Адам ұрпағымен бақытты

– Беу, шіркін, өтіп бара жатқан күндер-ай, – деп ойға шомды Жанболат ақсақал аула ішіндегі бау ағаштарының көлеңкесінде отырып. Қазір жеміс беріп тұрған мына ағаштарды өз қолымен отырғызғаны кеше ғана секілді еді-ау. Уылжыған өріктері мен қып-қызыл болып көздің жауын алған шиелерді немерелері үзіп жеп бір қуанады дейсің. Олар қуанса, өзінің де кәрі жүрегі бір бүлк етіп, баяғы балалық шағын еске алады. Жер дүниені күркіреткен алапат соғыстың алдында бір жыл бұрын ғана дүние есігін ашқан екен, бүлдіршін балалығы жас шыбықты ат қып мінуден басталып, әрі қарай еңбекке жегіліп кеткенін өзі де аңғармай қалыпты... 

Аналары таң қараңғысынан көз байланған қара кешке дейін колхоз жұмысында, ара-арасында келіп, балаларына тамақ беріп кетуге зорға үлгереді. Осыншама қиыншылықтарды көріп өскен бала да ерте есейеді екен, үлкендерге қолғабыс жа­сауға ұмтылып, шөп ору, астық тасу секілді шаруаларға ерте­рек кірісті. Ал белі бекіп, ересек тартқанда трактор ру­ліне отырды. Алғашында Жаңа­қор­­ған ауданында тың жерден ірге көтерген Сунақата кең­ша­рында механизатор болып ең­бек етті. Социалистік жарыс жеңімпазы болып, алты ай жаз дала алқабында жүрді. Сонан соң сүдігер жырту, мал­шы­­ларға жем-шөп тасу сияқ­ты түгесіліп бітпейтін бір ша­­­руа­­ның жетегінен шыға ал­ма­­ғаны рас. Ол кезде ауыл адам­да­ры­ның тұрмысы төмен бол­ғаны­мен ұяты жоғары еді, қата­рың­ның алды болып жұмыс істеу, жұртқа күлкі болып, «әй, кәпір» атану өліммен тең еді ғой... Шүкіршілік, еңбегі өз уа­қы­тында бағаланып отырды. Жәкеңнің қалың ойын неме­ре­сінің «Ата, шәй дайын болды», – деген шақыруы бөлді.

Бүгінгі әңгімемізге арқау болып отырған Қарынбаевтар отбасы ауылдастары арасында сыйлы, өнегесі бар шаңырақ. Отағасы Жанболат қария отанасы Рауза екеуі бір ұл, алты қызды өсіріп, жетілдірді. Алланың хош көргені шығар, ұлдың қосағы Бекзат келінінің аяғы құтты болды. Солардан өрбіген алты ұл-қыздарынан бұл күндері 11 шөбере сүйді, қатарын молайтты. 

Жоғарыда өзі ойлағанындай кеңшар жұмысында абырой биігінен көрінген  Жанболат ақ­­­са­қал механизаторлық жұ­мы­­сын 1973 жылдан бастап, ау­дан орталығындағы «ПМК 34» мекемесінде скреперист-трак­­торшы болып еңбек етті. Бұл өзі аса шеберлікті қажет ететін қадірлі мамандық. Трактор тырылдатқанның бәрі скре­пер руліне ие бола алмайды, аудан ауылшаруашылығы сала­сындағы бағытты ұстанған­дық­тан жер тегістеу, егіс алқап­тарын ретке келтіру шаруалары, су жолдары мен канал тазалау жұмыстары үздіксіз жүріп отырады. Сондықтан менмін деген жігіттердің өзі бұл жұмысқа шыдас бере бермейтіндігі бар. Мі­не, осы шаруаның басы-қа­сында жиырма жылдан астам жүрді. «Еңбегі қаттының ембегі тәтті» демекші, жер жұмыстарын ат­қара жүріп, табысты азаматтың бірі болды, марапаттан да кенде қалмады. Қазір сол бейнетінің жемісін жеп отырған жайы бар. Жан жары Рауза да жанына жалау болып, шаңырағының бе­рекесін кіргізді. Шақырған жерден қал­май, сәлем-сауқатын ала жүріп, ағайынның да көңілін тапты. Сосын ғой, облыс орта­лығында өткен «Мерейлі отба­сы» байқауында жүлделі екін­­ші орынды алып, аудан атын шығарғанда тілектес жан­дар­дың көп болғаны. Бұлар Қы­­зыл­­ордадан оралысымен бә­­рі құт­тықтап, үй маңынан та­былды. «Біздің Ерсұлтанда кі­сілік­тің кейпі бар, кешегі келген құр­дастары мен сыйлас адамдары қандай орынды сөздер айтып, адамның жанын тербетеді. Туасы, адамның жүрген ортасы жақсы болса, жігіт жақсы нәр­сеге бейімделеді. Кіммен сыйласып, кіммен сырласуын білген адам түбі жаман болмас» деп үлкен немересін ойлаған Жә­кең сақалды бір тарамдап қойды.

Қарашаңырақтың иесі ұлда­ры Махметжан нарықтық замана талабына сай өзінің жеке шаруа­сын дөңгелентіп келеді. Омартамен шұғылданады. Жылқы ұстайды, бақша егеді. Нәпақасын адал бейнетпен табуға ерте дағ­­дыланды. Сондықтан да тұр­­­­­мыс-тіршіліктері ортадан жо­ғары десе жарағандай. Сүй­ік­­ті жары Бекзат Орынба­сар­қызы «Күміс алқа» иегері, Қо­­жам­берді ауылының фельд­шер­лік-акушерлік пунктінде мейірбике болып жұмыс істеп келе жатқалы да біршама уақыт. Жұмыстан келе сиырды сауып, күбіні пісіп, ағарғанға ел-сел ететін де сол келіні. Немерелері Нұрсұлтан да қоғамдық жұ­мыс­тардың бел ортасында жүре­тін азамат болып өсіп келеді. Облыс әкімінің қолынан «Алғыс хат» алып, ата-әжесін бір қуантты. Немерелері Нүрила мен Іңкәр да жеке кәсіппен айналысады. Аймағымызда кә­сіпкерлікті да­мытуға кең жол ашылуының се­бі міне, жастарға да осылай тиіп отыр.

Нұрмахан ЕЛТАЙ.

Қожамберді ауылы,

Жаңақорған ауданы.

ТАҒЫЛЫМ 11 маусым 2019 г. 588 0