« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Ұлы Отан соғысы – халқымызға төнген ең ауыр төрт жыл, 1418 күн мен түн бойы өз жері мен отаны үшін, келешек ұрпақ үшін жан алысып, жан беріскен сұрапыл кезең болып тарихта қатталып қалды.
Сол жылдары Қазақстан миллиондаған босқындарды өз бауырына аналық мейірімімен тартушы, эвакуацияланған завод пен фабрикаларға, майданға керекті оқ-дәрі мен азық-түлік жеткізуші үлкен арсеналға айналды. Иықтарына үлкен ауыртпалық түскен еңбек даласында миллиондап жұмыс істеген әйелдерсіз, жасөспірімдер мен қарттарсыз Жеңіс күнін көзге елестету мүмкін бе еді?! Ешқашан да жауынгер ерлігі мен жеңісті еңбегімен соққан еңбекшілердің ерен ерліктері ұмытылмайды! Сол сұрапыл соғыстың артиллерия полкында талай ерлік үлгілерін көрсеткен қызылордалық қаһарман Қожахмет Бектанов атамыздың өрлікпен өрілген өмір жолы ұрпаққа өнеге.
1922 жылы Ақмешітте кедей шаруаның тоқал тамында дүниеге келді. Әкесі Бектан колхозшы, анасы Сазанбайқызы Күріш өмірге үш ұл – Қожахмет, Жұманияз, Бекнияздарды әкеліп, тәрбиеледі. Бала кездерінде ашқұрсақ жүрсе де, кейде бір уыс бидайды талғажау ететін еді. Қайран ата-ана күнкөріс қамымен перзенттері үшін қолдан келгеннің бәрін жасады. Ұлы Отан соғысы басталғанда он сегіздегі бозбала Қожахмет ата-анасының қолдарын ұзартып, жұмыс істеп, отбасына кіріс келтіріп, тыным таппайтұғын. Жасыратыны жоқ, арасында ұрланып, сол кездегі базар жанындағы халық иін тірескен «оянкоматқа» бірнеше рет барып, соғысқа сұранып, меселі қайтқаны бар. Ондағылардың айтатыны: «Асықпа, бала. Өзіміз шақырамыз». Сөйтіп жүріп 1942 жылы соғысқа шақырылып, жүз шақты бала Қызылорда вокзалынан эшелонға тиеліп Ташкеннiң жанындағы Самарқандта әскери дайындықтан өте бастады.
Артиллерия әскерінің машығына екі ай оқып, қаныққан соң мұрттары енді тебіндеген өндірдей мыңдаған жастарды Белоруссия майданына апарып салды.
Белоруссия елі үш жыл бойы жау оккупациясының астында болып, қайғы-қасірет көрді. Фашистер белорус халқының барлық қоғамдық байлығын талан-таражға салды, қалаларды қиратты, селоларды өртеді, 2 миллион 200 мыңнан астам тұрғын мен біздің елден тұтқынға түскен әскерлер құрбан болды. Гитлершілдерден қасірет шекпеген бірде-бір отбасы болмады. Бірақ Белоруссия халқы қас дұшпан алдында тізе бүккен жоқ, басын тік, рухын биік ұстады.
Кеңес әскерлерінің Белоруссиядағы шабуылы соғыс басталуының үш жылдығымен тұспа-тұс келді. Сол өткен үш жылда Кеңес Одағы фашист әскерлерін кескілескен ұрыстарда жер жастандырып, өз Отанын жендеттерден азат ете бастады. Енді неміс армиясының «Центр» тобын тас-талқан ету міндеті тұрды. 1944 жылдың 3 шілдесінде Минск жаудан толық азат етілді. 28 шілдеде І Беларусь майданының әскерлері Брест қаласы мен Брест қамалын жаудан азат етті.
Солардың ішіндегі зеңбірек батареясының көздеушісі Қожахмет Бектанов сол кезде жиырма жастағы алмас қылыштай өткір, бойында күш қуаты тасыған нағыз жалындап тұрған жігіт шағы еді. Жас сарбаз өзіне жүктелген тапсырманы тыңғылықты орындайтын қасиетімен ерекшеленді. Соғыста Белоруссия, Украина, Венгрия жерлерінде болып, жанқиярлықпен талай жаудың көзін жойып, «Ерлігі үшін», «К.Г.Жуков» атындағы, «Германияны алғаны үшін» және Ұлы Жеңістің әр он жылдығы мерекелік медальдарымен марапатталды.
Қанды қырғын жеңіспен аяқталған соң Қожахмет Бектанов елге оралып, ауыл шаруашылығы саласында жемісті еңбек етті. Ташкент қаласындағы аграрлық институтта оқып, агроном мамандығын алды. Бертін келе шаңырақ көтеріп, құдай қосқан қосағы Шакида анамызбен 10 перзент сүйді.
Міне, мәуесін жайған қарашаңырақтың ақсақалды қариясы мен әзиз анасы осылай ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырып, 22 немере, 14 шөбере сүйген әлеуетті әулет.
Ардагер көкеміз қарашаңырағында отырғанымызда «Біз көрген ызғарлы күндерді, ұрпағымыз көрмесін, Елімізде мәңгі бейбітшілік орнасын...» – деп, батасын беріп, ел-жұртының амандығын тіледі.
Осы мақаланың жазылуына себеп болған ардагер әкеміздің сүйікті қызы Гүлсара Қожахметқызы былай дейді, жас кезімде папама еркелеп: «соғыс туралы айтшы», – деп қасынан шықпайтынмын. Сонда: «Жә, соғысы құрысын! Көппен бірге болдық ғой. Жас болдық па, әлде кейіннен етіміз үйреніп кетті ма, төбемізден жау самолеттері шүйіліп жүрсе де, Белоруссияның орманының ми батпағында зеңбірегімізді итеріп жүре беруші едік. Қалтамызда қысқаша неміс тілінде жазылған бір жапырақ қағаз болатын. Онда немісті тұтқынға алып жатсақ қалай сөйлесу туралы жиі қолданылатын сөздер жазылған. Немістер жағынан бір самолет ұшып біздің шепті бір айналып өтсе біз бірден біле қоямыз. Яғни, көп ұзамай қаптаған неміс самолеттерінің бомбалауы басталады. Біз дереу шебімізді өзгертіп, терең окоп қазып дайындық жасайтынбыз. Бір зеңбірек орудиесінде төрт жауынгер болдық. Бәріміз де бір адамның баласындай бауырмал болып, ұрыс кезінде бірі-бірімізді қорғаштап, ұйымшылдық көрсете білдік», - дейтұғын.
Иә, Отан алдындағы борыштарын өтеп, еліміздің амандығын, жеріміздің тұтастығын қорғап қалған ардагерлерге тағзым ету біздің қашан да парызымыз. Себебі, олар еліміздің жарқын болашағын, жас ұрпақтың өмірін, халықтың бақыты мен қуанышын сақтап қалды. Сондықтан да біздер бүгінгі бейбіт өмір үшін соғыс ардагерлеріне мәңгі қарыздармыз. Ұлы жеңістің қандай күшпен келгенін ешбір азамат ұмытпай, соғыс тарихын ұрпақтан ұрпаққа естелік ретінде қалдыратыны сөзсіз. Азаттықтың ақ таңында өмір сүріп жатқанымыз – соғыстың жеңіспен аяқталуын маңдай тер, бейнетпен әкелген ата-әжелеріміздің ерен еңбегі.
Болмыс-бітімі батырлық пен өрлікке толы Қожахмет Бектанов атамыз бейбіт кезеңде де тегеурінділік танытып, ұлт рухын асқақтатып келе жатыр.
Қалай десек те, төрт жыл сыз жастанып, жер кепе мен окопта ұйқысыз, мазасыз түндерді, кескілескен шайқастарды басынан өткізген қайсар да қайтпас ер Қожахмет Бектанов атамыздың есімі – батырлықтың символы. Қандай қиыншылық болса да, Отан үшін от кешкен ардагер атамыздың өмірі мен ерлігі – біз үшін үлгі.
Амангелді
СУХАНБЕРЛИЕВ,
Қазақстанның Құрметті журналисі.
Қызылорда қаласы.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |