«Халықтың көзі, құлағы Һәм тілі» атанған газеттің қара қазанында қайнап шыңдалған Қален аға Әбдешов қариялық кезеңінде де қоғамдық жұмыстан шет қалмады. Мұны ол біреудің өтініші не қолқалауымен емес, жүрек қалауымен, өзінің ар-ожданымен атқара білді. Қален аға қашанда жан-жағын қомдап жүретін қайырымдылығынан танған емес, үлкенге ізетшіл, кішіге ілтипатшыл, жалпы адамға мейіріммен қарайтын өзі де, сөзі асыл жан болатын-ды.
«Ер жігіттің басында алты қасиет болуы керек: әуелі, зерделі-зейінді болсын. Екінші, өнерлі-өрісті келсін. Тапқырлық, талап, ерлігі өзіне көрік береді. Жігер-күш, қайрат-қаруы біліміне серік болсын», – деген-ді бірде айналасына жинала қалған жас жігіттерге қарата. Бұл Қалекеңнің «Шежірелі Шиелі» кітабын жинақтап жүрген кезі, 1999-2000 жылдар болатын. Осы жинақ үшін ағамыз уақытпен санаспай жұмыс жасады. Кітап толыққанды жарық көрсін деп ел азаматтарына қозғау салып, өмірден өткен ескі көздердің құжаттарын іздестіріп, суреттерін алдыртып, тынымсыз еңбек еткеніне осындағы көпшілік куә. Ардақты ағаға Шиелі ауданының сол кездегі басшысы Жарылқасын Тұрабаев бастаған азаматтары үлкен сенім артып, қажет болғанда қол көмектерін де аямады.
– Білімді де, білікті азамат еді. Өзінен кейінгілерге үнемі қамқорлық танытып, үлгі көрсетіп жүретін-ді. Партия, совет жұмысында ол кісіден үйренгеніміз мол, – деп ризашылықпен еске алады аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сұлтанбек Қойшыбайұлы.
1998 жылы жазушы-драматург Қалтай Мұхамеджановтың 70 жылдық мерейтойы Сыр бойында бір апта бойы атап өтілді. Атақты жазушы бастаған алқалы топты сол жылдардағы облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың өзі Жаңақорған ауданының шекарасынан күтіп алып, зор құрмет көрсетті. Ертесіне құрамында Шерхан Мұртаза, Камал Смайлов секілді қайраткерлер бар қонақтар Шиелі ауданына келіп табан тіреді. Шиеліліктер мәртебелі меймандарды Сығанақтан күтіп алып, арнайы тігілген ақшаңқан киіз үйлерде күтті. Сол күні мәдениет сарайында жұртшылықпен кездесу өткізіліп, аузымен құс тістеген жүйріктеріміз әсерлі әңгімесімен жұртшылықты ұйытты. Кешке аудан әкімі Жарылқасын Тұрабаев меймандарға арнайы қонақасы берді. Біз де облыстық басылымның тілшісі ретінде сол кісілердің жанынан табылдық. Сонда аңғардық, жоғарыда аттары аталған алыптарымыз Қален ағаға ерекше құрметпен қарап, лебізіне құлақ түріп отырды. Қалекең ол кісілермен бұрыннан да аралас-құралас болуы керек, етене әңгімелесіп, елдің, жердің қасиетін айтыңқырап отырды.
Қален аға және ол кісінің тұстастары өмірдің небір бұралаң бұрылыстарын көрген көнекөздер ғой. Кешегі кеңестік құрылыстың бел ортасында жүріп, халық үшін аянбай еңбек етті. Әрине, қоғамдағы түрлі жағдайлар адам санасына әсер етпей тұрмайды, турасын айтар болсақ, біздің бүгінгі кейіпкеріміздің замандастары рухани құндылықтарға барынша құрметпен қарады. Әр сөзі мен ісінде адамгершіліктің лебі есіп тұрды. Ал, уәдеге беріктігі қандай. Жауапкершілік жүгін көтеруі ше... Қазір біз бастан кешіп отырған «сен маған, мен саған» есепті қағида бұрынғы заман адамдары үшін жат болатын.
Жас кезінен адами қасиеттерді бойына сіңірген Қален аға Әбдешов Қазақ ұлттық университетінің журналистка факультетін бітірген 1956 жылы жолдама бойынша Жалағаш аудандық газетіне жұмысқа орналасады. Қатардағы тілшіден газет редакторының орынбасарлығына дейін көтеріледі. Ал, 1961-1962 жылдары Қармақшы аудандық газетіне редакторлық етеді. Арада екі жыл жоғары партия мектебінде білімін көтерген ағамыз өзі еңбек жолын бастаған ауданға қайта келіп, 12 жыл бойы Жалағаш аудандық «Жаңадария» газетінің редакторы болады. Сонан соң облыстық «Ленин жолы» газетіне қызмет баспалдағымен көтерілген журналист 1975 жылы Шиелі аудандық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы лауазымына тағайындалады. Бұл «Маржаны Сырдың – Шиелі» атанған ауданның өрлеу үстіндегі жылдары еді. Бір ауданнан 41 Еңбек Ерінің шығуымен қатар қаншама өнегелі жандарымыз көпке үлгі болды. Білім, денсаулық жағдайлары жақсарып, мәдениет, өнер барысында шиеліліктердің атағы аспандап тұрды. «Жас дәурен» мен «Майдангерлар ансамблі» республикалық телеарнада өнерімен танылды. Ал, әнші Әлмырза Ноғайбаев «Ақсақ киік» әнімен жұртшылықты тамсандырды. Аудан өнерпаздары Португалияға сапарлап қайтты. Өз міндетіне адал қарайтын қаламгер-хатшы бірнеше орден, медальдармен марапатталды. Бәрінен де жалпы жамағаттың ыстық ықыласын айтсаңызшы!
Қалекең ағамыз орнымен айтылған әзілге де жүйрік болатын. Бірде мәдениет үйінде өтетін шара алдында бірінші хатшы фойені аралап жүріп, көрнекі үгітке қатысты бірер ұсынысын айтады. Және де өз сөзіне риза кейіпте: «Қалай, Қалеке, мен идеология хатшысы бола алам ба?» – деп сынай сөйлейді. Сонда Қалекең де іліп алып:
– Жарағанда қандай, тіптен лайықсыз! Осы сіз екеуміз қызмет ауыстырсақ қайтеді, – депті қуақылана. Айналадағылар ду күлісіпті.
Адамның тағы бір жақсы қасиеті: бұрынғы ескі достарын сыйлап, іздеп отыруы ғой деп ойлаймын. Облыстық «Сыр бойы» газетінде ұзақ жылдар редактордың орынбасары қызметін атқарған ақын Сейіл Боранбаев ағамыз маған редакция маңында жолыққан сайын «Қаленнің денсаулығы қалай? Менен сәлем айта бар» деп ықыласын білдіріп жүретін-ді. Тағы бір әріптес ағамыз Шәкізат Дәрмағанбетовпен де ерекше сыйлас еді.
Қаламгер ағамыз өзінің өмірлік жары Күлшарипамен бақытты өмір сүрді. Ол кісі де университетте жоғары білім алып, орта мектептерде биологиядан шәкірттеріне ұзақ жылдар бойы дәріс берді. 1980 жылы зейнеткерлікке шықты. Қалекең екеуі Нұржан, Маржан, Айжан, Гүлнар, Дайыр есімді ұл-қыздарын өсіріп, жақсы жандармен құда-жекжат болып, өнегелі өмір сүрді. Бұл күндері немерелерінің өздері егемен еліміздің әр саласында табысты еңбек етіп жүр.
Иә, халықтың жаңаруы, рухани даму процесінің қозғаушысы Қалекең секілді зиялылығы мол азаматтар екені анық. Олардың өнегесін жаңғыртып отыруымыз кейінгі ұрпақ үшін ауадай қажет.
Нұрмахан ЕЛТАЙ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.