Жастай көрген майданды

«Неменеге жетістің, бала батыр?» деп басталатын ақиық ақын Мұқағалидың өлеңі есіме түсіп отыр. Облыс орталығына таяқ тастам жердегі Сырдария ауданы бойынша қан майданның бел ортасында жауға оқ атып, ел үшін күрескен бар-жоғы екі ардагер ғана қалыпты. Бірі – Яхия Тасыров, екіншісі – біздің бүгінгі кейіпкеріміз Махамбет Бержанов. 

Кенттің шеткі көшелерінің бірінде орна­ласқан көк қақпалы еңселі үйдің бір бұрышына «Бұл үйде ҰОС ардагері Махам­бет Бержанов тұрады» деп жазы­лыпты. Өскелең ұрпақ білсін, ардагерге құрмет жасап жүрсін деген мақсат қой баяғы. Бізді көрген қария төсектен тұра сала, құрметімізге разылығын айтып, сапарымыздың жайын сұрап, терең ойға шомды. Бәлки, сұра­пыл жылдар жайын ой елегінен өткізсе керек. Өмірінің қырық жылын құқық қорғау саласына арнады. Қолынан қару түспеген қаһар­ман со­ғысқа аттанғанда кәмелет жасқа да толмаған еді.

– Әскерге Жалағаш ауданына қарасты Ынтымақ колхозынан шақыртылдым. Қазіргі Еңбек ауылы. Алтыншы сыныптың алғашқы айларында әскери комис­сариатқа шақырды. Ол уақытта бізде ондай мекеме жоқ, Қармақ­шыға бардық. «Дайындалып жүрің­дер, май­данға барасыңдар» деп ескертті. Ауылда бейқам жүрген бала едік, 1943 жыл­дың нау­ры­зында Қиыр Шығыстан бір-ақ шықтық, – деді майдангер сөз басында.

Сарбаздарды күн жүріп, түн жүріп, 26 күн дегенде Чита облысы Матсеевский стан­са­сынан түсіріп, жертөлеге орна­лас­тырады. Әдепкіде ауыл балаларын аз-кем оқытып, қолға қару ұстатып үйретті. Қағы­лез­дерін дереу іріктеп, алдыңғы лекпен майдан дала­сына жөнелткен. Тамыз айында үшінші эшелонның қатарында Махамбет Бержанов та мылтық асынып, оқ пен оттың ортасына кете барды. Забайкал әскери округі 36-шы армиясының 293-атқыштар пол­кінде әскери борышын өтеуге кірісіп кетті.

– Бірде Чита облысы Чита стансасында эшелон тұтастай дизентерияға шалдықты. Амал жоқ, ондай ауруға ұшыраған әскер қайдан соғыс­сын?! Қырық күн карантинге қойды. Содан бізді Германиямен одақтас Жапонияны алуға дайындады. Әбден әскери тәртіп пен ережені нықтап санаға құйып, қайтпас қайсар етті. Сөйтіп, біз 1945 жылдың 8 мамырында шекара асып, Манчжурияға кіріп бардық. Оны азат ету үшін күрестік. Жапондар жеңіліске ұшырады, – деп қысқа қайырды ақсақал.

Соғыс бітіп, құлазыған ел­дің еңсесін көте­руге кіріскен май­дангерлер қатарына Махамбет Бержанов 1948 жылдың қара­ша­сында елге оралғаннан кейін қосылды. Ұлы Отан соғысына аттанып, Жапон соғысынан елге оралған қаһар­ман 1954 жылы Ішкі істер органдарына қызметке қабылданды. Қармақшы аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы қызметіне дейін көтеріліп, поли­ция полковнигі шенінде құрметті еңбек дема­­лысына шықты.

Махамбет Бержановқа ҰОС жылдарында «Жапонияны жең­гені үшін» медалі,  І  дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» ордені табысталған. Сондай-ақ, «Ерен ең­бегі үшін», «Кеңес мили­циясына – 50 жыл» медаль­дарымен марапатталды. «Үздік қыз­меті үшін» төсбелгісі мен көптеген ме­даль­дары омырауда жарқырап тұр. Өсіріп-жет­кізген ұл-қыздарынан немере мен шөбере өрбіп, мәуелі ағашқа айналды. Енді ғибратты ғұмыр иесі олардың түзу шыбықтай қалып­та­суына тәрбие беріп отыр.

– Айналайын, кезінде біздің қолымыз көп нәрсеге жетпеді. Білім алыңдар, қазір білектінің емес, біліктінің дәуірі. Білсең, озасың, білмесең, тозасың. Замандарың, ты­ныш, бейбіт болсын. Еліміз аман, жұр­ты­мыз тыныш болғай. Тілегіміз сол, – деген қарияның ақ тілегі мен ақ батасын арқалап біз кеттік.

Дәулет ҚЫРДАН.

Сырдария ауданы.

ТАҒЫЛЫМ 08 мамыр 2019 г. 546 0