« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Күлжан Әуезова 1929 жылы туған, 30 жылдай сауыншы болып, еңбек адамы есебінде кеңестік дәуірдің барлық жоғары атақтарына қол жеткізген Батыр ана.
Тарихқа айналған баспасөз беттерін парақтаған кісі Бибігүл Ерназарова, Шекер Қаңтарбаева, Күлжан Әуезова секілді еңбек озаттары туралы жазылған мақалаларды оңай табады. Өйткені, кеңестік идеология еңбек адамдарын насихаттап, олардың өмір жолын үлгі етуді өзінің басты тақырыбы санайтын.
«1957 жылы социалистік жарыста жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп, өзіне бекітіліп берілген 20 бас сиырдың әрқайсысынан 3000 литр сүт сауғаны үшін Сырдария ауданы Жамбыл колхозының сауыншысы Әуезова Күлжанды «Құрмет кітабына» тіркеу туралы облыстық партия комитетінің қаулысы шықты». Бұл – сарғайған газеттердің сыры. Біз мұнан әлі жасы отызға толмаған қарапайым ауыл еңбеккерінің Қызылорда облысындағы санаулы саңлақтар қатарынан табылғанын танимыз.
Колхоз сауыншысы К.Әуезова 1958 жылы қарауындағы әр сиырдан 3150 литр сүт сауып, облыста рекорд орнатқан. Сөйтіп, облыстың «Ең үздік сауыншысы» атағын иеленген. Сол кезеңдерде сиыр қолмен сауылатын еді. Біздің білуімізде бұзаудың бас жібімен алысып, бес-алты сиыр сауған жеңгелеріміздің тізесі жазылмай, белі айналып жатушы еді. Ал, 20-30 сиырды тіз тұрғызатын Күлжан аналарымыз мұнша күш-қуатты қайдан алған деп таңғаласың!
Колхоз-совхоздарға жаңа технологиялардың енгізіле бастауы біз айтып отырған кезеңнен кейіндеу келген. Сиыр саууды агрегат арқылы жүзеге асыра бастағанда да Күлжан анамыз қасындағылардың төрт-бес сағатта зорға сауатын сиырларын бас-аяғы бір сағатта сауып, қалған уақытын сиырдың күтіміне арнайтын болған. Ол кісі сиырды жайылым шөбімен азықтандыруды аздық етеді деп санап, туралған жоңышқа, жүгері сүрлемі, қоспалармен байытылған құрама жем, күнжара жемімен қоректендірудің арнайы рационы бойынша жұмыс істеу тәсілін меңгерген. Сонымен бірге қораның, сиырдың жеке басының тазалығына, туған төлді айыру күтіміне де ерекше көңіл бөлген.
Осындай жанкешті еңбек арқылы жылма-жыл өзіне жүктелген міндеттемелерді артығымен орындап отырған Күлжан Әуезова 1960 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының қаулысымен, кеңес өкіметінің ең жоғары наградасы «Ленин» орденін омырауға таққан. Даңқты сауыншы арқылы осылайша Ким Дин Ман басқаратын Жамбыл колхозының аты күллі елге жайылған.
1962 жылы Күлжан Әуезова Мәскеуде өткен КСРО тұтыну кооперациясы өкілдерінің VI съезіне шақырылған.
1963 жылы Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің «Құрмет грамотасымен» марапатталған. Кеңестік кезеңнің тағы бір жоғары марапаты «Еңбек Қызыл Ту» орденін алған. 1966 жылы наурызда КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының қаулысымен «Құрмет белгісі» орденімен марапатталып, өзінің де, ауылының да беделін тағы бір биікке көтерген.
1969 жылы қараша айында өткен Қазақ КСР колхозшыларының ІІІ съезіне Күлжан Әуезова мен жас механизатор Дәметкен Мәтенова қатысқан. Осы съезге барған сәтінде Қазақ КСР Коммунистік партиясының І хатшысы Д.А.Қонаевпен, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері, дала академигі Ыбырай Жақаевпен сұхбаттас болуы Күлжан ана өмірінің жарқын беттері еді.
1971 жылы 13 маусымда Күлжан Әуезова 8-ші шақырылған Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланған.
Ал, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің 1973 жылғы 19 қыркүйектегі қаулысымен «Қазақ КСР ауылшаруашылығына еңбек сіңірген» құрметті атағы берілген.
1973 жылдан бастап Сырдария аудандық партия комитеті жоспарын артығымен орындаған жас сауыншы жеңімпаздарға арнайы Күлжан Әуезова атындағы сыйлық тапсыру үрдісін қалыптастырды.
Атақ еңбек сүйген адамның артынан өзі іздеп жүреді екен. Жоғарыдағы К.Әуезоваға қатысты деректер осы сөзіміздің бек дәлелі.
Балбармақ сауыншы Күлжан анамыз сол атақ-дәрежелерін ауыл адамдарының мүдделерін шешуге, еңбекерлердің тұрмысын жақсартуға да жұмсай білген. Жеке мәселелерімен келіп көмек сұрайтындарды арнайы қабылдап, олардың ауыл көлемінде шешілмейтін мәселелерін жоғарғы органдарға депутаттық сауал етіп жолдаған.
Кеңестік кезең жекеменшік мүлікке қатаң бақылау жасайтын. Жаңа салынған жеке үй құрылысына қандай қаржы жұмсалғанының есебі сұралатын. Бүгінде бір үйдің ауласында екі-үшеуі тұратын жеңіл автокөлік міну екінің бірінің қиялына кірмейтін. Сол кездерде депутат Күлжан Әуезованың ықпалымен «Нива», «Москвич» жеңіл көлігін мініп, қызығын көрген кісілер өз ауылдарынан осындай атақты адамның шыққанына мың шүкір айтумен өтті. Институттан шығып қалған студенттерді оқуға қайта кіргізіп, тіпті ауылдастары үшін сот ісіне де араша түскен Күлжан ананы елжіреп еске алатындар бүгінге дейін табылады.
Бұрынғы Жамбыл колхозы аталған қазіргі Сырдария ауданының Бесарық ауылындағы музейде осы ауылдан шығып Кеңес Одағының ең жоғары марапаттарын алған еңбек озаттарының арнайы бұрышы бар. Осы жердегі атақты шопандар – Жұмабек Әбенов, Сейітбек Мінайдаров, Рабиға Іздіқұлова, даңқты сауыншы Күлжан Әуезова жайлы жәдігер деректер бүгінге өнеге, ертеңге мирас болып сақталып тұр.
Кешегісін ұмытпаған ел ғана келешектің даңғыл жолынан адаспақ емес.
***
Күлжан ананың баласы ақын Елубай Әуезовтің есімі бүгінде еліміздің әдеби ортасына жақсы танымал.
Болмысы берен, кеудесі кенен Күлжан ана туралы осы шағын естелікті Елубай ақынның анасына арнаған өлең шумақтарымен түйдік.
...Жүректен мұңлы жыры ағып,
Болды, апа, балаң сыралғы.
Жұмада иіс шығарып,
Үзбей-ақ келем дұғамды.
Түсіме жиі ен, өтінем,
Жүрем ғой күтіп әрдайым.
Арқалап алғыс өтіп ең,
Жақсы да шығар жағдайың...
Ия, ақын сезіміне бір бойлап көрсеңіз, біраз сырға қанығарыңыз кәдік.
«Дінге сай қызметтерімен ата-анасын қуантқан адам Алла тағаланы қуантқан болады. Ал, оларды ашуландырған адам Алла Тағаланы ашуландырған болады» – дейді ислам ғұламалары.
Міне, бүгін Күлжан анамызды күллі елі еске алып, ас беріліп, ат шаптырылып жатыр. Жұма сайын иіс шығарып, үзбей дұға жасайтын ұлының да тілеуі осы. Анасының еңбегі кейінгілерге қашан да өнеге болып, «елім аман болса екен» деген арманы өмір жалғастығымен өрлей берсе...
Біз де соны тілейміз.
Дүйсенбек АЯШҰЛЫ.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |