ЗАМАНЫНЫҢ СӨЗІН СӨЙЛЕГЕН

ЗАМАНЫНЫҢ СӨЗІН СӨЙЛЕГЕН

Кеңестік кезеңдегі қайрат­кер­лердің басым көпшілігі сияқты «қызыл» большевиктің сөзін айт­қандардың бірі қоғам және мемлекет қайраткері болған Ілияс Қабылов еді.

Ілияс Жүсіпұлы Қабыловпен замандас болып, көзін көргендердің бірі Өтебай Тұрманжанов пен Айтбай Хангельдин оның туғанына 60жыл толуына орайластырылған мақалаларында: ...«Таза большевик, адал ұл творчестволық күш-қуатының жалын атқан шағында 1937 жылы, 33 жасында жеке адамға табынушылықтың зардабына ұшырап қыршын кетті» деп жазды.

Жалпы Ілияс Қабылов қандай кісі болды, өмір жолы қалай өтті дегенге келсек. Ол 11 жасқа келгенде – шешесі, 17 жасында әкесі өмірден өтті. Туған өңірі Қызылордадан Әулиеатаға, кейін Ташкентке ата-анасы тұрақтайды. Осында ауыр жұмыс зардабынан Ілияс науқастанып, бір аяғын кестіріп барып аман қалады.

Қызыл гвардияшылар көше кезіп жүрген Ілиясты Ташкент қаласындағы еңбек коммуннасына орналасуға көмектеседі. Осында алғаш рет мектеп табалдырығын аттайды. Кедейлікті, жоқшылықты көріп өскен.

Қабылов озат оқуға, тәр­тіпті болуға өзінің бар күш-жігерін жұмсаған. Қайсар да қажырлы болып өскен, оны 1922 жылы комсомол ұйымы Шығыс еңбекшілерінің Мәскеудегі коммунистік универ­ситетіне жолдама беріп, оқуға жібереді. Мұнда да ол өзінің жастық жігерімен, білімділігімен көзге түсіп, Ленин партиясына мүшелікке қабылданады. Университет пен Мәскеудегі «Тормоз» бен «Изолятор» зауыттарында комсомол үйірмелеріне жетекшілік етеді.

Шығыс еңбекшілерінің комму­нистік университетін бітірісімен Орталық партия комитетінің арнайы жолдамасымен Ташкенттегі Орта Азия коммунистік университетіне оқытушы болып орналасып, тарихи материализм мен совет правосынан дәрісбереді. 1928 жылы оны Қазақстан өлкелік партия комитеті Қазақстанға оқытушылық қызметке шақырып, ұстаздықпен қатар өлкелік комитеттің баспасөз секторының жетекшелігіне сайланады. Сол 1928 жылдан ғұмырының соңына дейін Ілияс Жүсіпұлы Қабыловтың өмір жолы Қазақстанмен байланысты болды. Осы тұстағы Қазақстандағы саяси жұмыстарға белсене араласып, партияның тазалығы үшін күрескен азамат. Атап айтқанда, халық ағарту комиссариатының жұмысындағы кемшіліктер менколхоз құрылысын өркендету ісіндегі бұрмалаушылықтарды әшкерелеуге тікелей араласқан кездері де болды. Оны І. Қабылов жазған «Герой Балхашского гнойника» (1930 ж.) сияқты мақалалардан оқи аламыз.

Ілияс Қабыловты Вкп(б) Қазақстан Өлкелік Комитеті1930 жылы Мәскеудегі Қызыл профессура институтының философия бөліміне оқуға жібереді. Оқуда жүріп (1931-1933ж.) Мәскеудегі коммунистік университет пен архитектура институтының философия кафедрасын басқарып философиядан дәріс берген. Бұл тұста да оның білімділігі мен біліктілігі философияны терең менгергені үшін доцент ғылыми атағы берілген.

Туған Қазақстанға терең біліммен оралған І.Қабылов 1934 жылы әуелде өлкелік партия комитетінің мәдениет және насихат бөлімі меңгерушісінің орынбасары, ақпан айынан осы бөлімді басқарады. 1937 жылы Қазақстан Орталық Комитетінің бюро мүшелігіне сайланған.

Ілияс Қабылов республика өміріндегі барлық істерге араласып, атсалысты. Атап айтқанда, мәдениет, халық ағарту, идеология, әдебиет, тіл баспасөз салаларда айтарлықтай еңбек етіп, өзінің тұжырымдарының өзі басқарған «Қазақстан Большевигі» және басқа да газеттерде жариялап отыр­ды. Қазақ тілінің дамуын, орфографиясын, әдебиеттегі социалистік реализм мен түрлі ұлттық мазмұнын социалистік әдебиет пен мәдениеттің ұштаса жүргізілуіне мән берген қайраткер.

Ілияс Қабыловтың алғашқы мақалаларының бірі 1925 жылы жарияланған «Мағжанның өлеңі, «Орта мектептерде қай тілде сабақ жүргізу керек»(1927), «Қазақ ақыны Абайдың философиясы және оның сыны» (1928). «Мәдениет кадрлары туралы бірер сөз» (1928), «Байшылдық, ұлтшылдық салт-санаға қарсы аттаныс» (1929) деп аталды. Тағы басқа 40-тан астам әдебиет, тіл, мәдениет, оқу-ағарту, саяси мектептердегі оқу, насихатшылар мен үгітшілердің қандай мәселені көтеруі керектігі, 1928-1937 жылдардағы Қазақстанда кең өріс алған оңшыл, солшыл уклонистер, Алашорда қозғалысы жайлы сан-түрлі мақалалар жазып, оларды қатты сынаған тұстары да бар.

Бірақ, еліміздің тәуелсіздік тұсында қол жеткен ой-санамызбен қарасақ, Алаш-орда басшылары болған А. Бөкейханов, А. Байтұрсыновты сынаған Ілияс Қабыловтың сөздері бұл күнде орынсыз сын қатарына жатады.

Мұндай ащы сөздер сол кезеңнің қатаң саясатынан туған. Қабыловты сол саясат көзқарасынан шыға алмаған қайраткерлердің біріне жатқызуға болады. 1928-1929-жылдары бас­талған қазақ зиялыларының ішкі тартыстары мен орталықтың оларды бір-біріне айдап салып, іштен іріту саясатының нақты жемістерінің нәтижесі деп қарау керек сияқты. Бұл І. Қабыловтың ғана емес, сол кезеңдегі көптеген қазақ қайраткерлерінің басында болған жағдай.

Ілияс Қабылов Қазақстандағы іргелі оқиғаларға қатысқан азамат. Қазақстандағы көптеген мәдени, әдеби өміріне белсенді араласушы ғана емес, ұйымдастырушы да еді.

Ол 1929 жылы Халық ағарту комиссариатында өткен кеңесте, 1934 жылы Қазақстан жазушыларының І съезінде баяндамашы, Қазақстан өлкелік партия комитетінің пленумдары мен съездерінде сөз сөйлеп, баяндамада жасаған. С.Сейфуллин, С.Жапаровтың (С.Асфендияровтардың) кітаптарына алғы сөз жазған, өзі де бірнеше саяси тұрғыдағы кітаптарын шығарған. Сондай-ақ Сочиде орыстың белгілі жазушысы Николай Островскиймен кездесуі де әдемі сипатталыпты.

І.Қабыловтың өмірі мен қызмет жолын саралап қарағанымызда біріншіден оның білімді азамат (философ) екені, әдебиет пен өнерден мол хабары барын оның сыншылық мақалаларынан көре аламыз. Сонымен ол қоғам және мемлекет қайраткері, екіншіден ұстаз, үшіншіден әдебиет сыншысы, публицист, төртіншіден қазақтан шыққан алғашқы философтардың бірі, бесіншіден белгілі аудармашы.

Ол өзінің күнделікті сан салалы жауапкершілігі мол мемлекеттік (партиялық) қызметі мен қатар В.И.Ленин шығармаларын қазақ тіліне аудару жөніндегі бас редакцияның мүшесі; «Қазақстан Большевигі» журналының бас редакторы, марксизм-ленинизм институтында, Қазақ педагогика институында маркстік философиядан дәріс берген оқытушы, халық ағарту комиссариатының ғылыми-методикалық және жаңа алфавит комитетінің төрағалық қызметінде болған.

Ілияс Қабыловты көзі-көріп, сабағын тыңдағандардың бірі, көп жыл қазақ баспасөзін басқарған Кеңесбай Үсебаев «...Ілияс ірі философ, әдебиетші болумен бірге ғылыми кадрлар даярлау ісіне де келелі үлес қосты. Қазіргі ірі ғалымдар Сақтаған Бәйішев, Мұсатай Ақынжанов, Серғали Толыбеков, Мұхамеджан Қаратаев, т.б. Ілияс Қабыловтың бұрынғы шәкірттері” деп жазды.

І.Қабыловқа «халық жауы» деген айып тағылып, 1937 жылдың 4 қарашасында тұтқындалып, біраз тергеу, арбау, қинаудан кейін 1938 жылы 20 ақпанда атып жібереді. І.Қабыловқа тағылған айып сол кездегі ұсталған азаматтарға тағылған айыптан айнымайды, тіпті статьялары да бірдей. Тек №11020 тергеу ісі ғана бөлек. І.Қабыловтың берген жауаптарында алдыңғысынан кейінгісі, соттағы жауаптары әр түрлі. Біз бұдан тергеушілердің «аса қатты» қамқорлық жасағанын сезінеміз. Осы жерде «халық жауы» атанған Н.Сырғабековтың әйелі Бибіжамалдың естелігін оқып көрелік... «Ілияс Қабыловты көрдім. Байқұс төрттағандап еңбектеп бара жатыр екен. Өзі де аяғын сылтып басып жүруші еді. Мүлдем жүруден қалған. Сол еңбектеген күйі – Бибіжамал, көрдің ғой, міне, көрдің ғой, дегенде оны аяғаннан жылап жібердім». (Армиял Тасымбеков «Жан дауысы» кітабының №17 беттен.)

І.Қабыловтың әйелі Айша Құрманбекқызы Қабылова 1907 жылы Түркістан қаласында туған. Ері ұсталғанда мұны да қамап «Алжир» түрмесінде 5 жыл отырып, 1943 жылдың 5 мамырында босатты. Жамбыл қаласына ғана тұруға рұқсат етіпті. Атасы Қабыл – одан Жүсіп, Әбді тарайды.Ілияс осы Жүсіптен туған, бірақ атасының атын алған кісі.

1957 жылдың 25 мамырында КСРО Жоғарғы сотының ұйғарымымен қылмысы жоқ деп танылса, 1998 жылы ҚР Бас прокуратурасының 15 мамырдағы қаулысымен толық ақталып шықты. Кеңестік кезеңнің ірі тұлғаларының бірі Ілияс Қабыловтың өмірі осылай өткен.

Ілияс Қабылов ұсталғанда үлкені Зенон – 9 жаста, Шәміл – 7 жаста, Оразы – 4 жаста болған-ды. Зеноннан Галина, Виктория, Шәмілден Сәуле, Дәулет, Ораздан, Ілияс, Генид туып, олар бүгінде Қазақстан атты еліміздің тәуелсіздігінің беки түсуіне өз еңбектерімен үлес қосуда. Зенон Қабылов біраз жыл Оңтүстік Қазақстан облысының Түлкібас аудандық атқару комитетінің торағасы, Қазақ ССР Жоғары Советі президиумында бөлім бастығы, Шәміл Қазақстан Орталық партия комитетінде бөлім меңгерушінің орынбасары, Оразы медицина ғылымының кандидаты болып, дәрігерлік салада қызмет етті.

Сөз соңында қоғам және мемлекет қайраткері Ілияс Жүсіпұлы Қабыловтың артында мол мұрасы қалған қайраткер және өзі уығын қаласқан үкіметтің қиянатын да көрген тұлға демекпіз.

 

Тынышбек ДАЙРАБАЙ,

зерттеуші.


ТАҒЫЛЫМ 31 мамыр 2014 г. 2 599 0