Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалады» – деп, XXI ғасырдағы білімнің алатын орнына айрықша тоқталған болатын.
Өйткені, білім беру саласы елдің бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін аса маңызды бағыттардың бірі болып табылады. Білімді, көзі ашық, көкірегі ояу болуға ұмтылу – халқымыздың қашаннан қанында бар қасиет. Бабаларымыз сонау бағзы замандардың өзінде «Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады» деп бекер айтпаған. Білімді жас ұрпақтың бойында ұлттық рух болуы қажет.
Елбасы өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында тарихи сананы жаңғырту мақсатында бабаларымыздың өмірі мен олардың ғажап өркениеті жөніндегі көптеген деректі құжаттарды әлем архивтерінен тауып, зерттеуге және өз тарихымызға деген мақтаныш сезімін ұялатып, жастарға отаншылдық тәрбие беру үшін мектептер мен барлық өңірлердегі өлкетану музейлерінің жанынан тарихи-археологиялық қозғалыстар құрудың маңызды екенін баса айтқан.
Осы бастама жайлы ойлағанда есімізге сонау 1960-жылдардың өзінде алғашқылардың бірі болып туған өлкенің тарихын оқушылармен бірлесе зерттеу жұмысын қолға алған КСРО білім беру ісінің үздігі, ұлағатты ұстаз, тарих пәнінің мұғалімі Сәден Нұртаев түседі.
Сәден ағамыз жастайынан туған өлке мен туған ауыл тарихына қанығып, өңірден шыққан би-шешендер, ақын-жырауларға қатысты әңгіме, толғау-қиссаларды құлағына құйып, дастан-жырларды жадына жаттап өседі. Онжылдық мектепті бітіргеннен кейін Қызылорда қаласындағы Н.Гоголь атындағы педагогикалық институтты аяқтап, Ақтөбе, Ақжар және Жаңақала ауылдарындағы мектептерде тарих және қоғамтану пәндерінен дәріс береді. Сабақ өту барысында кітапта жазылған жалаң оқиғаларды сол қалпында баяндай салмай, әрбір тарихи оқиғаны өмірмен тікелей байланыстыра түсіндіріп, оның өмірде қолданылуы жағына басты назар аударады. Бұл қазіргі уақытта білім жүйесінде күн тәртібінен түспей тұрған оқушылардың функционалдық сауаттылығын қалыптастырудың нақ өзі емес пе? Сол кезеңде КСРО Білім ағарту министрлігі тарапынан дәрістерді арнайы кабинеттерде оқыту бағдарламасы қабылданып, республиканың барлық орта мектептерінде кабинеттік оқыту жүйесі кеңінен қолданысқа ене бастайды.
Осы бағдарламаның мақсатын алғашқылардың бірі болып түсініп, оны іске асырып, өзінің тәжірибесін баршаға таратқан Қармақшының қиян шеттегі құмдағы ауылы «Жаңақала» совхозындағы №185 мектептің мұғалімі Сәден Нұртаев болды.
Сәден Нұртайұлы кабинеттік оқу жүйесі жөніндегі іс-тәжірибесін көрсетуде алдымен ауданнан, сосын облыстан, одан кейін республикадан 1-орын иеленіп, 1971 жылдың 23 шілдесінде I жалпыодақтық «Үздік оқу әдістемесі және оқу құралы» сайысында жеңіп шығып, КСРО Білім ағарту министрлігі жанындағы қазылар алқасының шешімімен Құрмет грамотасына ие болады. Республиканың Орталық партия комитеті де ұлағатты ұстазды одақтық білім сайысындағы үздік жетістігіне байланысты марапаттайды. Сәден Нұртаевтың кабинеттік жүйе және оның тиімділігіне арналған мақаласы 3 миллион тиражбен Мәскеуден шығатын одақтық «Наука и жизнь» журналында жарияланады.
Мамандығын шын сүйген ұстаздың басшылығымен мектеп жанынан музей жасалып, оған жәдігерлер жинақтауға мектептің барлық оқушылары белсене кіріседі. Сәден ағайдың оқушылары сол маңдағы «Сырлытам», «Ақмырза», «Қандыарал», «Қарақ», «Қосқала», «Құмқала» сияқты тарихи орындарға кәсіби археологтарша қазба жұмыстарын жүргізген. Көптеген көне тұрмыс заттарын, қару-жарақ, қақпан, қайрақ, бүтін қыш ыдыстар мен оның сынықтары, ою-өрнектері бар бұйымдар тауып, мектептегі тарих музейіне тапсырып отырған. Жаңашыл мұғалім құрған мазмұнды музей қызметімен танысу мақсатында облысқа келген республика партия және білім саласы басшылары құм ішіндегі ауылға жиі соғып тұрыпты.
Ол кездері партия және үкімет тарапынан білім саласына қалай көңіл бөлініп отырғанын мына фактіден көруге болады. Сәден Нұртайұлын 1965 жылы осы Ақжар ауылындағы №28 мектепке директор етіп тағайындарда Қармақшы аудандық партия комитетінің хатшысы А.Жанпейісов пен облыстық білім ағарту басқармасының басшысы У.Төралиев арнайы ұсыныс жасап, Қызылорда облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы М.Ықсанов қаулыға қол қояды. Ағамыз бұл мектепті 1970 жылға дейін табысты басқарды.
Сол жылдардың өзінде ұлағатты ұстаз Сәден Нұртайұлы шәкірттерін ұлттық тамырдан ажырамауға, туған жердің тарихына асқан ынтызарлық және ыждағаттылықпен қарауға, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтауға тәрбиеледі.
Жалпы «Өрлеу» Біліктілікті арттыру Ұлттық орталығы» АҚ Басқарма басшылығымен барлық филиалдарда еліміздің білім беру саласында табысты еңбек еткен ардагер ұстаздарды ұлықтау жұмыстары жақсы жолға қойылған.
Осы мақсатта 2018 жылы мамыр айында «Өрлеу» Біліктілікті арттыру Ұлттық орталығы» акционерлік қоғамының филиалы Қызылорда облысы бойынша педагогикалық кадрлардың біліктілігін арттыру институтының ұйымдастыруымен Қазақстан тарихы пәнінен 9-10 сынып оқушылары арасында Қармақшы ауданы Ақжар ауылындағы №28 орта мектепте КСРО білім беру ісінің үздігі, ұлағатты ұстаз Сәден Нұртаев атында Сыр өңіріндегі цифрлық форматтағы алғашқы облыстық олимпиада өткізілді.
Асыл азаматтың ұрпақтары атынан баласы Рзақұл Нұртаев соңғы үлгідегі оқу құралдарымен және интерактивті тақтамен жабдықталған тарих кабинетін ашып, мектеп ұжымына Елбасының «Тәуелсіздік дәуірі» кітабын және түрлі бағыттағы кітаптар табыс етіп, оқушыларға білім көшінің алдыңғы қатарында болуларын тіледі.
Облыстық олимпиаданың І кезеңінде қатысушылар ACTIVote құрылғысы арқылы берілген тест сұрақтарына желісіз радиопульттің батырмасын басу әдісімен жауап беруге мүмкіндік алды. Тест қорытындысы экран бетіне автоматты түрде шығарылып, олимпиада ережесіне сәйкес жоғары балл жинаған 16 оқушы (әр сыныптан 8 оқушыдан) ақтық сынға жолдама алды. II кезеңде қатысушылар Power Point бағдарламасында жасалған деңгейлік тапсырмаларға жауап беру арқылы ұпай жинақтады. Ұпай қорытындысы бойынша олимпиада жеңімпаздары анықталды. Айта кететін жайт, екінші кезең 100-ден астам жанкүйерге толы мектептің акт залында өткізілді.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдармен, қаржылай сыйақымен марапатталды. Сонымен қатар, облыстық олимпиадаға қатысушылардың барлығына және оқушылардың жетекшілеріне қаржылай сыйақы мен Алғыс хаттар табыс етілді.
2019 жылдың 3 мамырында Ақжар ауылындағы №28 мектеп базасында «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Қызылорда облысы бойынша ПҚ БАИ институты ұйымдастыруымен Қазақстан тарихы пәнінен 9-10 сынып оқушылары арасында ұлағатты ұстаз Сәден Нұртаев атындағы цифрлық форматтағы республикалық олимпиада өткізілмекші. Оған Қызылорда облысы оқушыларымен қатар Жамбыл, Түркістан, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Атырау облыстары мен Шымкент қаласының үздік оқушылары қатысады деп күтілуде.
Сыр бойына республиканың түкпір-түкпірінен келген оқушылар ұлағатты ұстаз С.Нұртаевтың өмір жолына қанық болып, тағылымы мол тарихшының тәлімге толы тағдырында жүргізген ғылыми зерттеулерін зерделеп, Ұлы даланың ұлылығын ұғынып қайтатынына сенім мол.
Бауыржан ЕЛЕУСІНОВ,
«Өрлеу» БАҰО» АҚ
филиалы Қызылорда облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының
директоры.