«Біз тыныштықты күзетуге бардық»

 Keńes áskerlerіnіń aýǵanstannan shyǵarylǵanyna –  30 jyl

 Ол кезде туған жерден қиырдағы Германияда әскери ­борышын өтегелі жылдан асқан еді. Ауыл мен ағайын-туыс, теміржолдың бойындағы шағын бекет – Диірментөбе сағындырмай қоймайды.  Бірақ, әскери борышты өтеу, елі мен ата-ананың атына кір келтірмеу – әрбір жігіттің намысына сын болатын. Ташкент теміржол институтын бітіріп, теміржол құрылысының инженері мамандығын алып шыққан Мусиф Жарылқасынов Кеңес армиясының Германиядағы бөлімі – Потсдам қаласындағы артиллерия полкында қызметін бастаған.
– Жаңа жыл қарсаңы еді. 1979 жылдың 26 желтоқсанында Ауғанстанға кететініміз белгілі болды. Кейін білдік, бір күн бұрын ғана, Ауған жеріне Кеңес әскері енгізілген екен. Әрине, бұйрық талқыланбайды, – деп бастады әңгімесін Ауған соғысының ардагері.
«Орталық Шығыстағы әс­кери-саяси жағдайға байланысты Ауғанстан үкіметінің соңғы өтініші дұрыс деп танылды. Кеңес әскерлерінің кейбір бөлімдерін енгізу, оларды елдің оңтүстігіне орна­ластыру, Ауғанстан Демо­кра­­тиялық Республикасына, дос­тық ниеттегі Ауғанстан халқына интернационалдық кө­мек көрсету мақсатында, сонымен қатар, кейбір мемлекеттер тарапынан антиауғандық ак­цияларды жоя отырып, олар­ға қайырымды жағдай жасау үшін шешім қабылданды». Бұл – Ауған соғысы басталған тұстағы ресми құжаттағы түсініктеме.
1979 жылғы 25 желтоқсанда Мәскеу уақыты бойынша сағат 15.00-де КСРО Қор­ғаныс минис­трінің берген бұй­рығымен Ау­ғанстанға Кеңес әскерлерін енгізу басталды. Соғыстың бас кезінде мұның қысқа мерзімдік акция екені, тапсырма орындалған соң, сарбаздардың қайтарылатыны айтылды. Дегенмен, қанды қыр­ғын он жылға жуықтап барып аяқталды.  
М.Жарылқасынов азаматтық  борышын өтеу барысында өзінің білімі мен біліктілігін көр­сетіп, Ауған елінің Шындант ­про­­винция­сындағы №71205 ар­тиллерия полкының бай­­ланыс бөлімшесі командирі болды. Кейін батарея старшинасы қызметіне дивизия ко­мандирінің жеке бұйрығымен тағайындалып, есімі полктің Құрмет кітабына енгізілді.
Батарея старшинасы – шамамен 60-тай сарбаздың ата-анасы сияқты. Олардың тамағы, жатын орны, қару-жарағы, оқ-дәріге жауапты.
– Біз Ауған жеріне соғысуға емес, тыныштықты күзетуге бардық. Бірақ соғыс адамды тез есейтеді. Адамды  тереңірек  тануға үйретеді. Алғаш 1980 жылдың мамыр айында опера­цияға қатыстық. «Катюша» тиелген автокөліктер керуенімен тау-тастың арасында бір айдай аялдадық. Сол жерде танысып, достасқан Қ.Баймахановпен әлі күнге дейін бірге келе жатырмыз, – деді ол.
Біз көркем шығармалардан оқып, кинофильмдерден көрген соғыс туралы куәгерлерден сұра­ғанда, олардың жан тебі­ре­нісіне мән бермейміз. Бәлкім, олар сол кезеңді есіне алғысы келмейтін шығар. Мусиф аға да әңгімесін қысқа қайырды.  
 – Өрімдей 18 бен 20-ның  ара­лығындағы жігіттердің өл­ім туралы толғанғанына куә бол­­дым. Ажал ажарыңа да, база­рыңа да қарамайды. Со­ғыстан  жүйкесі жұқарып келген кейбір жігіттердің бейбіт өмірге бейімделе алмай, тегіс жерде сүрінгенін де көрдім. Бұл қырғынның артында ауыр зардап, үлкен мехнат, қым-қиғаш із қалды, – деді.
Ол 1980 жылы 17 қарашада елге қайтуға бұйрық алды. Содан бері алған мамандығы бойынша түрлі қызметтер жасады. 2003 жылы  «ЭКО-SERVICE» ЖШС-ін құрып, қазір сол мекеменің директоры қыз­метін атқаруда. «Ауған және жер­гілікті соғыс ардагерлері» одағы төрағасының орынбасары. Қаруластарының әлеу­меттік-тұрмыстық жағ­да­йына материалдық қолдау білдіріп, жастарға ­әскери-патриот­тық тәрбие беру шараларына белсенді қатысып келеді. Өз қаражатына БТР-70 әскери техникасын сатып алып, оны күрделі жөндеуден өткізуге Ауған соғысы ардагерлерін жұмыл­дырды. Қазір бұл әскери техника «Тағзым» алаңындағы Ауған соғысы ардагерлеріне салынған ескерткіш жанында тұр.

Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА.
ТАҒЫЛЫМ 22 қаңтар 2019 г. 2 002 0