Шынайы өмір келбеті

Айдынды шалқар Аралдың ақжал толқынымен жарыса жүзіп, талайдан бергі теңіз тағдырын, теңізде туғандардың тіршілік тамырын көзімен көріп, көңіліне түйіп өскен жазушы Айжарық Сәдібеков – шығармашылық дейтұғын шытырман әлемнен өз бағытын адаспай тапқан жан. 

Қандай бір мадақ, марапатыңнан биік тұратын адами болмыс дейтін баға бар. Осы тұрғыдан келгенде, Айжарық ағамыз табиғаттың өзіне тартып туған, жан дүниесінде зәредей жалғандық жоқ, жаратылысы бөлек адам. Шығармашылық еңбектерінде өмір соқпағының өр-қырын өзіндік терең түйсінуімен тебірене баяндап, ондағы кейіпкерлері жайлы кеңінен көсіледі. Замандастарының, қаламдастарының бітім-болмысын, қадір-қасиетін, сол сияқты, қарапайым еңбек адамдарының күнделікті өмірін ешбір боямасыз, бүкпесіз, қаз-қалпында көз алдыңа әкеледі.

Өздеріңізге белгілі, биылғы мамыр айында облыс басшылығының қолдауымен жазушы Айжарық Сәдібековтың "Парасат майданы", "Жұмыр жерде біз бармыз" атты екі томдық шығармалар жинағы жарыққа шықты. Атының өзі айтып тұрғандай, автордың  "Парасат майданы" кітабында ел тағдыры, туған жер тағдыры, қоғам келбетіндегі келісті де келеңсіз жайттар туралы  толғаныстары, сонымен бірге, тарих пен таным, әдебиет пен мәдениет айналасындағы өресі биік, өнегесі мол деректі де дәйекті публицистикалық шығармалары жинақталған. Ал, "Жұмыр жерде біз бармыз" кітабында еңбек адамдарының ерекше құрметке лайық тіршілік тынысын тебіреніспен суреттейді. Дәлірек айтсақ, қазақы қалып, кеңпейіл, барға қанағат, жоққа сабыр етіп  күнелтіп жатқан қарапайым жандардың жан-жүниесіне үңіліп,  жаратылысынан жасампаздықты таниды. Таниды да тап сол әсерін тамаша күйінде оқырманға жеткізеді.

Жалпы, жан тазалығын, ар тазалығын биік тұтқан жазушы А.Сәдібеков шығармашылығының арқауы – жұмыр жердің бетіндегі шынайы өмір келбеті.

Ғазиза ӘБІЛДА.

ТАҒЫЛЫМ 27 шілде 2019 г. 632 0