Жұмекең салған жол

Тоқсан жылдық тарихы бар облыстық басылым – Сыр елінің сырлы шежіресіне айналды. Қарашаңырақта әдебиетіміз бен баспасөзіміздің талай майталмандары тер төгіп, әр кезеңдегі тыныс-тіршілікті таңбалады.  Өткен мен бүгіннің алтын көпірі іспеттес, кешегінің көзін көріп, сөзін тыңдатқан аға буын өкілдеріне құрметпен қараймыз.
Халық үнінің жаршысы болу – аса абыройлы, жауапты міндет. Осындай ұжымға басшылық жа­сау екінің біріне жүктеле бер­мей­­тіні белгілі. Мұндай қызмет­ті журналистиканың біраз соқ­­­пақ­тарынан өткен, тәжірибесі мол, ұй­ымдастыру  қабілеті бар, со­ны­мен бірге  шығармашылық жұ­­мыспен айналысатын ұжымның ойы­нан шыға алатын тұлғалар ғана абы­роймен атқарып шыға алады. «Сыр бойы» газетінде осындай жауапты міндетті абыроймен атқарып, құрметпен зей­неткерлікке шыққан жандардың бірі – Жұматәли Әбдіраман.
Жұмекең айдынды Арал ауда­нының түлегі. Осы аудандағы  Бө­ген ауылында 1954 жылы 21 қазанда балықшы отбасында дүние есігін ашқан. Ол жастайынан жазуға әу­ес болады. Он бір жасында есімі тасқа басылып, жазған мақалалары «Балдырған, «Қазақстан пионері», «Толқын» басылымдарында жа­рық көріп жатты. Содан бала тілші атанды.  Бұл, әрине, оған үлкен шабыт әкелді. Журналист болсам деген арманын ұштай түсті. Мектептен кейін бірден оқуға түсе алмай қалған жас жігіт екі жыл әскер қатарында жүрген ке­зінде де осы ойынан айныған жоқ. Әскерден келгеннен кейін ғана мақсатына жетіп, С.Киров атын­дағы ҚазМУ-дың журналистика факультетінің студенті атанды. Бұл 1975 жыл болатын. Арман қуып, Алматыға келген кілең «сен тұр, мен атайын» дейтін болашақ ақын-жазушылардың арасында Жұ­матәли елеусіз қалған жоқ. Бі­рінші курстың өзінде мақала, репортаж дайындап келу туралы тапсырма берілгенде 4-5 беттік әңгіме, новелла жазып келетін еді. Оның алғашқы әңгімелеріне белгілі жа­­­зушылардың пікір білдірген кез­­­­дері болды. Жұмекеңнің ре­дак­­­тор­­лық жолы университет қа­быр­ғасында жүргенде-ақ бастал­ды деу­ге болады. Өйткені курстағы оқу-тәжірибе газетінің редактор­лығы оған жүктелген еді.
1980 жылы университетті бітір­ген­нен кейін еңбек жолы Сырдария ау­дан­дық «Сырдария» газетінде әдеби қыз­мет­керден басталды. Ал 1985 жылы Жақсылық Рахматулла осы ба­сы­лымның бас редакторы болып келгеннен кейін қабілетті де қаламы ұш­қыр журналисті танып,  жауапты хат­шылыққа бекітеді.
Сыпсың сөз жат,
жаны сүйген тазаны,
Бірде макет, бірде очерк
жазады.
Үлестіріп отырса да ай сайын,
Ортаймаған қаламақы қазаны, – деген әзіл өлеңін кейіпкерімізге сатирик ақын Орынбасар Әлжік  осы жылдары арнаған еді.
Содан соң редактордың орынбасары болды. Ал 1992-1999 жылдар аралығында  еңбек жолы обл­телерадиокомпанияда редактор, те­лекомментатор, бас редактор болып жалғасты. Жұмекеңнің ұйымдастырушы­лық қабілеті 1999 жылы Арал ау­дандық «Толқын» газеті баспа­сының бас редактор-директоры қыз­метін атқарған кезеңде жаңа қы­рынан көрінді. Нарықтық ке­зеңнің қиындықтарын бастан ке­шіп жатқан «толқындықтардың» жағдайы мәз емес-ті. Жаңа басшы алғашқы сәттен қорғасынмен шығатын газетті компьютерге көшіруді қолға алды. Аудан әкімдігінің қолдауымен компью­терлік орталық алынып, газет Қы­зылордада офсеттік тәсілмен басыла бастады. Кейін шағын бас­пахана алып, өздерінде шыға­ратын дәрежеге жетті. Осылайша «Толқын» газеті облыстағы аудандық басылымдар арасынан алғаш рет жаңа технологияға көшті. Қорғасыннан құтылған сол бір кезеңді байырғы журналистер бүгінде ризашылықпен еске алып отырады. Газеттің 70 жылдығының тойлануы да ауданның рухани өміріне серпін әкелді. Аудандық газет жұмысын бір жолға қойғаннан кейін Жұмекең 2004 жылы облыс орталығына ауысып, «Қызылорда» газетінде редакторлық етті.
Ал «Сыр бойы» газетіндегі еңбек жолы 2006 жылы басталды. Тәжі­рибесі толысқан, қарымды журналист облыстың бас газетінде өз қол­таңбасымен көрінді. Әсіресе жанына жақын Арал тақырыбын тереңдете жазып, оның өткені мен бүгінін, қайта оралған теңіз ты­нысын халыққа жеткізуге асықты. Осы жылдары ол  бөлім меңгерушісі, бас редактордың коммерция жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарды.
2013 жылы көктемде облыстық газеттің жаңа бас редакторын таға­й­ындайтын шақ туды. Ұсынылған 3-4 кандидаттың ішінен таңдау Ж.Әбді­раманға түсті.
Бас редактор аймақтың әлеу­меттік-экономикалық даму бағыты мен өңірде іске асырылып жатқан реформалардың орындалу барысы газетте шынайы көрініс табуына үздіксіз жұмыс жүргізіп отырды. Сонымен бірге тақырыптық материалдарға басымдылық бері­ліп, «Мектептерде ер мұғалім неге аз?», «Сыр күріші бренд бола ала ма?», «Күре жолдарға керуен сарайлар керек», «Арал мұнайы: ақиқат пен аңыз» секілді мақалалар өзекті мәселелерді кө­терді. Проблемалық актуалдық тақырыптарға жур­на­листік зерттеу­лер жүргізілді. Сондай-ақ, журналистер облысқа қатысты басталған бастамаларды іліп алып кететін. Тілшілердің «Сарыарқа газы Сырдан бастау ала ма?» деп үш жыл бұрын жазғандары қазір шындыққа ай­налғанына бәріміз куәміз. «Бо­зой-Қызылорда-Шымкент» газ ма­­­гистралін көтерген де об­лыс­­­тық газеттің тілшілері болатын. Қызылорда қаласында да­рия­ның Сол жағалауын трендке айнал­дырған да «Сыр бойы» болды.  Әл­бетте, ата басылым сонымен қа­тар осы жылдары атамұра мен ұлттық құндылықтарды құнт­тап, салт-дәстүрлерді на­си­­­хат­­тау, мем­лекеттік тілді ас­қақ­тату, ұлт­аралық, дінаралық келі­сімді сақтау, патриотизм мен адам­гершілік қа­сиеттерді үндеу бағытынан бір ауытқыған емес.
Газет шығару оңай емес. Оның әр нөмірі жоспарлаудан бастап, түннің бір уағына дейін тынымсыз еңбектен тұрады.
Қарымды қаламгердің Арал проблемалары туралы көптеген ма­­­қалалары түрлі жинақтарға ен­ді. Ж.Әбдіраман басшылық жа­­­­са­ған жылдары «Сыр бойы» кадр­лар мектебіне, ұстаханасына ай­налды деуге болады. Газет журна­лис­терінің бір шоғыры аудандық газеттердің бас редакторлығына тағайындалды. Олар Жұматәли аға­­ларынан көп нәрсе үйренген бо­латын. Ол осы қызметте жүр­генде «Сыр медиа» басшылығы қолдауымен ата басылымның 85 жылдық мерейтойының өз дең­гейінде аталып өтуіне лайықты үле­сін қосты.
Баспасөз саласындағы көп жылғы жемісті еңбегі үшін ҚР Ақпарат ми­нистрлігінің, Қазақстан Журналис­тер одағының, облыстың Құрмет гра­мо­таларымен марапатталды. «ҚР Ақпарат саласының үздігі» төсбел­гісінің иегері. Ұл-қыз өсірген ағамыз жұбайы Қарлығаш екеуі бүгінде немерелерінің сүйікті атасы мен әжесі. Екі аудандық газетке басшылық жасап, облыс баспасөзінің қарашаңырағына же­тек­­шілік еткен ол үлкен өмір мек­тебінен өтті.
Жұмекеңнің бойынан кешегі аға ұрпақтың кәсібіне берілгендік, адалдық және аз сөйлеп, көп тыңдау сияқты қасиеттерін байқауға болады. Ұстаз тәлімгердің бұл ерекшелігі шәкірттерге таптырмайтын қазына. Бүгінде төртінші биліктің тарланы атанған азаматқа қаламыңмен халқыңа қызмет ете бер демекпіз.
ТАҒЫЛЫМ 12 шілде 2019 г. 695 0