– Адамды өмірге құлшындыратын да, алдағы үмітіңді шындыққа айналдыратын да құдіретті нәрсе – еңбек, – дейді байырғы ұстаз, бұл күндері зейнеттегі Қарлығаш Бекмұханбетова. – Қимылсыз қарап отыру – өмірдің мәнін кетіреді. Ауыра бастайсың, басқалардың мазасын аласың. Бұл жақсы емес. Қолдан келгенінше тыным таппаймын. Былтырдан бері жас кезімде біраз серік еткен өнерімнің бірі – тігіншілікке қайта бой ұрдым. Құрақ көрпелер құрастырамын. Үйде түрлі маталардың қиындылары мен жыртыстары жиылып қалған екен, соларды біртіндеп кәдеге жаратудамын.
Рас, Қарлығаш апа бірнеше көрпені құрап тастапты. Мата қиындыларын қиюластырып, тартымды дүние шығарған шеберлігіне қайран қалдық. Мұнда түрлі қазақи нақыштағы оюлардан, өрнектерден құралған көрпелер көздің жауын алады.
– Менің шешем Қаншай да ісмер кісі еді, лезде бір көйлекті тігіп, тойға киіп бара жатса, қыдырып келісімен қолғап, шұлық тоқып немерелерінің жылы жүруін қадағалайтын. Сондай-ақ, кеудеше тоқу, тұмақ тігу ол кісі үшін таңсық емес еді, – дейді осы үйге қыдырыстап келген құдағиы Орынкүл де қоштай сөйлеп.
– Айтпақшы, өзің де осы өнерден құр алақан емес едің-ау? – деп үй иесі де жайдарлана түсті.
Иә, құрақ құрай білу – қазақ үшін текті өнердің бірі. Мұны қолының еп-себі болумен қатар, өнерге бейімі бар, қиялы ұшқыр жан келістіріп атқара алады. Бояу түрлерінің үйлесімділігін де жете білген жөн. Ол арқылы халқымыздың құнарлы дүниетанымын, эстетикалық талап-талғамын, сұлулықты аңсаған іңкәр сезімін айтқызбай-ақ танисың. Сонымен қатар, ол қыздарды төзімділікке, үнемділікке, шеберлікке баулиды, жан-дүниесін байытып, ой-өрісін кеңейтеді.
Иә, Жаңақорған ауданы, Қандөз ауылындағы орта мектепте бірнеше жыл ұстаздық етіп, кейіннен мектеп директоры лауазымынан зейнеткерлікке шыққан Қарлығаш Бекмұханбетова төл өнерімізді күнделікті машығына айналдырып, немерелеріне үйрету үстінде.
Н.НАЗЫМХАНҰЛЫ.
Жаңақорған ауданы,
Қандөз ауылы.