Қазақ гуманитарлық заң және техникалық колледжінде көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновті жас ұрпаққа таныту мақсатында «Жұрт жадындағы Жүргенов» атты Н.Бекежанов атындағы облыстық драма театрының актерларымен кездесу кеші өтті.
Шара барысында республикалық Т.Жүргенов қорының төрағасы Сәби Аңсат, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, «Құрмет» орденінің иегері Бақытбек Алпысбаев, «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Қызылорда облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты директорының орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты Сәкен Серікбаев және Т.Жүргенов рөлін сомдаған жас актер Асқар Оразалиев колледж студенттеріне қайраткердің тартысқа толы тағдыры жайлы тағылымды естеліктер айтты.
Орта Азияға ортақ тұлға, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Қараұлы өзінің өлшеулі ғана ғұмырында қазақ халқының білімі мен өнерін дамытуға бойындағы бар қажыр-қайратын сарп еткен тұлға.
Сонау 1933 жылы, қазақ елі қуғын-сүргін, алапат аштықтан аяусыз зардап шеккен ауыр кезеңде, сол кездегі жаңа басшы Л.И.Мирзоянның шақыртуымен елге келіп, Қазақстанның білімі мен мәдениетін көтеруді зор жауапкершілікпен мойнына алған Оқу-ағарту халық комиссары Темірбек Жүргенов ұлт болашағы үшін ұланғайыр іс атқарады. Айталық, Қазақстанда қазақ тілінде оқытатын орта мектеп жүйесі осы тұста қалыптасады. Ұлт тілі, әдебиеті, тарихы сол кезден бастап мектепте оқылатын пәндер қатарына кіреді. Жалпы айтқанда, сол бір 4-5 жылдың бедерінде елімізде 22 жоғары оқу орны, 85 техникум жұмыс жасаған. Ал орта мектептерде 1,5 миллиондай бала білім алған.
Кездесу кешінің келесі бөлімінде колледж студенттері Н.Бекежанов атындағы облыстық драма театр актерларының қатысуымен Р.Отарбаевтың «Темір нарком» тарихи драмасының желісі бойынша қойылған спектакльден үзінді тамашалады. Спектакльде әсіресе, Темірбек пен әкесі Қараның арасындағы диалог сол кезеңдегі ұлттық ұстынынан, тектілік тамырынан айырылған қазақ жұртының қасіретін айғақтайды. Әке мен баланың арасына саясат салған салқындық, бір-біріне деген ыстық ықыласын білдіруге шарасыз кейпі көңілді алай-түлей күйге түсіреді.
Колледж басшылығының айтуынша, бұл дәстүрлі шара жыл сайын өтіп тұрады екен. Шара аясында студенттер тұлғаның тарихын зерттеп, танымын кеңейте түседі. Жалпы айтқанда, жастар тәрбиесіндегі жаңашыл бастама жемісті жүзеге асырылып келеді.