Кешегі сұрапыл соғыс жылдарында қазақтың ұлттық №101 дербес атқыштар бригадасының құрамында өшпес ерліктің үлгісін көрсетіп, сан мыңдаған жаралыларды ажал аузынан аман алып қалған әскери дәрігер, биыл туғанына 100 жыл толатын ержүрек жерлесіміз, генерал-майор Нұрулла Әлмағамбетов жайлы деректі хикаят.
Атақ-даңқы мен ауазасы тек Сыр бойы ғана емес, әмбе Алашқа аян, бүкіл саналы ғұмырын ел тыныштығын қорғауға арнап, қатардағы офицерден генерал-майор дәрежесіне дейінгі асуларды бағындырған абзал ағамыз жайлы қалай жазсақ та, жарасып тұрғандай. Бірақ, өкінішке қарай, ол кісі көзінің тірісінде бұған ыңғай бермей келген еді.
Сонымен, ұзын сөздің қысқасы, 1987 жылдың қараша айында атбасын Алматыға бұруыма тура келді. Естеліктерін үнтаспаға түсіріп алайын деген мақсатпен дыбыс жазатын репортерімді де өзіммен бірге ала шыққанмын. Пойыздан түскен бойда телефон шалып едім, даусымнан бірден тани кетті.
– Ахатпысың? Үй-іші, бала-шағаң аман ба, айналайын? Алыстан емес, үй іргесінен қоңырау шалып тұрған сыңайлысың. Қашан келдің? Ауыл-аймақ, ағайын-туыс аман ба? – деп шұғыл сұрастырып жатыр.
Шаруамның ретін білген соң:
– Сен былай ет. Бүгін сәл асығыстау болар, бірақ, ертең жұмыс аяғына таман біздің үйде бол. Нұрхан ағаң мен жеңгеңді де ерте кел. Соғым сойғанбыз. Соның шекесі өздеріңе бұйырғалы тұр екен. Солай, айналайын, келістік қой. Ал ендеше, көріскенше күн жақсы, –деп сөзін аяқтады.
Сол күні дастархан басында жерлесіміз, фольклоршы Мардан Байділдаев, әйелі Гүлстан, Мәкеңнің Тастақта тұратын аға-жеңгесі және өмірден ерте өтіп кеткен генерал досының жесірі – бәріміз бас қосып, жақсы отырыс жасадық. Сол кеште арғы-бергі тарихтан қаншама сыр шертілді десеңізші! Нұрекең шежірешіл, есте сақтау қабілеті мейілінше мол, көне тарихымыздың құт-көмбесі іспетті өте зерек кісі-тін. Айтар әңгімесін де майын тамызып, әсерлі етіп жеткізетін.
Әңгіме негізінен Табын тайпасының арғы-бергі тарихы, қилы ауыр кезеңдер және ел-халқын осынау тар жол, тайғақ кешуден аман алып шыққан билер мен батырлар хақында өрбіп жатты. Жүзжасар, Есенжол (Мысық би), Бостай, Шортанбай, Алданазар сынды билер мен Сәрке, Байқадам, Бұқарбай, Сейіл, Қабан, Елқонды есімді батырлар жайлы біраз жайларға қаныққандай, таңғажайып күй кешкендей сезімде болдық. Дастархан басындағы емен-жарқын әңгіме желісінен аңғарғанымыздай, Нұрекең өзінің алғашқы еңбек жолын Алматыдағы Каганович ауданындағы денсаулық сақтау бөлімі меңгерушілігінен бастапты. Көп ұзамай, яғни 1938 жылы әскер қатарына шақырылады. Мұнда ол № 83 атқыштар дивизиясының құрамында әзірліктен өтіп, саяси жетекшілер даярлайтын екіжылдық мектепті ойдағыдай бітіреді. Әрі қарай фин соғысына бастан-аяқ қатысып, №42 атты әскери эскадронында барлаушылар тобын басқарған көрінеді.
Жас жауынгер үшін мұның бәрі мол тәжірибе мен тәрбие мектебі болатын. Күллі Еуропаны от жалынға ораған екінші дүниежүзілік ғаламат қырғын басталған бойда қолына қару ұстауға жарамды ел азаматтары ұрыс шебіне аттана бастайды.
Осы жерде сәл шегініс жасап, Нұрекең екеуміздің арамызда осыдан 32 жыл бұрын болған сұхбатқа қайтып оралғанымыз жөн болар.
– Нұрулла аға, осы кезге дейін сіз ылғи басшылық қызметтерде болдыңыз. Кең отырып, әңгіме-дүкен құруға да уақытыңыз бола бермейтін. Шынымызды айтсақ, генералдық шеніңізден қаймығатынбыз. Қазір құрметті демалыстасыз, уақыт та жетерлік. Бір ғажабы, қандыкөйлек қаруластарыңыз ұрыс шебіндегі өзіңіздің жанқиярлық ерлігіңіз жайлы әрдайым аса бір ризашылық сезіммен әңгімелеп отырады. Ол кісілердің кейде сезімге беріліп, тым әсірелеп айтуы да мүмкін ғой. Сондықтан, майдан шындығын өз аузыңыздан естігенді жөн көріп отырған жайымыз бар.
Сол бір сындарлы сәтте №101 атқыштар бригадасы сияқты әскери құрамалар, полктер, дивизиялар Кеңес Одағының барлық округтерінде жасақталып жатты. Бірақ, К.Е.Ворошилов сынды атақ-даңқы жер жарған маршалдардың әлгілердің бәрін аралап, танысуға уақыты бола бермейтін. Бірақ, ол кісінің Ақтөбеде әскери әзірліктен өтіп жатқан №101 бригадаға Мәскеуден арнайы ұшып келіп, хал-ахуалдарыңызды білуі аса сирек кездесетін оқиға.
– Мен мұны қазақстандық жауынгерлердің абырой-беделін айғақтайтын көрініс дер едім. Олар алғашқы күндерден-ақ хас батырларға тән қаһармандықпен шайқаса білді. Өліспей беріспейтін жанкештілігімен ерекшеленді. Мысалы, қарақұрым жауды Мәскеу түбінде жайратып салған қазақстандық панфиловшылардың таңғажайып ерлігін алыңыз. Фашистер Мәскеу операциясына 77 дивизиясын, 1,5 мыңдай әскери ұшағын жұмылдырды. Бірақ жау кеңес әскерлерінің тегеурінді шабуылы мен тастүйін табандылығына төтеп бере алмай, жеңіліс тапты.
Ал ұрыс шебіне аттанар күні вокзал басында қоштасу рәсімі өткізіліп, халық ақыны Нұрпейіс Байғанин үкілі домбырасын қолына алып, азаматтарға арнаған ақ батасын мынадай жыр жолдарымен жеткізген еді:
Қызыл әскер болғалы,
жеңілуді білмеген.
Қарсы келген қаскөйді,
штыгімен түйреген.
Табанға сап тепкілеп,
Саз балшықтай илеген.
сен де батыр ұлансың,
Болат топшы қырансың.
Мынау қырғын шайқаста,
бағыңды, балам, сынарсың.
Қанша қиындық көрсең де,
мойымассың, шыдарсың.
Қасарысқан дұшпанды,
қайтып енді тұрмастай.
Өз ініне тығарсың,
көп тілегі көл деген,
Ақыры жеңіп шығарсың.
– Әңгіме үкілі домбыра дегеннен шығады-ау, қарулас достарыңыздың бірінен жақында мынадай бір қызықты деректер естіген едім. Қазақстан компартиясының Орталық комитеті «Қазтеатрсанб» мекемесі арқылы сіздерге қазақтың кәдімгі қара домбырасын жіберген көрінеді. Шамасы, майдандағы қандастарымыз қос шектің күмбірлеген күміс үнін сағынып жүрген шығар, мауқын бассын деп ұйғарса керек. Ғажап емес пе? Осыны тарқатыңқырап айтып берсеңіз қайтеді?
– Ол рас. Бұл 1943 жылдың мамыр айының аяқ кезі болатын. Дала поштасы бізбен хабарласып, Алматыдан келген сәлемдемені жедел алып кетуімізді өтінді. Іле-шала байланысшылар взводының командирі Жолдыбай Арапов есімді жігітті жұмсап, әлгі посылканы алдырсақ, мұқият оралған кәдімгі домбыра болып шықты. Мәре-сәре боп қуанып жатырмыз. Әсіресе, аға-лейтенант Ғабдулла Мұсайыновтың жүрекжарды қуанышын көрсеңіз. Өзі ұлттық аспапта шебер ойнай білетін болған соң, әлгі сәлемдемені соған табыс еттік. Ол қашан жеңіс сағаты соққанша сол киелі аспабынан еш ажыраған емес. Сол күні жасыл орман ішінде Ғабдулланың орындауында Ақан серінің «Құлагерін», Біржанның «Жамбас сипарын», тағы басқа күйлер мен әуендерді тыңдап, бір жасап қалдық. Кешкілік әлгі посылканы жіберген Қазақстан компартиясы Орталық комитетінің хатшысы Әбдіхалықовқа Ғабдулланың атынан мынадай мазмұнда жеделхат жолданды: «Алғы шептегі майдангерлерге деген сіздің шынайы қамқорлығыңызға ризашылығымызды білдіре отырып, қаһарлы қару мен киелі домбыраны қатар ұстап, жауға аяусыз соққы береміз деп бүкіл бригада атынан ант етемін». Қос шекті аспаптың шарапаты болар, Ғабдулла бауырымыз елге аман-есен оралып, ұзақ жылдар бойы партия комитетінің бірінші хатшысы болып қызмет атқарды. Әлі күнге дейін хабарласып, араласып тұрамыз.
– Кешегі соғыс жылдарында өзіміздің көрнекті қаламгерлеріміз бен сахна саңлақтарынан құралған қазақстандық делегациялар ұрыс шебінде жиі болып, жауынгерлерімізді әрдайым ұлы жеңіске жігерлендіріп отырған көрінеді. Өздеріңіз де осындай қуанышты сәттердің куәсі болған шығарсыздар-ау...
– Әлбетте. Тәуекелге бел буып, алыстан ат арытып келген жерлестерімізбен ұрыс даласында жүздесудің өзі қандай ғанибет десеңізші!? Витебск қаласын азат етіп, жауды едәуір жерге дейін ысырып, аз күн тыныстап, күш жинауға мүмкіндік алғанбыз. Генерал-майор К.Н.Галицкий басқаратын №2 гвардиялық армияның штабы Измайлово маңындағы ит тұмсығы батпайтын орманның ішіне орналасқан еді. Біздің №100 және №101 бригадалар осы армияның құрамында болатын. Осыған орай Қазақстаннан жерлестеріміз, әсіресе, өнер адамдары ат ізін суытпай жиі келетін-ді.
Бұл кезде жауынгерлеріміздің де көңіл-күйі көтеріңкі болатын. Өйткені біз өзге құрамалармен бірлесе отырып, Белоруссия, Литва, Латвия және Эстонияның бірқатар қалалары мен селоларын жаудан тазартып, батысқа қарай 150 шақырымға ілгерілеп үлгірген едік. «Құтты қонақ келсе, қой егіз туады» демекші, дәл осы уақытта біздің бригадамызға қазақтың көрнекті қаламгері, сүйікті жазушымыз Сәбит Мұқанов ағамыз ат басын тіреп, бір апта бойы арамызда болды. Соғыс жылдары «Совинформбюро» секілді ақпарат агенттіктері мен орталық басылымдар жер-жердегі жазушылар мен журналистерді ұрыс шебіне жіберіп тұратын. Сірә, Сәбит ағамыз да сондай тапсырмамен келсе керек. Мәртебелі мейманымыз біздің батальонның командирі Хәкім Бекішевті кішкентай кезінен жақсы біледі екен. 1922 жылы оны Петропавл қаласындағы балалар үйіне орналастырған, кейін есейген соң партия қатарына өтуге кепілдік берген де осы Сәбит аға екенін естіп, білдік.
Сол жылы Сәбең өзімен бірге қазақтың біртуар ұлы Мәлік Ғабдуллинді де ерте келген-ді. Бұл біздің алғашқы таныстығымыз болатын. Сол бір таңғажайып жүздесулер күні бүгінге дейін менің көз алдымда.
Әскери жазушы Илья Эренбург Ұлы Отан соғысының қай шайқасы ұмытылмастай болып, есіңізде қалды деген сауалға еш ойланбастан Ржев деп жауап берсе керек. Ал, әйгілі қаламгер Константин Симоновтың Ржев-Вязьма шайқасын «Ажал аңғары» деп атауында да үлкен шындық жатқандай. Осынау тозақ отының қақ ортасында №100 және №101 бригадалар жанқиярлық ерліктің жарқын үлгісін көрсетті. Тарихшыларымыз соғыс жылдарында И.В.Сталин бір рет қана ұрыс даласына барған дегенді айтады. 1943 жылдың тамыз айында ол Ржев ұрыс шебінде болғанға ұқсайды. Осы бір ғана деректің өзі бұл шайқастың қаншалықты маңызды болғанын аңғартса керек.
Иә, айта берсе, әңгіме көп. Оны ұзақты таңға дейін тауыса алмайсыз. Адамның аза бойын тік тұрғызарлық сол бір ауыр күндер ойға оралар болса, жүрегіміз сыздап сала береді. Қаншама боздақтарымыз ажал құшты десеңізші! Тірі қалғандарын қайта қатарға қосуға күш салдық. Мұндайда өзің де басыңды бәйгеге тігіп, қауіп-қатердің бел ортасында жүресің.
Кезінде «Ажал аңғары» атанған Ржев-Вязьма плацдармы жауынгерлерімізге ғана емес әскери дәрігерлерімізге де ауыр сын болды. Өйткені, жаралылар қисапсыз болатын. Күн-түні әлгілердің өмірі үшін күресуімізге тура келді. Сол кездегі мәліметтерге сүйенер болсақ, ақ халаттылар жаралылардың 72 пайызын, сырқаттардың 9 пайызын қайта қатарға қосқан екен. Бұл, әлбетте, сол кезең үшін жоғарғы көрсеткіш болатын. Соғыс басталған бойда бірде-бір жаралы ұрыс даласында қалмасын деген ұран көтеріліп, ол мүлтіксіз орындалып жатты. Жер-жерде донорлық қозғалыс өрістеп, оған қатысушылардың қатары 5,5 миллионға жеткен еді. Бұлар ұрыс шебіндегі емдеу орындарына, госпитальдарға 1,7 миллион литр қан жеткізді. Олардың көпшілігі «КСРО құрметті доноры» төсбелгісімен марапатталып жатты. Ұрыс шебіне жақын аймақтарда 6 мыңнан астам госпиталь жұмыс істеді. Әскери дәрігерлер, фельдшерлер, медбике және санитарлардың жанқиярлық еңбегі жоғары бағаланып, 43 әскери дәрігер Кеңес Одағының батыры атағын алып, 115 мың адам түрлі үкімет наградаларымен марапатталған еді. Сол 115 мың қатарында біз де ұрыс шебіндегі фельдшерлік қызметіміз үшін «Қызыл Жұлдыз» және «Ұлы Отан соғысы» ордендерімен марапатталдық. Осындай жоғары марапатқа бригадамыздың дәрігері Бүркіт Әбдіханов та ие болды. Қазір ол Алматы қаласында тұрады. Медицина ғылымдарының докторы, профессор.
Ал менің бейбіт өмірдегі қызметім әуелі партия органынан бастау алып, кейін ұлттық қауіпсіздік комитеті мен республикалық ішкі істер министрлігінің қабырғасында жалғасты. Екі салада да жауапты қызмет атқардым. Мұны әрі қарай тарқата берудің қажеті де жоқ шығар. Бір сөзбен айтқанда, менің бүкіл саналы ғұмырым адам өмірін қорғауға, күзетуге жұмсалды.
Менің өз жұртымнан да, нағашы жұртымнан да батырлар мен билер көп шыққан көрінеді. Солардың аруағы қолдаған шығар, әйтеуір, майдан шебінде де, бейбіт өмірде де бөтен болғанымыз жоқ. «Сыбырлағанды құдай естімей ме» дегендей, несіне жасырайық, соғыс жылдарында Аллаға сыйынып, пайғамбарымыздан шапағат, пірлерімізден медет күтумен болдық. Қазақта «Ақтың отын арамза өшіре алмайды» деген қанатты сөз бар. Шынында да біздің ісіміз ақ еді. Біз ешкімге ұрынған жоқпыз, зорлық-зомбылық жасағанымыз жоқ. Елімізді, жерімізді қорғадық. Қайткенде де ақиқаттың жеңетініне сендік. Ақыры әділдік салтанат құрды, жанталасқан жау өз ордасында талқандалды.
– Рұқсат етсеңіз, тағы бір сұрақ қойғым келіп тұр, аға!
– Жарайды, айтқаның болсын!
– Досбол Қуаңбаев есімді ағамыз қашан соғыс аяқталғанша өзіңізбен қарулас болған екен. Бір бригада, бір батальонда шайқасыпсыздар. Сол кісі бір әңгімесінде: атойлап келген ажалдан мені аман алып қалған әуелі Құдай, содан соң Нұрекең деп айтқан еді. Соны тарқатыңқырап әңгімелеп берсеңіз екен.
– Жарайды! Бұл 1944 жылдың жазы еді. Досбол көздеген жеріне дәл тигізетін мықты пулеметшіміз болатын. Қарсыластарының адымын жаздырмай қынадай қырып жатқан соң пулеметінің үнін өшіргісі келсе керек фашистер сол биіктікті ауыр соққының астына алды. Сөйтіп, жау снарядының жарқыншағы Досболды қатты жаралап, ішек-қарнын ақтарып тастайды. Жанындағы қаруласы дереу қолынан келгенше алғашқы көмегін жасап, ұрыс даласынан аман алып шығып, маған табыс еткен еді.
– Сөйтіп, жедел операцияға алдық. Қансырап, әлсіреп қалған екен. Қан құйған соң есін жиып, беті бері қарай бастады. Операция жасауға менің де қатысуыма тура келді. Абырой болғанда Досболды ажалдан аман алып қалдық. Мұндай жағдайлар мүлдем көп болды ғой. Операция дегеніңіз әлсіз шамның жарығымен де тәулік бойы толассыз жасалып жататын.
Сонымен, әскери фельдшер «Қызыл Жұлдыз», «Ұлы Отан соғысы», «Еңбек Қызыл Ту» ордендері мен ондаған медальдардың иегері, ішкі істер саласының генерал-майоры Нұрулла Әлмағанбетов ағамыз жайлы әңгімемізді №101 бригаданың батальон командирі, жерлесіміз, аралдық азамат, майор Мұса Сәдібековтің Қызылорда облыстық партия комитетіне жолдаған мына бір хатымен аяқтағалы отырмыз:
«Құрметті қызылордалықтар! Жерлестеріңіз қан майданда өшпес ерліктің жарқын үлгісін көрсетуде. Соңғы бір қиян-кескі шайқаста әскери фельдшер Нұрулла Алмағанбетовтің бір өзі ұрыс шебінен 30 жаралыны аман алып шықты. Сол үшін «Қызыл Жұлдыз» орденіне ұсынылды. Осындай ержүрек ұл өсіргендеріңіз үшін сіздерге шексіз алғысымды білдіремін!».
Ағамыздың жеке архивінен осындай жүрек толқытарлық лебіздерге толы құжаттарды жиі кездестіруге болады. Мұның бәрі, сайып келгенде, Нұрекеңнің ұрыс даласында да, бейбіт күндерде де аса беделді азамат болғанын айшықтай түссе керек. Қызылорда қалалық партия комитетінің хатшысы, Шығыс Қазақстан облысы ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшысы, республика ішкі істер министрінің орынбасары сияқты жауапты қызметтер атқарып, генерал-майор дәрежесіне көтерілген асыл ағамыз 1991 жылы 73 жасында дүниеден өтті.
Генералдың шарапатын, тәрбиесін көрген жерлестері, шәкірттері ол кісіге әрдайым аса бір ризашылық сезіммен еске алып отырады. Қызылорда қаласы мен Жалағаш кентінде генерал Н.Әлмағанбетовтың есімі берілген көшелер бар. «Елім деп соққан жүрегі» атты естелік кітап та, туымы бөлек тұлға да тұрғызылған ескерткіш іспетті. Нұрекеңнің артында қалған Әдия есімді аяулы жары, бала-шағасы, немере-шөберелерімен Алматыда тұрып жатқанымен, атажұртымен байланысын бір сәтке де үзген емес.
Жанкешті жауынгердің өмірі осылайша жалғасып-ақ жатыр.
Ахат ЖАНАЕВ,
Қазақстанның құрметті журналисі, Жалағаш және
Сырдария аудандарының құрметті азаматы.