Мақсат биіктесе, биік төмендейді

Кешегі кеңестік дәуірде газет-журналдар марксизм-ленинизммен қаруланып, цензура ұстанынымен тарады. Партияның сөзін ұшпаққа шығарып, коммунистік идеяны насихаттады. Баспасөздің бағы қазақ елі өз алдына дербес шаңырақ көтерген жылдардан соң ғана ашылды. Баспасөз  арқылы жоғымызды түгендеп, рухымызды асқақтаттық, рухани жаңғырдық. Ұлыларымызды ұлықтадық, иманымызды бекіттік, дініміз бен ділімізді дәріптедік. 

Қазақ газеттері тоқсаныншы, екі мыңыншы жылдардан бері қарай жаңбырдан кейінгі дүркіреген көктей болып өсті. Басқаны былай қойғанда өз облысымыздың мысалы да сол сөзімізге айғақ.

Осы бүгінде облыстың медиа кеңіс­тігінде 92 бұқаралық ақпарат құралы тіркеліп, жұмыс жасап отыр. Олардың 4-еуі электронды, 5-еуі ақпараттық агенттік, 83-і баспа, оның 25-сі журнал, 58-сі газет. Бағыттары қоғамдық-саяси, ақпараттық және ақпараттық-танымдық, салалық деген сияқты.

Осы БАҚ құралдарының сапына 2014 жылдың наурыз айынан бастап кәсіпкерлерге арналған облыстық «Кәсіпкер келбеті» газеті мен республикалық «Кәсіпкер және мәдениет» журналы қосылды.

Қос баспасөзді шығаруды «Қа­зақстанның құрметті авто­кө­лік­шісі» Жүзбай Ибрагимұлы Таңрық­баев қолға алған болатын. Әдеп­кіде былайғы жұртқа журна­лис­тикаға қатысы жоқ адамның бұл әрекеті жай қызығушылық сияқты сезілді. Алысқа ұзамай жабылып қалатын шығар деп ойлағандар да көп еді. Өйт­кені білікті бас­шы, білімді жур­налисі болмаса мемлекет тара­пынан жәрдем алып отырған газет­тердің де құлашын кеңге сермеуі екіталай. Оның үстіне басылу шығыны, жазылу, таратылу бейнеті тағы бар. Осының бәрін үйлестіру бір адамның мойнына түскенде оның салмағын немен өлшеуге болады?  Газет шығару ісін бұл саланың ыстық-суығына түскен адам ғана жақсы біледі.

Дәл осы тұста Жүзбай ағаның тілеулестері қол ұшын созды. Айдархан Алтынбеков, Қадрия Стамшаев, Елеусін Төлегенұлы секілді азаматтар игі істің ауырын иықпен көтерісті. Темірхан Әлімқұлов, Айдарбек Сейітмұратов, Қайрат Ерназаров, Мұрат Сәрсенбаев, Нұрымжан Сопбеков, Бақдәулет Ысқақов, Сағитжан Алтынбеков, Дархан Ибраев сынды ірі кәсіпкер әрі руханият жанашырлары Жүкеңнің нағыз қолдаушылары есебінде қасынан табылды. «Көп тілегі көл», уақыт өте келе осы жұ­мысқа оқу орындарының басшылары, жазушы-журналистер де аралас­ты. Мұхамеджан Нұрханов, Нұр­лан Көбегенұлы, Кенжәлі Ерімбетов, Жұмакүл Оралбаева секіл­ді қалам­гер­лер әріптес есебінде өз үлес­терін қосты. Баспагерлер – Ермек Аяпов, Ғалымжан Дінисламұлы, Бақыт Каюмов та қолдан келген жәр­демін аямады. Газеттің қарызына қара­мас­тан, келесі нөмірлерін тоқ­татпай жарыққа шығарып жатты. Өйткені олар газет ісінің қиындығын айтпай білетін. 

Жоғарыдағы сөзімізде қос баспа­сөздің де бас редакторы болып бар бейнетті көтеруге бел буған Жүзбай Ибрагимұлының автокөлікші екенін айтып қалдық. Ол еңбек жолын 1970-1975 жылдары «Казсельхозтехника» автобазасында көлік жүргізушілігінен бастап механик, өндіріс шебері, гараж меңгерушісі қызметтерін атқарды. Мұнан кейінгі жылдарда «ДСУ-30» мемлекеттік меке­ме­сінде, автокомбинатта автоколонна бастығы, тәуелсіз партия ұйымының хатшысы, 1985-1989 жылдары АТП «Казсельхозтехника» автобазасында директор қызметін атқарған.

2003-2007 жылдары «БИС» мұнай тасымалдау компаниясында техника қауіпсіздігінің инженері болды. Мұнан соң «Аталас» ЖШС директорының орынбасары, «Астана-Моторс» ЖШС автобазасында атқарушы директор болып қызмет етті. Онан әрі «Дорстой» серіктестігінде бас директордың кеңес­шісі қызметін атқарып, 2013 жылы зейнетке шықты.

Бірақ ағамыздың осы еңбек жолына қарап журналистика саласына төтеннен келіп қосыла салды деуге әсте болмайды. Өнер Жүкеңнің бойына бала күннен жұққан. Оқушы кезінен-ақ өлең шығаратын, сурет салатын, қолына мандолин мен сырнай алып ән айтатын, оған қоса мектеп сахнасында қойылатын скечтер мен спектакльдердің рольдерін ойнайтын. Егер политехникумға түсіп, техник-механик мамандығын алмағанда, сөз жоқ, не театрды, не журналистика саласын таңдар еді.

Біз де ағамыздың бір інісі болып қат-қабат тіршілікте қатар жүріп келеміз. Жасы жетпіске таяған Жүкең­нің дауыс ырғағы сазды, ауызекі сөзге шешен, тыңнан ой табуға шебер. Демек, ағамыз журналистикаға «қолы бос болып» келе салмаған адам. Ол кісінің «Балалық шағым, балдәуренім», «Сыр саңлақтары», «Елім­­нің күн сәулесіндей Астана», «Жеңіске жеткен жауынгерлер», «Сұлушаш», «Жайсаң жандар», «Тағ­дырлар тоғысы» секілді оннан аса кітаптың авторы екенін білсеңіз, біз­дің сөзіміздің қата айтылмағанын тү­сінесіз. Бұл кітаптар туған елдің қасиеті, туған жердің туымды пер­зент­тері туралы сыр шертеді.

Ал, газет пен журнал болса, кәсіп­керлікке қолдау білдіре оты­рып, елді еңбекке шақыру, кәсіп ашудың жолында тәжірибе жина­ған адамдардың қызметін насихаттау тақырыбын көтеріп келеді. Бүгінде қос басылымның осы күр­делі сала жұмысын әр қырынан көр­сетуге машықтанған бірден-бір ақпарат құралы екендігіне дау жоқ. Кәсіпкерлікке қатысты респуб­лика бойынша болып жатқан заң­на­малық өзгерістер, қолға алынған бағдарламаларға қалайша қол жеткізу мәселесі секілді тақырыптарды осы газет пен журналдан оңай табуға болады.

Ж.Таңрықбаевтың баспасөз сала­сындағы осынша жұмыстары елеусіз қалған жоқ. Оның төсіне тағылған «Ел ардақтысы» медалі, «Қорқыт ата атындағы Алтын медаль», «Бей­біт­шілік Әлемі» Халықаралық Қазақ творчестволық бірлестігінің «Алтын қыран» медалі, басқа да мерекелік медальдар, облыс әкімінің алғыс хаты – тынымсыз еңбегінің бағасы. Сондай-ақ, ол бүгінде Қа­зақстан Журналистер одағының мүшесі.

2011 жылы Қазақстан Прези­ден­тінің Сыр еліне келген іссапарында Елбасымен емен-жарқын сұқбат­тасып, үлкен абыройға ие болды. Осы оқиғаны кейінгі жастарға, неме­релеріне ғибрат қылып айтып, олар­дың бойына отангерлік сезім сіңіріп жүрген үлкен тәрбиеші. Отанасы Шырынкүл Есенбекқызы екеуі бес бала өсіріп, жиырма шақты немере, төрт шөбере сүйіп отырған баталы ата.

Әрі әріптес, әрі аға Жүзбай Ибра­гим­ұлының жүрексінбей, қиындықтан жалтармай екі бірдей баспа құралын дөңгелентіп отырған келелі ісі кейін­гілерге әрқашан үлгі болмақ.


Дүйсенбек АЯШҰЛЫ.

ТАҒЫЛЫМ 19 наурыз 2019 г. 2 061 0