Жайдары мінез, жарқын жүз

Уақыт шіркін жүйрік қой... Жастық жалынымен аймақтың қоғамдық өміріне белсене араласып, дамуына атсалысқан білікті маман, шебер ұйымдастырушы Әлия Ибраеваның өмірден өткеніне тура он жыл болыпты. Әріптес, дос-жарандары оның жарқын бейнесін әлі күнге ұмытқан жоқ. Бұл жақсылардың соңында өшпес із қалатынын тағы бір дәлелдесе керек. 

Жазушы Сапар Байжановтың мынадай сөзі бар: «Адам болып өмірге келдің бе – адамға лайық ісің болсын. Ата-анаңның, ел-жұртыңның үкілі үмітін ақта. Туыстарыңа, достарыңа, таныстарыңа, өзіңе ісі түскен адамға қолғабыс жаса, еліңе адал қызмет ет – әйтеуір дүниеге бекер келіп, бекер кетпе, ішіп-жеу үшін ғана жасама. Артыңда жақсы із қалсын, кейінгі ұрпақ, жұрағатың айта жүрер іс қалсын». Иә, Әлия Әсембекқызы өзінің өлшеулі ғұмырында аққан жұлдыздай соңында өшпес із қалдырды.

Ол небәрі 32 жыл өмір сүрді. 1994 жылы орта мектепті, 1998 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін үздік бітірген соң, еңбек жолын Қызылорда қалалық экономика және бюджетті жоспарлау бөлімінде маман болып бастады. 2000-2002 жылдары мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттіктің облыстық басқармасында маман, бас маман ретінде қызметін жалғастырды. 2002-2007 жылдары бөлім басшысы, облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары, 2007-2008 жылдары облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары лауазымдарына дейін жоғарылады. Одан кейін облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасында бөлімге жетекшілік етті.

Әлия Әсембекқызымен жақын араласқан, бірге жұмыс істеген жандардың қай-қайсысы да оның жүрегі мейірімге толы, көңілі кіршіксіз, жауап­кершілігі жоғары, ісіне адал болғанын айтады. Қандай қызмет атқарса да білімділігімен, ұйымдастырушылық қабілетімен, ең бастысы, қарапайымдылығымен дараланды. Осы қасиетімен ол айналасына сыйлы, әріптестерінің арасында абыройлы болды. Әсіресе, үнемі күліп жүретіндігімен адамды өзіне бірден баурап алатын.

– 2002 жылдың желтоқсан айында облыстық ішкі саясат басқармасы құрылды. Жаңа құрылым, кадр тарту керек. Мен 2003 жылдың наурыз айында осында бас есепші болып жұмысқа орналастым. 2004 жылдан бастап 2013 жылға дейін басқармада бөлім басшысы қызметін атқардым. Әлия Әсембекқызы басқарманың аяққа тұрып, алға жылжуына күні-түні тынбай үлес қосты. Біздің әріптестігіміз достыққа ұласты. Марқұм өте білімді, жан-жақты болатын. Өзіне жүктелген міндетті орындау үшін білімін де, күшін де аямайтын. Ақ пейіл, дарқан көңіл достан, әріптестен айырылып қалғанымызды естігенде есеңгіреп қалдық. Ешкім сенгісі келмеді. Бірақ, Алланың ісіне көндігуден басқа амал бар ма?! Қолымыздан келетіні – рухына Құран бағыштау ғана, – дейді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының бөлім басшысы Әлия Алтаева.

Әлия Әсембекқызының жарқын бейнесін әріптестері сағынышпен еске алады. Облыстық «Ерлік» үйлестіру кеңесінің төрағасы Қайраддин Баймаханов оның саланы қалыптастырудағы ролін ерекше атап өтті.

– Біз бірнеше жыл бірлесе қоғамдық жұмыс атқардық, біршама жобаны жүзеге асырдық. Әлия қарындасымыз ой-пікірін ашық айтатын, адамдармен тез тіл табыса білетін. Армандары асқақ болды. Ортамызда жүргенде еселі еңбегімен ел дамуына үлес қосар еді, – дейді ол.

Қазақстанның атын айдай әлемге танытқан сырбойылық ауыр атлет Илья Ильин марқұмның облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасында қызмет атқарған кездегі еңбегін еске алды.

– Әлия Әсембекқызы сала жұмысын алға жылжытуға барынша күш салды. Үнемі ойға алған істі орындағанша асығып жүретін және оған асқан жауапкершілікпен қарайтын. Ертеңгі күнге жоспары көп болатын, зор үміт артатын. Әттең, өмірі тым қысқа болды, – дейді зілтемірші.

Уақыт зымырап жатыр. Оның дүниеден озғанына да биыл, міне, он жыл өте шығыпты. Көзкөргендер Әлия Әсембекқызымен бірге қызметтес болған жылдарды ерекше әсермен айтып берді. Естеліктердің қай-қайсысынан да жақын адамға деген сағыныш лебі есіп тұрады...

Н.ҚАЗЫБАЙҚЫЗЫ.

ТАҒЫЛЫМ 27 шілде 2019 г. 833 0