БАЙҚОЖА БАТЫР

Айтушылардың сөзіне қарағанда, қазіргі Қызылорда облысы, оның кейбір төңірегі Елкей ханның (ресми құжаттарда Елекей-Ермұхамед Қасымов) қол астында болған. Патша өкіметі Елкейді хан ретінде танымаса да, халық таныған. Хиуа хандығы Елкейге: «Бізге бағын», – деп ұсыныс айтады екен. Елкей бағынбапты. Осыдан кейін неше жылдар бойы малын, жанын талап алып маза бермепті. Елкейде қарымта қайтарып соғысатындай күш болмапты. Бұл туралы әкеме анасы Ханша мынадай әңгіме айтып беріпті.

«Талай жылдар бойы Хиуа ханы мен Елкей хан ит ырғылжың күн кешіпті. Бір күні Хиуа ханы қулық ойлайды. Елкейді сыйламақ болып, отбасымен шақырып алады. Достасамыз дегеніне Елкей шын көңілімен нанады. Шындығында, Хиуа ханы алдап шақырып алып, өлтірмекші болады. Осы кезде әкем Байқожа батыр басқа жақта жаугершілікте жүр екен. Хиуа ханы ірі басты адамдарымен әрі ойласып, бері ойласып, Елкей ханды өлтіруге Байқожа батырдан қорқады. Қалайда ол кек қайтарады деп есептейді. Осының арасынша үш-төрт ай өтіп кетеді.

Байқожа батыр майданнан келсе, Елкей (Халық осылай атап кеткен. – Б.С.) жоқ. Ауылдағылар «Хиуа ханының алдап шақырып алып жібермей жатқанын» айтады. «Олай болса, мен ханды тұтқындықтан босатып әкелемін», – дейді халыққа. «Қасыңа адам қосайық». «Жоқ, жетегіме ат аламын да, жалғыз барамын», – дейді. Батырды айтқанынан қайтару оңай ма, көпшілік амалсыздан келіседі.

Байқожа батыр алдымен барлау жасап, Елкей ханның қай үйде қамаулы жатқанын біліп алады. Түнде барады да, бейғам тұрған қарауылдарын өлтіреді. Қамыспен жабылған жатаған үйге қамалған екен. Төбесін теседі де: «Елкей, шық», – дейді. Ол тесіктен салбырап түсіп тұрған мықты арқанды көріп: «Бала-шағамды қайтемін», – деп жауап қайтарады. «Онда шаруаң болмасын, тездет». Жетектегі атына мінгізеді де, тартып отырады.

Хиуа ханы таң атқан соң ғана біледі. Қасына бес жүз серік алады да, Елкей ханды өзі қуады. Ол күні жете алмайды. Келесі таң атқанда барып екі аттының қарасы көрінеді. Хан: «Жалғыз өзі келіп, Елкейді босатып алған неғылған жүрек жұтқан адам», – деп ойлайды да, жауырыншысын шақыртып алады. «Анау кісіні байқап көріңізші», – деп шын ойын жасырмайды. Жауырыншы жауырынына қараса, Байқожа батырдың соңында ғайып ерен қырық шілтен бара жатыр [Соңына ғайып ерен қырық шілтен еріп жүрген адам тегін бола ма?!]. Көріпкел Хиуа ханына көргенін айтады. Тағы да: «Анау Елкейдің қасында бара жатқан адам өте қауіпті: Сіздер бес жүз болсаңыздар да қырып кететін түрі бар», – деп қорқынышын қоса білдіреді. Уәлиі (жауырыншысы) әбден сыналған, сөзі қате кетпеген кісі екен. Хиуа ханы тұрып-тұрып әскерімен кейін қайтады.

Елкей мен Байқожа да аман-есен ауылына жетеді. Үш-төрт ай өтіп кеткендіктен, хандық лауазымы өз-өзінен күшін жояды екен. Халық жиналып, ақ биенің сүтіне шомылдырып, ақ киіздің үстіне көтеріп, Елкейді қайтадан хан сайлайды. Елкей мен Байқожа жалаңаш көкіректеріне қылыш қойып, қияметтік дос болады. Қияметтік достың мағынасы қиын-қыстау кезеңдерде бірінің өлген жерінде екіншісінің өлуі шарт. Елкей өзін өлімнен сақтап қалғаны үшін Байқожа батырды жанындай жақсы көреді. Елкей қайта хан болған жылы туғандықтан, Бай­қожа батыр жалғыз қызының атын Ханша қояды. Анамыздың жылын қайтарғанда, бұл – 1849 жыл. Ханшадан менің әкем Сағындық туады.

Аңдыған жау алмай қоймайды. Үш жылдан кейін Елкейді Хиуа ханы қайта қолына түсіреді. Алайда бұл жолы да Елкейдің сайлаулы-сайлаулы төрт жігіті (оның ішінде Байқожа батыр да бар) намысты қолдан бермей хандарын қашыртып алады. Осы оқиғадан соң Елекей-Ермұхамед хандығымен қоштасып, патша өкіметіне бірыңғай беріледі. Ақмешіт жорығына қатысады. Адал еңбегі үшін полковник дәре­жесіне көтеріледі».

Ханша анамыз әкеме тағы мынадай әңгіме айтып беріпті. Алла тағала Елкей хан мен Байқожа батырдың арасындағы достықты сынағысы келді ме екен, көп ұза­май оларды мынадай оқиғаға душар етіпті. Ол заманда жолбарыс көп болады екен. Жолбарыстың біреуі хан аулының жылқыларына тиісіпті. Тиіскенімен тұрмай, бүкіл жылқыларды бір жерге иіріп, қамап ұстапты. Жылқышылардың «қарақұлақтап» қорқытқанына пыс­қырып та қарамапты. Тіпті болмаған соң ауылдың барлық адам­дары қанжар, айыр, балта, кетпен, күрекпен қаруланып, жиналып барып жолбарысқа сес көрсетеді. Жолбарыс бұларға ақырып ұмтылады. Әрқайсысы бет-бетімен қаша жөнеледі. Бі­рақ бұларды жолбарыс одан әрі қумайды. Өз орнына барып қайтадан жатып алады. Жылқының күніне біреуін өлтіріп, бір шөкім жейді де, басқасына тиіспейді.

Жолбарыс тоғызыншы жыл­қыны өлтіріп, тояттап жатқан күні бір жорықтан Байқожа батыр оралады. Ауылды үрей билеген. «Бұл не?» Ауылдың адамдары батырға болған оқиғаны айтып береді. «Сонда бір мысықтан қорқып, барлық малымызды қырғызып қоямыз ба? Ел болып барайық», – дейді ол. Қолда бармен қаруланып, бала-шаға, кемпір-шалға дейін қалмай, жолбарысты құртуға белді бекем байлайды.

Жиналғандар тобымен жолбарысты айдап шықпақ мақсатымен төніп барады. Сол-ақ екен жолбарыс даусы жер жара ақырып, қарсы ұмтылады. Осынша адамнан қорықпайды. Бәріне де жан керек. Жан-жаққа бытырай қашады. Елкей хан бастаған үлкен-үлкен кісілер бір қыратқа жиналады. Қастарына өзге адамдарды да жинап алады. Кеңес құрады. Ең соңында Байқожа батырдың пікірі қабылданады. Ол: «Араларыңыздан ең батыр деген бір жігіт шығып, жолбарыстың ту сыртынан оралып келсін. Ол жақындағанша мен күте тұрам. Мен алдыңғы жағынан қылыш сілтеген кезде, ол айбалтамен құйымшағынан шапсын. Екеулеп жолбарыстың көзін жояйық», – дейді.

Бір жігіт сыбанып шығып, жолбарыстың сырт жағынан жа­қындай береді. Байқожа болса алдынан. Айбалталы жігіттің мүм­кіндігі шамаға соғады-ау де­ген кезде Байқожа батыр жүрі­сін жылдамдатады. Сол мезетте жол­барыс бар айбатымен ақырып Байқожаға шап береді. Оның жақыннан шыққан даусынан әлгі «батыр» жігіттің жүрегі ұшып, айбалтасын тастай қашады. Алыстан қарап тұрғандар қылыш­тың жарқ ете қалғанын көреді. Жолбарыс пен Байқожа батыр палуандарша алыса кетеді. Бай­қожа жолбарысты алып ұрып, астына басады. Төрт аяқты аң қоя ма, сөйткенше болмай, аударып алып, батырды бауырына алады. Бір нәрсені жұлып алады да, аспанға қарай лақтырады. Халық «Байқожаның басы» деп ойлайды да, шу ете қалады. Олай ойламасқа да болмайтын еді, лақтырылған зат аса қомақты көрінді.

Осы кезде Елкей хан шыдамай кетеді. «Досымның өлген же­рін­де мен де өлемін», – деп аты­мен жолбарысқа қарай шаба жөнеледі. Жете бергенде жолбарыс Байқожаны тастай салып, қаһарын төге Елкейге ұмтылады. Ат-патымен көтеріп алып, жерге тастап кеп жібереді. Білетіндер «жолбарыста қырық адамның қуаты бар» дейді. Ат омақаса құлайды, Елкей анадай жерге ұшып түседі. «Батырымыздан – бір, ханымыздан екі айрылдық. Енді бізге де өмірдің қажеті жоқ. Керек болса, барлығымыз да өлеміз», – деп халық қатты ашынады. Адамдар бірінің қолынан бірі ұстап алады да, жолбарысқа қарай беттейді. Ешқайсысы тайсалмайды. Көпшілік мүлде жақындаған кезде жолбарыс бауырына басып жатқан Байқожа батырды қалдырады да, құйрығын қысып алып, айбат шекпей, адамдардың ара-арасымен кете барады.

Адамдар алдымен Елкейге келеді. Ол жолбарыстан айбынып, шалшық судың арасында үндемей жатыр екен. Ел келген соң батпақ-батпақ күйі орнынан түрегеліп, адамдардың қатарына қосылады. Жайлы жерге түскен соң, ешқандай зақым алмапты. Барлығы аяңдап, етбетінен жатқан Байқожаға барады. «Батыр, аманбысың?» – деп алдымен Елкей дауыстайды. «Аманмын», – деп Байқожа басын көтереді. «Біз Сіздің басыңызды жұлып алып, лақтырып жіберді деп ойладық». «Басым емес, қарымның бұлшық еті. Ауаға шыққанда жайылып, бас сияқты көрінген шығар».

Адамдар қансырап қалмас үшін сол жерде-ақ батырға алғашқы ем-домын жасайды. Байқожа айтады: «Алғашқы алысқанда қылышымды бір сілтеп қалып едім. Кем дегенде жұлынының жартысын кескен шығар. Ізіне түсіп іздеңдер. Жолбарыс жараны көтере алмайды, шепік болады. Көп ұзамай өліп қалатын шығар», – дейді. Айтқанындай-ақ, жолбарыстың бір жарым күндік жерде өліп жатқан үстінен шығады.

Байқожа батырлығымен қоса аса білгір адам екен. Жолбарыстың сүйегін өртетіп, жарасына септіртеді. Бірнеше айдан кейін қолы қалыбына келіп, жазылып кетеді. Сөйтіп, осы оқиға арқылы екі дос өздерінің уәделеріне берік екендігін дәлелдеп шығады.

Ханша анамыз бала кезінде қарулы хиуалықтардың жөнсіз тиіскенін талай көріпті. Олар әсіресе бір жерден екінші жерге көшкен кезде көп шабуылдайды екен. Сондықтан Байқожа батыр көші-қон кезінде ел-жұртқа үнемі қамқоршы болып жүріпті. «Хиуалықтардың аса көп адаммен көшке тиіскенін өз көзіммен көрдім», – дейді екен Ханша анамыз. «Қашып бара жатқан сарбаздың басын кесіп алғанда, аттан біразға дейін құламайды екен. Мойны сорайып шыққаннан кейін ғана жалп ете қалады. Қанша жау тиіссе де, әкеме төтеп бере алмаушы еді».

Өз әкесінің жауларының қо­лынан қалай қаза тапқанын Ханша анамыз әкеме былайша жеткізіпті: «Бір жарым шақырымдай жерде ғана Байқожа батырдың туған әпкесі көрші боп отырады екен. Әдетінше, бір күні сәлемдесуге зейілі ауады. Үнемі қару көтеріп жүру қажытса керек. Қасындағы екі жолдасына: «Жақын жер ғой. Әпкемнің үйіне қарусыз-ақ барып келсек қайтеді?» – дейді. Ол екеуі келісе кетеді. Орта жолға бара бергенде аңдып жүрген жау аңдап шыға келеді. Жерде тас бар екен. Таспен ұрып-ақ сегізін өрем қаптырады. Тоғызыншы тасты ала бергенде бір аяғы бір аяғына шалынысып құлап түседі. Қалың жау бас салады. Өлтіреді. Екі досының біреуін шейіт етеді де, біреуін қалдырып: «Аулыңа сәлем айта бар, Байқожаны өлтірдік», – дейді. «Өлерінде батыр еш нәрсе айта алмады ма?» – деп ел-жұрт сұрайды. Аман қалған досы: «Кейінгіге сәлем де, кең балақ шалбар кимесін» деп айтты», – деп жауап қайтарады. Кең балақ шалбардың кесірінен аяғы шалынып қалып, жауынан әлі де болса кегін қайтара алмағанына қатты өкінгенін осылайша жеткізген.

Елкей Байқожа батырды өте құрметтеп, бірыңғай шыбықтан мұнара тұрғызады. Сол аймақ Байқожаның шыбығы атанады. Байқожа станциясының маңында тұратындар ол атаудың әлі де халық аузында екендігін айтады. Тіпті станция сол кісінің атында емес пе екен деп долбарлайды.

Ханша анамыздың Серікбай, Өрікбай, Сағымбай атты балаларынан тұқым жоқ. Есжан, Ізтелеу, Сағындық атты балаларынан ұрпақ бар. Бір үлкен кісіден анамыздың Ақмамық атты қызынан да балалар бар екендігін, олардың Қызылорда қаласында тұратынын естіген едім. Қарасақал Байқожа батырдың туысқандары кім, Ақмамықтың балалары кім, білгім келеді. Осы мақаланың шарапатымен нағашыларымды тапсам, нұр үстіне нұр болар еді. Бәлкім, олар бірі болмаса бірі облыстық газетке хабарласып қалар. Осы тектес мақала жазар.

Байқожа батыр сияқты ұлы нағашымның болғанын мақтаныш етемін. Айтсын, айтпасын, кейінгілер тәлім-тәрбие алатын тау тұлғалардың бірі емес пе?! Елін қорғаған ерлер елеусіз қалмауға тиіс. Кім біледі, бұдан басқа да сырларын халық даналығы сақтаған шығар. Тарихшылар бұрынғы-соңғы халық қаһармандарын түгендеп жатқан кезде ел жадынан шықпаған ерлерді осылайша таныта бергеніміз жөн болар еді.

 

Берікбай Сағындықұлы,

әл-Фараби атындағы

Қазақ ұлттық университетінің профессоры,

филология ғылымдарының докторы.
ТАҒЫЛЫМ 14 маусым 2014 г. 1 624 0