Отан үшін от кешкен

Екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңіс күні – тарихтың жарқын беті. Миллиондаған жауынгердің өзі түгіл хатына зарықтырған,  сұрапыл соғыс 1418 күн мен түнге созылған. Осы уақытта Кеңес армиясының қатарына 1 миллион 800 мың қазақстандық шақырылыпты. Қан майданда ерен ерліктің үлгісін көрсетіп, қызылордалық жауынгерлер де үн қосты. Сол ержүрек азаматтардың бірі – Әлібай Әбенов. 

Кісіліктің бет-бейнесін кі­ші­лік арқылы таныта білген, бек­зада болмыс иесі Әлібай Әбенов төрт жыл соғыстың бел ортасында жүріп, жеңісті жа­қындатқан. 1912 жылы дүние есі­гін ашқан майдангердің балалық шағы кеңес үкіметінің орнауы, колхоздастыру кезеңі­не, бозбала шағы ауыр да азапты ашаршылық жылдарына тұс­па-тұс келген. 1930 жылы біржылдық қысқа курста оқып, аг­роном мамандығын алған Әлібай 1932-1937 жылдары Ал­матыдағы мемлекеттік ауыл­шаруашылық институтында бі­лім алады. Елге келген соң, бір уақытта Сырдария ауданына қарасты жеті колхозда бас маман, агроном қызметін атқарып, салада жоғары өнімділікке қол жеткізеді. Ал соғыс басталысымен алғашқылардың бірі болып соғысқа сұранып, комиссариат шешімімен әскери училищеде оқып, аға лейтенант атағын алады.

Намыс пен күш-жігер қам­шылаған қазақ баласы 1942 жылдан бастап соғыс даласын­дағы №74, 76, 27, 8, 216, 79, 226, 71 батальондарында атқыштар полктарының саяси басшысы болып қызмет атқарған. Қан майданда от кешіп, елге келген соң қара нардай қайыспай еңбек еткен Әлібек Әбенов ҚР халыққа білім беру ісінің үздігі Сақташ Жұматаевпен әңгімесінде сұрапыл жылдар туралы сыр шерткен екен.

– Псков, Курск қалаларын жаудан азат ету майданында қиян-кескі ұрыстарға тап болдық. Техникасы мен күші басым жау танктері мен ұшақтары бет қаратпастай оқ жаудырды. Бірақ біздің жауынгерлер де окопта жатып, жаудың барлық техникасының күл-талқанын шығардық. Бұл ұрыста үш күнде жеңіске жеттік. Мұнан кейінгі ұрыс қимылдарымыз тек жеңіспен аяқталды. Ал Варшаваны азат етіп, Одер өзенінен өткенде, Дрезден, Франкфур қалаларын алғанда ауыр жараландым, – дейді ол.

Мұнан кейін бір ай демалыс алып, елге келген жауынгер қайтадан майданға аттанып, Жапон соғысына қатысып, 1946 жылы ғана елге оралады.

Жеңісті жақындатқан сарбаз Отанға оралған соң, Жаңақорған ауданының ауылшаруашылық басқармасындағы қызметін қайта жалғастырып, Шиелі ауданындағы Ы.Жақаев колхозын көп жылдар басқарыпты. Мұнан кейін Қызылорда қаласында, Сырдария ауданына қарасты «Комсомол» совхозында әуелі партия ұйымының хатшысы, агроном болып ең­бек етіп, құрметті демалысқа шығады. Майдангер жары Гүл­баһраммен бірге сегіз ұл-қыз өсірген.

Сасқанға сая, асқанға тосқан бола алатын мінезімен ағайынға ақылшы. Әлібек Әбенов 65 жасында өмірден өтеді. Ел дегенде елгезек, жұрт десе жұмыла еңбек ететін жанның жарқын істері бүгінгі ұрпағына үлгі.

Айдана ЖҰМАДИНОВА.

ТАҒЫЛЫМ 30 сәуір 2019 г. 577 0