« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Ат арқасына мініп, елге қызмет еткелі бері өмір жолымда осындай талай асыл ағалармен сырлас та сыйлас, тағдырлас, дәмдес те болдық. Олардың ақылына жүгіндік, іскерлік тәжірибесіне ден қойдық. Өзім білем демей, жақсыларға жанасып жүрдік. Одан кем болғанымыз жоқ. Сондай жаны жайсаң ағаларымның бірі Нариман Қыпшақбаев болатын. Бізді таныстырған да, табыстырған да өмірдің өзегіне айналған өңіріміздегі су шаруашылығы мен Арал теңізінің тағдыры еді. Қай қызметтегі жұмыс бағыты тіршілік нәрі – суға, тартылған теңізге тірелетін де алдымнан нардай болып Нариман ағамыз шығатын.
1971 жылы Шымкент қаласындағы Қазақ химия-технологиялық институтын бітіргеннен кейін Қазалы ауданындағы Басықара кентінде №64 жылжымалы механикаландырылған колоннада аға инженер, кейін бастығы болып туған жерімде еңбек жолымды бастадым. Біздің колонна облыстық су шаруашылығы басқармасына қараса, ал ол тікелей Су шаруашылығы министрлігіне бағынатын. Осы жылдары Семей облыстық су шаруашылығы басқармасының бастығы болып қызмет атқаратын Нариман Қыпшақбаев Су шаруашылығы министрінің орынбасары лауазымына тағайындалды. Кейін министр атанды. Осылайша Нәкең республикадағы тікелей бастығымыз болды. Мен кейін Қазалы аудандық партия комитетінің екінші хатшысы, аудандық атқару комитетінің төрағасы болып қызмет атқардым. Қазалы негізінен күріш егетін аудан болғандықтан, егістік жері түгелдей суармалы болып келеді. Әркезде де судың мәселесі жетерлік. Мұндайда ауданның су шаруашылығын жолға қоюда министрлікпен, Нәкеңмен байланыс жасауға тура келеді.
1991-1995 жылдары облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары, облыс әкімінің бірінші орынбасары қызметін атқарған кездерінде Нариман ағамен етене араластым. Онда бір ауданның емес, бүкіл облыстың, барлық аудандардың су шаруашылығы жөніндегі күрделі мәселелерді оңтайлы шешу күн тәртібінде тұратын.
Осы жылдары тартылған Арал теңізінің тағдыры, ондағы халықтың тұрмыс-тіршілігі, өңірдің экологиялық ауыр ахуалы қатты көтеріліп, тіпті әлемдік мәселеге айналып жатқан кезі еді. Осыған орай, Елбасымыз Н.Назарбаев Аралға шетелдік және кеңестік бір топ ғалымдар мен қоғам қайраткерлерінің басын қосып, экологиялық қасірет зардабын тартып жатқан аймақтың мәселесін талқылаған болатын. Соның жалғасындай 1993 жылдың көктемінде Қызылордада Ресей Федерациясы, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Қазақстан секілді алты елдің басшылары қатысқан халықаралық конференция өткізіліп, тартылған Арал теңізінің тағдыры, өңірдің экологиялық мәселесі талқыланды. Мен облыс әкімінің бірінші орынбасары ретінде осы маңызды халықаралық конференцияны өткізуде жұмысшы тобын басқардым. Осы тұста еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін қайта құрылған республика су ресурстары комитетінің төрағасы ретінде Нариман аға маған көп көмегін тигізді.
Конференция қорытындысында «Арал теңізі және Арал аймағы мәселелерін экологиялық сауықтыруды, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуді бірлесіп шешетін ортақ шаралар туралы келісім» жасалынды. Соның негізінде халықаралық Арал қоры, Арал теңізі мәселелері жөніндегі мемлекетаралық кеңес құрылды. Конференцияға қатысқан Орта Азия басшылары атынан БҰҰ-ның бас хатшысына үндеу хат жолданды. Әлемдік маңызға ие осынау айтулы істе еліміздің су ресурстарының тағдырын қолына алған Нариман Қыпшақбаев ағамыздың атқарған еңбегін ерекше бағалаймын. Елбасымыздың тікелей бастамасымен әлем қауымдастықтарына жолдаған үндеу хатына алғашқы болып қолдау білдірген АҚШ-тағы ЮСАИД халықаралық даму қоры болды. Ол Арал, Қазалы аудандарын ауыз сумен қамтамасыз етуге грант бөлді. Соған сәйкес Алматыда Қазақстан Үкіметі атынан Су ресурстары комитеті төрағасы Н.Қыпшақбаев, Қызылорда облысы атынан облыс әкімінің бірінші орынбасары ретінде мен және ЮСАИД даму қорының өкілі бар үшжақты меморандумға қол қойдық. Бұл шараға сол кездегі президент әкімшілігі мен премьер-министр аппаратының экологиялық мәселелер жөніндегі бөлім бастығы, жерлесіміз Атамұрат Шәменов, сол кездегі Қызылорда облысының Арал проблемалары жөніндегі комитет төрағасы Дәулет Баялимов, АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі және экология, биоресурстар, қоршаған ортаны қорғау министрліктерінің жауапты қызметкерлері қатысты. Нәтижесінде ЮСАИД қаржысы есебінен «Арал-Сарбұлақ» тораптық су құбыры жүйесіне жөндеу жұмыстары жүргізілді. Он су көтергіш насостар қайта жаңартылды. Электрмен дәнекерлейтін шетелдік он агрегат беріліп, су хлорлайтын он қондырғы қайта жаңартылды. Халықаралық ұйымдардың осы көмегінің рахатын Арал, Қазалы халқы күні бүгінге дейін көріп отыр.
Халықаралық конференцияның тағы бір үлкен жетістігі Сыр өңірінің экологиялық жағдайын зерттейтін жұмысшы тобы құрылды. Оған облыс әкімінің бірінші орынбасары ретінде мен жетекшілік жасадым. Қызылорда облысын экологиялық қауіпті аймаққа жатқызу жөнінде нақты мәлімет, құжаттар даярлап, оны Үкіметке ұсындық. Жан-жақты ізденістің нәтижесінде «Арал өңіріндегі экологиялық қасірет салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» заң жобасын әзірледік. Оны министрлікте, ғылым академиясында талқылап, қорғауда Нариман ағамыздың батыл да белсенді іс-қимылының көп көмегі тиді. Осы заңның арқасында облыс халқына жылына республикалық бюджеттен миллиардтаған қаржы бөлініп, жалақыларына қосымшалар, демалыс күндері беріліп келеді.
Мен Арал ауданының әкімі болып қызмет атқарған он жыл көлемінде де Нәкеңмен Арал мәселесі жөнінде халыққа қажетті шараларды бірге атқардық. Бұл кездер оның зейнеткерлікке шыққан уақыты еді. Сонда да болса, қол қусырып қарап отырмай, теңіздің экологиялық мәселесін бір сәтке де назардан тыс қалдырған емес. Осы мақсатта БҰҰ-ның «Ғылым бейбітшілік үшін» деп аталатын нидерландтық жобасын жеңіп алып, Аралда 5-6 жылдай жұмыс істеді. Осы жоба негізінде Аралға көптеген ғалымдарды әкеліп зерттеу жұмыстарын жүргізді. Олардың қатарында биография, ботаника, қоршаған ортаны қорғау, экология жөніндегі ғалымдар болды. Олармен бірге ауданның барлық елді мекендерін аралап, өңірдің табиғатымен танысты. Әсіресе Кіші Арал суға толған кездегі өңірдің әлеуметтік экономикалық жағдайының жақсаруы, жан-жануарлар мен өсімдіктер дүниесінің қайта қалпына келуі, үлкен теңіздің су бармаған құрғақ ұлтанына сексеуіл егіп, көгалдандыру сияқты маңызды мәселелерді ғылыми тұрғыда зерттеп, зерделеді. Мұнымен бірге САРАТС жобасының екінші кезеңінде Ақшатау, Қамыстыбас, Ақсай көлдер жүйесін суландыру мәселелеріне де ерекше ден қойды.
Нариман аға мұнымен бірге мемлекетаралық су қорларын пайдалану жөніндегі комиссияның Қазақстан бөлімшесін басқарды. Сонымен бірге Өзбекстан, Түрікменстан және Тәжікстандағы өзімен бірге жұмыс істейтін әріптестерін Аралға әкеліп, біздегі экологиялық мәселелер жөнінде бірнеше кеңестер өткізді.
1994 жылы Өзбекстандағы Қарақалпақстан республикасының орталығы Нүкіс қаласында өткен Ресей және Орта Азия мемлекеттері басшыларының басқосуы «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтап қалу» деп аталатын ғасырлық жобаның өмірге келуіне жол ашты. Міне осы жобаның жүзеге асуында да Нариман Қыпшақбаевтың еңбегі зор болды.
Баршаға белгілі САРАТС жобасының бірінші кезеңінің құрылысы 2005 жылы толық орындалып, Арал теңізінің солтүстік бөлігі «Көкарал» бөгеті арқылы 42 белгіде Кіші теңізді суға толтырды. Бірақ ол қаладан 18-20 шақырым қашық болатын. Ал теңіз суын қалаға дейін жеткізу, яғни Арал теңізінің солтүстік бөлігін тұтастай суға толтыру САРАТС жобасының екінші кезеңінің еншісінде қалған-ды. Дүниежүзі ғалымдары қыруар қаржыға оның экологиялық, экономикалық, техникалық негіздемесін де жасады. Ол жоба бойынша Кіші Арал Үшшоқы тұсынан тағы да бөгеліп, екісатылы, яғни екі деңгейлі теңіз болатыны ғылыми тұрғыда дәлелденген-ді. Бірақ біздің кейбір белсенді азаматтарымыз «Бұл жоба дұрыс емес, Көкарал бөгетін қайта көтеріп, бірдеңгейлі теңіз жасаймыз» деген пікір білдіріп, дайын тұрған жобаны жүзеге асыруға көрер көзге кедергі жасады.
Міне, содан бері 15 жылдай уақыт өтті. Әлі күнге дейін Көкарал бөгетін көтеру арқылы жүзеге асатын бірдеңгейлі теңіздің техникалық негіздемесі де жоқ, оған бөлінетін қаржы да жоқ. Осындай екіұдай пікірдің салдарынан, халық асыға күтіп отырған жобаның екінші кезеңінің құрылысы әлі қолға алынбай келеді. Қазір «Көкарал» бөгетінің өзін ұстап тұру қиындап барады деген қауіп те туындап отыр. Егер жиегін жылдан жылға мүжіп келе жатқан кіші теңіз «Көкарал» бөгетінен айналып кететін болса, Кіші Аралдан айырылып қалатынымыз айдан анық.
Жасы 80-нің бесеуіне шыққан Нариман Қыпшақбаев ағамыз әлі де Арал теңізінің тағдырына алаңдаулы.
– Біз жеке адамдардың пікіріне емес, ғалымдардың ғылыми дәлелдемелеріне жүгінуіміз керек. Егер олар екі деңгейлі теңіз жасаймыз деп шешсе, оған экономикалық-техникалық негіздемесі әлдеқашан жасалынған дайын жобаны жедел қолға алуымыз керек. Мұны ертерек бастағанымызда бүгіндері теңіз суы қалаға дейін жетіп, солтүстік Арал бассейіні толық суға толып, «Көкарал» бөгетіне де қауіп төнбес еді.
Халық САРАТС жобасының ІІ кезеңін асыға күтіп отыр. Дайын жобаны жүзеге асыруға Қазақстанның шамасы жетеді. Құрылысты бастауды мұнан әрі созуға болмайды, – дейді Аралға арашашы Нариман ағамыз.
Кең-байтақ Қазақстанның су қорларын көзінің қарашығындай қорғай білген, «Аралым – арым, Балқашым – бағым» деп бағалап, тамшы суды тағдырына балаған Нариман Қыпшақбаевтай тұлғалы азаматтың пікіріне жүгіну, оны құрметтеуіміз керек деп білемін.
Нажмадин МҰСАБАЕВ,
Қазақстанның құрметті құрылысшысы.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |