«Қызыл Жұлдызды» жауынгер

Фашистік Германия тұтатқан екін­ші дүниежүзілік соғыс өткен ға­сыр­дың ең қаралы кезеңі екені тарихтан мәлім. Сол тұста Қазалы ауданынан 11 мыңға жуық азамат майданға ат­танса, олардың 6 мыңнан астамы ғана елге оралған. Қазіргі таңда ара­мызда жүрген саусақпен санар­лық­тай май­дан­герлердің қата­рында Бек­арыстан би ауылының қарт тұрғыны Қабақ Смағұл да бар.  

Бұл күнде тоқсан жастың төріне шыққан кешегі батыр жауынгердің өмір жолына үңілсеңіз, құдды ертегі тыңдап отырғандай әсерге бөленесіз.

Қабақ көкеміздің әкесі Смағұл, анасы Төлебике ел-жұртына беделді адамдар еді. Қабырғасы қатып, бұғанасы бекіп үлгермеген бозбала ша­ғынан колхоз даласында бі­лек сыбана жұмыс істеген кейіп­керіміз еңбек қазанында  шар­бо­латтай шыңдалды. Жұмыс нормасы тәулігіне 1,25 еңбек күнін құрайтын. Нәпақасын маң­дай терімен тапқан балаң жігіт анасына қоса туыс-туған­дарының да асыраушысы болды. Жұмыр әлемді тітіренткен соғыс өрті тұтанғанда Смағұлдың Қа­­бағы да өзге тұрғыластары сияқ­ты майданға баруға тілек білдірген еді. Тым  жастығы ке­дер­гіге айналды. Өтініші 1942 жылдың шілде айында ғана қана­ғат­тандырылды.

Қабақ қызмет жасайтын  полк әскери қимылдарға машықтанған соң Мәскеу бағытына бет алды. Жаста­йы­нан ауыр бейнетке пісіп-жетілген ауыл баласы темір тәртіпке тез көндікті. Бас­шы­­ларының назарына ілікті.  Маршал Рокосовскийдің басқар­уын­дағы ІІІ ек­пінді армия қата­рында соғысқан аталған  полк Тула қаласына жақын жерде қорғаныс ұрыстарын жүргізді. Қабақ батылдығымен таны­лып «Ерлігі үшін» медалін иеленді. Бір күні фашистер жанталаса шабуылға шықты. Қорғанысқа көшкен Қабақ пен қарулас серіктері негізгі күш көмекке жеткенше бекіністі жауға бер­меді. Ат төбеліндей солдаттар жанқиярлықпен шайқасты. Бұл жолы Қабақ «Қызыл Жұлдыз» орденін жарқырата омыра­уына тақты.

Ақыры Тула қаласы да жаудан боса­тылды. Іле-шала Орел қа­ласы азат етілді. Осы шайқаста Қабақ Смағұл ауыр жараланды. Горький қала­сындағы гос­пи­тальда ұзақ уақыт емделді. Соңында әскери комиссияның шешімімен елге қайтарылды. Оның омырауындағы «Қызыл Жұлдыз», І, ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордені, көптеген ме­даль­дары майдангердің өшпес ерлі­гінің куәсі.

Ауылға  келген соң Қабақ жеңісті жақындатуға сүбелі үлес қосты. №24 Октябрь орта мектебінде есеп­шілікте жүргенде соғыс комис­са­риа­ты­ның бұй­рығымен Қара­ған­дыға еңбек армия­сына алын­ды. Міне, көптен күткен Жеңіс күні салтанат құрды. Кешегі батыр жігіт ағарту үйінің меңгерушісі, ауылдық кеңестің хатшысы лауазымын атқарды. Есепшілік саласында тура 40 жыл жұмыс жасады. Анамыз Күлжан екеуі он бала өсіріп, ел қатарына қосты. Балаларының баршасы жоғары білім алды. Абыз  қария бауырынан өрбіген перзенттерінен 21 немере, 20 шөбере, шөпшек сүйіп отырған  өнегелі өмір иесі.

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.

 

Қазалы ауданы,

Бекарыстан би ауылы.

ТАҒЫЛЫМ 08 мамыр 2019 г. 517 0