Көреген бабаларымыз «Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» деп ұлтымыздың адами болмысын шын бағалап, тегімізді таразылап кеткен. Жақсы әкенің жолын жалғап, өнегесін бойына сіңірген азаматтың бірі – Асылбек Ыбыраев. Жұрт жадында жақсы ісімен қалған Асылбектің бар мұраты елге қызмет етіп, ата-баба аманатына адал болу еді.
Қасымбек Ыбыраев Алматыдағы жоғары педагогикалық оқу орнын бітіріп, жоғары білімді тарихшы мамандығын алған соң жауапты педагогикалық, партиялық қызметтер атқарып жүріп кешегі ғазабат соғысқа аттанды. Онда да командалық жауапты тапсырмалар атқарумен соғысты жеңіспен аяқтаған соң елге келісімен тағы абыройлы орындарда қызмет атқарды. Мәселен, облыстық партия комитетінде бөлім меңгерушісі, облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары, жоғары оқу орнында проректор болды. Одан кейін көп жыл ұстаздық етті. Елуінші жылдардың ортасынан ауа орталық комитет ауыл шаруашылығы мен ірі өндіріс орындарын тәжірибелі, білімді кадрлармен толықтыру туралы отыз мыңдықтар деп аталған қаулы алып, осы шешімге орай Қасымбек Ыбыраев артта қалған колхоз, совхоздарды басқаруға жіберілді. Сырдария ауданындағы Аманкелді атындағы «Коммунизм» колхоздарына жетекшілік етіп, өмірінің соңына дейін тағы да ұстаздық етті.
Ал, Қасымбек ағайдың кіші ұлдарының бірі Асылбек Қасымбекұлы Ыбыраев та әулеттегі әке жолын жалғастырған жігерлі перзенттердің бірі болатын. Олай дейтініміз, Асылбек 1943 жылы Ақтөбе облысының Қобда ауданында дүниеге келді. 1959 жылы орта мектепті Қызылорда қаласында бітіріп, өндірісте әуелі слесарь, содан кейін автожүргізуші болып еңбек жолын бастады. 1961 жылы Алматыдағы политехникалық институтқа оқуға түсіп, жоғары білімді инженер-механик мамандығын алып шықты.
Институтты бітірген соң Қызылордаға оралып, 1966-1987 жылдары Қызылордадағы экспериментальды жөндеу-механикалық зауытында (КЭРМЗ) әуелі мастер, цех бастығы, бас инженер, сосын бас директор болып жемісті қызметтер атқарды. Ол осы орында жүріп отау құрды. Наталья сияқты ұстаздық ортадағы тәлімгерлік мектептен шыққан жайсаң жанмен бас қосып, текті ұяның берекесін маздатты, екеуі ұрпақ сүйіп, әулет дәстүрін жалғастырды. Асылбек осында жүріп қызметтің биік сатысына көтерілді. Одақ пен шетелдерге де танымал маман болып өрісі кеңейді. Ол жақтан да ниеттес, ынтымақты, мақсаттас, дос-жолдастар тапты.
Ең бастысы – әке жолын жалғастырып, сол кезеңде әркімнің қолы жете бермейтін аса беделді органдарда – облыстық партия комитетінде бөлім меңгерушісі, облыстық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары қызметтеріне сайланды. Сыр бойындағы өндіріс орындарының ошағында жүріп «Құрмет» орденімен марапатталды.
Жоғары білім алып, ата-бабасы өркен жайған Сыр бойына өндіріс маманы болып оралған Асылбек қоғам өзгере бастаған кезеңде Қызылорда қаласында «Қуат» атты жауапкершілігі шектеулі серіктестік ашып, өмірінің ақырына дейін соған өзі басшылық етті.
Жаңа зауыт диаметрі 37,4 милиметрлі қысымы төмен полиэтилен құбырларын шығара бастады. Мұндай көлемдегі құбыр бізде бұрын шығарылмаған. Уақыт талабынан табылу үшін зауыт мамандары тәуекелге барып, тыңнан түрен салды.
Алғашқы сынақтардан сүрінбей өтіп, сенімдерін орнықтырған зауыт мамандары мен Асылбек Ыбыраев іс аясын кеңейтуді мақсат етті. Ол неше түрлі жабдықтар алдырып, оларды монтаждатып үлкен жүйелерге қостырды.
Қазір зауыт Қызылорданың сол жағалауындағы құрылыс компанияларының тапсырысын орындап жатыр. Жақын күндері өндіріс орны сағатына 12 метрлік құбыр шығаратын жылдамдыққа көшеді.
Осы жерде аздап шегініс жасайық.
Бұл қазақ елінің жаңа тарихындағы Сыр бойынан бой көтерген тұңғыш кәсіпорын екенін жоғарыда айттық. Тарих беттерін парақтай бастасақ, «Қуат» ЖШС осы аз уақытта 1 миллион метр өнім шығарды! Оның сапасы өнеркәсіптің барлық талаптарына сай келеді деген сертификатқа ие болды.
Компанияның меншігінде 14 мың шаршы метрлік өндірістік базасы бар. Осы аумақта 4 өндірістік цех, дайын өнімдер сақтайтын қойма, кран тұратын алаң, т.б. қажетке жарайтын орындар бар.
Осы қазір «Қуат» өз өнімдерін ІІ бағыттағы сұраным бойынша шығарып отыр. Қорыта айтқанда, серіктестік Қазақстандағы тұтынушылар талабын сеніммен орындайтын кәсіпорынға айнала бастады.
Сөз басында Асылбек әке жолын жалғастырып, сол тұстағы талаптарға сай жоғары орындарға тез көтерілді дедік. Ендігі әңгіме тізгінін солай бұрып, азаматтық адами парасатына аялдап, мамандық қабілеті мен талантына тоқтала кетейік.
Асылбектің ел басқарудағы, экономикалық тетіктердің кілтін тауып, өндірістегі проблемаларды ғылыми түрде жергілікті ерекшеліктерге орайластыра шешудің жолдарын қарастырудағы біліктілігі мен тәжірибесін жетілдіруге, оны ғылыми процеспен ұштастыруына тәжірибелі партия жетекшісінің ұстаздық, ағалық көмегі шексіз болды.
1985 жылдың басында облыстық партия комитетіне бірінші хатшы болып Е.Әуелбеков келді. Ол өндірісте жүрген жас кадрдың талантын ашып, тағдырының түзу арнаға түсуіне бірден-бір себепші болды. Аймақ басшысы болып сайланған соң бірнеше күннен соң КЭРМЗ-ға келіп, сол кәсіпорынның қызметімен жан-жақты танысты. Бірінші хатшы өндіріс орнында сол күні күндізгі сағат 2-де келіп, түнгі сағат 10-ға дейін болды. Ол барлық цехтарды, зауыт территориясын түгел аралап шықты.
Н.Әуелбеков мұнан соң белгіленген тәртіп бойынша жұмысшылармен сөйлесіп олардың өндірістегі, тұрмыстық ахуалымен, тұрғын үй жағдайларымен, балаларын оқыту, бақшада тәрбиелеу, тамақ өнімдерімен жабдықталуымен, демалыстарын ұйымдастыруымен, медициналық көмекті көрсету шараларымен де танысып, осы орайда жиналғандарға «Жағдайларың күнде осындай ма?» деген сауал қойды. Жиналғандар «жағдайымыз күнде осындай, әрқашан осындай» деп бір ауыздан жауап берді.
Облыс басшысының сеніміне кірген Асылбек Ыбыраев 1985 жылдың аяғында Қызылорда қалалық партия комитетінің бюро мүшесі болды және Қазақстан Компартиясы ХVІ съезіне делегат болып сайланды. Осылай Асылбек Ыбыраев қала мен облыс өмірі мен келешегіне қажетті мәселелерді шешетін жиналыстарға, отырыстар мен пленумдарға, бюроларға белсене қатысты. Облыс басшысы оның берілген тапсырмаларды орындаудағы әр қадамын жіті бақылап отырды.
Осылай аймақ басшысының сенімі мен қолдауы арқасында Асылбек Қасымұлы 1987 жылғы желтоқсанда облыстық партия комитетінің жаңадан құрылған экономика бөліміне меңгеруші болды. Бұрыннан партиялық қызметте тәжірибесі болмаса да Асылбек Ыбыраев жаңа қызметке жаңашылдық сезіммен, жалынды жігермен кірісті. Арада 6 ай өткенде ол облыстық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары болып тағайындалды. Осы қызметтерде жүріп Асылбек Ыбыраев Арал төңірегінде тұратын халыққа төленетін жеңілдік коэффициентін көтеру жөніндегі КПСС орталық комитеті мен үкіметке жолдайтын хатты дайындады. Осы хаттың артынша Мәскеу мен Алматыдан үкімет комиссиялары келіп, іс оң шешімін тапқаны белгілі, әлі ел жадынан өшкен жоқ.
Асылбек Қасымұлы облыстағы басқару органдары сатысындағы құрамда 4,5 жыл қызмет атқарды.
Осы жылдар ішінде ол Арал проблемасы жөнінде атқарылған шараның оңға басуынан бастап өзге де талай шаруаның сәтімен орындалуына себепші болды. «Шалқиядағы» тау-кен өндірісінің негізі қаланды. 1988 жылы «Құмкөл» мұнай кенін өндіру орны іске қосылды. «Рисмаш» зауытын, аяқ киім фабрикасын, ЦКЗ-ны заманауи талаптарға сай қайта жабдықтау жұмыстары жоспарланып, қолға алына бастады. Қысқа уақыт ішінде Шиелі мен Қазалыда аяқкиім жөндеу фабрикасының филиалдары ашылды. Сонымен бірге облыс орталығында Қарағанды киім фабрикасының, Аралда электротехника зауыты филиалдарын ашу қолға алынды. Сексеуіл станциясы мен Қазалыда тігін фабрикаларының бөлімшелері ашылды.
Қорыта айтқанда, Ыбыраев Асылбек туған жерін гүлдендіріп, мәдениетін өркендетуге, елді мекендерді индустрияландырудың, жаңа байлықтардың көзін ашудың бастамашысы, жанашыры, жаңашылы болған патриот жан еді.
Міне, осындай асыл жанның өмірі ерте үзілмегенде ол осы күндері 77 жасқа толып, ел ағасы атанып отырар еді. Амал не, бұл бақыт оған бұйырмады. Дегенмен, осыған да шүкіршілік ету керек. Өйткені өмірлік жары Наталья жолдасының атын өшірмей күн сайын құранын бағыштап, есімін ардақтап отыр. Ал, еңбектес достары, өзі шаңырағын көтерген «Қуат» ЖШС ұжымы Асылбек армандаған белеске жету үшін индустрияландыру бағытына үлес қосуда.
Сөз басын Асылбек шыққан әулеттің тектілігінен бастап едік. Әкелері, менің журналист мамандығына құмартуыма себепші болған ұстазым Қасымбек Ыбыраев Сыр бойына аты мәлім мемлекет және қоғам қайраткері болған ағартушы жан еді. Оның үлкен қызы Мира бүкіл қазаққа белгілі қолы шипалы дәрігер, ұлы Марат жоғары дәрежелі құрылысшы болған. Өзге балалары мен немерелері де елге сүйікті, халыққа қалаулы азаматтар атанды. Ал, Асылбектің асыл қасиеттерін жоғарыда сөз еттік. Ол жөніндегі ел лебізі енді айтылып жатыр, тектінің тұяғы жөніндегі жарқын сөз әлі келешектің еншісінде.
Өтеген ЖАППАРХАН,
«Қызылорда қаласының
құрметті азаматы».