« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Сыр еліне танымал есім, ҚР Ұлттық банктің еңбек сіңірген қызметкері Ниязбек Маханжанұлы жайында сөз сөйлер болсақ, әрине, әңгімені өзі елу жылға жуық қызмет еткен банк саласынан бастаған абзал. Біз бүгін бұл жүйеден шығайық. Қазір ақсақал атанып, алқалы жиында орны төрден тиген ағаның алдымен ішкі әлеміне зер салып көрейік.
...Соғыстың соңын ала туған балалар ерте есейді. Асық шиіріп, асыр салып алаңсыз ойнаған жоқ. Үлкендердің ауырын арқаласып, терідей иленіп, иінағаштай майысып өсті. Қырқыншы жылдардың төліне ортақ бұл тағдыр бала Ниязбектің де басынан өтті. Әкесі Маханжан соғыстан бұрын Аманөткел ауылдық советінде қызмет етіп жүріп, жойдасыз жаламен алты жылға сотталды. «Үй артында кісісі бар» ол кезде біреудің сыртынан біреу сұқ саусақ шошайтса, айдап алып кете беретін. Жәбірейіл сұқ саусағын безеген Ібілістің періште сипаты ағып түсіп, маңдайына мүйіз, жамбасына құйрық біткен. Қасиетті кітаптағы осы қисса сол заманның мысалындай.
Қапас көрген әке томаға тұйық жүретін. Бір күні үйге Жәмедті ертіп келді. Сол-ақ екен, әнеу үй, мынау үйдің адамы да ағыла бастады. Қазан көтерілді, жырау домбырасын қолға алды. Даусы тамаша, Жәмед сөйлеп отыр ма, домбыра сөйлеп отыр ма, айыру қиын. Бір жырдан кейін бір жыр төгілді – «Едіге», «Орақ-Мамай», «Қарасай-Қази», «Ақкете Шернияз»... таң атқанша Жәмед те талмады, жыр да таусылмады. Сонда әкесі абақтыдан жаңа босағандай бойы бусанып, ерекше күй кешті.
Себебі... баяғыда әке-шешеден жастайынан жетім қалған ағайынды екі бала байдың жалшылығында жүріп күн көріп еді. Сонда он жастағы Маханжан ағасы Нұртуғанның алдындағы малды «мен бағайын» деді, оның молдадан дәріс алып, домбырамен өлең айтуына мұрсат қылды. Міне, енді ағасы шығарған дастандар қырық мақаммен құбылып, дүйім жұрттың құлақ құрышын қандырып отыр.
Қазақ эпикасына, жаңа біз атап өткендей, тамаша жыр-дастандар қосқан шаһбаз шайыр Нұртуған Кенжеғұлұлы мен Ниязбектің әкесі Маханжан бірге туған. Ал, Жәмед жырау – осы екеуінің апасы Үбіштің баласы. Бар-жоғы қырық үш жыл ғұмыр кешкен Нұртуған шайырдың артында қалған жалғыз перзенті Отан соғысында қаза болған, ал, одан қалған екі бала шешектен шетінепті. Сөйтіп, жазмыш Нұртуғанды өз кіндігінен ұрпақсыз қалдырған, алайда, оның өлмес мұрасы, өшпес ізі сайрап жатыр.
Осындай тағдырлы әулеттің тумасы Ниязбек те арқасүйер әкесінен ерте айырылып, он сегіз жасында отбасының қамқоршысы болып қалды. Қазалы ауыл шаруашылығы техникумын бітіріп, колхозаралық құрылыс мекемесінде жұмыс істеді. 1965 жылы Мемлекеттік банктің Қазалы бөлімшесінде қызмет етті. Жасынан жыр-терме тыңдап, небір сөз асылын санаға сіңіріп өскен ол қызметте де өте алғыр болды. 1970 жылы еңбектен қол үзбей жүріп Ташкент халық шаруашылығы институтын бітірді.
Сол жылдары КОКП ОК-нің ауыл шаруашылығын көтеру жөнінде қаулысы қабылданып, жаңа кеңестік шаруашылықтар ашыла бастады. Мемлекеттік банк ауыл шаруашылығының қаржылық жағдайын жақсарту үшін несие берудің жаңа тәртібімен жұмыс жасады. Арал, Қазалы тұрғындарына мал алу үшін 300 сомнан, үй салу үшін 1500 сомнан қаржылық қолдау көрсетілді. Оның 500 сомы мемлекет тарапынан қайтарылып, қалған ақша тұрғындардан 0,75 процент үстемемен алынды. Осы жұмыстарды ұйымдастыруда Ниязбектің халықшылдығы, біліктілігі бірден-ақ байқалды.
Мемлекеттік банктің аудандық бөлімшесінің бастығы соғыс ардагері еді. Жоғарыдағыларға жасы келген осы кісіні орнынан алу қиын іс болды. Ақырында ол «Егер менің орныма Ниязбекті қойсаңдар, өз еркіммен кетемін» деп бір-ақ кесті. Себебі қарамағындағы қызметкердің өз ісіне деген жауапкершілігін бағалады, жас кадрдың болашағына зор үміт артты. Бірақ, бастықтардың өз білгені бар екен, шалмен келісімге келе алмаса да, 1978 жылы қатардағы қаржыгер Ниязбек Маханжанов Мембанктің облыстық бөлімшесіне қызметке шақырылды. Облыстық банк бөлімшесінде бөлім бастығы болды.
Сол кездері банк қаржысы негізінен Түгіскен массивін игеру және совхоз орталықтары мен Қызылорда қаласында тұрғын үйлер мен мәдени кешендер салуға бағытталды. Ауыл шаруашылығының айтарлықтай алға жылжып, облыс орталығындағы көпқабатты үйлердің көбеюі осы кезеңдердегі игілік. Мұнан соң ол жеті жыл Мембанктің Қармақшы аудандық бөлімшесінде абыройлы еңбек етті.
Бірақ, сол бір қарқынды еңбек ырғағы өткен ғасырдың 80-ші жылдарының аяғы, 90-шы жылдардың басында солығын басып, соқтыға тоқтап табандап қалды. Кеңес одағында саяси дағдарыс басталды. Қаржы жүйесі шын мәнінде күйзеліске ұшырады. Көп ұзамай Кеңес одағының өзі де тарих сахнасынан кетті. Ол онсыз да күрделеніп тұрған ақша рыногындағы жағдайды ушықтырып жіберді. Сондықтан елімізде тәуелсіз ақша несие саясатын жүргізу керек болды. Ең алдымен күн сайын құнсызданған Ресей рублінен құтылу қажеттігі туды. Құнсыз ақшаның Қазақстан рыногына тасқындай ағыла бастағаны соншалық, оны тоқтатудың жалғыз жолы ұлттық валютаны енгізу ғана болатын. Осы ұланғайыр мақсаттың ұйтқысы болған Елбасы теңдессіз тірлік атқарды.
Бұл кезеңнің қиыншылығы естіген адамға ертек, көрген адамға көренеу қиянат шеккендей бір іс еді. 1987 жылдан Мембанктің облыстық басқарма бастығы болған Ниязбек Маханжановтың бұл саладағы от үстінде отырғандай қызметі дәл осы кезеңге сәйкес келді. Өндірістің құлдырауы, экономикалық байланыстың үзілуі бұрынғы одақтас республикалар арасындағы ақша-кредиттік қатынастарды тоқырауға ұшыратты. Тауар айналымдары қысқарды, халықты азық-түлікпен қамту карточкалық жүйеге көшірілді. Мекемелер арасындағы есеп бартерлік әдіспен жүргізілді, өнім өндірілмеді. Бағаның өсуі мен ақша эмиссиясы тез көтерілді. Еңбекші халыққа айлық-жалақы алу мұң болды. Бірнеше айлап қолына ақша ұстамаған адамдар топ-тобымен банктің алдына келіп тұратын. Өйткені нақты жағдайды болжай алмаған жұмыс орындары «бізде кінә жоқ, банк ақша бермей жатыр» деп басын арашалайтын.
Банк бастығы Ниязбек Маханжанұлының сол қиын кезде «кішіні аға деп, үлкенді әке деп» айына үш-төрт рет Алматыдан ақша алдырып отыруға қол жеткізуі ерлікке пара-пар болатын.
Бірде Сексеуіл стансасының теміржолшылары шойын жолға отырып алып, пойыздардың қозғалысын тоқтатып тастапты деген хабар жетті. Осы кезде де шұғыл шара қабылдаған банк бастығының шешімі арқылы Сексеуілге ақша жеткізіліп, жұмысшылардың наразылығы басылды. Шындығында сол кезде ақша алып жүретін арнайы көлік те тапшы, болса оның жанармайын тауып құюдың өзі бір мәселе. Банк бастығы теміржол басшылығымен келісіп, ақшаны облыс көлемінде пойыз купелеріне салып тасыды. Қауіпсіздік шаралары сақталғанымен, бұл өте тәуекелді әрекет еді. Егер жолай төтенше жағдай орын алғандай болса, онда кімнің жауапқа тартылатыны түсінікті. Сонда таразының бір басында жұмысшы тағдыры, бір басында банк бастығының тағдыры тұрды.
1993 жылдың 14 қарашасы күні Н.Маханжанұлы түні бойы өзінің жұмыс орнында болуын талап еткен жеделхат алды. Таң алдында қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері хат әкеліп берді. 15 қараша күні ұлттық валютаны енгізу туралы Президент жарлығы шықты. Ұлттық банктің ақша айырбастау туралы ережесі бекітілді. Онда екі күн ішінде Ұлттық валюта мен Ресей рублі айналымда қатар жүріп, 18 қарашадан бастап теңгенің Қазақстан Республикасы аумағында заңды төлем құралы болып табылатыны, айырбасты 20 қараша күні кешкілік аяқтау қажеттігі айтылған болатын. Ақша айырбасы Ресейдің 500 рубліне 1 теңге арақатынасы бойынша жүргізілді. Осы жұмыстар өте қауырт атқарылды. Сала қызметкерлері тынымсыз жұмыс істеді. Банк бастығының өзі бір-екі сағат ғана кабинетінде көз шырымын алып, келесі күннің жұмысын бастап кететін.
Осындай қиын-қыстау кезеңдерден өтіп, ақыры рубльді Ұлттық валюта ығыстырып шығарды, төл теңгеміз төрге озды. Сол бір тарихи кезеңде Ұлттық банктің облыстық басқармасын басқарған Ниязбек Маханжанұлының осы халықтық іске қосқан орасан зор үлесі барын бүгінгі ұрпақтың бірі біліп, бірі білмеуі ғажап емес.
Әрине, теңгенің енгізілуімен ере келген қиыншылықтар да аз болмады. Бұл жағдайдың тууына құлдырап құлаған өндірістің салдары, жекешелене бастаған салалардың нарық жағдайына бейімделе алмауы әсер етті. Ақша құнсызданды, инфляция шарықтады. Сөйтіп, банк саласын басқарған Ниязбек Маханжанұлы қаржылық қағажу көрген он жыл көлеміндегі бар ауыртпалықтың астына арқасын тосты.
Ел тәуелсіздігіне дейін-ақ мамандандырылған және коммерциялық банктер ашыла бастаған-ды. Ұлттық банк мамандарының біразы сол банктерге қызмет ауыстырды. Н.Маханжанұлы олардың орнына басқа мамандық иелерін, тіпті мектепті жақсы бітірген оқушыларды қабылдап, жас кадрларды техникумдар мен жоғары оқу орындарында сырттай оқытты. Олардың жұмысқа ынтасын арттыру және тұрақтандыру мақсатында Ұлттық банктен қаражат алып, тұрғын үймен қамтамасыз етті, үй мүліктерін сатып алу үшін несие беруге көңіл бөлді. Осылайша, өзі басшылық еткен жылдардың алғашқы кезеңінде Ұлттық банктің облыстық басқармасында 52 қызметкер болса, 1996 жылы олардың саны 352 адамға дейін жетті. Сол кезде осы салаға қызметке келген жастар қазір белгілі, білікті қаржыгер атанды. Олар бүгінде Ниязбек ағаны ұстазымыз деп қадір тұтады, осы бір қамқор адамға өздерін қарыздар санайды. Ниязбек аға зейнеткерлікке шыққаннан кейін де Ұлттық Банкі Қызылорда филиалының ардагерлер ұйымы төрағасы болып, ұжым жастарына ақыл-кеңесін айтып, оларды адал, кіршіксіз қызмет етуге баулып жүрген бағбанға айналды.
Қазір теңге – ұлттық мақтанышымыз. Ол валюта рыногында еркін айырбас құқығына ие болды. Қазақстан экономикасы қарыштап даму үстінде. Тәуелсіз еліміздің осындай келбетін көргенде Ниязбек ағаның көңілі тоғайып, жүрегін қуаныш кернейді. Осынау бейбіт, береке мен бақытты өмірде өзінің де табанының табы, маңдайының тері бар екенін бағамдайды.
Ниязбек ағаны қаржыгер есебінде ғана білетін жұрт оның өнер тіні үзілмеген жан жүйесіндегі иірімдерге бойлай бермейді. Кейде оңаша қалып, Нұртуған әкесінің жыр-жауһарын жүрегінен өткізіп отыратыны бар.
... Ағайынның ішінде,
Бұзылмаған бірлігі.
Өлең айтып, жыр жаттап,
Өнер қуған серілігі.
Батырлығын көрсетсем,
Құрғамаған терлігі.
Қол ұшын берген жетімге,
Жалпы адамдық елдігі.
Сардаладай қонаққа,
Пейілінің кеңдігі...
Осы асыл қасиеттерді өзі де бойтұмардай сақтап келеді. Өйткені ол оның санасына бала кезінен сіңген. Сондықтан болар, шайыр әкесінің рухы үнемі екі қолтығынан көтеріп тұрғандай сезіледі.
Ертеректе, қызметте жүрген кезінде-ақ Нұртуған шайыр шығармаларын жинауға кіріскен. Содан 1986 жылы жыраулардың қоржынынан, елдің аузынан жинағандарын алып, Алматыға барды. «Жазушы» баспасының фольклор бөлімінде отырған бір қызметкер қолжазбаны оқып шығып, «Құдайды көп айтады екен» деп ысырып қоя салған. Бірақ, алмас кездік қап түбінде жата ма? Қазір шайыр әкесінің шығармалары күн сайын орындалып, халық жадына берік орнықты. Осы бақытқа жеткізген – тәуелсіздік таңы.
***
Екеуміздің әңгімемізден соң абзал аға біз қызыға қарайтын бекзаттықты қарапайымдылықпен көмкерген қалпында ұзай берді. Сырттай қараған кісі оның оқшау тұлғасынан басқа жұрттан даралайтын бір нәрсе таба қояр ма екен, бәлкім өн-бойын еңкіш тартқызған өткен өмірдің салмағын сезер. Ол менмұндалайтын босалқы байлық қумады, жиғанын жан дүниесінің тереңіне қаттады. Бұл адамның ішкі әлеміне көкірек көзін салғанымыз сол...
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |