ОРЫС ОРМАНЫНДА ӨТКЕН 14 ЖЫЛ

Қаттаулы тарих қойнауында іздеушісі жоқ талай жанның тағдыры ашылмастан көмулі қалпымен қалды. Егер келіні Кенжегүл Күнтуарова шындық іздеп, шырылдап жүгірмегенде 1907 жылы туылған Смат Тәшенов те сол көптің бірі болып қала берер ме еді, кім білсін?

Оңтүстік Қазақстан облысы, Қызыл­орда ауданы №15 ауылдың Зіңкетер атты аймағында дүниеге келген Смат Тәшенов кедей отбасынан еді. Білімді жас жігіт 1930 жылдан бастап ВКП(б) мүшесі болды, 1932 жылы Қармақшы аудандық "Культпромның” бөлім меңгерушісі қыз­ме­тін атқарды. Осы қызметте жүрген ке­зінде кеңес үкіметіне қарсы үгіт-насихат жұмысын жүргізгені, контрреволюциялық іс-әрекеттерін басқарғаны үшін РСФСР ҚК-нің 58-7, 58-11 баптарымен айыпталып, 1933 жылдың 25 тамызында қазақстандық "үштіктің” отырысының шешімімен он жылға бас бостандығынан айырылып кете барды. Істі болған жылдары аумалы-төкпелі кезеңге сәйкес келген Сматтың өмірі тар қапаста өтті десе де болады. Ол орыстың ну ормандары арасында жүріп, ағаш дайындады, зауытта жұмыс істеді, шошқа бақты. Оның ақталуға тиіс уақыты Ұлы Отан соғысының ауыр жылдарына тура келді. Өз мерзімінен төрт жыл кешігіп барып ақталған Смат өзінің одан кейінгі он жеті жылын Ресейдің Премерск облысы Денисов селосында өткізді. Әйелi татар қызы Фархания екеуі ерте көктемде алған 100-ге тарта ірі қара малын бордақылап, қара күзде етке өткізетін. Арасында бұзау бақты, шөп дайындады, әйтеуір қолынан келетін істен бой тартып қалмады.

"Өзге елде сұлтан болғанша өз еліңде ұлтан бол” дегендейін, Сматты туған жер топырағы тартты да тұрды. Жағдайы қаншама жақсы болғанымен де, орыстанып бара жатқан балаларын өз еліне қосуды көздеді. Сөйтіп өткен ғасырдың алпысыншы жылдары елге оралды. Орысша оқып, өзге ұлт тәрбиесінде болған ересек балаларының таза қазақ жеріне сіңісіп кетуі қиынға соғатын болғандықтан ұлы Рахметтолла мен қызы Раушанды облыс орталығындағы Гагарин атындағы мектеп-интернатқа берді. Онда сабақ орыс тілінде жүретін-ді. Жазғы каникул күндері ауылға келген ұлы мен қызы алғашқыда көп қиналды. Оларға ауыл мектебінде оқыған Райхан, Рабиға мен Амантай көмекке келді. Сөйтіп жүріп қазақша тіл сындырған ұлы мен қызы келе-келе мақалдатып сөйлеуге көшті. Сматтың өзі де көп қиналды. Қиналғаны шетте жүріп, ұмытыңқырап қалған ана тілінен емес еді. Оны қинағаны, кей жерлестерінің өзіне деген өзгеше көзқарасы болатын. Сол кездегі партия саясаты, қоғамдағы істі болғандарға деген қалыптасқан көзқарасы үшін көпшілікті кінәлау да дұрыс емес-ті. Жоқ, жұрттың бәрі теріс айналған жоқ. Алғаш көшіп келгенде ауылдың шет жағындағы ағайынның босаған үйінде тұрды. Жиен інісі болып саналатын Шайқы алдына сауын сиыр салып берді, тағы бір ағайындары екі-үш ұсақ мал берді. Алайда, шаруашылық басшылары Смат Тәшеновті тұрақты жұмысқа алуға жүрексінді. Жекенің малын бақты, жағдайы келгендерге бұл аймақ үшін әлі таңсық көмір жағатын пеш соқты. Көктемде көкөніс екті, қауын-қарбыз егіп, одан мол өнім алған жылдары да болды. Ал қыста ауыл моншасын қолына алатын. Мал бақты, әйелі сауыншы болды.

– Әкем сырт көзге сұсты көрінгенімен, ешкімге қиянаты жоқ жан еді,– дейді қызы Раушан.– Бір үзім нанды түсіріп алсақ, бізге кәдімгідей өкпелейтін. Сол нан­ның қандай еңбекпен келетінін, өзі­нің сонау орыс ормандары арасында жүр­генінде бір үзім нанға зар болғанын, апталап нан көрмейтіндерін айтатын. Шала­ұйқылы шақтарын, бел жазбай еңбек еткен сәттерін жиі еске алатын. Ұлы Отан соғы­сына тура келгендіктен бе, әкемдер алаңсыз ұмыт қалыпты. Кеңес үкіметінің алғашқы жылдарында басшы ұйымдарда жұмыс істеп, жазықсыз жазаланған жандар өздерінің кінәсіздігін қалай ақтаудың есеб­ін таппаған. Сонымен бір күндері ақылдаса отырып, өздері дайындаған бір бөренеге "бұл жазықсыз жандардың қа­нымен дайындалған” деген сөзді ойып жа­зып, оны қандарымен толтырған екен. Сол бөрене бір зиялы жанның қолына тиіп, түбін түптеп келгенде ну орман түкпіріндегі түрме, ондағы жандардың жылдар бойы ұмыт қалғаны анықталған. Әкем өзінің белгіленген мерзімнен төрт жыл кешігіп шыққанын, ал кей жандардың 7-8 жылға дейін ұмыт қалғанын қамыға айтатын-ды.

Иә, кеңес үкіметінің алғашқы кезеңінде "айрықша кеңестер”, "екілік”, "үштік” секілді сот қызметін жүзеге асыратын басқа да органдардың шешімдері бойынша революцияға және кеңеске қарсы үгіт пен насихат жүргізген деген айыптар мен талай жанның кінәсіз сотталып кеткені, жазықсыз жапа шеккені өзекті өртейді. Қолдан келері, олардың атын бүгінгі ұрпақ жадында жаңғырту, оларға лайықты құрмет көрсету ғана. Аманкелділік саяси қуғын-сүргін құрбаны болған Смат Тәшенов те қандай құрметке лайық жан.

 

Жұмагүл БАЛАБАЙҚЫЗЫ.

Сырдария ауданы,

Аманкелді ауылы.


ТАҒЫЛЫМ 31 мамыр 2014 г. 1 122 0