« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
...Бұл 1944 жыл болатын. Сол жылы қыс қатты болған еді. Қарлы боран толастамай, жұрттың отын-суы таусылып, қорасындағы азын-аулақ малы да азықтың жоқтығынан өлім-жітімге ұшырады. Сөйтіп, көктемге әзер жеткен ағайын қым-қуыт тіршіліктің қамына кіріскен. Төрт түліктің қыстан аман қалғаны төлдей бастаған. Солардың аузы көкке ілініп кетсе деп алаңдайды жұрт. Егін салатындар да жұмыстарын ертелетіп қолға алған еді.
Өйткені, өздерін былай қойғанда, майдандағы бауырластарға азық-түлік жөнелтіп тұру қажет. Иә, бір үйдің отағасы, енді бір отбасының балалары, бауырлары, әйтеуір, бас көтерер азаматтың бәрі соғысқа кеткен. Елдегі жұрттың әр күні үмітпен өтуде. Соңғы ақпараттарда біздің жауынгерлер жаудың бетін қайтарып, кейін шегіндірді деп жатыр. Әйтсе де, елдің көңілі алаң. Екі күннің бірінде еңсені басып, қайғы бұлтын төндірген қара қағаздар да толастар емес. Ондай кездерде көпшілік біріге түсіп, қаралы үйдің қайғысын бөлісіп, қамқорлығын аямайды.
Тереңөзек қыстағындағы Калинин атындағы орта мектепті бітіргелі жатқан Әлібек те отбасындағы тіршіліктерге қарайлассам деп, ауылына жеткенше асығып жүрген. Алайда, аяқ астынан әскери комиссариатқа шақырды. Барғаны сол еді, ондағылар алдындағы тізімді бір қарап шықты да қолына майданға шақырту қағазын ұстатты. Сол сәтте ол өзінің қолына қару алып, ел қорғайтын жасқа жеткенін түсінді...
Ата-анасы бұл хабарды естігенде абдырап қалды. Әсіресе, анасы Мәуе көз жасына ерік беріп, қатты күйзелді. Дегенмен, бұйрықтың аты бұйрық. Елжіреп отыруды уақыт көтермейді. Әкесі Қайым іштей қиналғанымен, сыртқа сыр білдірмей, көппен бірге көндікті. Арада бір күн өткенде Қызылорда қаласы, теміржол вокзалының басындағы ығы-жығы, улап-шулап жатқан қалың жұртпен бірге тұңғыш ұлын майданға шығарып салды...
Әлібек Қайымов әскери жауынгерлік міндетін Сталинград майданындағы 436-полктен бастады. Жау кейін шегініп, баяғы қарқыны басылған шақ. Кеңес Армиясы жауынгерлері біраз күш алған. Алғашқыдай емес, үрейден гөрі үміт басым. Өзі сияқты жас жауынгерлер де соғыс тәртібіне төселе бастаған еді. Жан-жақтан зуылдай ұшқан оқтардан қорғануды үйреніп, кез келген сәтте қарсы "жауап қатуға" дайын тұратын. Солай дегенмен, қым-қиғаш ұрыс кезінде қаңғыған оқтың құрбаны болған сарбаздар да аз емес. Қандыкөйлек жолдастарының көз алдында оққа ұшып, мерт болғаны сарбаздардың жауға қарсы өшпенділігін күшейте түсетін. Сондықтан олар жаумен бетпе-бет келген шайқастарда қаза болған қандастардың кегін қайтаруды ойға алып, қарсы бораған оқтан да тайсалмайтын. Бәрінен де ел ішінде тыныш та бейбіт өмір орнатуды мақсат еткен жауынгерлердің жігері мықты, Жеңіске деген сенімі нық болатын.
Әлібек елден алған соңғы бір хатында туған бауыры Сәдібектің де әскери комиссариаттың шақыртуымен, майдан шебіне аттанып кеткенін есітті. Екі бірдей баласының соғысқа алынуы ата-анасына да оңай емес. "Көппен көрген ұлы той", көнбеске амалы бар ма?..
1945 жылдың көктемі. Сталинград түбіндегі шайқас. Атақты «Катюшаның» дүниенің астан-кестеңін шығарып, үсті-үстіне атқылаған отты снарядтары жау шебін талай мәрте талқандады. Екпіндей ұмтылған фашистер жағы ойсырай жеңіліп, қарқындары басылды. Кеңес әскерлерінен де шығын аз болған жоқ. Ақыры көптен күткен Жеңіс күні де жетті! Жау қамалын күйретіп, Кеңес армиясының туы тігілді. Жауынгерлердің қуанышында шек жоқ.
Алайда, осы жылдың шілде айында әр ротадан жауынгерлер іріктеліп, 353-атқыштар полкі құрамындағы 210-атқыштар дивизиясы жаңа күшпен жасақталды. Осы құрамға Әлібек Қайымов та қосылды. Бұларды бір ай қайта даярлап, екі пулеметшілер ротасын құрды. Жаңа жасақталған атқыштар дивизиясы эшелондармен шығысқа қарай, Владивосток қаласына жөнелді. Бұлар енді Жапония импералистеріне қарсы соғысты. 1945 жылдың шілде айында бұлар тау асуынан өтіп, арып-ашып, Қытай жағына шықты. Әлібек Қайымовқа аға сержанттықтан кейін, кіші лейтенант шені берілген. Қарамағында оншақты жауынгері бар. Бұлар арнаулы топ болып, қайта жасақталып, жедел түрде дайындықтан өтті. Екі-үш рет жауапты тапсырма бойынша жау тылына тұтқиылдан шабуыл жасап, сәтті орындап шықты. Ту сыртынан шабуылдаған Кеңес армиясы жапон әскерлерінің есін шығарды. Бас-аяғы бір ай шамасында Квантун армиясы кеңес жауынгерлерінің табанды соғысына төтеп бере алмай, амалсыздан тізе бүкті.
Ұлы Отан соғысы, Жапон соғысы жеңіспен аяқталған соң Кеңес Армиясы құрамында 1950 жылға дейін әскери қызметте болған Әлібек Қайымов, кейін ішкі істер қызметіне ауысып, аман-есен елге оралды. Сол кездегі Сталинград жоғары милиция мектебін және Қазалы ауыл шаруашылығы техникумының механика факультетін бітірген ол, ішкі істер саласында қызмет етті. Еңбек жолын Тереңөзек аудандық прокурорының хатшылығынан бастап, Қазалы және Қармақшы аудандық ішкі істер бөлімдерінде жауапты қызметтер атқарды. Ішкі істер саласындағы қызметін аға лейтенант шенімен аяқтап, кезектен тыс зейнетке шықты. Соғыс және еңбек ардагері Әлібек Қайымов аз ғана ғұмырында ел-жұртына адал еңбек етті. Майдандағы ерлігі, ішкі істер қызметіндегі еңбегі лайықты бағаланып, жауынгерлік «Қызыл Жұлдыз», «ІІ Дәрежелі Даңқ ордені», «Ұлы Отан соғысы» ордендері мен «Сталинградты қорғағаны үшін», «Жапонияны жеңгені үшін», «Кеңес Армиясы мен Флотына 30 жыл» және «Еңбектегі ерлігі үшін» медальдарымен марапатталды.
Небәрі 25 жасында өмір соқпағының осындай ауыр кезеңдерін басынан кешкен Әлібек Қайымов елге келіп, ата-анасының батасын алып, шаңырақ құрды. Жұбайы Бибайшамен тату-тәтті ғұмыр кешіп, өмірге алты бала келді. Өзінің жастық шағы ауыр күндерде өткен соң Әлібек балаларын барынша мейірім шуағына бөлеп, еркін өсіруге тырысты. Ағайын-туыспен де жақын араласып, қуаныш-қайғысын бөлісіп отыратын. Қызметтестері арасында құрметті болатын. Алдына қойған мақсаты да жетерлік. Алайда, өмір оған мүмкіндік бермеді. Жол апатынан қайтыс болғанда 44 жаста еді.
"Орнында бар оңалар" деген. Әкесі өмірден өтіп, отбасындағы алты бала анасының қолына қарап қалды. Балаларды өсіріп, жеткізу үшін енді анасы Бибайша жұмысқа шықты. Қоғамдық қызмет көрсету саласында көп жыл еңбек етті. Әкесі дүниеден өткенде он екі жастағы ұлы Бақыт анасына қолғабыс етіп, ерте есейді. Бүгінде Әлібек Қайымовтың алты перзенті өз алдына үй болып, үбірлі-шүбірлі ұрпақтары өсіп келеді.
Ғазиза ӘБІЛДА.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |