БАЛА САУЛЫҒЫНЫҢ БАҒБАНЫ

Зульфия Мырзах­метованың есімі облыс көлеміндегі аналар қауы­мына жақсы таныс. Себебі ол – балалар дәрігері.
Өзінің 22 жылдық  тәжіри­бесінде Зульфия  Қайырбекқызы талай сәби­дің саулығын сақтауға үлес қосып, дертіне дауа тапқан абзал жан.  
Ол еңбек жолын облыстық аурухананың клинико-диагностикалық ­зертханасында дәрігер-лаборант болып бастаған. Онан соң балалар со­матикалық бөлімінде педиатр болып еңбек етеді. 1999 жылдан 2002 жылға дейін облыстық медицина орталығында қызмет ат­қарады да, 2002 жылдан бастап облыстық балалар ауруханасына ауы­сады. Аурухананың қым-қуыт тір­лігінде жүріп Зульфия өзінің білімімен, із­де­нім­паз­дығымен, еңбек­сүй­гіш­тігімен ұжым арасында абы­ройға бөленеді.  Өзінен үлкендерден үйрене жүріп, тәжірибе жинақтайды.  Өз ісіне деген адалдығының, біліктілігінің арқасында үш жылдан кейін ол «Экология және балалар» бөлімінің меңгерушісі қызметіне та­ғайындалады. Ұжым бас­шы­лығы мен әріптестері үміт артып тапсырған сол қызметті күні бүгінге дейін үлкен жауапкершілікпен ат­қарып келеді.
Уақыт талабынан қалмай үнемі білімін жетілдіріп, медицинадағы озық әдіс-тәсілдерді меңгеруді алдына мақсат етіп қойған ол біліктілігін көтеру жолында еліміздің ең үздік клиникаларында түрлі курстардан өткен. Тәжірибелі маман сонымен бірге ғылыммен де айналысты. Соның негізінде ол бүгінде медицина ғылым­дарының кандидаты.  
Жоғары санатты дәрігер Зульфия Қайырбекқызының еңбегі елеусіз емес. Соның ең бастысы – былтыр жыл аяғында «ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталуы. Кеу­десінде жарқыраған бұл медаль тәжірибелі, білікті дәрігерді онан әрі шабыттандырып, өз қызметіне деген сүйіспеншілігін арттыра түскені рас.  Балалардың бабын білген маманның алар асуы әлі алда деген сенімдеміз.

Айнұр БАТТАЛОВА.
ТАҒЫЛЫМ 19 ақпан 2019 г. 947 0