Әділдік туын ұстаған жан

Зина Ізбастықызы Қазақ мемлекеттік университеті заң факультетінің түлегі. Сот жү­йесіндегі еңбек жолын 1982 жылы Шиелі аудандық халық сотының судьясы болып бастаған.

1984 жылдан бастап Қы­зыл­орда қалалық сотының су­дьясы болып отыз жылдан астам үздіксіз қызмет атқарды.

Табандылығымен және кәсіби білімімен қызметтік міндетіне сын келтірмей абыроймен еңбек еткен ол қолданыстағы біліктілік деңгейі мен тәжірибесі мол судья екендігін көрсете білді. «Зер қадірін зергер біледі» дегендей, осы қызметтегі судьялар мен сот қызметкерлері қалалық сот жұмысының күрделігі мен моральдық тұрғыдағы ауырлығын, оның ерекшеліктерін жете түсінеді. Сондықтан, отыз жылдан астам осы сотта табанды жұмыс жасап, үлкен абыроймен еңбек демалысына шығудың қандай мәртебе екендігін білетіндер бұған тәнті болады.

Таңдаған кәсібіне адал болып, отандық сот жүйесінің беделі үшін аянбай еңбек ету Зина Ізбастықызының өмірлік мұраты болды.

Ол істің ақ-қарасын айырып, талай қылмыс пен жазаның, әділдік пен заңсыздықтың аражігін ашып, әрбір істі сабырлықпен зерделей білді. Ауыр қылмыстық істер бойынша ақтау үкімдерін қабылдап, әділдік пен адалдық үлгісі болды. Сот әділдігін жүзеге асырудағы жетістіктері үшін еліміздегі сот жүйесінің ең жоғары марапаты «Үш би» төсбелгісімен, Жоғарғы сот, Судьялар одағы, облыстық сот төрағаларының Құрмет грамоталарымен, бірнеше медальмен марапатталды. 2007 жылдың қорытындысы бо­йынша «Үздік судья» атанды.

«Елге бай құт емес, би құт» деген қазақ халқы. Зина Ізбастықызының тәжірибесінде даулардың көп бөлігі бітімгершілікпен аяқталып отырды. Бұл – оның ата-бабадан келе жатқан «дау мұраты – бітім» деген қағиданы басшылыққа алып, халық алдында өзінің шынайы шешімімен тараптарды татуластырып, әділ ісімен елдің ризашылығына бөленгенінің айғағы. Жуырда сот жүйесінің ардагеріне облыста алғаш рет «Құрметті судья» атағы және «Судьялар одағының құрметті мүшесі» құрмет белгісі табыс­талды.

– Мемлекет пен халық тарапынан көрсетілген сенімді судьялар ақтай білуі тиіс. Сол сенімді ақтаған жан расымен де зор құрметке ие болады, – дейді бейнетінің зейнетін көріп отыр­ған ардагер судья.

Ол жас судьялардың тәжі­рибесі мен кәсіби біліктілігін арттыруға елеу­­лі үлес қосып, тәжірибесін жас ма­мандарға үйретуден жалықпайды.

Бүгінгі күні Зина Ізбас­тықызы облыстық және оған теңестірілген соттарда судьялардың іс-әрекетіне жеке және заңды тұлғалардың шағымдарын қарау жөніндегі тұрақты түрде жұмыс жасайтын топтың мүшесі. Сондай-ақ, облыстық адвокаттар алқасы тәртіптік комиссиясының мүшесі.

 

Сәбит ӘБДІҚАНОВ,

облыстық сот судьясы, 

облыс бойынша 

Судьялар одағының төрағасы.

ТАҒЫЛЫМ 01 маусым 2019 г. 1 380 0