« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Екінші дүниежүзілік соғыстың оты сөніп, Жеңіс туының желбірегеніне 74 жыл толды. Қан майданнан аман оралған санаулы ғана сарбаз қалды. Олардың әрқайсысын қадірлеу, құрметтеу, оған қоса жастығы мен денсаулығын соғыс даласында қалдырған, бүгінде өмірден өтіп кеткен ардагерлерді еске алу – бейбіт күннің бесігінде тербелген әрқайсымызға парыз.
Менің әкем Әби Қамысбаев соғыс басталғанда 18 жаста екен. Соғыс оты өршіп тұрған 1942 жылы әскерге алынған. Қазір тарихтан қарасақ, бұл жыл соғыстың ең ауыр да қанқұйлы кезеңі болыпты. Қызыл Армия Ржев, Харьков, Новгород түбіндегі ұрыстарда орны толмас шығынға ұшыраған.
Әкем алдымен Семей қаласындағы 3 айлық курстан өткен соң, Калинин майданына жіберілген. Калинин майданы – Жеңіс жолындағы шешуші шайқастардың бірі болғаны белгілі. Осы майданда қарсыластар батысқа қарай шегініп, Мәскеу, Калинин және Тула облыстарының ондаған қалалары мен жүздеген селолары басқыншылардан азат етілді. Қиянкескі ұрыстың ортасына түскен жас жігіт ерліктің үлгісін көрсетті. Елге қалайда аман оралуды, бір атадан жалғыз болғандықтан отбасын құруды ойлады. Қайсарлық пен табандылықтың үлгісін көрсетті. Жау оғынан жараланып, 1945 жылы жеңіспен оралды.
Соғыстан кейінгі тұралаған шаруашылықты қалпына келтіру, қамкөңіл жандарды жұбату жолында талмай еңбек етті. ПМК партия ұйымын басқарып, Сырдария аудандық партия комитетінде нұсқаушы болды. Кейін қалалық партия комитетінде, одан соң облыстық партия комитетінде еңбек етті. 1974 жылдан бастап өмірінің соңына дейін облыстық кәсіподақ ұйымының салалық төрағасы қызметін атқарды.
Отбасында ағайынды жетеумізді тәрбиелеп өсірді, барлығымыздың жоғары білім алуымызды, орнымызды табуымызды өз өмірінің басты мақсатына балады. Принциптеріне адал, бәрімізден шындықты, тиянақтылықты талап ететін. Ұл-қыздарын еңбекпен есейтті. «Өзіңе арқа сүйеп келген адамнан көмегіңді аяма. Үлкенді сыйлай білмесең, ертең үлкейгенде сый-құрмет көрмейсің» деген ақылды көп айтатын. Он сегіз жасында от кешкенмен, бойындағы мейірімділігі, кісіге деген шапағатын жоғалтпаған жан еді. Жақын-жуықтан қолынан келген көмегін аямайтын.
Әкемнің соғыс жылдарында және бейбіт өмірде жасаған еңбегі «За боевые заслуги», тағы бірнеше медальмен, «Халықтар достығы» орденімен марапатталды. «Зейнетке шыққан соң, балаларым мен немерелерімді бағып, қылықтарын қызықтап отырсам» деп армандайтын еді. Бірақ тым ерте 58 жасында дүниеден озды. Жеңіс күні жақындағанда жер жаһанның жартысын шарпыған соғыс туралы, оның жеңімпаздары туралы көп айтамыз. Сол жеңімпаздардың арасында әкеміз Әби Ахметұлы Қамысбаев та болғанын ұрпағы мақтан етеміз.
Салтанат ҚАМЫСБАЕВА.
Қызылорда қаласы.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |