Жақсылықтың жақсылығы

 Жақсылық Рахматулла есімін Сыр елінің руханият шежіресінен ғана емес, күллі қазақ әдебиеті игі-жақсыларының қатарынан табуға болады. Облыстың ата басылымының 90 жылдығына орай дайындалып отырған мақала болған соң «Сыр бойы» газеті редакциясын 13 жылға жуық басқарған ардақты ағамыз, ұлағатты ұстазымыздың өмірдерегіне нақтырақ тоқтала кетейін.

Ж.Рахматулла 1945 жылы 18 қыр­күйекте Қызылорда облысы  Жа­ңа­қор­ған ауданында өмірге келген.

1971 жылы ҚазМУ-дің журналис­тика факультетін бітірген.

1979 жылдан бастап Жаңақорған аудандық «Коммунизм жолы», облыс­тық «Ленин жолы», Сырдария аудандық «Сырдария» газеттерінде жауапты қызметтер істеді. 1996-2008 жылдары облыстық «Сыр бойы» газетінің бас редакторы, біріккен кәсіпорында директор-редактор міндетін атқарды. 2009 жылдан бастап Қазақстан Жазушылар одағының Қызылорда облысындағы филиал директоры болды.

«Мәдениет қайраткері» төсбел­гісін, Қазақстанның құрметті жур­­налисі атағын алған. ҚР Пре­зи­дентінің Құрмет грамотасымен ма­ра­патталған. Жаңақорған ауда­ны­ның, Тасбөгет кентінің құрметті азаматы.

Сонымен, ол кісі 1996 жылы көк­темге салым облыстық «Сыр бойы» газетіне бас редактор болып келді. 1998 жылы газет өндірісі маңдайдан тер, қолдан май тамшылатқан ратация жүйесінен офсеттік басылымға ауыс­ты. Интернет желісін пайдаланып, электронды пошта арқылы жұмыс істей бастады. Бұл жүйе уақыт ағымына салғанда мұнан да кешігіңкіреуі мүмкін еді. Жаңа редактор ой жұмысының салмағына қосылған ауыр қол жұмысын же­ңілдетудің барлық жолын қарас­тырды. Ол кісі жоғарының тапсырмасы мен ұжым сеніміне өте жауапты қарайтын.

«Сыр бойының» 2005 жылы Қазақстан журналистер академия­сының ең мәртебелі жалпыұлттық журналистік сыйлығы «Алтын жұлдыз» белгісімен марапатталып, «Үздік аймақтық газет» аталымы бойынша сыйлық егеленуі Ж.Рахматулланың жанкешті ең­бе­гімен тікелей байланысты. Газет 1979 жылы кеңестік жүйенің ірі марапаты «Құрмет белгісі» орденін алған екен. Бұл сонан кейінгі қол жеткізілген қолпаштау болды. Ал, 2006 жылы «Сыр бойы» ҚР Пре­зидентінің БАҚ саласындағы грантын жеңіп алды.

Жақаң білікті басшы бола жүріп, редакцияның қырық қабат жұмысының арасынан саңылау тауып, шығармашылық жұмысымен де шындап айналысты. Сол жылдардың өзінде «Қолшатыр», «Алыстай берген аяулым», «Өмір самалы», «Болашаққа сенім», «Ғұмыр дария», «Жібек жолындағы жұлдыздар» деп аталатын бірнеше көркем туындылары жарыққа шықты. Осы хикаяттар мен әңгімелерді қалдырмай оқып шыққандардың бірі өзіміз.

Ж.Рахматулланың өз оқырманы­на ерекше әсер, эстетикалық ой-сезім өрнегін сыйлағын шығармасы – «Меңсұлу» романы. Аузы дуалы ағаларымыздың бірі бұл шығарманы «Біздің заманның «Махаббат, қызық, мол жылдары» деп бағалапты. Әрине, бұл тегін айтыла салған сөз емес, оны осы туындыны оқып тауысқан адам нық айта алады.

Жақаң газетке келген жылдары нарықтық экономиканың өндіріс пен шаруашылықтарға дендеп ене бастаған кезі еді. Дәл осы тұста мекемелер шаруашылық есеппен жұмыс істеуді бастады. Өз  шығындарының орнын толтырып, пайда табу, өндіріс тиімділігін қамтамасыз ету тәсілдеріне көшті. Нарық талабы осылай болды.

Облыстық газеттің жаңа басшысы Жақсылық Рахматулла нарықтың осы талабын жете түсіне білген іскерлігін ала келді. Ол еңбекті және басқаруды ұйымдастыруды, жоспарлау мен қаржыландырудың негіздерін, шар­уа­шылық есеп әдіс­терін, шығармашылық қызметкер­лер­дің еңбегін ұйымдастыру, ақы төлеу жөніндегі салалық норма­тивтік актілер мен әдістемелік ұсы­нымдарды іс жүзіне асырды. Мұндай нәрселер ұжымның қарапайым мүшелерін еңбекке жігерлендірді.

Нарық талабына жауап беру үшін Жақаң редакция жанынан «Дария»  жеке кәсіпорнын құрып, шағын баспахана орнатты. Сөйтіп, «Сыр бойы» газетінің бірнеше қосымшасын шығаруды қолға алды. Баяғы жоспарлы экономиканың таптаурын жүйесінен шығар жолды бар деп білмеген, нарық заңын түсінбеген бір ағамыз сол кезде жаңашыл Жақаңның бастамасын сынап мақала да жазды. Осы секілді сан кедергіні аттап өте алмай, тың іске қаражат салып, сан соғып қалғандар қанша? Ал, облыстық газеттің жаңа басшысы дәуір бағытын тап басты.

Газеттің «Махаббат» атты қо­сым­шасына мені редактор қылды. Өлең жазады, лирикаға жақын деп есептеді. «Жарнама» атты қосым­шаға Әділжан Үмбетті бекітті. Аң­дап басып, ақырын жүретін мінезі бар. Бұл есеп-қисапқа керек мінез. Ал, сатирик-жазушы Нұрмахан Елтай «Хан алшы» қосымшасын шығарды. Бұл газетте бұралқы сөздермен бірге оқырманның ой көкжиегін ке­ңейтетін «крассворд», «сканворд­тар» басылып тұрды. Нұрекең осындай басқатырғыштарды өзі құ­растыратын. Біз қосымша жұмыс­пен қатар газеттегі өз міндетімізді де атқардық. Есесіне еңбекақымыз артты, шығармашылық ізденісіміз кеңейді. Осылайша, бас редактор газет ісінде әркімді бейімі мен қабілетіне қарай пайдаланды.

Жақсылық бас редактор болған кезеңде журналистерді еңбегіне қарай атаққа ұсыну, сыйақы беру мәселесінен де кемшін болған жоқпыз. Бұған қоса материалдық жәрдем, емдеу-сауықтыру орындарына жолдама бөлу жайы да қарастырылды. Мәселен, «Мерке», «Жаңақорған» шипажайлары­мен келісім жасасып, жылына бір-екі қызметкердің демалысына жағдай жасалды. Бұл үшін газет сол шипажайлардың жарнамасын тегін беріп отырды.

Ж.Рахматулла – жас журналис­терді тәрбиелеп, оларды шығарма­шылыққа бейімдеп, қатарға қосқан ұстаз. Бүгінде облысқа аты белгілі – Г.Жалғасова, А.Батталова, Қ.Ша­ра­бидинов, А.Тұңғышбаева, Қ.Әб­дуов, Ә.Үмбет секілді бірқатар әріптесіміз өздерін «Жақаңның шапанынан шыққанбыз» дейді. Осы тізімде өзім де бармын.

Алдағы жылы жасы жетпістің бесеуіне келетін Жақсылық аға­мыз бүгінде елордамыз Нұр-Сұл­тан қаласында тұрып жатыр. Бала­ларының жұмыс ыңғайымен сонда қоныс аударған. Барған-келгеннен бізді сұрайтын көрінеді, атымызды атамай, «Сыр бойының» жағ­дайы қалай дейді екен. Біз де ұстазымыздың амандығын тілеп, хал-жағдайын сұрап біліп отырамыз.

Ол кісінің берген тәрбиесін біз бүгінде жеке басымызға ғана жаратпаймыз, асыл ағаның өнегесі басқаға көрсетер үлгімізге де айналған.

ТАҒЫЛЫМ 29 маусым 2019 г. 1 306 0