« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Біз тілге тиек етіп отырған бұл екі кісі әз Наурыз айында дүние есігін ашқан. Жылма-жыл Наурыз шапағатымен жылынып, ағайын-туыс арасында туған күндерін тойлап жатады. Жер-дүние жасанып, ағаштар бүр жарып, табиғат тіріле бастаған шақта бұлардың да тойы басталып жүре беретіні тағы бар. Талай-талай қуаныштарында болып, жүрекжарды тілек-сөздерімізді де айтқанбыз, айтып та келе жатырмыз.
Ал, биыл... олар үшін ерекше жыл!
Екеуі де жетпіс деген желкенді биіктің белесіне көтерілген екен.
Екі ағатайымның есімдері – Елтай Әлмашұлы және Қуандық Қарақожаұлы. Бірі туған ағам, ал екіншісі – өзімнің қырық жылдан бері тату-тәтті ғұмыр кешіп келе жатқан жарым Ботагөз Шәзіндақызының ағасы! Екеуін бірінен бірін бөліп қараған емеспіз. Олар үлкендік жолынан жығылмады, біз де кішілік ізетімізді жоғалтпадық. Ұзақ жылдар бойы...
***
Қуандық Қарақожаұлы болмысынан жұмсақ, кісіге мейірімді, көңілінде кірі жоқ азамат. Ғұмыр бойы Жаңақорған ауданының орталығындағы дәрі-дәрмек секторында жұмыс істеді. Ол кісінің алдына сырқатына сеп болар сая іздеп келмеген адам кемде-кем шығар.
Кісі ауырса, алдымен дәрі-дәрмек іздейді, жанға батқан кесірлі кеселге ең болмағанда шарапаты тисе екен дейді.
Тумысынан қайырымды, ізетшіл азамат болғандықтан да, ауданның түкпір-түкпірінен келіп жататын үлкенді-кішілі адамдарды еш алаламай, іздеген дәрісін тез тауып беруге асығады. Мынадай алмағайып заманда, асты-үстіне түсіп, мидай араласып кеткен уақытта Қуандық ағадай адамдар, әй, көп те емес шығар!
Қолынан кішкене жақсылық жасау келсе, кергіп, кері тартып, сөзін салмақтап, қисая сөйлейтіндер аз ба? Әрине, көп емес, бірақ аз да емес.
Ол өткен ғасырдың 70-жылдарында Алматыдағы мединституттың фармация факультетін бітірген. Міне, содан бергі 40-45 жыл ішінде тек қана бір салада – фармация саласында қызмет атқарды. Сосын да өз ісінің шебері. Тіпті, басы ауырып, балтыры сыздап келген кісілерге қандай дәрі керегін де әп-сәтте айтып бере алады. Көзі жетіп тұрса, неге өйтпеске!
Ол – өнегелі отбасы иесі. Сүйген жары Мария екеуі ұл-қыз тәрбиелеп, немере сүйіп отыр. Шөбере сүюге де жақындап қалды. Ол – үлкенмен де, кішімен де дереу тіл табысып, ежелгі танысындай әңгіме өрбітіп әкете алады. Мұнысы, әрине, ерекше бауырмалдығы. Бауырмал болу қазіргі уақытта баға жетпес байлыққа айналған заман!
Ол – өзі сүйіп, таңдаған мамандығының жемісін көріп отырған жан. Медицина саласының үздігі. Мақтау-марапатқа кенде емес.
Ең елеп айтар қасиеті өзі туралы көбірек айтып, оңды-солды насихаттауға жоқ. Қарапайым ғана ғұмыр кешкенді құп көрген жан.
Қай кезде кездесе қалсақ та, Қуандық ағаның мейірімді жүзі мен әдемі күлкісі бізді де өзіне тартып алады. Онымен отырып әңгіме-дүкен құру да аса қызғылықты. Ол әңгіменің аяғы болмайды. Жалғаса береді, жалғаса береді...
***
Елтай Әлмашұлы – менің туған ағам. Арамыз сегіз жас. Ол кісі мектеп бітірді де, алыс қалаларға ұмтылып, оқу іздеген жоқ. Елде орнығып қалды. Елу жылдан бері қара шаңыраққа ие болып отыр.
Мен, жасыратыны жоқ, көп өмір мектебін осы ағамнан үйрендім десе де болғандай. Жас күнінен шоферлік курсты бітірді де, автокөлік жүргізушісі болды. Үйде сондай үлкен жүк автокөлігі бар болған соң, біз де қызығушылық байқатып, техника тілін үйрендік. Автокөлік жүргізу тәртібін меңгердік.
Ағам барынша ақкөңіл. Өзгелер секілді автокөлігінің есігін құлыптап тастап, ешкімді жолатпау дегенді білмейді. Егер қиылып сұрасаң, кілтті бере салатын.
Бірте-бірте біз де есейе бастадық.
Мектеп бітіріп, Алматыға оқуға аттандық. Мақсат – журналист болу.
Алматыда бұрыннан-ақ тұрақтап қалған үлкен ағам, ғалым ағам Дәуітбек Әлмашұлы мені құшақ жая қарсы алды. Сол бір балаң кездегі Дәуітбек ағам мен Кәмила жеңгемнің аялы алақаны, ыстық ықыласы менің есімнен еш кетпейді.
Қысқасы, мен осы екі ағамның ортасында жүріп ержеттім, ес жинадым ғой.
Оқу бітірген соң елге оралдым. Әуелі ауданда, сосын Қызылорда қаласында жұмыс істеуге тура келген. Комсомол қызметі, газеттегі өмір – бәрі де бізді мейлінше шыңдады, қалыптастырды.
Жас отбасы едік. Оқта-текте Елтай ағам өзінің автокөлігімен Қызылордаға келеді. Ол кез біздің кішкентай отбасы үшін үлкен мейрам. Ұл-қыздарым «дәу көке келді» деп, жанынан шықпайды.
Ет, құрт, май – бәрі де дастарханға төгіледі. Оған қоса ұн да бар, шәй да табылады. Сол шақта мен аса мән бермеппін – осының бәріне де қайдан қаржы тауып алады екен? Ақшасын да сұрап жатпайды.
Есейіп, қызметіміз сатылап, өз қолымыз өз аузымызға жеткенде Елтай ағамның отбасына қолдан келген жақсылығымды жасасам деп қатты талпындым. Ұл-қыздарын оқытуға, олардың үйлі-баранды болуына ықпал еттік. Көмек қолын создық.
Елтай аға мен Ұлбосын жеңгей бұл күнде ұл-қыздары есейген, немере сүйіп отырған бақытты отбасы. Өзіміз туып-өскен Қыраш деген кішкентай, жасыл желекті ауылда өмір сүріп жатыр. Әрдайым біз ат басын бұрып, амандық-саулығын біліп қайтпаққа ынтығамыз. Өйткені, ол шаңырақта ата-әжеміз Жұмат пен Саракүлдің, әке-шешеміздің иісі сақталған. Сол иіс сағындырып тұрады бізді...
Елтай ағаның қамқор көңілі мен ыстық алақаны осы күнге дейін есімде. Әрдайым ойыма түсіп, жан-дүниемді ерітіп әкететіні бар...
***
Екі ағатайым да, міне, Наурыз мерекесімен жарыса жетпіс жас деген мерейтойын атап өтуге талпыныс жасап жатыр екен. Біріне үлгеріп, біріне үлгере алмай жатқан шығармыз – бірақ көңіліміз таза, ниетіміз барынша ақ! Жетпіс деген, бүгінгі күнмен салмақтасақ, аса үлкен жас та емес. Қартайдым деуге әлі ерте. Ақыл-ой мен парасаттың толысқан шағы десек, дұрыс шығар!
Әз Наурыз мерекесімен жарыса жарық дүние есігін ашқан сіздер қандай бақыттысыздар! Бұл әркімге-ақ арман шығар, сірә!
Тойларыңыз құтты болсын, ағатайлар!
Сіздерге деген жүрекжарды тілек сөздеріміз осы!
Қабыл алғайсыздар!..
Жолтай ЖҰМАТ-ӘЛМАШҰЛЫ,
жазушы.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |