әкiм болғанымда елдiң еңсесiн көтерiп, жастардың патриоттық сезiмiн нығайту мақсатында әрбiр жылды атаулы жыл деп белгiледік. Ел есiнде қалу үшiн жыл аяғында облыс орталығынан, аудандардан құрметтi қонақтар шақырып, жылды салтанатты жағдайда әр жылға сәйкес ескерткiштер ашып, кiтаптар шығарып қорытындылауды дәстүрге айналдырдық. Осы жылдарда «Жетес би жылы», «Бекмырза хан жылы», «Тәуелсiздiктi ту еткен тұлғалар жылы», «Ақтан батыр жылы», «Зейнолла Шүкiров жылы», «Қазақтың алғашқы «Қарақұм» құрылтайы жылы», «Ұлы жеңiстi жақындатқандар жылы», т.б. жылдарды қорытындылауда, күзде «Арал күндерi» фестивалiн өткiзуде Жақаң өзi бас болатын. Қызылордада тұратын Аралдың ардагерлерi мен шақырылған құрметтi қонақтарға хабарласып, арнайы автобусқа мiнгiзiп, бару-қайтуда барлық жағдайын жасап, менiмен үнемi байланыста болып, есте қалатындай етіп ұйымдастыруға бар күшiн салатын, қайран Жақаң.
Мен зейнетке шығып, облыс орталығына келгеннен кейiн де жиi хабарласып, ағайындардың қуаныш, ренiштерiнен хабардар қылып, өзi келiп бiрге апаратын едi.
Мерекелi күндерi үлкендерге сәлем беру, құттықтауды ұйымдастыруды Жақаңа тапсыратын едiм. Әсiресе, Жеңiс күнi ардақты ағамыз Ыдырыс Қалиевтi құттықтау, Наурыз күнi Тiлес Бақаев ағаларымызды құттықтауды дәстүрге айналдырып едiк. Екi ағамызды да ақтық сапарға шығарып салудың, жаназасын, одан кейiнгi шараларын ұйымдастырудың басы-қасында бiрге жүрдiк. Топырақтары торқа, имандары жолдас болып, рухтарымен әулетiн, ағайындарын қолдап желеп-жебеп жүргей, жарықтық ағаларымыз.
Осылай арамызда алшаң басып жүрген ардақты ағамыз кенеттен сырқаттанып, отбасына, балаларына көп салмағын салмай, бақилыққа аттанып жүре бердi.
«Қабiрлердiң құлағындай қалақ Ай,
Тұрған сынды өз тағдырын қаламай.
Мезгiл жетсе, қурайды екен қайың да,
Мезгiл жетсе, құлайды екен қарағай»,
– дегендей, ағамызды ақ жуып, арулап көмiп, Белкөлдегi қорымға жерлеп, топырақ салып, парызымызды өтедiк. Жақаңның бұл пәни дүниеден өтiп, бақилыққа аттанғанына да жыл толыпты. Артында қалған балалары, Мәрия жеңгемiз Жақаңның шаңырағының түтiнiн түзу шығарып, ұрпақтарын ата жолымен тәрбиелеп отыр. Ұрпақтарына амандық, ауызбiршiлiк, береке тiлеймiз. Пейiште нұры шалқысын ардақты ағамыздың.
«Жүрегiмiз iзгiлiктiң мекенi,
Iзгiлiкке тiрлiкте не жетедi?
Ең елеусiз жақсылықтың өзi де,
Өмiрiңе шуақ құйып кетедi»,
– дегендей Жақаңның iзгiлiктi iстерiн, пейiлiн, ықыласын үнемi сағынышпен еске алып жүремiн.
Нәжiмадин МҰСАБАЕВ,
Арал, Қазалы, Жаңақорған
аудандарының құрметтi
азаматы, Қазақстанның
құрметтi құрылысшысы.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |