« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Біз елдің есінен кетпейтін бүкіл әлемді бүліншілікке ұшыратып, ой- қырды ойрандаған Ұлы Отан соғысының зардабын тартқан ұрпақ болдық. Сырдария ауданының «Керкелмес» деген №15 разъезінде әкем Дүйсеман мен апам Ырыскүлдің кіші қызы болдым. Үлкен ұлы майданда қаза тауыпты. 1935 жылы туған Тәшкенбай ағамыз екеуміз өстік. Ел қатарлы ауылдағы орысша-қазақша мектепте оқыдық. Кәмпеске, ашаршылық көрген, үлкен баласынан айырылған қарт әке-шешем жақсы тәрбие берді, өсірді, оқытты, ешкімнен кем болғаным жоқ.
1958 жылдың 25 мамырында көршілес Құмсуат ауылының Балғабай есімді жігітіне тұрмысқа шықтым. Балғабайдың әкесі майданда қаза тауып, Ресейде жерленгенін кейін білдік. Арғы атамыз – Құдайберген есімді кісінің бес ұлы болған. Төртінші ұлы және үлкен ұлының баласы Алтынбек қайынағам 1941 жылы 23 маусымда майданға аттаныпты. Біздің атамыз Асан үшінші ұлы екен. Ауылдағы дүрбелең, жаппай майданға аттанған ерлер, жылап-сықтаған әйелдер, бала-шағалардың жай-күйі әсер етіп, Тоты есімді енеміз қайтыс болыпты. Атамыз әйелін жерлеуге үш күн әсери бөлімнен рұқсат алып келіп, қайтадан майданға кетіпті. Екі баланы үлкен үйге қалдырған екен. Мен сол үлкен үйге тұңғыш немере келін болып түстім. Соғыстан аман-есен екі атам, екінші топтағы соғыс мүгедегі деген анықтамамен қайынағам қайтып келеді. Мені жылы қабақпен қарсы алып, бауырларына тартты. Қоржын там, ортада от жағатын пеш, отын қоятын орын мен үшін кең сарайдай көрінетін. Үй тіршілігіне жайлап үйретті, тәрбиеледі.
1959 жылы дүниеге тұңғыш қызымыз келді. Баланың туу туралы куәлігін алу үшін неке куәлігі керек екен. Менің туу туралы куәлігім жоқ болып шықты. Қайынағам ауылсоветке барып, менің куәлігіме бірінші қаңтар 1940 жылы туған деп жаздырыпты. Туған жылымды өзгерткені, Балғабай 18-ге толмаған қызды алыпты деп шатылмасын дегені.
Әулеттің үрдісі бойынша тұңғыш қызыма Жұмакүл деген есім берілді және әжесінің қызы болды. Абысыным өзінің алты баласына жеңеше болатын. Мен де кейде Аманкүл, кейде жеңеше атандым. Соңғы екеуінен басқасы атымды атайды. Жеңеше деп әрі еркелейді, әрі әзілдеседі. Әже, көкелерінің тәрбиесі, мейірім шапағаты маған да, отбасы, ошақ қасына да жетіп жататын.
Енем атақты молданың қызы, салмақты, тазалықты жақсы көретін, өзі шебер, көп сөйлемейтін көрікті жан еді. Ойымызда қалған сөзі, «Жаман байталды жабула да, құлынын ал»,-деп отыратын. Келіндерінің бәрі құрметтейтін. Әулетімізде әйелдер бір-біріне қамқор, ер кісіні құрметтеп, балаларға бөліп-жармай мейірімді болып, сыпайылық, имандылық қасиеттерді жастайынан бойына сіңірген еді. Сөзге келу, жанжалдасу дегенді білмейтінбіз. Ауыртпалық өмірді көрген соң, енді-енді тыныштық заманға жеткенде әрбір күніне, амандығына шүкірлік ететін. Үйдегі жандар даладағы колхоз жұмысынан еріндері кезеріп келсе де, үлкен енемнің, балалардың жағдайына қарайтын. Колхоз мүшелері қандай жұмысқа жіберсе де кете беретін. Алған еңбекақылары ішіп-жеуімізге толық жететін. Ортақ қазан, бір дастархан басында еңбектің наны тәтті болатынын, ауызбіршілік бар жерде береке орнайтынын түсіндік.
Үш балалы болғанда үйге қайынағамды Жеңіс күнімен құттықтауға әрі бір жұмысымен Әлқуат есімді майданнан оралған, мен бұрын көрмеген кісі келді. Мені көрген бойда «Айналайын, өркенің өссін, Спандияр құрдасымның қызысың ғой» деді. «Сіз қателестіңіз, мен Дүйсеманның қызымын ғой» дедім мен. Осы арада өзім өмірі естімеген әңгіменің әсері сондай, есімнен танып, әкем мен шешем жаңа қайтыс болғандай күй кештім.
Дүйсеманның баласы Спандияр Мәрзия есімді қызға үйленіп, бірнеше жыл сәбилері болмапты. Бірде көршісі Сүлеймен «Жертөленің үстінде қатып қалған ет жатыр. Соны әйелің әбден қайнатып жесін»-деген екен. Содан көп ұзамай анам Мәрзия жүкті болып, мені дүниеге әкеліпті. Сол жылы әкем Спандияр соғысқа аттанып, артынан «қара қағаз» келген көрінеді. Әкем мен әжемнің менің бала жүрегіме қайғы салғысы келмей, өздерінің қыздары деп бауырына салғанын білдім.
Қайынағам Балғабай екеумізді «Әкелеріңнің отын түтетіп, атын шығарыңдар» деп бөлек отау етті. Бөлек деген аты болмаса, балалар үлкен үйде, бауырларымен бірге өсті. Көпбалалы отбасы болғандықтан, бізге, қайныларыма ауылсовет кең үй салып берді. Балалар өскен соң, қалаға, әртүрлі оқуға, жұмысқа кетті. Ұлдар – ұяға, қыздар қияға дегендей өздерінің теңін тапты. Қайынағам ауылдағы бау-бақша, ағаш егу, канал қазып су әкелу, жарықпен қамтамасыз етуге басшылық жасады. Қарап отырсам, қазіргі кезде отбасында осындай сыйластық азайған сияқты. Айдың күннің аманында өз баласынан безген безбүйректер, әйелі мен баласын жесір-жетім еткен еркектер, енесімен сыйыса алмаған келіндер, үлкенге мейірімі жоқ ұрпақтар алаңдатады.
Өмір жолымызда тек үлкендердің, көпшіліктің, батасын алдық. Оны ұрпағымыз көріп өсті. Бүгінде қос бәйтерегім – қайынағам мен абысынымның тамыры тереңге жайылып, үлкен әулет болды. Қайынағам Алтынбек 1984 жылдың 22 қаңтарында дүниеден өтті. Еліне, ағайынға, отбасына қадірлі, сыйлы, парасатты, ұлағатты жан болды.
Аманкүл АСАНОВА,
«Алтын алқа» иегері.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |