НАР ТҰЛҒА

НАР ТҰЛҒА

Мемлекет және қоғам қайраткері Исатай Әбдікәрімов

Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақиық ақын Әбділда Тәжібаев Мемлекет және қоғам қайраткері, Социалистік Еңбек Ері Исатай Әбдікәрімовке-Исекеңе арнап жазған бір өлеңінде:

Сені Құдай жаратқан жарқылдауға,

Кемимін деп ойлама халқың барда.

Жүрегіңнің қызуын бұзбай ұста,

Отың барда хақың жоқ салқындауға, – деп еді. Иә, Исекең Әбділда ақын айтқандай, бұл дүниеден «Жүрегінің қызуын бұзбай» өткен тұғыры биік нар тұлғалы жан еді. 1996 жылдың маусым айында Исатай ағамызға жолыққалы Қызылорда қаласына арнайы келдім. Бұл кездері зейнеткерлікке шыққан Исекең облыстық баспасөз тарату (облсоюзпечать) қоғамының бастығы болып қызмет атқарып жүрген кезі еді. Кабинетінде екен, рұқсат сұрап кірдім. Бұл кісімен бетпе-бет бірінші рет кездесуім болса да, ол отырған орнынан тұрып, мені бұрыннан танитындай жайдарлы амандасып болып, келген шаруамды сұрады. Мен ол кісіге Жаңақорғаннан келгенімді, «Кеңес» ауылында сол колхозды ұзақ жылдар басқарған Исекеңнің өзімен аттас Исатай Топышев деген ақсақал тұратынын, бұл ақсақалдың 90 жасқа келіп жатқанын, сол кісі туралы пікірін біліп, сол жайлы жазатынымды айттым.

– О-о, Исатай Топышев ағамызды жақсы білгенде қандай! – деп Исекең сәл ойланыңқырап алғандай болды да, кідірмей сөзін салмақты бас­тады. – Исекең жөнінде айтар болсам, ол кісі құрмет тұтатын жан. Адамды тани білетін, жақсылық жасағысы келіп тұратын, шындықты тура айтатын, жүрегі таза азамат. Мен саған бұл ақсақал жөнінде өзім жақсы білетін бір ғана фактіні айтайын. 1938 жылдың басында Жаппар деген менің туған ағам жаңадан ұйымдастырылған Шәуілдір ауданында (Қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысының Отырар ауданы) аудандық прокурор болып қызмет істеп жүрген кезінде, жаламен «Халық жауы» деп ұсталып кетті. Сол-ақ екен, көп адам бізден «халық жауының» отбасы деп іргесін аулақ салса, бұрын жақсы араласып жүрген кейбір жандар бізбен жақындасып сөйлесуге қорқатын болды. Тіпті, ауылдың балалары да «Халық жауының» інісі деп менің маңыма жолай бермейді. Менің он беске келіп қалған кезім, бәрін ішім сезетін. Біреуге біреу қарайтын заман жоқ, қиын кезең, аласапыран уақыт, аштықтың да кеңірдектен алып тұрған кезі.

Жасыратын несі бар, бір-екі бос қабымызды астымызға басып ап, әкем Әбдікәрім екеуміз бір түйеге мінгесіп, «Өзгенттен» шығып «Кеңес» колхозына түстете жеттік. Исекең сол колхоздың бастығы екен. Амандық, саулықтан кейін жағдайымыздың қиын екенін түсінді. «Халық жауының» отбасы екен деп бізден қорыққан да, үріккен де жоқ, бізді үйіне ертіп апарып жақсылап күтті. Исекең әкеммен көп әңгімелесіп, білген кеңесін айтып «Өзім кейін хабарласам» деп бізді шығарып салды. Арада екі-үш күн өткеннен кейін Исекең біздің үйге түнделетіп үш қап бидай әкеліп түсіріп беріп кетті. Ол кезде бір кило бидаймен ұсталсаң, 5 жылға сотталып кетіп жатқан кез ғой. Адамның адамгершілігі осындай қиыншылықта көрінеді екен. Кейін қызметке араласқан кезімде де Исекең жайлы жұрттың жақсы пікірде екенін естіп жүрдім. Исекеңнің басқарған шаруашылығы да тәуір болды. Әр азамат осы Исекеңдей болса, жаман болмаған болар еді, – деп әңгімесін түйіндей келіп, – Иә, бұл өмірде көп екен көргеніңнен көрмегенің... – деп бұл заманның бар болмыс-бітімін бір шолып өткендей толғамды ой тастады Исатай ағамыз сөзінің соңында.

Елі мен халқы үшін аянбай еңбек еткен, ғұмыры халықтың тыныс-тір­ші­лігімен біте қайнасып кеткен, өмірдегі ер­лігі мен еңбектегі ерлігі қашанда көш басында көрінген, тұғыры биік, жұл­дызы жоғары, қазақтың біртуар тұлғалы ұлы, Мемлекет және қоғам қайраткері, Социалистік Еңбек Ері, Сыр елінің сүйікті перзенттерінің бірі – Исатай Әбдікәрімов болатын.

Исатай Әбдікәрімов 1923 жы­лы мамырдың 15 жұлдызында Жаңа­қор­ған ауданы, «Өзгент» ауылында дүниеге келді. Есейгесін интернатта жатып, «қыш мектепте» (қазіргі №51 М.Қаратаев атындағы орта мектеп) оқыды. 1935-1940 жылдары ауыл­шаруашылық техникумында, ауыл ша­­руашылығы институтында оқыды. Кей­ін Қызылорда педагогикалық институтын, Қызылорда гидротехникумын, бұдан соң Мәскеудегі КПСС Орталық Комитетінің Жоғары партия мектебін бітірді. Алғашқы еңбек жолын 1940 жылы Жаңақорған аудандық «Екпінді» газетінде (қазіргі «Жаңақорған тынысы» газеті) әдеби қызметкер болып бастады. 1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысына қатысып, Батыс майданындағы Мәскеу, Тула, Калуга бағытындағы ұрыстарға кіреді. Гвардиялық полк командирі, атқыштар бригадасының командирі, батальон комсоргі, кейіннен батальондағы партия ұйымының хатшысы болды. Бір шайқаста Исатай ауыр жарақаттанып, ауылға екі рет «қара қағаз» барып, ауылдың зәресін алады.

Жеңіспен елге аман-есен оралғаннан кейін, 1946-1948 жылдары Исатай Әбді­кәрімов Жаңақорған аудандық комсомол комитетінің екінші хатшысы, Қармақшы аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып қызмет істеді.

1949 жылдан бастап Қызылорда облыстық партия комитеттің аппаратында нұсқаушы, сектор меңгерушісі, партия органдары бөлімі меңгерушісінің орынбасары, облыстық комсомол коми­тетінің бірінші хатшысы қызметтерін атқарды. 1953-1955 жылдары облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары, облыстық кеңесі атқару комитетінің хатшысы болды. 1955 жылдан Шиелі аудандық партия комитетінің МТС аймағы бойынша хатшысы, Шиелі аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, Қар­мақшы аудандық өндірістік басқармасы партия комитетінің хатшысы, Жалағаш аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметтерін абыроймен атқарды. Исатай Әбдікәрімов 1972-1978 жылдары Қызылорда облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болды. 1978 жылдың желтоқсанынан 1979 жылғы желтоқсанға дейін Қазақ ССР Жоғарғы кеңесі Президиумының Төрағасы қызметін атқарды. 1979-1980 жылдары Сырдария аудандық атқару комитетінің төрағасы болды. 1980 жылдың қараша айынан бастап Одақтық дәрежедегі зейнеткерлікке шықты.

Исатай Әбдікәрімовтің Отан ал­дындағы сіңірген еңбегі, халыққа жаса­ған қызметі әрдайым жоғары бағаланып келді. Оған 1971 жылы Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. Ол «Ленин» орденімен екі мәрте, Октябрь революциясы, «Құрмет белгісі» және І, ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, бірнеше медальдармен марапатталды. Запастағы полковник шенінде болды.

Бір мәрте СССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, екі мәрте Қазақ ССР Жоғарғы кеңесінің депутаты болып сайланды. КПСС ХХІV съезінің делегаты болды.

Исатай Әбдікәрімов облыстың, рес­публика экономикасы нығаюы­на, мәдениетінің дамуына елеулі еңбек сіңірді. Сыр бойының өсіп-өркендеуінде оның маңдай терінің тамшылары жатыр.

Исекең қай жерде қандай деңгейде қызмет істесе, қай жерге жолсапармен барса да, «бұлақ көрсең, көзін аш» дегендей, әсіресе талантты жастарды көргенде «тұлпар тайдан шықпай қайдан шығады» деп назардан тыс қалдырмаған. Қармақшы ауданының Ленин атындағы колхозында механизм жағында жүрген Алмас Алматовтың талантын танып, оны Қызылорда пединститутының ректорына «Талантты оқытатын болсаң, саған бір бала әкелдім, осыны тәрбиеле» – деп тапсыруы үлкен қамқорлық емес пе?! Бұдан артық талантты жасқа қандай қамқорлық керек?! Қазір сол Алмас Алматов қазақтың дәстүрлі жыр өнерін Еуропа жұртшылығына танытқан, АҚШ-тың бір университетінде лекция-концертін берген Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор.

Сондай-ақ, қазақтың сазды дауысты әнші қызы, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Мәдина Ералиеваның оқып, білім алып, талантының ашылуына, қазіргі белгілі ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Иран-Ғайыпқа (Иранбек Оразбаев), тағы басқа да жандарға Исекеңнің жасаған қамқорлығы аз болмаған.

Ал енді, Исекең кіммен қай мәселе жөнінде сөйлессе де, «майдан қыл суыр­ғандай» әңгімелейтін. Исекең кезінде өзі басқарған аудандық партия комитетінің, облыстық партия комитетінің бюроларында жазықты болып қалған жанды кейбір хатшылар сияқты жерден алып, жерге салып, жер-жебіріне жеткізе тұ­қыртып айтар сөзін, қояр талабын сол кі­нәлі адамның көңіліне тимей-ақ айта­тын, оның іштей пұшайман болып қиналып тұрғанын сезінетін. Сондықтан болар, кінәлі адам қандай жаза қолданса да ренжімей, сол бюродан риза көңілмен шығады екен. Біз бұдан Исекеңнің бойында сабырлылық пен пайымдылық, ақылдылық пен парасаттылық жатқанын білеміз.

1993 жылы Алматының «Атамұра» бас­пасынан Исатай Әбдікәрімовтің «Көп екен көргеніңнен көрмегенің» деген атпен балалық шағы мен кейінгі өмір жолдарын қамтитын, өз заманы мен замандастары жайлы тебіреніске то­лы естеліктер кітабы шықты.

Исатай Әбдікәрімов 2001 жылы 7 сәуірде 78 жасында Қызылорда қаласында дүниеден қайтты. Исекеңнің дүниеден қайтар алдындағы өз ұсынысы бойынша мүрдесі ата-бабалары жатқан Жаңақорған ауданындағы «Қожекент» ауылының іргесіндегі бейітке жерленді.

Мемлекет және қоғам қайраткері, Қызылорда облысының «Құрметті аза­­маты», облыстық ардагерлер кеңе­сі­нің төрағасы Сейілбек Шаухаманов Исекеңді соңғы сапарға шығарып са­­луға жиналған қарақұрым жұрттың ал­дында, қаралы жиында сөйлеген жан­тебірентерлік сөзінде:

– Исеке, Табиғат, тағдыр Сізге ақыл-парасат, бақ-дәулет, абырой-атақ, ішкі-сыртқы сұлулық, мәдениеттілік, туабітті демократтық, сабырлылық, шы­­дамдылық, кішіпейілділік, биіктік, кең­дік, тереңдік – бәрін-бәрін де алмай үйіп-төгіп берді, – деп еді. Сейілбектің тауып айтқан, нақты айтқан бұл сөзінен артық біз де бұған ештеңе қосып айта алмас едік.

Исатай мен Магүлсім 5 ұл-қыз өсіріп, немерелер сүйіп өтті. Артында қалған перзенттері Шәмшия, Әлсия, Роза, Шолпан, Серіктің ұлы Нұрмұхаммед пен қызы Гаухар және күйеу балаларымен өніп-өсіп, жапырақ жайып келеді.

Исатай Әбдікәрімовті мәңгі есте қалдыру мақсатында ол Жаңақорған ауданының «ХХ ғасыр адамы» деп танылды, Қызылорда аграрлық-техникалық колледжіне Исатай Әбдікәрімовтің есімі беріліп, оның қоладан құйылған бюсі орнатылды. Жаңақоран ауданының орта­лығындағы «Жеңіс» саябағы Исатай Әбдікәрімовтің есімімен аталады. Исатай Әбдікәрімовтің әртүрлі деңгейдегі қызметі, азаматтық келбеті туралы кеңінен әңгімеленетін «Дүниеден ға­жай­ып бір жан өтті» (Құрастырушы Қази Данабаев) атты кітап 2002 жылы Алматыдан жарық көрді.

«Алтын азбайды, асыл тозбайды» дейді халық. Еңбегін бағалар елі, қадірін білер халқы тұрғанда Исатай ағамыздың өнегелі өмір жолы, ұрпақтан ұрпаққа үлгі болып қала бермек.

 

Адырбек СОПЫБЕКОВ,

Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Қазақстанның Құрметті журналисі.
ТАҒЫЛЫМ 05 маусым 2014 г. 1 984 0