Ақиық ақын, қарымды қаламгер

«Жасөспірім шағымыздан шығармашылыққа әуес болдық. Әсіресе, өлең, жырға өзегіміз бұрып тұратын. Албырт кезіміз, аңғалдығымыз да бар. Жан дүниемізді толқытып, сезімімізді селт еткізген жайттар болса, қалт жібермей қағып алып, өлеңмен өрнектеуге тырысатынбыз. Әйтсе де  жазғанымызды жалаулатып баспа бетіне жариялауға асықпадық. Өйткені ақындық дейтін асқақ өнердің артындағы жауапкершілігін сезініп, жасқанатынбыз».

Сыр бойындағы ат төбеліндей ақындардың алдыңғы легінде жүр­­ген  Әскербек Рахымбекұлы аға­мыз­дың айтқаны еді бұл.

Ол Сырдария ауданының ту­масы. Өзен жағалап өскен бала кейде толқынмен тілдес­кендей болып, ой-қия­лы ұшы-қиырсыз кеңістікті шарлап, та­биғаттың тылсымына терең бой­лап кететін. Өмірге өзіндік көзқарасы бар, біртоға мінезді бозбала орта мектепті бітірген соң қаладағы сол кездегі Н.В.Гоголь атындағы педагогика институтына оқуға түсіп, оқу орнын 1965 жылы бітіреді. Қатыр­ма қағазын қолына алған соң жұмыс іздеп, өзі оқыған №44 Сталин атындағы мектепке барады. Дегенмен, мамандығына лайық жұмыс табыла қоймайды. Аудандық білім бөлімінің басшысына жолықса, шалғайдағы малшылар қонысындағы  бастауыш мектептен мұғалімдік жұмыс ұсынды. Жастықтың лебімен жалын атып тұрған жігіттің көңілі бұл жұмысты қолай көрмеді.

Сол уақыттарда өзі құралпы жас жігіттер Балашбек Шағыров, Ізхан Досмағанбетов, Мұхтар Сақта­повтардың ақындығымен та­ныла бастаған кезі болатын. Бір-бірін етене жақын біледі. Бірде Балашбек Шағыров кез­десіп қа­лып, жағдай сұраса келе, Сырдария аудандық газетінде бір бос орын бар екенін айтты. Сонымен, екеуі газеттің  сол кездегі редакторы Болатбек Аманбаевқа келіп, шаруаларының жайын аңғартты. Басылымның басшысы бұларды жылы қабылдап, жұмыстың жай-жапсарын тү­сіндірді. Содан соң газеттің жауапты хатшысы Шайзада Рахметбеков бар, ақылдаса келе әдеби қызметкер етіп жұмысқа қабылдады.

Тәжірибелі журналистердің айтуынша, ақындығы бар адамға мақала жазу аса қиындық тудырмайды екен. Иә, расында, жазуға тез-ақ қалыптасып кетті. Әйтсе де алғашқыда бас редактордан бастап алдындағы аға журналистердің жеделдетіп «дик­товкамен» мақала дайын­дағанына таңғалатын. Көп ұза­май мұны да игеріп алды. Біле білген адамға газеттің жұмысы – өзінше бір қайнаған өмір. Толассыз тірлік. Уақыттың талабынан бір сәт қалыс қалуға болмайды. Күн сайын жаңа ақпараттар, сан түрлі саланы қамтитын тың деректер, толғақты тақырыптар. Ауылдық жерлерге іссапарлар. Еңбек адамдарының өмірі. Сонау Мәскеуден бері аудан­ның шалғайдағы елді мекеннің ты­ныс-тіршілігі күнделікті газет бе­тінде көрініс тауып жататын. Осы­лайша орнықты ойларымен, сал­мақты жазбаларымен талантты журналистердің есімі елге таныла бастады.

– 1967 жылы Сырдария аудан­дық комсомол комитетінің І хатшысы  Сейілбек Шаухаманов саяси қызметке шақырды. Әйтсе де ойлана келе, өзімнің қалауым – қаламгерлік бағытында қала­тынымды айттым,-дейді ақын ағамыз. Осыдан кейін ол 1969-1971 жылдары Жақсылық Бекхо­жа­евтың бас­қарған тұсында об­лыстық теле­радио хабарларын тарату басқарма­сының редакторы болып қызмет атқарады. Оң-солын танып, отыз жасқа таяған шағы. Бұл ортада журналистік міндеттің жаңа қырларын тани түсті.

Ол 1971 жылы сол кездегі «Ленин жолы» деп аталатын об­лыстық газетке әдеби қыз­меткер болып ор­наласқан еді. Ба­сылымның бас ре­дакторы Қал­қабай Әбенов, орын­­ба­сарлары Нұрғали Оспанов, Нұр­ділда Уәлиев, жауапты хат­­шы Шора Ерәлиев, бөлім бас­­шысы Мырқы Исаев сынды қа­рым­ды қаламгерлермен қатар қызмет атқарды. Бұл жер, шын­ды­­ғында, қыз-қыз қайнаған шы­­найы шығармашылықтың ор­та­сы, қаламгерлер­дің қа­сиет­ті қара шаңырағы еді. Ол уақытта баспа­сөздің беделі өте биік болатын. Қоғамдық-саяси бағыттағы ағарту, ақпа­раттандыру жұмыстарын айт­па­ғанда, оқырмандардан келген жүздеген хаттар журналистер та­рапынан зерттеліп, талдау жасалып, нәтижесінде шешімін тауып жататын. Сондай-ақ, аптасына бес мәрте шығатын басылым бетінде поэ­зия, проза, сатира, фельетон, тағы басқа әдеби жанрлар қамтылатын. Қа­рапайым оқырмандар арасынан да осы талап деңгейіне сай ке­летін жазбалар редакцияланып, басылымның бетінде жарық көретін. Әлбетте, бұл өз кезегінде шы­ғармашылыққа қадам басқан жастардың қаламы төселіп, қатарға қосылып кетуіне үлкен демеу болатын.

Ол кезде білікті мамандарға биліктің қолдауы ерекше болды. Олардың қызмет саласында сатылап өсуіне барынша лайықты жағдай жасалатын. Әсекең ағамыз да 1980-1982 жылдары Алматы жоғары партия мектебінің тыңдаушысы, содан 1985 жылға дейін облыстық партия комитетінің нұсқаушысы болып қызмет атқарды. Осы жылы облыстық «Сыр бойы» газетіне қайтып оралды. 1991 жыл, қазақ елі Тәу­ел­сіздігін жариялап, көк туымыз көк­те желбіреген кезі. Ол кезде обком бірінші хат­шысы Еркін Әуел­беков еді. Газетінің рас ре­дакторы Нұр­ділда Уәлиев зей­неткерлік де­ма­­лысқа шығып, Әс­кербек Рахым­бек­ұлына ұсы­нылды.

– Ол уақытта облыстық газеттің журналистері өте мықты болатын. Ақберген Ержанов, Айжарық Сә­дібеков, Нұрпейіс Байғараев, Қази Да­набаев сынды қаламгерлердің әр­қайсысының орны бір төбе болатын. Оның бір себебі, олар қай тақырыпта болсын, ешкімнен жалтармай, ойларын еркін жазатын. Онысы оқырманның да көкейіне қонатын, – дейді ағамыз.

Әскербек аға басшылық жасаған жылдары «Ленин жолы» аталып келген басылым тарихи атауын тауып, «Сыр бойы» деген атпен шыға бастады. Қоғам алмасып жатқан тұс­тағы құбылыстарды қалт жібермей қадағалап отыратын оқырманның басылымға қызығушылығы артып, таралым саны күрт өсті.

Жалпы поэзия жанры адам баласынан аса се­зім­тал­дықты, шынайы таным мен тал­ғампаздықты, рухани мол жан азығын талап ететіні белгілі. Ай­талық, мөлт еткен мінәйі бір сезім ішкі түйсік арқылы буырқанып, бусанып барып қауызын жарады. Бұл қауыз – ақынның төгіліп шыққан өлеңінің түймедей ғана түйіні.

Жаратушы иеміз әр пендесіне туған топырағына, табиғатына сай мінез дарытатын  болса керек. Қасиетті Сыр топырағында туып, қоңырқай тіршілікті қарапайым  отбасында өскен ақын ағамыз Әскербек Рахымбекұлының шы­ғар­машы­лығында да кәдімгі қазақтың міне­зіндей қоңыр үн басым. Яғни, ойлы да мұңды лирика. Астары терең ақиқат, алысқа шапқан арғымақ-қиялды аңдайсыз. Бәрінен де адами басты қасиет – асқақ рух, адалдық пен парасат пайым үйлесімі ақын туындыларының бағасын арттыра түседі.

Енді ол кісіні қайдан, қалай танимын? Осы жайында айтып өткенім жөн болар. Мектеп қабырғасында жүріп-ақ қолыма қалам ұстап, қабырға газеттеріне қажетті тақы­рыптарды өзімше өлеңмен шумақ­тайтынмын. Бі­рақ сол балау­са шақта ту­ған шығармаларыма еш­бір кө­ңілім толмайтын. Әйтсе де  шығармашылықтан шалғай кете алмай, шабыт па, шалағайлық па, әйтеуір ой-санамызды беймәлім бір күй мазалағанда шырғалаң күйге түсетініміз рас. Әрине, осындай кезде ақыл беріп, жөн сілтейтін адам керек. Осылайша бір күні қаламгер қауымның киелі шаңырағына айналған «Сыр бойы» басылымына келген едім.

Облыстық газеттің бас редакторы Жақсылық Рахматулла ағамыздың кезі. Ал Әскербек аға бас редактордың орынбасары болатын. Ол кезде Сейіл Боранбаев, Әскербек Рахымбекұлы, Қази Данабаев секілді есімі ел­ге әйгілі ағалардың алдына барып, сәлем беру, олардың бір ауыз жылы сөзін есту қа­лам ұстаған қайсыбір жастар үшін де зор мәртебе болатын. Кү­містей аппақ шашы келбетті өңіне керемет үйлесіп тұратын Сейіл ағадан бастап, барлық кабинеттерді аралап, амандасып шығамын. (Осы күні ойлап отырсам, өзіме ерсі көрініп, күлкім келеді.) Төрден бастап сәлемдесіп келемін де, Әскербек ағайдың қасына аялдаймын. Ол кісі соншалықты мейірбан, қамқор мінезімен ерекшеленетін. Шығармашылыққа құштар жас­тардың талабын жықпай, талпынысын қолдайтын. Өлеңдерімізді оқи отырып, жанымызды ауыртпай, байыппен ғана жөн-жобасын ұғындыратын. «Шығармашылық де­­ген оңай емес, қарағым. Жаза бер, шыңдаласың, шынығасың» – дей­тін.

Ақын, Қазақстан Жазушылар ода­ғының мүшесі Әскербек Рахымбек­ұлының әр жылдары «Тұсаукесер», «Тұлпар туралы дастан», «Ғашық жүрек», «Айдынынан айырылған Аралым-ай», «Алтын арай», «Тұлпарлар тағдыры», «Жыраулар», «Тағ­дырдастан», «Ғұ­мырдария», «Ақ махаббат», тағы басқа жыр жи­нақтары жарық көрді. Сондай-ақ  «Тұлпар туралы дастаны» «Жалынның» жабық бәйгесін жеңіп алды. 2007-2009 жылдары «Сырдария» кітапханасы баспасынан 2 томдық өлеңдер жинағы шықты. Жалпы айтар болсақ, 17 поэма мен өлеңмен жазылған ро­манның авторы. Біле білсек, бұл – үлкен еңбек.

Хакім Абай айтпақшы,

«Өлең – сөздің патшасы,

сөз сарасы,

Қиыннан қиыстырар

ер данасы.

Тілге жеңіл, жүрекке

жылы тиіп,

Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы». Иә, ой, қиялдың шегі жоқ, алайда оны осы айтылған тәр­тіп­пен орайластыра білуің шарт. Поэзияның көркемдігі де осында. Бұл орайда Әскербек ағамыздың өлеңдері сезім иірімімен селкеусіз жымдасып, тіпті төрт қатары түгел ұйқасып тұрады. Қазақтың қара сөзінің қадір-қасиетін ұғындырып, жыр әлемінің сыр сипатына ұмсын­дыра түскендей болады.

Бір өлеңінде, ол:

Қара өлең қайырғаным,

Айдағаным...

Белдеуге боз бестіні 

байламадым.

Ұл-қызға сәнді сарай

сайламадым.

Дүние-ай қайда мүлкім,

Қайда малым? – деп көңілі қапа болады. Алайда ақын атаулының өмір сүру дағдысы осы десек, артық айтқандық болмас. Олар адам баласына қажетті құндылықтың бар­­лығын да аңғал да алғаусыз көңілінің кеңдігімен өлшейді. Сол сияқты, Әсекең ағамыз да осы өмірінде дүние, байлық, мал-мүлік жинамай, ұрпағына ұлағат жырын мұраға қалдырғанын меңзейді. Әри­не, бағалай білген адамға рухани азықтың орны әркез оқшау тұрады.

Әңгімемізге арқау болып отырған ақын ағамыз да әді­лет­тің ақ жолынан айнымай, шы­­ғармашылық мұраты­ның шы­ңына шыққан жан. Бү­гінде Сыр бойындағы ақын-жазу­шы­­лардың ақылшы ұстазына айналды. Облыстық «Сыр медиа» серіктестігінің ардагерлер кеңесінің төрағасы.

Осы тұста ол кісіден «Ла­у­а­зым­ға, атақ-мансапқа қызық­пай, бүкіл өмі­­рі­ңізді шығар­ма­шылыққа ар­на­ды­ңыз. Өкінбейсіз бе?» деп сұра­дым.

– Жоқ, өкінбеймін. Тек күнде­лікті қарбалас газет жұмысында шы­ғармашылықпен айналысуға мүмкіндік бола бермейді. Сонысы болмаса... Кейде өндіріп өлең жазатын 30-40 жасымда мерзімдік ақпараттың айналасынан босай алмадым-ау деп те ойлаймын. Әйтсе де әрбір істің орайлы сәті болады екен. Уақытқа есемді жібермей, жазған дүниелерімді түгел жарыққа шығардым. Осы күні де бір жинақ жазбаларым дайын тұр,-дейді.

Аймақтың ата басылымы «Сыр бойы» газетіне биыл 90 жыл! Осынау қара шаңырақтың астында бар саналы ғұмырын өткерген, Сыр бойының қарымды қаламгері, ақын, бүгінде  ағалық­тан асып, ақса­қал­дықтың абыройлы белесінде тұрған Әскербек Рахымбекұлының ғұмыр баяны ғибрат алуға әбден лайық!

ТАҒЫЛЫМ 29 маусым 2019 г. 1 035 0