Перзент сыры

Күн тас төбеге көтерілгенде оның сәулесі зәулім сарайдың терезесінен тұтастай түсіп жатты. Қолына қалам ұстаған жазушының ойы туған жердің төріне сапарлап кеткен. Тартоғай төңірегіндегі көк майса... Жалаң аяқ, жалаң бас асыр салған, шіркін, балалық. Көне мектеп ғимаратында кластастарымен бірге талай бақытты шақты өткерген еді. Енді, міне, алпысыншы жаздың табалдырығынан аттаған шақта өткенге көз салып, қалам тербеп отыр. Кейінгіге көз тастап, «не істедім?», «не бітірдім?» деп тағы бір онжылдықтың есебін өзіне тапсыратындай...

САПАР БАСЫ

Осыдан алпыс жыл бұрын Шиелі ауданына қарасты Тартоғай атты стансада дүниеге келген Айтбай Сәулебек алғашқы еңбек жолын туған жерінде қарапайым құрылысшы болып бас­та­ған.

Қолына журналист деген дипломды алысымен сол кездегі Қазақ КСР Компартиясы Орталық комитетінің жолдамасымен Сарыарқаға аттанады. Қарағанды облыстық телерадио комитетінде, «Лениншіл жас», «Орталық Қазақстан», «Азия транзит», «Жас Алаш», «Қазақ елі», «Заң», «Дала мен қала» газеттерінде тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактор қызметтерін атқарған ол басқа салалардың да тіз­гінін ұстады. «ҚазАгроҚаржы» АҚ басқарма төрағасының кеңесшісі, «Са­рыарқа» баспасы директорының орынбасары, «Нұр-Медиа» холдингі бас директорының кеңесшісі қызметтерін абыроймен атқарған азамат 17 кітаптың авторы.

Әйтсе де оның Сырда туып, қырда еңбекпен шыңдалуының да өзіндік сыры бар. Сол кездері С.М.Киров атын­дағы Қазақ мемлекеттік универ­ситетін жылына он шақты қызыл­ор­далық жас тәмамдайтын. Айтбай Асанұлымен қатар Жағыппар Қа­ра­балаев, Қуаныш Махамбетов, Қар­шыға Есімсейітова, Орынбасар Әлжік, Бақытжан Абызов та оқу ордасын бітіріп, бірі Жезқазғанға, екіншісі Торғайға аттанса, тағы бірі Алматыда қалды. Несін жасырсын, оның да Сыр топырағында еңбек ет­кісі келді, бірақ мамандығы бойынша вакансия табылмады. Қазақтың сыршыл ақыны Ибрагим Исаев ағасы көп қолдау көрсететін. Ол кісінің беделімен Қызылорда облыстық ішкі істер басқармасы басшылығы саяси бөлімге жұмысқа шақырды. «Алдымен ант бересің, сонсоң 25 жыл бойы еңбек етесің. Тәртіп солай» деген кадр бөлімі бастығының талабы суық хабардай қатты әсер етті. «Жалақың 250 сом (журналистікі 120 сом), шенің капитан, форма кимейсің, кезекшілікте тұрмайсың, пәтерге кезексіз ие бо­ласың» деген үгітіне мән бермес­тен журналистиканың «соқтықпалы-соқпақсыз» (Абай) сүрлеуіне түсті де кете берді.

ПАРЫЗ

Сонау 1990-жылдардың бас кезі болатын. Кезекті еңбек демалысында кіндік қаны тамған туған топыраққа табан тіреген. Баяғы өзі оқыған білім ошағының ұсқынын көріп, жағасын ұстады. Дереу ұстазы әрі мектеп ди­ректоры Пернебек Ахметовтен жағдайды сұраған еді. Ағасы мәселені қанша айтқанымен, тыңдар құлақ таба алмағанын жасырмады. Айтбай Асанұлы көп ұзамай өзі еңбек ететін «Жас Алаш» газетіне «Шынымен Есе­новтің естен шыққаны ма?» деген тақырыппен проблемалық көлемді мақала жариялады. Жастайынан халық қамын ойлаған азаматтың ҚР Ұлттық Ғылым академиясы мен сол кездегі облыс басшылығы атына жазылған сыни мақаласынан соң басылымда келер жылы Тартоғайда екі қабатты мектеп құрылысы басталатыны жөнінде облыс әкімдігінің нақты жауабы басылды.

«Бұл менің туған жеріме деген алғашқы үлесім болса керек», – деп еске алады қаламгер бүгінде. Расында Тартоғайда академик Шахмардан Есенов атындағы жаңа мектеп тұрғызуға мұрындық болған Айтбай Сәулебектің қашан да елмен етене екені осы бір қарапайым мысалдан-ақ аңғарылса керек.

Белгілі публицистің кіндік қаны тамған Тартоғай ауылынан шығып, халқымыздың мақтанышына айналған жерлесі көп. Соның ішінде Тұрсынбай датқадан бастап, Сүтен әжі, мемлекет пен қоғам қайраткерлері Мұстафа Шоқай, Сейітбай Әлменов, әлемге танымал геолог-ғалым Шаһмардан Есенов, Фатима Полымбетова, Мүсілім Базарбаев, Сейітжан Полымбетов, Шәй­мерден Бәкіров сынды қазақтың маңдайына біткен тұлғалар бар. Сон­дай-ақ, композитор Мүлкаман Қа­лауов, ақындар Ибрагим Исаев, Серік Өтеуов, Нұртас Исабаев, Әубәкір Смайлов, Дүйсенбек Аяшұлы сынды ел азаматтары да осы жердің перзенттері. Бұл тізімнің сыртында ҚР Ұлттық ғылым академиясының қос академигі, ондаған  ғылым докторы, профессор, ғылым кандидаттары, доценттер тұрғандығын ескерсеңіз, әріптесіміз Айтбай Сәулебектің туған жері мен елі туралы энциклопедияны неге шығарғандығын түсінген болар едіңіз.

Қырда жүргенмен, Сырдың перзенті екенін ісімен дәлелдеп, қашанда туған топыраққа бүйірі бұрып тұратын Айтбай Асанұлы 2014 жылдың көктемінде облыс әкімі Қырымбек Көшербаевпен туған жер тақырыбында емен-жарқын пікірлеседі. Тартоғайдың тарихын, өткенін өнеге етіп энциклопедия шығаруды ұсынған болатын. Сонда аймақ басшысы «Расында, облыс, қала мен аудан туралы энциклопедия бар. Ауыл туралы жақсы идея. Мен мұны қолдаймын» деген еді қаламгердің бастамасын қуаттап. Арада бір жыл өткенде «Үш қиян» баспасынан (Алматы) автордың қаржысымен «Тарихы терең Тартоғай» атты энциклопедия жарыққа шықты. Шиелі ауданының орталығы мен Тартоғайда тұсаукесері ұйымдастырылып, Алматы мен Астанадан келген қонақтар ырзашылықпен тарқасты.

ҚАРЫМДЫ 

ҚАЛАМГЕР

Қашанда тарих жайлы сыр шертетін Сыр-Ананың талантты перзенттері табиғатпен тілдесіп, «еліме еңбегімді сіңірсем» деген ұстаныммен өмір сүреді. Айтбай Сәулебек – солардың бір мысалы. Әрбір шығармасында ауылға деген сағыныш, елге деген мейірім төгіліп тұратын ағаның перзенттік парыз ұғымы да бөлек.

«Ауылда менің бақытты бала күнім, бал дәуренім қалды» деген жолдарды шығармаларынан көп кезіктіресіз. Туған жері шабыт бермейтін ақын жоқ, бірақ қара сөз бен қара өлеңді бір бойына тоғыстырып, қоғамның өзекті мәселелеріне де қалам тербеген Айтбай Асанұлының жазған әр­бір тақырыбында ұлттық құндылық, қа­зақы үн аңқып тұр. Бәлки, бұл ауылдан арман қуып, алысқа аттанған ұлдың бойындағы ерекшелік болар?!

Айтбай Сәулебек – «Ғарышта – Қазақ» (Т.Ермекбаевпен бірігіп жазған – ред.), «Қасиетті қала», «Қожахмет әулеті», «Ақ пен қара», «Махаббатым менің», «Жүректегі қызғалдақ», «Махаббатым – өз жүрегім», «Тәуелсіздік нұры», «Елбасының алтын бесігі», «Золотая колыбель Президента», «Махаббат – жалғыз», «Жаңаарқаның жарық жұлдызы», «Тарихы терең Тартоғай», «Қамшысөз», «Құрыш тұлға», «Старт Елбасы» тәрізді кі­таптардың авторы. Мұның ішінде энциклопедия да, өлең де, тіпті новеллалар мен әңгімелер топтастырылған жинақ та бар. Халқымыздың заңғар жазушысы Ақселеу Сейдімбек осы ретте «Айтбайдың өлең мен әңгімеге қалам тартатынын білсем де, шек келтірмеген ем. Әлемдік тәжірибеде журналистика арқылы әдебиетші боп танылған дарын көп-ақ. Ендеше, іні­міздің талабын неге құптамасқа?» – дейді «Жүректегі қызғалдақ» атты кітабына жазған пікірінде.

Оның Арқадағы еңбек жолының алғашқы аяқ алысы ауыр болғаны рас. Сегіз айлық қызы Назымды құшақтап, жары екеуі Сарыарқаның саршұнақ аязына төтеп беріп, бейтаныс елдің арасына енді де кетті. Бүгін, міне, сол табандылықтың жемісін көріп отыр.

Айтбай Сәулебек – ««Құрмет» орде­нінің, «Астанаға – 10 жыл», «Қазақстан Республикасы тәуелсіздігіне – 20 жыл» мерекелік медальдарының иегері. «Қа­­зақстанның құрметті журналисі». Мұ­ның бәрі елмен етене ердің еңбегіне берілген лайықты сый болса керек.

P.S. Бірде ақын Сырбай Мәуленов туған жеріне табан тигізіп, тәу етуге келеді. Сыр жағасындағы Қызылжыңғыл деген жерде кіндік қаны тамған қаламгер ауыл оқырмандарымен кездесу үстінде «Тартоғай» деген өлеңін оқып береді. Бұл лирик ақынның алпыс жылдық мерейтойы аясында өткізілген жүздесу екен. Аяулы ағалары жүрген соқпақпен өмір белесінде өз биігін бағындырған Айтбай Асанұлы да осылайша  алпыстың асқарына шықты. 

Ол тағы да қолына қалам ұстайды. Шығармашылығында ана, туған жер, махаббат, ұлттық құндылықтар сынды тақырыптарды жанына жақын көретін абзал азамат енді Сыр-Анаға қалам тербеп отырғандай...

Сурет

Болат ОмарәлиевТІКІ.

ТАҒЫЛЫМ 20 шілде 2019 г. 1 115 0