АКАДЕМИК

Сырдың киелі топырағы өнер мен мәдениет, білім мен ғылым саласындағы талай қабырғалы қайраткерлерді түлетті. Бір қуанарлығы, осы перзенттердің барлығы елге адал қызмет етудің үлгісін көрсетіп, сан салада көш бастап келеді. Солардың бірі ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Сейфулла Әбдірайымов бүгінде 80 жасқа толып отыр.

Қаратау қойнауында ту­ған ұлдың өмір жолы ғы­лыммен тығыз байланысты болды. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары Қазақ ауылшаруашылық институтын бітірген ол қазіргі Түркістан облысы Созақ ауданындағы «Энгельс» кеңшарының бас агрономы қызметіне кірісті. Шаруашылықта жұмыс істеу тәжірибе жинақтаудың көзі болғанмен, жас жігіттің арманы ғылымның жолы болды. Осы мақсатпен көп ұзамай Одесса ауылшаруашылық инс­титутының аспирантурасына түседі. Тынымсыз ізденіс пен таудай талаптың арқасында 1964 жылы «Одесса облысының қой совхоздарында табиғи жайылымдарды пайдалану» тақырыбында кандидаттық диссертациясын сәтті қорғаған жас ғалым алдынан үлкен бір жолдың ашылғанын сезгендей еді. Жас маманның еңбек жолы мұнан әрі Қазақ ССР Ауыл шаруашылығы министрлігі ғылым бас­қармасы бастығының орынбасары ретінде жалғасты. Бұл Қазақстанда қаракөл шаруашылығының қарқынды дамып келе жатқан кезең еді. Терісі бағалы түліктен ойдағыдай өнім алу үшін ең алдымен жемшөп базасын шешу өзекті мәселенің бірі болатын.  Осы мәселені талқыға салғанда таңдау бірден Сейфулла Әбдірайымовке түсті. Осылайша жас маман Шымкент қаласындағы Қазақ қаракөл шаруашылығы ғылыми-зерт­теу институтының жайылым және жемшөп бөлімінің меңгерушісі қызметіне ша­қырту алады. Мансапты емес ғылымды дамытуды мақсат еткен ол осы институтта табан аудармай ұзақ жыл қызмет ете жүріп ғылым жолындағы ізденісін бір сәтке тоқтатпады. Ең бастысы, инемен құдық қазғандай ізденіс жолы ізсіз кеткен жоқ.

Ұзақ жыл бойы шөлтану са­ласындағы еңбектерімен та­­­­ны­лып, жетекші ғалым­ның біріне айналған жер­ле­­­­сіміздің Оңтүстік-Батыс құр­­­ғақ аймақтарындағы өсім­­­дік­­­тердің биологиялық, фи­­­­то­мелиорациялық қа­сиет­­­терін, экологиялық-гео­бо­та­­никалық кешенді зерттеу мен жайылымдарды түбегейлі жақсарту, қуаңшылық жерде өсімдіктердің тұқым шаруа­шылығын өркендетудің теория­­лық және қолданбалы негіз­­дерін практикалық іске асырудағы еңбегі орасан зор.

Оның тікелей басшы­лығымен «Задарья» асыл­тұ­қымды қаракөл зауыты, «Бостандық», «Қожатоғай», «Бірлік», «Правда», «Аман­гелді», «Ақшүкір», т.б шаруа­шылықтардың жа­йы­лым­дарын түбегейлі жақ­сарту бас­тамасы қолға алынып, біртекті және аралас екпе жа­йы­лымдар, қара сексеуіл егу арқылы жайылымды қор­ғау алқаптарын жасау әдіс­темелері іс жүзінде енгізілді.

Ғалымның бөле-жара айта кетер тағы бір еңбегі – ғы­лыми-станционарды тиім­ді таң­дауы. Ол 1965 жылы Қазақстанда бірінші рет қуаң өңірде «Бақтыөлең» ста­­­ционарын құрып, мал азықтық өсімдіктерді зерттеу нәтижелерінің озық жетіс­тіктерін іс жүзінде дәлелдеді. Осы станционарда 1979-1992 жылдар аралығында БҰҰ шең­берінде халықаралық курс­тар өтіп, Азияның 40 мем­лекетінен жүзден астам шөлтану мамандары даярланды. Осы жерде дүниежүзінің көптеген ғалымдары өз тәжірибелерін таратты. Кейін осындай стационарлар Қы­зыл­құм, Мойынқұм мен Мырзашөлде құрылды.

Сондай-ақ алғаш рет Қа­зақстанның оңтүстігі мен оңтүстік-батыс өңірінің шөл және шөлейтті аймағының жа­йылым өсімдіктерінің тұқымдарын өндіру жылына 500 тоннаға дейін жетіп, екпе жайылымның өн­дірістік айналым аумағы 250 мың гектарға дейін өсті. Нәтижесінде ал­ғаш рет изен, теріскен, шо­ған, сексеуіл тұқым шаруа­шы­лығының ғы­лыми не­­гізі қаланды. Ға­лымның сұ­рыптау әдісі арқы­лы изен­нің «Задариялық» және «Бақ­ты­өлең», «Нұр», теріс­кеннің «Арыс», «Қы­зылқұм», күйреуіктің «Сән» және сексеуілдің «Жансая» сорттары шығарылып, аудандас­тырылды. Ізденімпаз ғалым ұзақ жылғы зерттеулерінің нәтижесінде 1989 жылы «Қа­зақстанда жайылымды тиім­ді пайдаланудың және жақ­сартудың теориялық және практикалық негіздері» тақы­рыбында докторлық диссертациясын қорғады.

Өз саласы бойынша өзге елдерге де танымал ғалым 1995 жылы Ташкентте өткен Орталық және Батыс Азия мемлекеттерінің халықаралық семинарында өзекті та­қырыптар бойынша баяндама жасады. Осы кезеңде Алматы, Шымкент, Ашхабад, Ташкент қалаларында өткен халықаралық конференциялар мен симпозиумдарда шөл­ді аймақтарда фермерлік шаруа­шылықтар құру, ондағы мал азықтық өсімдіктер, тозған жа­йылымдық жерлерді қалпына келтіру мәселелері бойынша келелі пікір айтты.

2008 жылы Қазақстанда алғаш рет ОБСЕ тапсырысы бойынша Азия Даму Банкінің қолдауымен Мотт Мак Дональд компаниясымен бірлесіп, «Полет-2М» бағдарламасы ғылыми материалдарды космостық зерттеу нәтижесінде «Табиғи жайылымдардың мониторингі туралы» ұсыныстар Еуроодақ стандартқа енгізіліп, қазіргі кезде аталған құжаттың Орталық Азияның жер ресурс­тарының басқару шеңберінде әдістемелік көрсеткіш ре­тінде пайдаланылуы ғалым еңбегінің жемісі екені даусыз.

Еліміздің аграрлық ғылы­мын халықаралық дәре­жеге жеткізуге өз үлесін қосқан ғалымның 300-ден аса ғылыми еңбегі бар. Бұл еңбек ел жайылымын түгелдей жақсартуға теориялық және тәжірибе жүзінде де пайдасын тигізді.

2003 жылы Қазақстан Рес­публикасы Ұлттық Ғылым Академиясының академигі болып сайланды. Ғылымдағы озық жетістіктерді өн­діріске енгізгені үшін «Құрмет» белгісімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен, ауыл­ шаруа­шылығы ғылымына сіңірген еңбегі үшін Елбасының ал­ғыс хатымен марапатталды. Тізбектей берсек, ғалымға берілген марапат таусылар емес. Бұл – оның ғылым жо­лындағы еңбегінің бағасы. Ал ғылым нәтижесін өндірісте пайдалану, ел игілігіне жұмсау еңбектің қайтқаны дер едік. Оның ғылым жолындағы бейнетті еңбегі ақталды деп айта аламыз. Себебі ғалым ізденісінің нәтижесі мен тәжірибесі агросаладағы үл­кен мектепке айналды.

Г. МАҒЛҰМҚЫЗЫ.

ТАҒЫЛЫМ 16 наурыз 2019 г. 487 0