Жаны жайсаң жан еді

Әбдіманап Құтжанов облы­сымыздың ауыл шар­уа­шы­лы­ғына, әсіресе су шар­уа­шы­лығы саласын бас­қаруда еңбегі сің­ген азамат еді. Ол сонау 60-шы жылдардың ба­сында Жам­былдағы гид­ро­­­­мелио­ра­тивтік институтты бітірісімен туған жер­ге оралып, ауыл шаруа­шы­­лығының түрлі салаларында мамандығына сай қызмет етті. Еңбегімен ерте танылған азамат осы сала­ның түрлі жауапты қызметтерін ат­қарды. Әуелі қатардағы инженер болудан бастап өзінің білік­тілігімен көзге түскен маман 1979-1983 жылдары об­лыстық су шаруашылығы басқармасы бас­тығының орын­­басары, «Казглавсель­хоз­водоснаб-жение» об­лыс­тық басқармасының бас­­тығы қызметтерін ат­қарды. Кейін облыс­тық агро­­өнді­рістік бір­лестігінің ауыл шаруа­шы­лы­ғын сумен қамта­масыз ету бөлім­шесінің бастығы қыз­ме­тінде болды.

Жемісті еңбегінің нәти­­же­сінде сол кездегі ең беделді қызметтер – об­лыс­тық партия комитеті ауыл шаруашылығы бө­лімі мең­ге­рушісінің орын­басары, сонан соң Жаңа­қорған ау­дан­дық партия ко­ми­тетінің екінші хатшысы сынды пар­тиялық жауапты қыз­меттерді де абыроймен атқара білді.

1992-2003 жылдары об­лыс­тық су шаруашылығы басқар­масының бастығы болған ол Халықаралық Арал­ды құт­қару Қоры атқару ко­ми­тетіндегі Қа­зақстан Рес­публикасының өкілі қызметін де атқарды.

Ә.Құтжанов «Қазақс­тан­­ның еңбек сіңір­ген ауыл шар­уа­шы­­лығы қайраткері», «Құрмет» бел­гісі орденінің иегері еді.

Менің Әбекеңмен туыс­қандық қа­ты­­насым бар. Бес атаның ұрпақтары негізінен Тө­менарық қыстағының ба­ты­сындағы «Алмалы» атты жерді иемденген.

Дария Төменарықтан 10-12 ша­қырым өткеннен кейін ағысын батысқа бұрып «Аққұм» аталатын жерлерді айналып өтіп, Шиелі ауданының жеріне кіреді. Осы диаметрі 15-18 шақырым келетін жердің шығыс бөлігі – «Алмалы» аталады.

Бес ата Қараторғайдың қыс­тау­лары «Алмалыны» айнала орна­ласқан. Бүгінгі күнге дейін сол жерлер қыстау салған ата­лар­дың атымен: Қанай талы, Өмірбек бауы, Сыпатай талы, Адырбай талы, Төке қыстауы, Есімхан қыстауы аталады. Алмалының жері қалың тоғай, арасы толған неше түрлі құнарлы шөп.

Бір жылы жазда «Екпінді» колхо­зының күрішін отауға апарды. Егіншілер күріш басынан өз отбасына шақтап жеркепе қазып алған екен. Біздерді әр күрішшінің үйлеріне бөліп берді. Тамағымыз да сол үйдің мойнында. Маса, сона, алақанат – қансорғыштар жаудай. Таңер­теңнен түске дейін, түскі астан кешке дейін су ішінде арам шөп жұламыз.

Ауылға келген соң артымыздан келетін қуғыншыдан қорқып, жасырынып жүрдік. Қуғыншы келмей сабақ басталғанша демалыс болды. Келесі жылдары күріш орағы, жүгері жинау, қой қырқуға бардық. Сегізінші сыныпта көктемді көрші колхоздың жүгерісін егуден бастап өнімін жинап бергенше 8-9 класта оқи­тын ұл-қыздар колхоздың клубында, гаражында жатып жұмыс атқардық. Келесі жылы бірінші қыркүйектен он жетінші қарашаға дейін жүгері жинадық.

Колхоздар сонша жұмысқа бір сом да төлемейтін. Есік, терезесі жоқ гаражда жата бере­тінбіз.

Әбекең жұмыста онша көзге түсе қоймағанмен, сабақты тия­­­нақты, жақсы оқыды. Мектеп өмірінде болып жататын көпшілік жұмыстарына аралас­ты. Жо­ғары кластарда комсомол комитетінің хатшысы болды. Класымызда таза «5» деген бағаға оқыған бала болған жоқ. Дегенмен екі ұл, бір қыз жақсы бітірді. Сол үшеуі мектеп бітірген жылы жоғары оқу орнына түсіп кетті. Сол үшеудің біреуі Әбекең болатын.

Бірге бітірген 16 оқу­шы­ның арасында тұрмысы өте төмен оқушылар болды. Ондай­лардың көбісі 7 кластан кейін оқуды қо­йып, жұмысқа шығып ке­тетін. Солардың екеуі са­­ба­ғын кешкі мектепте жал­­­ғастырып, тоғызыншы класта қайта келіп бізбен бі­тірді.

Әбекең Жамбыл қала­сында оқып, су шаруашы­лы­ғының ин­­женері атанды. Осы салада тынбай атқарған еңбегінің ар­қасында өз сала­сындағы біраз мекемелерді басқарды. Об­лыстық су шаруашылығы меке­месінің бас инженері, кейін көп жыл басшысы болды. Адал, қажырлы еңбек Әбе­кеңді облысқа белгілі азамат дәре­жесіне көтерді. Атақ-абыройдан кем болған жоқ.

Әбекеңнің әкесі Құтжан ағамыз өз қатарының арасында палуан атанған қарулы кісі болатын. Отан соғысына қатысып, бір саусағын беріп қайтқан ардагер. Қара кетпенмен жақсы тіл табысқан жан еді. Ағайдың палуан ретінде күреске түскенін көрген емеспін, бірақ ауылдас, өзімен қатар Тасполат деген кісінің айтқаны әлі есімде.

«Құтжанды палуан ретінде сынап, көзім жетті. Ол кісі егде тартқан шағында отырған жерінен көшіп, теміржолдың күншығыс жағынан жаңадан үй салды. Үй қабырғасын көтеріп дайын болғанда, не сауда орнында, не совхоз қоймасында бір салар (кругляк) ағаш табылмайды. Маған келіп «құрдас, жұ­мысымыз тоқтап қалды, мүм­кін болса ақшасына, болмаса ағаш түскенше 8 ағаш бере тұр, дайындаған ағашым жетпей тұр» деді. «Мен ағашты берейін, бірақ сол 8 ағашты осы үйден көтергеннен өз үйіңе жеткенше жерге қойып дем алмайсың. Осыған шамаң келсе, ағаш анау жинаулы тұр. Таңдап ал. Ақшасын алмаймын, шарт осы» дедім. Құтекең сыр берместен сол ағашты көтеріп кетті.

Ол кісімен қатар жұмыс істеуге соғыстың басынан ая­ғы­на дейін  пулемет арқалап жүрген Түйебай атты ағамыз шы­даушы еді. Әбекеңнің үйінде ағайдан артылатын қара жұмыс болмайтын.

Құтжан ағамыз бір өзі 2-3 кісінің жұмысын атқар­ған­дық­тан, жұмысына қарай жалақы алды. Ол кісілердің бас­қадан қарызға ақша алғанын көргенім жоқ.

Әбекеңнің анасы Жамал өте балажан кісі еді. Перзенттерінің оқуына барынша жағдай жасады. Балалары асыл киім кимегенмен таза болды.

Біз Әбекеңмен 1975 жылы Қызыл­ордаға көшіп келген соң қайта табыстық. Мұнда бір класта оқыған Зарқұм, қатар оқыған Түгел, Аманкелділер бар екен. Зарқұм Харьков қаласындағы инженер-экономика институтын бітіріп, Темір­тауға кар­мет­­комбинатқа келді. Мен Қара­­ғандыда студентпін. Жазда демалыс кезінде ауылда кездесіп тұр­дық. Өмір өткелінде құрдас, замандас­тармен талай естеліктердің ізі бар. Алайда, сол естелік­терді бөліскен аза­мат­тардың бірқатары арамызда жоқ.  Ортамызда сап-сау жүр­ген Әбекең де кетті. «Ажал айла таптырмас» деген ғой. Олай дейтінім: жылына екі рет ден­сау­лығын тексертіп жүрген, тәуіп атаулыға жаны қас, шұбатты да жылытып ішетін Әбекең, Тал­ды­қорғанда тәуіп бар дегенді естіп соған кеткен. Жолай Шиеліден мұздай  су ішіп, тамағы ауырып, соның зардабы ауыр тиді. Амал қанша, «Адамның көздегені емес, Алланың өз дегені болады» деген осы. Облыстың ауыл шаруашылығы, оның ішінде су шаруашылығының дам­уы­на үлкен үлес қосқан Ә.Құт­жа­новтың өмір жолы өскелең ұрпаққа өнеге деп білеміз.

Айбас НӘСІПҰЛЫ.

ТАҒЫЛЫМ 11 сәуір 2019 г. 854 0