Тұңғыш Президент-Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» еңбегінде: «Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс» деуі тегін болмаса керек. Еліне еңбегімен танылған сондай азаматтың бірі – Мәжит Сағидатов.
Ол 1929 жылы Жамбыл атындағы колхозда дүниеге келген. Еңбек жолын 1944 жылы өзі туған ауылдағы №32 орта мектепте есепшіліктен бастаған. Содан кейін аудандық партия комитетінде қызмет атқарды. 1960-1964 жылдары Алматы қаласындағы Жоғары партия мектебінде оқыды. Жоғары партия мектебін бітіргеннен кейін «Мәдениет» совхозы партия комитетінің хатшысы, 1988-1989 жылдары совхоздың халықтық бақылау тобының төрағасы қызметін атқарды. Ол ауданның, ауылдың белгілі азаматы болды. Бүгінде тірі болғанда 90 жасқа келер еді.
Мәкең «Мәдениет» совхозында қызмет атқарған жылдары шаруашылық жылдан-жылға өсіп, құлашын кеңге жайды. Жаңа үлгідегі мектеп, клуб, балабақша, қонақ үйі, әуез мектебі салынды. Сауда орталығы жұмыс жасады. Совхоз есебінен демалыс үйлері мен туристік сапарларға тегін жолдамалар берілуге ықпал етіп отырды. Парк ашылып, ағаштар отырғызылды. Ол кісі адамға деген қамқорлықты бірінші орынға қоятын. Өздерінен ауысқан ет, сүт өнімдерін мемлекетке өткізуге белсене араласып, халықтың әл-ауқатын арттыруға, жағдайын жақсартуға күш салды. Әр аптаның дүйсенбі күні партия ұйымының есебін тыңдап отыру дәстүрге айналды. Мұндағы мақсат – ұжымдағы моральдық, әлеуметтік ахуалдың қандай дәрежеде екеніне көз жеткізіп, істің жайын жақсартуға нақты ықпал ету.
Ауыл ақ күріштің фабрикасы атанды. Облыста алғаш рет жүз мың центнер күріш алынды. Күріштен тау тұрғызылды. Ол іскер басшы Мәжит Сағидатов, совхоз директоры, Социалистік Еңбек ері Ұ.Еспановтың еңбегі еді.
Мәкең партия жұмсаған барлық учаскелерде өзінің күш-жігерін аямай еңбек етті. Ол «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, «В.И.Лениннің туғанына 100 жыл» және «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен марапатталды, «Ауданның құрметті азаматы».
Мәкеңнің ниеті таза, кісілігі мен адамгершілігі, ақыл-парасаты, кішіпейілділігі, қарапайымдылығы мол жан еді. Қабілет-қарымы, ұйымдастырушылық дарыны, айналасындағыларға қамқор-қайырымдылығы сол кезден-ақ байқалып тұратын.
Өмірде оқыған-тоқыған, парасат-пайымы мол, ел басқару дағдысын меңгерген азамат болып шыңдалуына оның өзінің мінез-құлқы әсер етті. Қазір ардақты ағам мен Үмітжан жеңгемнің артында қалған ұрпақтарын көргенде көңіл ажарымыз ашылып, бір серпіліп қаламын. Жеңгем сауда саласында қызмет жасады. Достары, жолдастары көп болатын. Алтын жүректі ағамның артында қалған ұрпақтары – оның мәңгілік байлығы. Барлығы да жоғары оқу орындарын бітіріп, әртүрлі салада қызметтерін абыроймен атқарып келеді. Екеуінің арман-мақсаты, көре алмаған қызықтарын, жете алмаған үміттерін жалғастыратын балалары бар.
Қуандық АХМЕТОВ,
ҚР Құрметті спорт қайраткері.
Жалағаш ауданы,
Мәдениет ауылы.