« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
«2019 жылғы 15 ақпанда Ауғанстан Демократиялық Республикасы
аумағынан Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентінің шығарылғанына 30 жыл толады»
Ауғанстандағы соғыс (27.12.1979-15.02.1989) - Ауғанстанға КСРО Қарулы Күштерін енгізу нәтижесінде болған соғыс. КОКП және ССРО басшылығы 1978 жылы Ауғанстандағы сәуір төңкерісінің нәтижесінде билікке келген "халықтық-демократиялық үкіметті" қолдады, "интернационалдық әскери көмек" бекітумен көрші елдің социалистік бағытын дамытуға ұмтылды. Сөйтіп, 1979 жылдың 27 желтоқсанында КСРО әскерлері Ауғаныстан шекарасынан өтіп, онда 1989 жылдың 15 ақпанына дейін соғыс қимылдарын жүргізді.
Қазақстаннан Ауған соғысына 22000 адам қатысып, олардың 761-і қаза тапты. 21 адам хабарсыз кетті. Бүгінгі таңда Қазақ елінде 10000-ға жуық ауған ардагерлері бар. Олардың 3000-дайы мүгедектер қатарында.
Биыл Ауғанстан аумағынан Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентінің шығарылғанына 30 жыл толады. Қызылорда облысы ТЖД ардагерлерінің ішінде де Ауған соғысының ардагерлері де бар. Атап айтқанда Жаманбалаев Қалдыбек, Бекбергенов Талғат, Есмұхамбетов Сәкен есімді азаматтық қорғау саласының ардагерлері Ауған соғысының қатысушылары ретінде от кешкен майдангерлер.
Жаманбалаев Қалдыбек: «1969 жылы 9 сәуірде Қызылорда қаласында жұмысшы отбасында дүниеге келдім. №173 орта мектепте тәлім алдым. 1988 жылы Қызылорда политехникумды бітіріп, «техник-құрылысшы» мамандығын алып шықтым. 1988 жылы №2533 әскери бөліміне шекара қызметіне әскери борышымды өтеуге шақырылып, 1988 жылдың қараша айынан 1989 жылдың 15 ақпанына дейін Ауғаныстан республикасында әскери қызметте болдым. Алдымен бізді 2 айдай осы «миномётті» атуды оқытқан болатын. Ауған соғысы кезінде «миномётчик» болдым. Ауғаныстан жерінде «землянкасын» /жерді қазып салынған үй/ көрдік. 1990 жылы сәуір айында елге келіп, «Үй құрылыс комбинатында», «Целлюлозды картон зауытында» жұмысшы болдым. 1992 жылдан Ішкі істер басқармасына қарасты «№6 - Жылу электр орталығындағы» жеке бекетте бөлімше командирі, №10 арнаулы өрт бөлімінің көлік жүргізушісі болдым. 2008 жылы зейнет демалысына шықтым. Отбасылымын, 24 жастағы 1 қызым бар. Соғыс болмасын, ел аман болсын», - дейді.
Келесі кейіпкеріміз – Бекбергенов Талғат: «1969 жылы 4 ақпанда Сырдария ауданы Жетікөл ауылында дүниеге келдім. 1976-79 жылы бастауышта ауданда оқыдым. 1979 жылы қаладағы №1 Ю.А.Гагарин атындағы мектепте жалғастырдым. 1984-87 жылдары Кәсіптік техникалық училищесінде оқып, «ағаш ұстасы» мамандығын иелендім. Отбасында алты ағайындымыз. 1987-89 жылдары Отан алдындағы борышымды атқардым. Оның ішінде 1 жылында Ауғаныстан мемлекетінде интернационалдық борышымды атқардым. Соғысқа дейін «Жаяу әскердің жауынгерлік машинасын» /БМП/ үйреткен болатын, алайда кейін, ЗУ-23-тің (23 мм калибрлі зениттік қондырғының) атқышы болдым. 1989 жылдың қарашасында елге оралдым. 1992 жылы Өртке қарсы қызметіне өрт сөндіруші болып орналастым. 1992 жылы отбасын құрып, қазіргі уақытта 2 ұл, 1 қыздың әкесімін, 1 немеренің атасымын. 2008 жылы қараша айында зейнетке шықтым.»
Есмұхамбетов Сәкен: «Мен 1968 жылдың 4 шілдесінде Қызылорда қаласында дүниеге келдім. №1975 -1985 жылы №4 С.Сейфуллин атындағы орта мектепте оқып, еңбек жолымды «Қазсаудакиім» базасында жұмысшы болып бастадым. 1986 жылы әскер қатарына шақырылып, Отан алдындағы интернационалдық борышымды Ауған халық Республикасында өтедім. Нақтырақ айтқанда, «БМП – 2» — жеке құрамды алдыңғы жиегіне тасымалдауға, оның ұтқырлығын арттыруға, ядролық қаруды қолдану және ұрыс танктерімен бірлескен іс-қимыл жағдайында ұрыс алаңында қару-жарақ пен қорғалуға арналған кеңестік және ресейлік жаяу әскердің шынжыр табанды жауынгерлік машинасын игердім. Әрине, алдымен бізді 2 айдай уақыт оқытып апарды. Кейін «пулемётчик» болдым. Елге келген соң азық-түлік дүкендерінде жүк тасушы, басқа да мекемелерде көлік жүргізушісі болдым. 1992 жылы отбасын құрып, қазіргі уақытта үш балалы, бір немерелі болдым. 1993 жылдан зейнет демалысына шыққанға дейін өртке қарсы мекемесінде еңбек еттім. Соғыс туралы несін айтайын, қазіргі жастар соғыс көрмесе екен деп тілеймін. Соғыс менің мінезімнің өзгеруіне де әсер етті, бойымда ашушаңдық мінездер қалып қойды.»
Үш кейіпкердің де жастары шамалас және бір кезеңнің түлектері, үшеуі де қарапайым қатардағы жұмысшылар, кеуделеріне жауынгерлік медальдарын таққан Ауған соғысының ардагерлері және азаматтық қорғау органдары саласының құрметті зейнеткерлері.
Олардың бүгінгі буынға айтатын өсиеті де бір сарынды: «Осынау әлемде соғыс болмасын, бейбітшілік болсын. Елімізде балаларымыз бақытты ғұмыр кешсін. Соғыс туралы көп айтудың қажеті жоқ. Бейбіт заманда өмір сүруден артық ештеңе жоқ.»,- дейді олар.
Айгүл Асылқызы,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |