« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Замандасымыз, досымыз Рүстем Жанай туралы есте қалғандарды қағаз бетіне түсіру жөнінде ұсыныс түскенде қиналып қалдым, оның себебі Рүстем мен айтпай-ақ, жазбай-ақ, Сыр бойына, бүкіл республикаға белгілі азамат. Өзінің бүкіл өмірімен елге жасаған еңбегімен, шығармашылық қызметімен, халыққа деген қамқорлығымен, достыққа беріктігімен, ағайынға, әулетке жанашырлығымен абыройға бөленген жан.
Мен Рүстемнің ел-жұрт білмейтін қандай қасиетін ерекше айта алар екенмін деген қобалжу болды. Тәуекелге бел байлап, Рүстеммен бірінші танысқаннан бастап, өмірден өткенше кездескен сәттерді еске түсірдім. Біздің ең бірінші таныстығымыз комсомол жұмысында басталды. 70-жылдардағы комсомол қызметіндегі жігіттер мен қыздар сыртқы көркі мен жан сұлулығы сай келетін жайнап тұрған жастар еді. Олардың басты қасиеттерін, ерекшелігін, комсомолда бірге қызмет жасаған әріптестерім туралы естеліктерімде баяндап жүрмін. Соның ішінде Қазалы аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Рүстем Жанаев Шығыс жастарының жалынды жетекшісі Ғани Мұратбаевтың өзіндей болмағанмен, көзіндей болған ізбасарлардың бірі, бірегейі ретінде ерекше жарқырап жүретін. Комсомол жұмысына сәл кейіндеу келген бізге жастармен жұмыстың қыр-сырын облыс орталығында өтетін жиналыстарда, семинарларда, оқуларда кездескенде үйрететін. «Комсомолдың мүшелік жарнасын қалай жинауды үйретейін бе?» деп әзілдейтін. Рүстемнің бізден бөлекше қасиеті өнерге, әдебиетке етене жақындығы, мінезінің ашықтығы, адамдармен тез тіл табысып кететіндігі, артында зілі жоқ әдемі әзілі, лезде шығара қоятын шымшыма шумақтардың шебері еді. Комсомолдағы қызмет бізді, оның ішінде Рүстемді ұйымдастырушылыққа, шешендікке, ұлтжандылыққа, әділдікке, әдемілікке, жазу сауаттылығына, көпшілдікке, батылдыққа тәрбиеледі. Сол кездерде біз сыртқа, басқа облыстарға, Алматыға, Мәскеуге, тіпті одақтас республикаларға, шетелдерге іссапарларға көп шығатынбыз. Осындай жолсапарларда Рүстем біздің басқарушымыз, бастаушымыз болатын, кім қандай дайындықпен шығу керек, ән жинақтары мен музыкалық аспаптарға дейін тапсыратын еді. Алдымен келген жұмысымызды орындап алғаннан кейін, түрлі кездесулер, барған жеріміздің ерекшелігіне қарай мәдениеті, салт-дәстүрлері, табиғаты, экономикасы, жастармен жұмыс әдістері, музейлері, тарихи жерлерімен танысумен жалғасатын. Осының бәрінің басы-қасында Рүстем жүреді, өзі режиссер, өзі сценарист, өзі жүргізуші болады. Онымен комсомол жұмысын қатар бастаған, жастары да шамалас Жалағаш аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Рсалды Ақмолдаева, Рысты Тілеуқабылова да шебер ұйымдастырушылар болатын, бір-бірімен әзілдері де жарасатын.
Комсомол жұмысынан кейін Рүстем 1974-1988 жылдары ауыл шаруашылығы қызметкерлері кәсіподағы аудандық комитетінің төрағасы, кеңшар партия ұйымының хатшысы, 1989 жылдан 1994 жылдар аралығында аудандық Кеңес атқару комитеті төрағасының орынбасары, аудан әкімінің орынбасары қызметтерін атқарды. Осы қызметтерде жүргенде де біздің достық қатынасымыз үзілген жоқ, облыс орталығындағы жиындарда кездесіп, міндетті түрде уақыт тауып, әр салада жүрген бұрынғы комсомол қызметкерлері бас қосып, бірімізге-біріміз сөз бермей, жаңалықтарымызды айтып, кішігірім мереке жасайтынбыз, ол бір нағыз қайталанбас сәттер еді ғой, солардың бірнешеуі қазір бұл өмірде жоқ, қандай өкінішті. Ал біз Қазалыға жол түсіп бара қойсақ, Рүстемді тауып алатынбыз, қайтқанша біздің жанымызда болатын. Алматыдан кейін Қазалыда бірінші болып өзі ұйымдастырған «Тамаша» ойын-сауық отауын бастап келіп, біздің Тереңөзек ауданында бірнеше концерт қойып қайтқан болатын, орындалған миниатюралардың бәрін Рүстем өзі жазған, сценарист те өзі. Аудан әкімінің орынбасары болып қызмет атқарғанда Жанқожа бабаның кесенесін салуға, ескерткіш орнатып, республикалық дәрежеде іс-шара өткізуге бар күш-жігерін, біліктілігін жұмсады. Осындай жауапты қызметтер атқара жүріп, қолынан қаламы бір сәт те түскен емес. Алғашқы жыр жинағы «Мәуелі махаббаттан» кейін «Мезгіл мақамдары», «Бір өзіңе», 2004 жыл «Сағынып кеттім мен сені» өлеңдері жинағы және «Жанайқай» прозалық жинағы, «Әйелдердің жүрегімен ойнама» атты кітаптары шықты, 2007 жылы «Сырдария кітапханасы» сериясымен бір томдық шығармалар жинағы жарық көрді. Драматургия саласына да қалам тербеп, «Жанқожа» пьесасын жазып, сахналады, көптеген өлеңдеріне ән жазылды, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі ретінде бүкіл республикаға аты белгілі болды. Қазалыға бір барғанымда «Сағынып кеттім мен сені» атты өлеңдер жинағын сыйға тартқан болатын, ауданда 1-2 күн болатындықтан түнде жинақты оқып шықтым. Ертеңінен Рүстеммен кездесіп өлеңдерден алған әсерімді жеткізіп, «осындай сырлы сезімді лирикалық өлеңдерді жазып, аспанға ұшып кетпей қалай жайбарақат жүрсің», – деп әзілдеген едім. «Жер басып жүргеніме шүкір, бәріне қанағат», – деп күліп еді.
Рекең 1994-2004 жылдар арасында Қазалы қаласындағы №8 кәсіптік-техникалық мектептің директоры болып қызмет атқарған кезде облыстық мәслихаттың депутаты болып сайланды, ол кезде мен облыстық мәслихаттың хатшысы болатынмын. Тағдыр бізге жиі кездесуді, бірге жұмыс атқаруды жазған болу керек, депутаттық қызметімізді бірге атқардық. Қазалы ауданының экономикалық-әлеуметтік салаларының өзекті мәселелерін сессия отырыстарында батыл көтеретін, мен өз тарапымнан қолдау көрсетіп, облыстың атқарушы органдарына жеткізіп отыратынмын, соның нәтижесінде мектеп, балабақша құрылыстары салынып, ауыз су, аяқ су мәселелері шешілген болатын. Осындай шаруашылық жұмыстарымен бірге рухани өсу, тәрбие мәселелеріндегі олқылықтарды да ортаға салып, ұсыныстарын айтып отыратын.
2005 жылы мен Сенат депутаттығына кандидат болып ұсынылып, үгіт жұмыстарын жүргізгенде маған сенімді өкіл болды. Арал ауданында кездесу болатын болып Қазалы тұсынан өтіп бара жатқанымда үлкен жолға шығып тұрып, менімен бірге Аралға барып, сенімді өкіл ретінде үгіт жұмысын жүргізді, бұндай адал достың ақниеті, ақпейілі қалай ұмытылады...
Мың күн жанған шырағың,
Бір-ақ күнде сөнеді.
От ойнаған көзінде,
Ақының да өледі, – деп дастандарында өзі жазғандай 2009 жылдың қаңтар айында Рүстем қайтыс болды деген суық хабар жетті. Комсомол жұмысынан бастап бірге келе жатқан бір топ достары – біздер бұл жайсыз хабардан есеңгіреп қалдық, дереу жолға шығып, Рекеңді соңғы сапарға шығарып салдық, мен қоштасу сөзін айттым. Кейін жылдық асы берілгенде де бардым, кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге болатын үлкен іс-шара болып атап өтілді.
Рүстем бізбен болған шақтарында отбасы туралы үлкен ілтипатпен, жылылықпен, сүйіспеншілікпен айтып отыратын, біз де Қазалыға келгенде отбасына соғып, Күләштің тәтті дәмін тататынбыз, өзінің кітапханасын үлкен мақтанышпен бізге көрсететін, менің бұл өмірімдегі жинаған байлығым, мал-мүлкім, баға жетпес дүнием осы дейтін. «Арпа ішінде бір бидай» деп сүйікті қызы туралы жазған өлеңін оқитын.
2006 жылдың аяғында менің 60 жасқа толған мерейтойыма Рүстем қатысып, өлең арнаған болатын және оны сол тойда нақышына келтіре өзі оқып беріп еді.
Сол өлең мен үшін өте қымбат, әлсін-әлсін қайталап оқып қоямын.
Былтыр XX ғасырдың басында құрылған комсомол ұйымына 100 жыл толды. Тарихи жаңғыру жолымен 100 жылдыққа байланысты елі, жері үшін ең қымбаты өмірін де аямаған отты жылдардағы жастар жетекшілері туралы зерттеулер жүргіздік. Егер тірі болғанда Рүстем де бұл жұмысқа бар ынтасымен араласқан болар еді.
Рекеңнің ең соңғы жазған «Сүйеу болдым» атты өлеңін де жазып отырмын, бұл өлең еш жерде жарияланбаған, оны маған Алматыдан Рүстемнің жары Күләш салып жіберген еді.
Сүйеу болдым
Сүйеу болдым.
Байқамай құлағанға
Басу айттым:
Өксіген,
Жылағанға,
Жол сілтедім,
Жеткенше ақыл бердім.
Қайтсын,
Мейлі қайтпасын сұрағанға.
Сүйеу болған маған да ағаларым,
Ағаларды жалықпай жағаладым.
Кетті бәрі мәңгілік мекеніне,
Енді қайдан оларды таба алармын.
Арқа сүйер таулардың кетті бәрі,
Аласарған жоқ бірақ шоқтығы әлі.
Қыл көпірден
Дозақта қалтырамай
Отқа,
Суға,
Құламай өтті бәрі.
Бұл дүниенің қадірін білген шығар,
Есіне алып біздерді жүрген шығар!
Қиял болған пейіштің есігінен
Сол ағалар именбей кірген шығар.
Мен барғанда о дүниең дүрлігеді.
Дейтіндер көп:
Соншама бұл кім еді?
Күнәсі көп заманда өмір сүрдім,
Дозақ күтіп тұр ма екен,
Кім біледі?
Бұл өмірде кім ұтты,
Ұтылды кім ?
Ай қорғалап,
Қанша рет тұтылды күн.
Өз әлімше елім деп өмір сүрдім.
Ал Аллаға болған жоқ күпірлігім.
Ескерілер болсайшы
Бұл тірлігім.
Сонымен қатар Рүстем Жанаевтың Қазалы ауданында атқарған күнделікті, айда, жылда бір тынбайтын көп жұмыстарының ішіндегі басты бастыларын бөліп көрсеткенді жөн көрдім.
Аудан жастарының жетекшісі ретінде 1972 жылы Ғ.Мұратбаевтың 70 жылдығын республика көлемінде атап өтуге бастамашы болды. Жанқожа батырдың тарихтан өз орнын алуына байланысты жұмыстарға басшылық жасады. Мұратбаев колхозын бөлініп кетуден аман алып қалғандағы еңбегін ел әлі күнге айтып отырады. Сол сияқты «Шапағат», «Өрімтал» балабақшаларын сақтап қалуға барын салды. Қазір бұл нысандар ел игілігіне жарап отыр.
Айтулы азаматтарын ардақтай білетін Қазалы ауданында Рүстемді еске алу шаралары жоспарлануда. Қызылорда облыстық «Ұрпақтан ұрпаққа» қоғамдық бірлестігі де осы шараларға үлес қосатын болады. Осындай айтулы жылы Рүстем Жанаевтың атын өзі дүниеге келіп, бар өмірін өткізген, халыққа қызметін көрсеткен туған ауданында мәңгілікке қалдыруға ұсыныс жасаймыз. Рүстем талантты, шыншыл, намысшыл, әділетті, досқа, еліне адал, ағайынға бауырмал жан еді. Оның жарқын бейнесі біздің жадымыздан ешуақытта өшпейді.
Алмагүл БОЖАНОВА,
«Ұрпақтан ұрпаққа»
қоғамдық бірлестігінің
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |