« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Егемендік алғаннан кейінгі кезеңдегі мемлекетіміздегі жаңарулар мен тың серпілістер тарихи оқиғаларға жаңа тарихи таным бағытында зерттеу мен тың деректер негізінде қайта сараптап зерттеу мүмкіндігін әперіп, Отандық тарихымыздың «ақтаңдақ» беттерінің орнын толтырып, болған оқиғалар менқұбылыстарға жаңа көзқарас тұрғысынан сараптап, тарихи шындықты зерттеп, зерделеп жария етіп отыратыны ұлттық зиялылар қызметі арқылы жүзеге асатыны мәлім. Егеменді Қазақ мемлекетін құру жолында ұлттық сананың қалыптасуы мен қазақ ұлтының өткен тарихын, жекелеген тұлғалары мен тарихи үрдістерін шынайы түрде толық қарастыруды қажет етіп отыр. Қоғамда ұлттық зиялы қауым өкілдерінің, саяси қоғам қайраткерлерінің, тіпті ел ішінде танымал болған белгілі мемлекет қайраткерлері мен саясаткерлердің есімдері ХХ ғасырдың 30 жылдарының соңында жүргізілген кеңестік жүйенің арнайы жүргізген саяси іс-шараларының құрбаны болып кете берді. Кеңестік тарих ғылымы жекелеген ұлттық тұлғалардың өмір жолдары мен азаттық жолындағы күресі мен ұлтына арнаған қоғамдық-саяси қызметтерін өмірге жанаспайтын ұғымдар тұрғысынан қарастырды, зерттеуге тыйым салды, ал зерттеле қалғандары сыңаржақ бағаланып, тарихи шындық тұрғысынан бағалауға мүмкіндік бермеді. Сондықтан да тарихтың бұл беттерін қайта қарастырып, әлі де болса қолданбай келген мұрағат құжаттары арқылы жаңа шынайылық көзқараспен ашып көрсету қажет. Міне сондай тұлғалардың бірі Жанайдар Сәдуақасов.
Жанайдар Сәдуақасұлы 1898 жылы Омбы губерниясы, Ақмола уезіне қарасты Сарысу болысындағы Байеділ-Тоқабай деген жердегі Төссаз ауылында (қазіргі Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданындағы Түгіскен елді-мекені) дүниеге келген.Ол ауыл молдасынан тілін сындырып, ауыл ақсақалдарынан Абай өлеңдерін жаттап өседі[1, 113 б.]. Жанайдар немере ағалары Дінмұхамед, Байсейіт Әділовтермен 1912 жылы Ақмоладағы Приход мектебіне түсіп, оны бітірісімен ауылға қайта оралады. Ал, 1915-1916 жылдары Ақмола қаласындағы Жоғары бастауыш мектебінде, 1917-1919 жылдары, Омбы қаласындағы Ересектерге арналған гимназияда оқиды[2, 6 б.].1914 жылдан Омбыда қазақ жастары құрған «Бірлік» ұйымына мүше болады. Ұйымда қазақтың оқыған, білімді азаматтары баяндамалар жасап, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізеді. Бұл азаматтар қазақ халқын патшалық отарлық езгіден құтқаруды, өз ұлтының азаттығын көксейді.1917 жылы 1-4 қазан аралығында «Бірліктің » кеңейтілген жиналысы өтеді. Оған Ақмоладан «Жас қазақ», Көкшетаудан «Жан ұран», Спасскіден «Жас дәурен» және басқа жастар ұйымдарынан шамамен 100-ге жуық өкілдер қатысады. Жиналыс қаулы қабылдап, ұйымның басшылық органын сайлайды. Жиналыстың төрағалығына және «Бірліктің» үні «Балапан» журналының редакторлығына талантты жас ақын Мағжан Жұмабаев сайланады[3, 47-48 бб.].
Ж.Сәдуақасов оқыған білімді қазақ жастарымен етене араласа жүріп, өзінің өмірлік ұстанымдарын айқындайды. Колчакка қарсы бүлікке қатысады. Бүлік қатыгездікпен талқандалған соң, басқа үзеңгілес жолдастары сияқты Жанайдар да жасырын өмірге көшеді. 1918 жылы Чехословак корпусының көмегімен Колчак Омбыны, Қызылжар мен Ақмоланы басып алғанда, Ақмола Кеңесінің халық депутаттары түгелдей тұтқындалды. Олардың ішінде С.Сейфуллин, Б.Серікбаев, В. Катченко, А.Асылбековтар бар еді.Қаңтардың қақаған аязында Анненковтың «өлім вагонымен» Омбыға Ақмола Кеңесінің халық депуаттары жеткізіледі. Қауіп-қатерге қарамастан, қазақ жастарының демократиялық астыртын ұйымын басқарушы Жанайдар тұтқындармен байланыс жасап, Сәкен Сейфуллиннің қашып шығуына көмектеседі. С.Сейфуллин өзінің «Тар жол, тайғақ кешуі» [4, 340–342 бб.] - атты шығармасында Жанайдарды Колчак бұғауындағы тұтұындарды ауыр азаптан құтқарған ержүрек, күрескер ретінде ерекше құрметпен атап өтеді. Осылайша, саяси оқиғаларлың бел ортасында жүріп шыныққан жас Жайнайдар Омбыда оқып жүрген қазақ жастарының көрнекті жетекшілерінің, алғыр ұйымдастырушыларының біріне айналды.1919 жылы Жанайдар Ақмолаға келіп, партия қатарына өтіп, Кеңес өкіметін орнықтыруға белсене араласады.
Қазақ халқы үшін тарихи сәтте қызметке араласқан Жанайдар Сәдуақасұлы 1919-1937 жылдар аралығында Ақмола уезінің Халық соты, Ақмола Уездік Халық ағарту бөлімінің меңгерушісі, Ақмола Уездік Кеңесі Атқару Комитетінің жауапты «төтенше» хатшысы, Қазақ Орталық атқару Комитетінің жауапты хатшысы, Адай Уездік Комитетінің төрағасы Қаржы Халық Комиссарының орынбасары, сырдария губерниялық Атқару Комитетінің төрағасы Әділет Халық Комиссары және Республика Прокуроры, Қазақ өлкелік Комитетінің мәдениет-насихат бөлімінің меңгерушісі, қазақ өлкелік Комитетінің көлік жөніндегі хатшысы, өлкелік сауда бөлімінің меңгерушісі, Халық Комиссарлар Кеңесі төрағасының бірінші орынбасары және республикалық «Социалистік Қазақстан» газетінің бас редаторы, Алматы облыстық және қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы секілді жауапты қызметтер атқарады[2, 7 б.].
Ж.Сәдуақасұлы 1923 жылы Қазақ Орталық Атқару Комитетінің жанынан «қазақ тілін іс жүргізуге енгізу жөніндегі Орталық комиссия туралы Ереже» мен «Декретті» әзірлеуге қатысып, Орталық Комиссияның жергілікті аймақтарда филиалдарын ұйымдастыруға басшылық жасайды. Мемлекеттік тіл мәртебесін алған қазақ тілін өрістетуге және ұлттық рухты жандандыруға бағытталған қажырлы қызметінде Ж.Сәдуақасов Оқу-Ағарту Халық Комиссары болған тіл жанашыры А.Байтұрсыновпен бірлесіп жұмыс істейді.Ол Орталық Комиссияға 1923-1924 жылдары аралығында төрағалық ету барысында тіл жаңашыры ретінде тың идеяларымен және қабілетті ұйымдастырушылығымен ерекшеленеді. Сол кезеңдегі орыстандыру саясатына қарамастан, қазақ тілінің аясын кеңейтуге күш салып, оны әлеуметтік-экономикалық және саяси жағынан кешенді түрде дамыту қағидасын ұстанады[5, 95-97 бб.].
Ж.Сәдуақасұлы жауапты қызметті атқару барысында Қазақстанның территориялық межеленуін нақтылауға да атсалысады. Мәселен, 1924 жылы Түркістан Республикасына бағынышты Сырдария мен Жетісу облыстарын Қазақ Республикасына қосу туралы мәселені шешуге қазақ елі атынан жүктелген сенімді толығымен ақтап, мемлекет мүддесіне шешілуіне күш салады.Сол қажырлы еңбектің нәтижесінде, 1925 жылы тек Сырдария және Жетісу облыстары ғана емес сонымен қоса, қарақалпақ губерниясы да Қырғыз (Қазақ) АКСР-на қосылады[5, 47-48 бб.]. Сонымен қоса, Жанайдар Сәдуақасұлымемлекеттік маңызды мәселеге айналған Адай уезінің қазақтары мен Красноводск түрікмендері арасындағы қатығысты бейбіт жолмен шешуге тікелей атсалысады. Жанайдар 1924-1925 жылдары ос шиеленісті аймақта Адай уезінің ревком төрағасы қызметін атқарды[2, 8 б.].
Ол мемлекеттік саясатты әрдайым мәдениет пен өнерді дамытумен ұштастыруға тырысады. Жас қазақ ақын-жазушыларының еңбектерін рухани қолдаушысы болған Жанайдар олардың шығармаларының алғашқы тыңдаушысы әрі сыншысы болды. Ол туралы жазушы Әбділда Тәжібаев «Жазушылармен қоян-қолтық араласа жүріп, Жанайдар Сәдуақасұлы қазақ әдебиетінің болашақ жолы жөнінде көп пікір таластыратын,жаңа шығармаларға пікір жазатын, қаламгерлерді халықтың рухын қатаң сақтауға әркез жұмылдырып отыратын», [6, 29 б.] - деп еске алады.Жанайдар Сәдуақасұлының сонымен қоса, қазақ театрының негізін қалаушының бірі болғандығы туралы театр саңлағы Серке Қожамқұловтың естелігінде айтылады: «театр құрылғанда бізге біраз қиындықтар кездесті. Оларды жеңуге республикамыздың үкімет басшылары Жанайдар Сәдуақасов пен Сейтқали Меңдешов үлкен көмек көрсетті. Олардың ақыл-кеңестер жігерлендіргіш сөздері біздердің алғашқы тартыншақтығымызды жеңіп, батылырақ қолға алуға септігін тигізді»[5, 142-143 бб.].
Ж.Сәдуақасұлы 1929 жылдан бастап 1933 жылға дейінгі аралықта Қазақ өлкелік Комитетінің мәдениет-насихат бөлімінің меңгерушісі қызметін атқару барысында Қазақстанда ұлттық мәдениет пен өнерді дамытуға, мәдениет орындарының, мектептердің, әсіресе ауылдағы қазақ мектептерінің көптеп ашылуына, ондағы білім беру жүйесінің дұрыс жолға қойылуына, оқу үрісіне қажетті жабдықтармен толығымен қамтамасыз етілуіне, қазақ тіліндегі оқулықтарлың аны сапасын арттыруға байланысты ауқымды істерді жүзеге асырады. Халықты мәдени және саяси ағартудың негізгі құралдары болып табылатын баспасөз саласында да жетістіктерге қол жеткізген Жанайдар қазақ басылымдарының санын арттыру, төрт баспаның – Қазбаспа, Қазтехбаспа, Партбаспа және Огиздің филиалдарын ұйымдастыруға айтарлықтай үлес қосады. Қазақстанның саяси және мәдени өмірінде айырықша рөл атқарған Ғылым Академиясының филиалын және Лениндік ауылшаруашылық акаемиясын ұйымдастыруға да атсалысады. Алғашқы Қазақ Академиялық ғылыми орталығының мүшелері – А.Байтұрсынов, Ә.Бөкейханов, С.Асфандияров, Х.Досмұхамедовтардың еңбектерін жоғары бағалай отырып, әйгілі В.И.Вернадский, Н.И.Вавилов сынды академиктермен шығармашылық байланыс орнатады[2, 9-10 бб.].
Ж.Сәдуақасұлы 1928-1929 жылдары Әділет Халық Комиссары және Республика Прокуроры қызметін атқарады. Ел ішінде тәртіпті, заңдылықты нығайтуға, көптеген заң тактілерін әзірлегуе және заң кадрларын даярлауға атсалысады. Әсіресе, әйелдерді заң саласындағы қызметтерге көптеп тарту, қалың мал, көп әйел алу, барымта сияқты тұрмыстық қылмыстармени күрес жүргізу, заңнамалық актілерді жетілдіру секілді кешенді істерде ерешке белсенділік танытады. РКФСР Қылмыстық кодексіне толықтырылар мен өзгертулер енгізіп, қазіргі қолданыстағы неке жасын белгілейді[7, 221 б.].
Байларды тәркілегуе қарсы болған Ж.Сәдуақасұлы Голощекиндік террор кезінде өз ойын ашық білдіріп, заңсыздықтарлы нақты айта біледі. 1932 жылы Б(б)КП Орталық бақылау комиссиясының төрағасы Ярославскийге қазақстандық басшылардың атынан Ф.Голощекиннің басқару әдісі қатаң сынғак алып, онымен жұмыс істеудің мүмкін еместігін ашық айтып жазған хатқа қол қойған басшылардығ ішінен Ж.Сәдуақасұлының да қолын көруге болады[8, с. 3.].
Ол 1933 жылы шілдеде болған Қазақ өлкелік партия Комитетінің VI пленумында ел ішінде орын алған асыра сілтеушіліктер мен келеңсіздіктерді, мемлекет басқарып отырған басшылардың жол берген өрескел қателіктерін қатаң сынға алады.Голощекиннің ұранға толы «Кіші Қазан» идеясы қазақ даласын аштыққа ұластырғанда Ж.Сәдуақасұлы туған халқымен бірге болды. Ол арнайы комиссияны басқарып, елге дәрігерлік көмек көрсету астық, тамақ тарату баспана-палаткалармен қамтамасыз ету жұмыстары басқарады.Қазіргі Жамбыл облысындағы Байқадам, Сарысу аудандарына барып, халықпен кездесу барысында оларға аудан территориясын таңдауға ерік беріп, аталған аудандарды ұйымдастыруға тікелей ықпал етеді. Шымкент, Жамбыл, Қызылорда көктем егісі және көшпелі Созақ, Сарысу, Талас аудандарына колхозға ұйымдастыру ісінде жіберілген қателіктердің зардабын жою мақсатында барып, мемлекет тарапынан халыққа қажетті көмектер көрсетеді.
Ж.Сəдуақасов кейін 1936 жылы 15 қыркүйектеАлматы қалалық Кеңесінің пленумында «Қазақ халқының 1916 жылғы патша үкіметіне қарсы ерлік көтерілісінің 20 жылдығына» орай жасаған баяндамасында өзінің «Кеңес өкіметін жақтауына не себеп болғандығы» туралы орынды сауалға жауап береді. Ол баяндамада патша үкіметінің отаршыл саясатын қатты сынап, отаршыл саясаттың мақсаты мен саяси астарын, оның қазақ халқына тигізген зардаптарын жан-жақты талдай келіп, оған саяси тұрғыдан лайықты бағасын береді[9, стр. 2-3.].
Жанайдар Садуақасов 1937 жылы Алматы облыстық және Алматы қалалық партия Комитеттерінің бірінші хатшысы қызметіне сайланады. Қазақстан Компартиясының бірінші съезінде Орталық Комитет мүшелігіне өтіп, іле-шала шақырылған пленумда Қ (б) КП Орталық Комитетінің бюро мүшелері қатарына кіреді. Алайда осы жылы Кеңес елінде Сталиндік жаппай қуғын-сүргін басталып Жанайдар Садуақасұлына РКФСР Қылмыстық Кодексінің 58бабының 2,7,8 және 11 тармақтары бойынша қылмыстық іс қозғалады. Ол 1937 жылы 17 қыркүйекте қамауға алынып, 1938 жылы25 ақпанда «халық жауы» деген жалған жаламен атылады. Әміршіл-әкімшіл жүйе ұйымдастырған қуғынның жазықсыз құрбаны болған Жанайдар Садуақасұлы 1957 жылы 16 сәуірдегі КСРО Жоғарғы Сотының шешімімен ақталады.
Адамзат баласы өткен тарихын жадында сақтап, одан сабақ алуы қажет. Республикамыздың Президенті Н.Ә. Назарбаев 1997 жылды «Жалпыұлттық татулық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу» жылы деп жариялады [10]. Еліміздің зиялы қауымының жиынында елбасымыз қазақ елінің арғы-бергі тарихи жолын ой елегінен өткізіп, әрбір азамат тарихтың өткеніне үңіле қарау арқылы өзінің ата-бабалары қалдырған кең байтақ жердің лайықты мұрагері болуға ұмтылсын деп , қоғамдық ғылым салаларына зор міндеттің жүктеліп отырғандығын атап көрсетті.
Бүгінгі ұрпақ үшін Жанайдар Садуақасовтың қандай тарихикезеңде қызмет атқарғандығы ғана маңызды емес, оның қайраткер ретінде бар болмысы мен кім болғандығын да зерттеудің мәні зор болмақ. Себебі барлық өркениетті қоғамда әрбір ұрпақ өзінің ерекшелігін, тарихи борыш-міндеттерін зиялыларды зерттеу арқылы терең толық түсіне алмақ.
Нұрлан Оспанқұлов,
облыстық тарихи-өлкетану музейі,
Ақмешіт филиалының ғылыми қызметкері.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |