Кісілік келбеті

«Екі түрлі нәрсе ғой сыр мен сымбат»  деп Абай атамыз айтпақшы, сырт қарағанда ол сияқты ашаң денелі, орта бойлы адамдар аз емес. Кездесулер мен сырласулар, сырласулардан, көп ретте бірге жиі араласулардан кейін кімнің-кім екенін, адалдығын, азаматтығын, өткір сөздің шебері, мінезінің салмағын, ақкөңіл-ақжарқындығын, өзгеге өз ойын өжектемей тыңдататын парасатын, өкпелеткендерге де өті жарыла өшікпейтін болмысын тани түседі екенсің. Негізі жаратылысынан мейірімі мол адамдарды табиғи түйсік арқылы көбірек үйірсектейді. Сондай азаматтың бірі Тұрғанов Әбдіраман аға болса керек.  Әбекеңмен бір ауылда, бір мектепте оқып, бірге өстік. Балалық шағымызда сол «Ақтайлақ», «Өндіріс», «Каганович», «Көктөбе», «Ақсай» елдімекендері мен Ленин кеңшарында  өтті. 

Әбекең – бала кезінен ақ­жар­қын, ақкөңіл, қолында бол­са, өзгеге бергісі ке­ліп тұ­ра­тын, жастайынан отбасында жоқшылықты көп көр­ген­діктен болар, ерте есейген аза­мат. Сол бала кезіміздің өзін­де ол жоғары сынып оқу­шы­­ларымен бірге жүретін. Ауылда құрылыста қол жұмыс жасап жүріп, оқуға өз білімімен түскен ауыл жастарының ал­ғаш­қыларының бірі болатын. Жоғары оқу орнында жүріп жеңгеміз Мәрзиямен шаңырақ көтерді. Мәрзия ауылда мектепте мұғалім, Әбекең оқуда болды. Оқу бітіргеннен кейін Семей, Талдықорған облыстарында офицер шенінде әскери борышын 2 жыл өтегеннен кей­ін аудан орталығындағы құ­рылыс мекемелерінде басшы­лық жұмыстарда абыройлы қыз­мет істеді. Ол 1978 жылдан бас­тап ауданаралық «Колхоз­дар құрылысы» мекемесін бас­қарып, Қармақшы, Жалағаш аудандары елді мекендерінде үл­кен құрылыс нысандарын салып, өз қолтаңбасын қалдырған тәжірибелі құрылысшы.

Аудан орталығындағы 50 орындық қонақ үй, Жаңажол, Ақтөбе елді мекендеріндегі мә­­де­ниет үйлері, мектептер, Қар­мақшы, Жалағаш аудан­дарын­дағы бірнеше мал бордақылау алаңдары мен кешендер, тұр­ғын үйлер, әлеуметтік, мәде­ни, ме­дициналық саладағы құ­рылыс нысандары салынып, Тұр­ғановтың басшы­лығымен пай­далануға берілгенін халық жақсы біледі. Соңғы 20 жылға жуық уақытта бар саналы өмірін Қармақшы ауданының бас сәулетшісі болып абыройлы қызмет жасаған Әбекең – төрт бала тәрбиелеп, ұлын ұяға, қы­зын қияға қондырған  абзал азамат.

Ол ешкімді алаламайтын, алдындағы ағалары мен соңына ерген інілерін бірдей көретін, елдің бірлігін сақтауға көбірек мән беретін ақсақалдығы басым. Айтар ақылы көп, соңына халықты ерте алған, елдің қуа­нышына, қайғысына араласуды ең бірінші кезекке қоя білетін. Әзіл сөзбен көп нәрсені аңғарта сөйлей алатын асыл ағамыз көзі тірі болғанда бүгінде 75 жасқа толар еді. Қазір арамызда жоқ, өкінішті-ақ.

Әбекең екеуміздің арамыз 3-4 жас болғанымен, жан-жағын жақсы танитын, үлкенге іні, кі­шіге аға болуға жарайтын, адам­гершілігі жоғары жол­дас, дос аға, іні таңдай ала­тын бір­ден-бір азамат. Ол шын­дық­тың бетіне тура қа­райтын, ешкімді бөле-жармай, бәріне бірдей көлгірсімей, көздеріне тура қарай алатын асыл мі­незді кісі. Қай уақытта, қай ке­зеңде, қай мезгілде іздесең де ал­дың­нан күлімдеп шығып, қанша сәлем алып жүрсе де, қалт жі­бермей хабарласып, сенің аман­дығыңды, саулығыңды біліп отыруға асығып отыратын кісі екенін айту – менің інілік парызым.

Әбдіраман Тұрғановтың бү­­гінгі жетіп отырған бедерлі бе­­лесі, сындарлы өмір жолы – кейінгі жастар үшін үлгі-өнеге, тәлім-тәрбие. Ол кісімен бала кезімнен бірге жүрген, қызметтес болған кездерімізде ақжарқын көңілінен, артық әңгімеге бармайтын байсалды тұрғысынан, ұлағатты ұстанымынан, елмен, туған-туысқандармен ете­не ара­­ласуынан, жанының жо­март­тығынан, мінезінің даладай кеңдігінен, ешкімнің алдын кес­пейтіндігінен, қандай бір жан­ның қасынан көкірек кере өтпей­тіндігінен, қайта қайырыла тоқтап, қол алып, құшақ жайып, есен-саулық сұрап, тұра қалып амандасатынынан көп тағылым алдым десем, асыра айтқандық бола қоймас. Сондықтан болар, Әбекеңнің туысы да, ағайыны да, дос-жарандары да баршылық. Мұндай аңқылдаған, көңілінде кірбіңі жоқ кісіні кім жақын тұтпасын?! Бұл – жалғыз менің пікірім емес, елдің, ха­лықтың берер бағасы.

Алматы қаласында бірге оқыған достарының бірі – Алматы қа­ла­сының, Ақтөбе және Алматы облыстарының әкімі болған Шал­бай Құлмаханов мырза бір­де облысқа келген сапарында Әбекеңді іздейді. Сол кездегі облыс, аудан басшыларынан хал-жағдайын сұрайды. Сонда аудан басшысы Бекмырза Еламанов: «Әбекең біздің ау­дандағы жақсы сыйлайтын ең бай ағамыз, көпшілік арасын­да абырой-беделі жоғары кісі», – деп жауап береді. Сонда  сту­денттік досы Әбекең туралы «ол қолында бар болса, жұртқа бөліп беріп, артына дүние жинауды білмеуші еді ғой, қайдан байып жүр?» деген еді. Сондай достарының тағы бірі бірде Алматы қаласында 60 жасқа толып, Әбекеңді әдейі шақырып, қолына алтын сағат тағып, өзін жанұясымен бірге бірнеше күн қонақ етіп, шығарып сал­ғаны­ның куәсі бол­дық.

Міне, Әбекеңнің бар бай­лығы халқының бірлігі, ағайын­ның амандығы, бала-шағасы мен қосағы Мәрзияның сау­­лы­ғы деп білеміз. Оны жол­дас­тары, інілері «Коман­дир» деп әзілдейді. Ол әзіл емес, шын­­дық! Әбекең адалдық­тың, аза­мат­тықтың, адамгер­ші­ліктің, па­расат­тылықтың, ақпейіл­ді­лік­тің, жанашырлықтың, жалпы ел бір­лігінің «командирі» іспеттес көрінеді маған.

Иманы жолдас болғыр Әб­діраман аға өзінің биік адами болмысын бірқалыпты ұстап, татар ризық-несібесі таусылған күнге дейін ешқандай өзгертпеді. Өзім жалған айтып, жалтақтауды жақ­тырмағандықтан болар, көлгір сөйлеп, күн көретін жағымсыз атаулыны жанына жолатқысы келмейтінін де ел-халық жақ­сы білетін еді, жарықтық! Әбе­кеңнің жас кезінде әкеден ерте қалып, көрген қиындықтары мен бейнеттері, бастан кешкен сол кездегі азаптары, кейінгі қызмет сатысында жүргендегі кедергілері де аз болған жоқ. Ол жөнінде көп айтпайтын, ішінде сақтайтын, әттең, жара­тушы жалғыз құдайдың кейде жақсы адамдарға дегенде ұзақ жасын қимайтыны өкі­­нішті-ақ. Көзінің тірісінде жүз кісінің жүгін көтеріп жүріп, демі таусылған күні бір адамның жолымен табытта кетіп бара жатқанын көрген аға-інілері, дос-бауырлары, туған-туысқандарының және Әбдіра­манды білетін жүз жыраудың мекені атанған Қармақшы хал­қының қабырғасы қайысып, қай­ғырғанын ақтық сапарға шы­ғарып салып тұрып көзіміз көрді.

Мен Қызылордаға қоныс аударып кеткен кезде де жиі-жиі хабарласып тұрушы едік, жарықтық. Иманың саламат болсын, аға!

Нұртілеу САЛЫҚОВ,

Қармақшы ауданының 

Құрметті азаматы.

ТАҒЫЛЫМ 20 шілде 2019 г. 735 0