ЖЕҢІС ТУЫН ЖЕЛБІРЕТКЕН

Туған жерінің өсіп-өркендеуіне адал еңбек еткен соғыс және еңбек ардагері «Қызыл Жұлдыз» ордені мен бірнеше медальдардың және Қазақ ССР Жоғарғы Советінің Құрмет грамотасының иегері Смайлов Әжібек алғашқы колхоз ұйымдастырушыларының бірі де бірегейі еді.

Ол 1900 жылдың қаңтар айында қазіргі Махамбетов ауылы, бұрынғы Сырдария ауданы, С.М.Киров атындағы кеңшарға қарасты «Ерман тамы» деп аталатын жерде дүниеге келді.
Әжібек ағаның балалық ша­ғы жоқшылық кезде өтті. Бірақ, тұрғылықты халық ашаршы­лық­тан аман қалудың жолдарын іздестірді. Сол кезде Әжібек аға шығырмен су шығарып егін екті, мал бақты, бар адам – жарлыға, бүтін жартыға көмектесті. Жа­сал­ған ауызбірліктің арқасын­да барды бөліп жеп, ауыл­дың тұтастығын, бірлігін сақтады.
1920-1927 жылдары алғашқы серік­тестіктерді ұйымдастыруға белсене қатысты, бірнеше серік­тестіктердің бі­рігуімен жа­ңадан ұйымдасқан «Жас­қайрат» ұжым­­шарының белсенді мүшесі болып, ұжымның ауыл шаруа­шы­лығы саласының өсіп-өркен­деуіне аянбай тер төкті.
Алайда, 1941 жылы маусым айының 22 жұлдызында Ұлы Отан соғысы басталды.
Елдегі ердің бәрі соғысқа аттанды. Со­лардың бірі болып Әжібек аға да 1941 жылдың қыр­күйек айында әскерге шақырылады. Сол жылы 4 ай Саратов қаласында дайындықтан өткеннен кейін, 71 Гвардиялық  дивизияның Бірінші атқыштар полкының құрамында Сталинград облысындағы Камышино селосында жаумен соғысқа кіріседі. Украина, Белоруссия елдерін азат ету үшін болған шайқаста жанқиярлықпен жауға қарсы тұр­ды. Әжібек аға 1943 жылдың 12 тамызында  өкпе мен қолынан ауыр жарақаттанып, әскери госпитальда ұзақ емделді. Алайда дәрігерлер соғысқа жарамсыз деп танып I топтағы мүгедектік беріп елге қайтарған.
Соғыста көрсеткен ерліктері үшін «Қы­зыл Жұлдыз» орде­німен және бірнеше медальдармен марапатталды.
Елге оралған соң қолынан келгенінше ұжымшарда жұмыс жасап, мал бағуға кірісті. Үлгілі шопан атанды.
Бейбіт өмірде де еңбегі еленбей қалған жоқ, уақ мал санын, етін, жүнін және қаракөл елтірісін өндіруді көбейтудегі жетістіктері үшін Қазақ ССР Жоғарғы Советінің құрмет грамотасымен марапатталды.
Ардақты аға шопандық тая­ғын үлкен ұлы Сәруарға тап­сы­­рып, 1965 жылы құрметті зей­нет­керлікке шықты.
Кейін денсаулығы сыр беріп, ұзақ нау­қастан кейін 1976 жылдың 12 шілдесінде дү­ниеден озды.
Жұбайы Күләсін Әбдіханова апамен бірге 2 ұл, 3 қыз тәр­биеледі. «Ұлын ұяға, қызын қияға» ұшырып, 33 немере сүй­ген ардақты ата атанды.
Қазіргі таңда Әжібек атаның ұрпақтары егеменді еліміздің түкпір-түкпірінде алған маман­дық­тары бойынша адал еңбек етуде.
«Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын» дегендей, Ж.Махамбетов ауылының зиялы қауымы мен үлкенді-кіші тұрғындары ардақты азаматтың есімін өнеге етуде, ауыл аумағынан жаңадан ашылған көшені Әжібек Смайылов есімімен атау туралы ұсыныс жасады. Ұсыныс ескерусіз қалмайды деп сенеміз.

Нұрлыбай ҰЛЫҚБАНҰЛЫ,
облыстық ауыл шаруашылығы
басқармасы ардагерлер кеңесінің төрағасы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
ТАҒЫЛЫМ 20 сәуір 2019 г. 671 0