Дос туралы сыр

15 мамыр – мемлекет және қоғам қайраткері Сейілбек Шау­хамановтың  туған күні. Қай­таланбас тұлғаның мәңгілік сапарға өткеніне де жылға  жа­қындап  қалды.

Өмірден озғанымен, көргендер көңілінен өшпес жандар болатыны хақ. Сондай жанның бірегейі кеше ортамызда таудай болып жүрген Сәкең деп білемін. 

Менің Сәкеңнің өміріне баға беруге өрем жетпейді.

«Біреуге жақсы баға беру үшін, бағалаушының бойында сол қасиеттер болу керек» деген екен Шекспир. 

Ал мен жолдас, дос ретінде Сәкең туралы шындықты айтуды өзімнің парызым деп санаймын.

Заманымыздың ­ағымында Сәкеңнің азаматтық келбетін дүние танымын айғақтау, жас­тар­дың жадына жеткізу біздің парызымыз деп білемін.

Кім де болса, адам болмысымен, оның жүріп өткен еңбек жолына қарай баға берілсе керек.

Сәкең өзінің еңбекқорлы­ғымен талай шыңдарды ба­ғын­­дырып, адами қасиетте­рімен абы­ройлы азамат болды. Еңбегі бағаланып, көптеген биік  марапаттардың  иегері  атанды.

Сәкеңнің есімі Қазақ елінің, қала берді, облысымыздың та­ри­хында үлкен әріп­пен жазы­лып қалды. Сөз жоқ,  азамат басында болатын абырой, атақ, бақ-береке, елге сіңірген адал еңбегінің нәтижесінде ғана бо­латын жағдай екені белгілі жайт.

Мадақ мінбелеріне ­лайық тұл­ғаның еңбегін қашанда көп­шілік толық мойындайтыны ақиқат. Әр халықтың ел ішінде тау тұлғалары мен ардақтылары болады. Жастар үшін  Сәкеңнің  өмір жолы жарқын бейнесі өнеге, аса қадірлі, аса қымбат. Сәкеңді бір көрген адам даралығын, даналығын, адамгершілігін әр уақытта еске алып жатады десем артық айтпаған болар едім. Әр отырыста, әр жиында «Сәкең олай деп еді, бұлай деп айтқан» дегендей аталы сөздері ел аралауда.

Біртуар азаматтың сөздері солай болып сақтала беретіні сөзсіз. Сәкең халыққа сыйлы болды. Өзін-өзі сыйлата  білген кісі.

«Өз ойымен өмір сүріп, өзгенің орнына өзін қоя білген адам жақсы адам» – деген екен Лев Толстой. Бұл ұлы сөз Сәкеңе қарап, Сәкең секілді адамдарға  қарап айтылған болу керек.

Сәкеңде жайсаң мінез болатын, қатты сөзі жоқ, ешкімді ренжітпей қызмет атқарған адам. Әзілдің кені болатын, ұлы  сөзге  ұста, қысыр сөзге   қысқа болатын. Сәкең жаман ой ойламаған, жаман сөз сөйлеп аузын  былғамаған, жаман нәрсені  көріп тұрып көрмей, естімей бұл фәниден пәк болып тура келіп, тура  кетті деуге болатын шығар.  

Өмірінде басшылардан да, басқадан да, ескертпе естімеген, үстінен сөз асырмаған, кеудесін бастырмаған, ешкімнің аузын аңдымаған, қас-қабағын  бақпаған, жалпылдамаған, желпілдемеген, артық сөз айтпаған. Серігі  сенім  болды, адалдығы болды.   

Ағайын, құстың бәрі бұлбұл емес, жылқының бәрі дүлдүл емес. Адамның бәрі бірдей емес. Біздің  қоғамымызда бәрі бар.

Бақ жұлдызы жанғандар бар, елге сыйлы, сыйсыздар да бар. Жоқтаушы жоқтар бар, мақсатына жетпегендер бар.  

Халықтың қамын ойлайтындар да бар. Осылардың арасында шоқтығы  биік Сәкең бар болатын.    

Ол кісінің ерекшелігі үлкенді-кішілі мәжілістерде айқын аңғарылатын сөздері, неше түрлі әдемі теңеу­лерінен, ұтымды да өткір ойларымен бүкіл  жиналған қауымды бірден баулып әкететіндігі, қажетті жерінде қазақтың  әдемі ұтқыр теңеулерін  қолдана  қоятыны.

Сәкеңнің қаламынан шыққан «Ер қанаты», «Бақытыңды бағалай біл», «Алтын алма, ақыл ал», «Парыз бен парасат» атты кітаптары және басқа да эссе шығармалары, түптеп келгенде, ой-өресінің биік екендігін, ұстамы айқын,  кісілік кескіні жоғары өмірі жастарға өнеге болар парасатқа толы екенін анық көрсетеді. Рухани тазалыққа, отансүйгіштікке бағытталған, қазіргі кезеңде өте қажет, жоғалып бара жатқан адами құндылыққа негізделіп жазылған дүниелер өмірге көзқарас­тың жаңа шыңына жетелейді.     

Сәкең туралы әр жылдары жазылған үлкенді-кішілі газет беттерінен  көрініс  тапқан  мақалалар  ерекше  деу­ге  болады.

Өзінің тіршілік кезінде Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Тә­ңір сыйлаған талант», Әбіш Кекілбаевтың «Көркем ой мен көсем сөздің қайнары», Сағидулла Құбашевтың «Білікті бас­шы, қарымды қайраткер», «Академик К.Ормантаевтың «Сейілбек», Өтеген Жаппархановтың «Абыз», Мұрат Бақтиярұлының «Дария­ның алтын көпірі», Кеңес Маханбетовтың  «Первопроходец независимос­ти», Итен Қарымсақовтың  «Шар­­шамайтын Шау­хаманов», Шыңғыс Айбосыновтың «Даналыққа толы ғұмыр», т.б. ойлы тақырыпта жазылған мазмұнды мақалалардың қай-қайсысын оқысаңыздар да Сәкеңнің  туа-бітті болмысын, әдептерінің қыр-сырын, ел мүддесі жолындағы игілікті істерін, ғибратты өмір жолын, өнегелі жарқын  бейнесін айғақтап тұр.

Сәкең өмірінің соңғы жылдары бірлік пен шындықтың  ортасында жүрді. Адамгершілікке  арналған мол сауаптың  иегері  болды.

Сәкеңнің айта кететін ерекшеліктерінің тағы бірі, соңғы жұмысы облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы ретінде, әрбір азаматтың тағдырына барынша байыппен, тиянақтылықпен  қарап, мұңын мұңдап, жоғын  жоқтап, қиналған жандардың жанынан табыла білді десем, шындықты айтқаным болар.

Өмір кезеңдерінде жарқын жақтарын жете меңгерген, еліне, жұртына қадірлі, құрметті азамат болып дүние­ден озды. Мен Сәкеңді үнемі аманат  арқалап  жүрген азамат есебінде  бағалаймын.

Қазақта «Жігітте де жігіт бар, азаматы бір бөлек, жылқыда да жылқы бар, қазанаты бір бөлек» деген даналық сөз бар. Осы сөз Сәкеңе  қарап айтылғандай болып сезіледі.

Бүгіндері Сәкеңнің азаматтық бейнесі мен кісілік келбеті ойға оралып, әркезде сабырлы, салиқалы, айқай-шуды  жақтырмайтын,  қашанда  тілегі түзу, се­німді  сөйлейтіндігі  көз алдымызға елес­теп келеді.

Мен білетін елу жылдай уақытта  Сәкең пенде болып ешкімді бетінен   қақ­паған,  жаны  жайсаң,  рухы биік азамат еді.

Жақсылықтың отын маздайтын да адам, жамандықтың түтінін  бықсытатын да  адам. Шарапат  жақсыдан,  кесапат жаманнан. Бәрі адамға  байланысты.

Жақсыны ту етіп көрсету, мадақтау, дәріптеу керек. Өйткені өмірге жаңа ұрпақ, жаңа толқын жас буындар келеді. Олар алдағы өнегелі әкелерін, ағаларын  білуге  тиіс.

«Өлді деуге болама айтыңдаршы, өлмейтұғын артында сөз қалдырған» – деп хәкім Абай айтқандай, соңында өшпейтұғын із қалдырған жанның бірі – осы Сейілбек Шаухаманов деп білемін.

Сәкең туралы, ол кісінің елге атқарған ізгі жұмыстарын, болмысын, адамгершілік қасиетін айтып жеткізу мүмкін емес. Еңбегімен ел таныған, ел сенімін ақтаған, аты аңызға айналған абыз сағым болып кетіп бара жатыр, ұстайын десең, ұстатпайды, қуайын десең, жеткізбейді. Өкініште жүрген  жағдайымыз бар.

 

Тұрғанбай МАХАНОВ.

ТАҒЫЛЫМ 14 мамыр 2019 г. 1 595 0