БОЛМЫСЫ БӨЛЕК ҚАЛАМГЕР

Белгілі қаламгер, Қазалы ауданының құрметті азаматы, «Құрмет белгісі» ор­денінің иегері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Әлмәмбет Әлішев 80 жасқа толып отыр. 

Сексен – адам өмірінің асқар биігі. Көпшілік Әлмәмбет Әлішевті саналы ғұмырын ел игілігіне арнаған абзал азамат, белгілі жазушы, парасат иесі ретінде таниды. Оның ел мәдениеті мен әдебиетінің дамуына қосқан сүбелі үлесі және осы жолдағы қарымды күресі де елеулі. Ардақты ағамыз қазір де рухани жаңғыру ісінің бел ортасында жүр. Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты стратегиялық мақаласында: «Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс» деген болатын. Бұл тұрғыдан алып қарағанда қоғамның рухани жаңғыруында жазу­шыларымызға жүктелер міндеттер аз емес. Көркем әдебиет қашан да жазушыны саяси қайраткер дәрежесіне дейін тәрбиелеген.

Рухани пайғамбарымыз, ұлы Абай өзінің он төртінші қара сөзінде былай деп толғанады: «Тірі адамның жүректен аяулы жері бола ма? Біздің қазақтың жүректі кісі дегені – батыр дегені. Біздің қазақтың «жүректісі» мақтауға сыймайды», – дейді. Бұл жүректі деп тұрғаны кім? Әрине, тек қарсыласын найза ұшына түйреп аударып тастай беретін алып күш иесі ғана емес, жүрегінде түгі бар, жанарында оты бар, қылышқа қарсы жүріп, ханға қасқая қарап тұра алатын абыздарды айтты емес пе?

Жаншылып, езіліп, қараңғылықта қалған халықты ояту үшін оның тарихын жазу қажеттігін Алаш арыстары үнемі ұран етіп көтеріп келді. Әлмәмбет ағамыз Алаш арыстарының идеясын терең түсінген зерттеуші-жазушы. Ұлт қайраткерлерінің осы шақырулары ұлттың кодына айналды. Қазақтың дүние болмысында батырлық ұғымының алатын орны ерекше. Бізге мұра болып қалып отырған дархан даламыз, мол жеріміз осы батырлықтың нәтижесі. Осындай жағдайға батыры көп ел ғана қол жеткізген. Батырлық болмаса, жерге иелік те болмайды. Батырлық – ел кеңістігінің айғақты көрсеткіші. Біз бүгінгі күнде ұлан-байтақ жерімізді аман сақтап қалған батырларымызды ұмытпауымыз керек. Қазақтың кең даласы ата-бабаларымыздың ға­сырлар бойы өмір сүру тәсілінің әрі тәжірибесінің арқасында сақталып қалып отыр. Қай заманда болмасын, біздің ата-бабаларымызға жер кеңдігі қажет болып, келер ұрпақтардың еркін өмір сүрулері үшін бар күш-жігерлерін сарқып, белді бекем бууына тура келген. Сондықтан, қазіргі кезеңдегі ақпараты дамыған қоғамда атамекенді қорғау, сақтау үшін бүгінгі ұрпаққа Ота­нымызды қорғаған батырларымыздың ерлігін, болмысын жастардың бойына сіңіру аса зәру мәселеге айналып отыр. Өйткені қазақ сондай батырларынан кенде болған жоқ, болмайды да. Бүгінгі алмағайып заманда да елі үшін аянбайтын ерлер аз емес. Міне, сондай жанның бірі, қазақтың қайсар ұлы – Үрмәш Түктібаевтай батырды танытып, ірілігін өмірімен үлгі еткен белгілі қаламгер Әлмәмбет Әлішев. Халықтың өз ішінен шығып, қаймағы бұзылмаған қазақ қара сөзінің құдіретімен сусындап, сусындап қана қоймай, сол өзі көрген өмір суреттерін таңғы шықтай мөлдіретіп, қағазға бедерлей білетін қаламгердің қай кезде де өзгелерден озық тұрғандығын іштей мойындаймыз. Ал сөйте тұра, олардың да әлденеден есесі кеткендей немесе сәулеті келіскен үлкен қалаларда тұрса, мұнан гөрі өнімді жұмыс істейтіндей, дүниені табанда төңкеріп тастайтындай, өзгелерден оза шауып, көмбеге бұрын жететіндей сәттері бар. Ел арасында тұрып, қоғамның қордаланып қалған өзекті мәселелерін шынайы түрде шымырлата жазатын қаламгерлердің арасында Әлмәмбет ағамыздың алатын орны ерекше. Өмір жолы үлгі боларлықтай өнегелік жол. Олай дейтініміз, сол бір артта қалған жастық шақтың жалынды жылдарының өзі де талай-талай қомақты жетістік­терге толы болған.

Ағамыз 1966 жылы С.Киров атындағы мемлекеттік университетті бітіргеннен бастап жур­­­на­листика саласында абыройлы қызмет атқарып келеді. Қазақ фи­лософия­сында адамның жүзіне рухани құбылыс ретінде үлкен мән беріліп келе жатқандығы белгілі жайт. Шынында да, кез келген адамның жүзіне қарап, оның жан дүниесін байқауға болады. Мәселен, жарқын жүзді, ашық жүзді, жылы жүзді, иманды, нұрлы жүзді деп тарқата беруге болады. Нақты өмір тәжірибесінен алынған осы бір жіктеулерді тектен-тек келтіріп отырған жоқпыз. Өйткені дәл осындай табиғи жылылық Әлмәмбет ағамыздың бойындағы қасиеттердің бірі.

Жазушының «Үрмәш Түктібаев», «Батыр болып тумайды», «Ат тұяғын тай басар» повестері мен «Бәйтеректің бұтағы», «Иірім» романдары және «Ой орамдары» әдеби-философиялық толғаулары, эсселері қазіргі қазақ әдебиеті дамуындағы елеулі туындылары. «Үрмәш Түктібаев» атты кітабының 12 мың данамен шығып, бүкіл Кеңес одағы көлемінде таратылып оқылуы әдебиет биігін көрсетсе, «Батыр болып тумайды» атты повесі, латыш тіліне аударылды. Кеңес Одағының Батыры Үрмәш Түктібаевтың даңқын шығарып, оны дәлелдеу жолында сан мәрте сонау Балтық елдеріне сапар шегуі азапты жылдардың жемісі еді. Бұл туралы кезінде Латвия Компартия­сы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы А.Э.Восста қазақ батыры Үрмәш Түктібаев туралы: «жас жігіттің сонша жауды жер жастандырғаны бізді қатты таңғалдырды. Үрмәш Түктібаев арқылы бүкіл қазақ халқының қаһармандығын таныдық» – деп үлкен саяси баға берген еді.

Қаламгердің шығармаларында ел, діл, тіл, патриотизм, секілді күрделі психологиялық ойлар атойлап тұрады. Шығармасының негізгі қозғаушы күші – оның жаратылыс-болмысына тән шабытты ойы, жаңалыққа құштарлығы, тіршілікті жақсылыққа толтыру жо­лындағы күрескерлік дүниетаным ұс­танымы. Ол жолдан дұрыс дәріс алған жазушы «Бас кеспек болса да, тіл кес­пек жоқ» деп, еркін ойлы іс-әрекетімен деспотизмге жаны қарсы бола отырып, елінің ой-арманын бір сәтке де есінен шығармай, үнемі болашақ мұрат үшін күресе біледі. 1985 жылғы 25 маусымда Алматыда, Қазақстан Жазушылар одағының қазақ әдебиеті тілі жөнінде өткен келелі жиында негізгі баяндама жасаған Социалистік Еңбек Ері, сөз өнерінің хас шебері, академик-жазушы Ғабит Мүсірепов қазақ әдебиетінің көрнекті жазушыларымен бірге тілге жауапкершілікпен қарайтын шебер қаламгерлер қатарында Қызылорда облысы, Қазалы ауданында тұратын жазушы Әлмәмбет Әлішевтің де есімін атап өтуі бекерден-бекер болмаса керек.

Оның шығармалары тұнып тұрған философия, өмір философиясы, қоғам философиясы, адам философиясы. Әле­кең шығармаларында өңірлік деңгейдегі емес әлемдік, өркениеттік деңгейдегі мәселелерді көтереді. Арал теңізі тартыла бастағанда алғашқылардың бірі болып, осы мәселені көтерген болатын. 1988 жылы 6-7 маусымда Арал қаласында өткізілген халықаралық үлкен жиында сөз сөйлеп, көпшіліктің назарын осы мәселеге аударған болатын.

Біз Әлмәмбет Әлішевті ойға алған мақсат-міндетін орындап, межелеген белестерін бағындырып келе жатқан, сөз өнерінің шыңына көтерілген жазушы ретінде танимыз. Тәуелсіз елімізді нығайту жолында насихаттық-ұйымдастыру іс-шараларының да қалың ортасында болып келе жатқан нағыз ұлтжанды, отаншыл, қайраткер ретінде білеміз.

Әлекең тумасынан өте тынымсыз адам. Бірқалыпты, бір ырғақпен, бұйығы өмір сүруді қаламайды. Аудан көлемінде талай-талай жауапты қызметтерді атқара жүріп, жазуға уақыт таба білді.

«Кісіде бес қасиет болуы керек» деген екен, ұлы ойшыл Конфуций. Олар: кісіге шын құрмет, кеңпейілділік, шыншылдық, зеректік, мейірбандық. Біріншісі – жарам­сақ­тануға жол бермейді, екіншісі – бар­лығын бағындырады, үшіншісі – адам­дардың көңіліне сенім ұялатады, төр­тіншісі – жеңіске жетуге мүмкіндік береді, бесіншісі – адамдарды басқа­руға мүмкіндік туғызады. Біз осы қа­сиеттерді Әлмәмбет ағамыздың болмысынан танимыз.

Баймырза КОЖАМБЕРЛИЕВ,

«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы 

облыс бойынша педагогикалық қызметкелердің біліктілігін арттыру институтының кафедра меңгерушісі, философия ғылымдарының  

докторы, профессор.

ТАҒЫЛЫМ 07 сәуір 2019 г. 560 0