« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Қиялыммен бала кездің қызықтарына оралсам, есіме əжем түседі. Менің əжем басқа әжеден бөлек. Себебі, ол кісі менің үлкен əжем. Яғни, әкемнің əкесінің шешесі. Аты-жөні – Патыма Әлімбетқызы.
Он бес жасқа келгенше сол əжемнің жанында болдым. Əрине, əке-шешем де қасымда. Бірақ олар жұмысбасты, әкем қарапайым мұғалім, анам совхозда есепші болып қызмет атқарды. Ол уақыттарда адамдардың бір-біріне деген ілтипаты, қөзқарасы, бəрі-бəрі шынайы болатын. Әлде бізге солай сезіле ме, әйтеуір ерекше кез еді. Азанымен ата-анам жұмыстарына кеткенде үйде менен үлкен екі апам, бір ағам қалады. Бірі сабаққа дайындалса, кейінгілері майда-шүйде үй шаруаларын атқарып, олар да өз жөндерімен жүреді. Мен мектепке де бармаймын, атқаратын шаруам да жоқ. Кәдімгі көп ойын баласының біріндей тамаққа тойып алғасын, азаннан кешке дейін әжемнің қасында қалатын тек мен едім. Себебі өзге балалар секілді ойнай да, жүре де алмаймын. Өздігімнен отыруды да жазбапты тағдыр маған. Бала кезімнен сал ауруымен табысыппын. Əжем өз шаруасын реттеп болып, менің қасыма келеді. Келеді де бірінші түріме қарайды. Көңілім көтеріңкі болса, менің өзін тыңдайтыныма көзі жетсе әңгімені әріден бастайды. Баяғы 1931 жылдардағы аштық, одан қалды 1941 жылы бұрқ еткен қанды соғыс... Былайша айтқанда, әжем мен үшін тарих пәнінің мұғалімі. Сосын атамның соғыста жүріп жалғыз қарындасына, еліне, достарына арнаған өлеңдерін жатқа айта бастайды. Мен енді әдебиет сабағына кіргендей боламын. «Уһілеп» отырып, кеудесінде шемен болып қалған шер-мұңын тарқатады. Атамның қалай соғысқа кетіп, ол жақта 5 жыл жүріп мұзды өзенді қалай кешіп өткенін, екі неміс офицерін қалай ұстап алып келгенін жыр қылып айтқанда, ана даладағы балалардың ойыны түк қызық болмай қалады.
Менің атам үлкен əжемнің жалғыз ұлы екен. Атамның соғыстан аман келіп, қалың жұртпен қауышқанын айтқанда:
– Сізді көргенде не күйде болды? – деп сұрадым.
– Балам өз үйіне түспей, үлкен үйге келіпті. Мені тас қараңғыда танымады. Бір уақытта қолыма май шамды алып барып бетіне жақындаттым. Бірден мойнымнан құшақтай кетті. Мұңлық пен Зарлық секілді жарты сағаттай жылап тұрдық, – деді.
Сол бір бақытты сәттің куәсі болып тұрғандай-ақ мен де жылаймын. Жыламай қайтесің, сонша қырғыннан аман келіп анасымен табысудың қандай әсерлі екенін сезбей тұр деймісің?
Одан атамның үйленгенін, балалы болғанын қысқа қайырып кеп қайта күрсінеді. Жалғыз ұлы соғыстың зардабынан өкпесіне салқын тиіп ауырғанын айтқанда, кіп-кішкентай менің жаным ашитын. Атам өмірден өтерде əжем өзі баласының басынан сипап отырыпты. «Баламның жаны қиналмасын» деп, жаны қашан шыққанша жұртқа жыламауларын сұрапты. 8 жасар балаға, яғни, маған ондай əңгімені тыңдау қандай әсерлі екенін өзіңіз болжап көріңіз.
Аштықта қауын дəнін шағып, қайнатып майын алып, оны үнемдеп пайдаланғанын айтатын. Бір күні туыстары жоқ, баласы жоқ бір кісі қайтыс болыпты. Əжемнің сауып отырған жалғыз ешкісі бар екен. Жаңағы кісіні аяп сол жалғыз ешкісін намазына апарып сойыпты. Əжемнің сондай мəрт қасиеті де болған екен.
Бірде әжем былай деп əңгіме бастады. «...Ол кезде адамдар аш болатын. Бір күні шалым қолына түскен үлкен балықты əкелді де, тайқазанға бүтіндей салып, қолда бар ұнын сорпаға қосып, бар көрші, туған-туысқандарды шақырды. Әуелі үйге келген үлкендерді төрлетіп, сонан соң қалғандарына үлестіре бастады. Көптен бері сорпа ішпеген аш халық бір тойынып, марқайып, бүйірлері шығып, алғыстарын айтып, ақар-шақар боп тарқасты» деді. Бұл менің атамның мәрттігі ғой.
Əжемнің шыжыққа толы өмірінде, қызық жайттар бар, бір жаққа баратын болса таяғын алады да кез келген көлікке көтеріп, тоқтатып мініп, баратын жеріне жетіп алатын. Ол кезде көлік, əрине, аз, қазіргідей ызғып жатқан жоқ. Ауылдағы шопырлар əжемді əзілдеп, «ГАИ» дейтін.
Сексен бес жасқа келгенше қорадағы малға өзі қарады. Сауын сиырларға жеке-жеке жем беретін. Бəрі көз алдымда. «Əже, нешедесіз?» десем, «Әй, біздің кезімізде ондайды білмейтін. Əйтеуір Ұлу жылы туғанмын» – дейтін. Есептеп көрсем, әжемнің туған жылы 1904 жылға келеді екен.
Менің әжем де барлық әжелер секілді той-томалақтан қалтасына тəттілерді толтырып салып əкеліп, маған беретін. Үлкейген соң құлағы нашар еститін болды. Біреулер əңгіме айтып жатса, естігісі келіп жалтақ-жалтақ қарайлап, назарын маған салатын. Мен жұрттың айтқанын тілмаш секілді түсіндіріп, қайталайтынмын.
1993 жылдың шілдесінде әзиз əжеммен мəңгілікке қоштастым. Содан бері сол асыл жанды тек түсімде ғана көретін болдым. Осы күндері ойланып отырып, «мені төзімді етіп, ерте есейткен осы үлкен əжемнің құнды да мұңды əңгімелері шығар» деймін.
Əжемнің маған айтқан үш аманаты бар-тұғын. Біріншісі, дүниеден озған соң, өзін ұлының жанына жерлеу. Екіншісі, өзі оқыған Құран кітапты қастерлеп, келер ұрпаққа аманат етіп тапсыру. Үшінші аманаты, өзінің тірі кезінде аузынан босап түскен тістерін орамалға түйіп жүруші еді, соны «менің бас жағыма көм» деген еді. Əжемнің үш аманатын да орындадым деп ойлаймын. Аллаға шүкір. Бәрін де өзінің айтқанындай етіп істедік. Іштей әжемнің аманатын орындағанымызға қатты қуанамын.
Алла мені арбаға таңғанымен, осыншама көпті көрген дана қарт əжемнің тəрбиесін бұйыртты.
«Қариясы бар үйдің қазынасы бар» деп бекер айтпаған ғой, халқымыз. Əжем жайлы бір сəтте есіме түскен шағын ғана ойымды жаза алдым. Толықтырып жазатын болсам, бір кітапқа сыймас еді.
Нұрмұхаммед ƏБІЛҚАСЫМОВ,
Қорқыт ата атындағы
ҚМУ-дың студенті.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |