Жарты ғасырдан кейінгі жүздесу

Осыдан жарты ғасыр бұрын, 1969 жылы елу төрт түлек Арал ауданындағы З.Шүкіров атындағы №20 Бөген орта мектебін тәмамдап, үлкен өмірге қанат қаққан болатын. Содан бері олардың көбісі кең-байтақ еліміздің тұс-тұсында бақытты ғұмыр кешіп, баянды еңбек етсе, жиырма жетісі бақилық сапарға аттаныпты.

Туған жер топырағына жүректері дүрсілдеп, табандары тиген білім ордасының елуінші түлектері (Бөген ауылында алғашқы мектеп сонау 1919 жылы есік ашса, 2019 жылы тура жүз жыл болып отырғанын зердемізде сақтайық) алдымен бейіт басындағы қайтыс болған сыныптастар құл­пы­тас­тары мен ауыл мешіттерінде болып, аруақтарға құран бағыштады.

Ертеңіне осыдан төрт жыл бұрын пайдалануға берілген жаңа мектеп ғимаратында түлектер мектеп мұғалімдерімен, жас шәкірттермен жүздесуге жиналды.

– Мен жоғары оқу орнын бітіріп, осы мектепте 1965 жылы алғашқы ұстаздық жолымды бастаған болатынмын. Сонда сендер кішкентай бала едіңдер. Кейін бәрің ержетіп, туған еліміздің игілігі үшін қажетті маман иесі атандыңдар, ауыл атын тұс-тұсқа таныттыңдар, – деді ардагер ұстаз Әділхан Әбдікәрімов ағамыз. Ардақты ана Жәмила апай да бұл сөзді қуаттап, лебізін білдірді.

Мектеп шәкірттері болса, елу жыл бұрын түлеп ұшқан аға-апаларының оқушылық қызықты кезеңдері туралы сахналық қойылым көрсетіп, басқосуға жиналғандардың көңілін бір сәт артта қалған алыс жылдарға самғатты. Мұнан соң Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, халықаралық «Алаш» және Пен әдеби клубтары сыйлықтарының лауреаты, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері, белгілі прозашы Қуаныш Жиенбай туған мектебінің бес бірдей озат шәкіртіне өз атынан тағайындалған стипендия ұсынса, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Жарасқан Әбдірашев атындағы әдеби сыйлықтың лауреаты, белгілі ақын Толыбай Абылаев өзінің сиясы кеппеген «Сыныптас достарға» атты жаңа өлеңін оқып, мектеп кітапханасына соңғы жылдары жарық көрген бір топ жыр кітаптарын тарту етті.

Мектеп директоры Клара Уайыс­қызы білім ұясының жарты ғасыр бұрынғы түлектерін ұстаздар мен шәкірттер атынан шын жүректен құттықтады. Түлектер атынан Жұмабек Өтеулиев, Нұрылла Садықов, Қазыбек Қаласов, Алтыншаш Досқанаева, Айымкүл Ермағамбетова, Шәкірат Сейтекенов, Әділхан Сапаров мектеп басшысына естелік ретінде қаламгер жерлестері З.Шүкіровтің картинасын тарту етіп, өздерінің шәкірттік лебіздерімен, оқушылық естеліктерімен бөлісті. Сонау оқушы шақтарынан өнерге бейім запастағы полиция полковнигі Әділхан Сапаров пен Жаңақорған ауданынан келген Мәдина Омарова шырқаған әсем әндер бір сәт көкке қанат қақты.

Басқосуға жиналғандар аттай елу жылдан соң осындай әдемі кездесу ұйымдастыруға атсалысқан Нұрылла Садықовқа, Қазыбек Қаласовқа, Сағындық Демеуов пен Ысқақ Қореновке шынайы ризашылығын айтты.

 

Т.Нұржан-Балта.

ТАҒЫЛЫМ 06 шілде 2019 г. 836 0